Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің депутаттары Кенді Алтайдың экологиялық проблемаларын шешуге белсене араласпақ
Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары үш күн бойы Өскеменде болды. Бұл топта Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Ерлан Нығматулин, халық қалаулылары Кенжеғали Сағадиев, Валерий Доскалов, Ерболат Әпсалямов, Валерий Котович, Александр Милютин, Леонид Питаленко, Владимир Нехорошев, Светлана Ферхо бар. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халық қалаулыларын қабылдап, өңірдегі қоршаған ортаны қорғауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып берді. Мәселен, “Казцинк” акционерлік қоғамы жыл сайын экология шарттарын орындау мақсатында жүздеген миллион теңгенің қаржысын салады.
Өскемен титан-магний комбинаты да бұл бағытта жоспарлы жұмыстар атқаруда.
Парламент депутаттары “Казцинк” ЖШС-нің металлургиялық кешенін аралап көрді. Мұнда қыруар қаржыға катодты мыс өндіретін жаңа зауыттың құрылысы аяқталуға әзір. Енді таяу күндерде ол іске қосылуы тиіс. Еліміздегі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша бой көтерген жаңа кәсіпорынның болашағы зор, онда мыңға тарта жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Жаңа қуат пайдалануға берілген соң Өскеменнің өзегі тарылып, адам денсаулығына қатер төнеді деген қауесет тарап кеткені шындық. Ендеше, депутаттар өз көздерімен көргенге не жетсін.
“Жаңа металлургия” жобасы жайлы өндірістің вице-президенті Юрий Гусев айтып берді. Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасынан кейін бұдан былай сапалы катодты мыс өндіру жүзеге аспақ, ол жылына 80 мың тоннаға дейін өнім шығара алады. Жаңа кәсіпорында әлемдегі ең үздік деген технология орнатылған. Сондықтан қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды барынша аз тарату мәселесі назардан тыс қалмаған. Қалдықтарды ауаға таратпай, оны екінші қайтара игеріп, пайдалы заттар алу да ойда. Алайда, кәсіпорында алдағы уақытта да экология мәселесіне барынша назар аудару қажеттігі жайлы комитет төрағасы Ерлан Нығматулин атап көрсетті.
Ертеңінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаевтың, Парламент Мәжілісі депутаттарының қатысуымен көшпелі мәжіліс болып өтті. Оған, сонымен бірге, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.
– Мұндай экология мәселесін талқылауға арналған форумнан біз көп үміт күтеміз. Кенді Алтайдың экологиясын сауықтыру, ондағы адамдардың денсаулығына қамқорлық жасау басты міндетіміз. Ендеше, Парламент Мәжілісі депутаттарына алғысымызды айтамыз, – деді жиынды ашқан өңір басшысы Б.Сапарбаев. – Елбасы еліміздің экономикасының алтын тәжіне теңеген Кенді Алтайда табиғат сыйлаған өлшеусіз байлық бар. Оны халық игілігіне жарату, жұмыс істеп тұрған алып кәсіпорындардың қоршаған ортаны бұзбай жұмыс істеулері бәрімізді ойландырады. Демек, Үкімет те бізді қамқорлығына алады деген ойдамыз.
Өңір басшысының айтуынша, заң шығарушы органдар Өскеменнің экологиясы мен Семей ядролық апат аймағының және Ертіс өзенінің таза болуы жайлы арнайы заңдар қабылдауы тиіс. Ауаның тазалығы көңілге қонбайды. Казгидромет жұмыс істеп тұрғанымен, Өскеменде стансалардың болғанымен, ол жеткіліксіз. Сондықтан атмосферадағы ауа сапасын қадағалайтын автоматтандырылған жүйені өндіріске енгізу қажет. Бұл жайлы біз Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің басшыларына ұсыныс жасағанбыз. Әзірше қорытынды жоқ. Бұдан кейін Бердібек Мәшбекұлы тағы да Өскеменде экология қауіпсіздігі жөніндегі орталықтың іске қосылатын уақыты жеткенін қадап тұрып айтты.
Семей ядролық апат аймағы, қарт Ертістің жай-күйі, өзендер өрнектеген Өскеменнің экологиясы халық қалаулыларын да ойландырып тастаған секілді. Ерлан Нығматулин өз сөзінде өңір басшысының пікірін қызу қолдайтынын айтып, Балқаштағы күкірт қышқылы цехын салу кезінде қаланың экологиясын бірінші кезекте назарда ұстап, мониторингтің арнайы тобы жасақталғанын тілге тиек етті. Соның нәтижесінде, қоршаған орта таза көрінеді. Ал Ертіс өзенінің проблемасына келетін болсақ, шекаралас өзендердің тазалығын сақтаумен Үкіметтің өзі тікелей шұғылданғаны оң сияқты. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Cу ресурстары жөніндегі комитеті қызметкерлері атқарып жатқан жұмыстар жайлы хабардар етпеген. Ендеше, қимылдайтын кезең жетті. Семей ядролық полигоны мәселелері де Парламентте қаралмақ. Ерлан Нығматулиннің ойынша, келер аптада Парламентте осы мәселелер талқыланбақ.
Экологиялық форум жемісті өтті. Мәжіліс аяқталған соң аталған мәселеге байланысты тиісті қаулы қабылданды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.
Суретте: Парламент Мәжілісінің депутаттары “Казцинктің” жаңа зауыты құрылысында.