“Өскемен-Зырян-Катон-Қарағай-Рахман қайнары” республикалық дәрежедегі күрежолы ел экономикасына аса қажет трасса. Өйткені, бұл өңірде темір жол байланысы жоқ, аспанмен тілдескен биік таулар мен қыраттар, сай-саланы бұзып, жол салудың машақты өз алдына бөлек әңгіме. Сонау Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндерінде “Шығыс сақинасы” жолы салынып, оған бүкіл халық болып жұмылған. Осы жол бойында талай асулар бар, онда шетін оқиғалардың болып жататыны да шындық. Әсіресе, Северный асуы қыс түссе болды, биік тау беткейлерін биіктігі жеті-сегіз метрге дейін қар басып, оның көшкіні апатты жағдай туғызады. Жақында Шығыс Қазақстан облысының жол құрылысшылары Северный трассасы деп аталатын жолдың 46-56 шақырымын пайдалануға беріп, ел өмірінде елеулі жаналыққа қол жеткізді.
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Жол комитетіне қарасты Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің директоры Сайранбек Бармақов жақында телефон шалып, еліміздегі ең қиын учаскеде он шақырым жолдың пайдалануға берілгенінен хабардар етті. Елімізде туризмді дамыту мәселесін Елбасы Н. Назарбаев жыл сайын көтеріп, табиғаты тамылжыған Катон-Қарағайда жол, көрікті өңірде адамдар демалатын орындарды көптеп салу міндетін жүктегені белгілі. Қазір аталмыш ауданда оңға тарта шипажай мен демалыс орны бар. Рахман қайнары шипажайының атағы бүкіл елге жақсы таныс. Ендеше, жолдың сапасын көтеру үшін не істеу керек? Қаржы табылса бүл мәселені шешуге болады екен. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев келгелі өңірде жолдарды жөндеуге мол қаржы бөлініп жатыр. Биылдың өзінде облыста жол салу және жөндеуге 15 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Алтайдың ақ бораны мен қатал қысының биыл қаншама ауыртпалықтар әкелгенін жолаушылар жақсы біледі. Өскеменнен беріде Северный деген күрделі учаске бар. Бұл жолдың 31 шақырымын осыдан бес-алты жыл бұрын “Катон-Карағай өндірістік жол мекемесі” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сапалы етіп салып берген. Еліміздің шығысына қарай сапарға шыққан жолаушы осы учаскенің елу шақырымдай жолының сапасына ризашылықтарын жасыра алмайды. Себебі, бес жыл өтсе де жолдың бірде-бір жері кертілген емес, ой-шұңқыр кездеспейді. Міне, жол салуды жетік меңгерген, отыз жылға таяу осы жауапты жұмысты атқарып келе жатқан Темірбек Исабаевқа көпшілік дән риза.
– Республикадағы ең күрделі жолды салуға кірісер кезде қобалжығанымыз рас. Оның үстіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шақырып алып, жауапты учаскені сапалы салуға тапсырма берді. Мына жер тақтайдай тегіс. Ал осы жерде тау болды дегенге сенесіз бе? Оны тегістеп, миллиондаған текше метр топырақты тазартып, жол салу оңай шаруа емес. Біз асфальт төселген жолды шайып кетудің алдын алдық. Атап айтқанда, су шаю қаупі зор 13 жерге ірі құбырлар салды. Бөлінген 1 миллиард 115 миллион теңгені ұқыппен жұмсап, өзімізге жүктелген міндетті абыроймен орындап шықтық, – деді Северный асуындағы жолды көрсеткен облыстық мәслихаттың депутаты, “Құрмет” орденінің иегері, республиканың құрметті жолшысы Темірбек Исабаев.
Өскеменнен Зырянға, одан әрі Үлкен Нарын мен Катон-Қарағайға сапар шеккен жолаушы жол азабын тартып, ойқы-шойқы жолдан әбден зәрезап болатын. Енді, Северный асуындағы ең қауіпті жолға тегіс асфальт төселді. – Шіркін енді Осинов асуындағы жолға Көлік және коммуникация министрлігінің Жол комитеті келер жылға тағы қаржы бөліп, маңызды трассаны жөндеуге қол ұшын берсе, оңды болар еді. Министрлік пен комитет басшылары үнемі көмектерін көрсетіп келеді. Облыс әкімі Б. Сапарбаев та осы жолды сан мәрте көріп, кеңесін беріп тұрды, – дейді Катон-Қарағай өндірістік жол мекемесінің бөлім бастығы Базылхан Таенов пен бас инженер Қабдылманап Алипин.
Тау қопарып, тас жарған жолшылар қандай құрметке де лайық. Бас инженер Қабдылманап Алипин, прораб Болат Қожаев, шебер Нұржан Мұсабаев, экскаватор машинисі К. Шидерин, А. Рихарт, автогрейдерші-бульдозершілер Әлібек Сауымбаев, Ғани Тілегенов, бас механик Құлымбек Исабаев уақытпен санаспай еткен еңбектері ерекше. Күні кеше мемлекеттік комиссия мүшелері аса қауіпті учаскеде жол салған жұмысшыларға алғысын айтып, “жақсы” деген бағамен қабылдап алды. Ал бұл істе отыз жылдан астам уақыттан бері Кенді Алтайдың бірқатар аудандары мен ауылдарында сапалы жол салуда ерекше көзге түскен Темірбек Құмарбекұлының айшықты қолтаңбасы жатқаны айтпаса да белгілі.
Темірбек Исабаев қайырымдылық шараларына да белсенділікпен араласады. Кезінде самбомен шұғылданып, спорт шебері атағын иеленген, бірнеше мәрте республикалық, облыстық жарыстарда топ жарған Темірбек Қамбарбекұлы түрлі додаларға демеушілік жасап келеді. Осыдан екі жыл бұрын туған ауылы Топқайыңда бір жарым шақырым жолға асфальт төсеп берген. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, өңірдегі ең ірі мекемені басқарып отырған Темірбек Исабаевтың алар асулары әлі биік.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.
--------------------------
Суреттерде: тау қойнауындағы Северный асуында салынған жол; жол салудың шебері, мекеме бастығы Темірбек Исабаев.
Суреттерді түсірген автор.