23 Қараша, 2010

Әкімнің бөз көмегі

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақтың дамуына, бола­шақта мемлекетінің мықты болуына қазір сөз көмегінен гөрі бөз көмегі ауадай қажет болып тұр. Осы жаз айында көршісіне көз салды ма, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов мырза бір игілікті іске ұйытқы болатынын айтып, “Ұрпақ қорын” құрғанын жариялаған еді. Нәтижесі қалай болар екен деп алғашында күмәндандық. Жақында әкім мырза сол мырзалығын сөзден іске көшіріпті. Төрт және одан да көп бала туған отбасының кәмелетке толмаған әрбір ұл-қызына банктен депозит ашып, әрқайсысына 226 мың теңге қаржы аударыпты. Қазір ондай қамқорлыққа 26 отбасының 109 баласы ие болыпты. Жалғасын табатын көрінеді. Мұндайда ойыңа болса ғой әкімдердің бәрі осындай деген сөз оралады екен. Әрине, бұл ауқаттылардың басқа да азаматтардың  айналасына жіті көз салып, әкімді қолдап біздің ертеңіміз, менің отбасымдағы балаларыма ғана емес, өзге де ала-құла күн кешіп жатқан ата-аналардың ұл-қыздарына да қатысты деген озық ойдың жемісі екені шүбә келтірмейді.  Талпынса қаржы көзі елімізде жоқ емес, бар. Төрткүл дүние қазақтың несібесі қандай мол еді, даласының асты-үсті толған байлық деп тамсанып отырғанда, әрқайсымыз құбыр құлқынға ұрпақ үшін құрық салып, жемқорлық, өзімшілдік меңдеткен санаға сәуле түсіріп, ұлт дамуына, ұрпақ қамына ден қойып, ата-баба аманатына адалдық танытсақ, жоқ деген қаржының табылатынын – осы бір өңір басшысының жақсы қадамынан аңғаруға болады. Егер жұрт болып бастаманы қолдап кетсе, өзге әкімдер ұрпақ деп атқа қонып, оларды ақшалы мекемелер қуаттаса, кейде байлықтарын қайда жұмсарын білмей жүретін ауқатты қандастарымыз кіндік қаны тамған жерінің ертеңгі иесіне иіліп келіп иненің жа­суындай икемділік танытса, зиялы қауым өкілдері сол бөз көмегін сөз көмегімен жандандырып әкет­се, жері кең жұрты аз қазақтың саны артар еді. Деміккен демо­графияның тынысы ашылып, әлемдегі жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұрған халқымыздың қаймықпай жүруіне мүмкіндік туар еді. Сүлеймен МӘМЕТ.