Солтүстік Атлантика шарты ұйымы – НАТО-ның жуырдағы саммитін бірнеше себептермен тарихи басқосулар қатарына жатқызуға болады. Сарапшылардың аузында үш негізгі нәтиже – альянстың жаңа стратегиялық тұжырымдамасының мақұлдануы, Ресеймен бірлесе отырып Еуропадағы зымыран қаруынан қорғануға арналған (ПРО) жүйені жасап жетілдіру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілгені және НАТО басқарған халықаралық күштердің 2014 жылдың аяғына таман Ауғанстаннан біртіндеп шығу жоспарының бекітілуі.
Аталған уағдаластықтардың Еуропа қауіпсіздігі үшін маңызы орасан болғанымен, олардың іс жүзінде қаншалықты тиімді жүзеге асатыны жақын болашаққа сын болары сөзсіз. Әсіресе, ұзақ жылдар бойы азап шегіп, соғыс пен күйзелістен бас көтере алмаған Ауғанстанды тұрақтандыру мәселесі айрықша назарға ие.
Осы аса күрделі мәселені талқылау үшін НАТО Бас хатшысы альянсқа мүше 28 мемлекетпен қатар БҰҰ бекіткен Ауғанстандағы Қауіпсіздікке жәрдемдесу жөніндегі халықаралық күштерге (ҚЖХК, немесе ағылшынша ІSAF) кіретін барлығы 48 елдің мемлекет және үкімет басшыларын, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунды, Еуроодақ пен Бүкіләлемдік банк басшыларын арнайы мәжіліске шақырды. Бұл кездесу НАТО саммитінің екінші күнінің таңертеңгі сессиясының басты оқиғасы болды.
Қазақстан Президенті өз баяндамасында еліміздің Ауғанстан мәселелері бойынша ұлттық ұстанымы, сондай-ақ ЕҚЫҰ төрағалығы тұрғысынан шолу жасап нақты ұсыныстар жасады.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде Қазақстан алғашқы күнінен бастап “ауған мәселесін” басымдықтардың бірі ретінде жариялады, деп бастады өз сөзін Елбасы. Бұл заңды да, себебі біздің еліміз халықаралық коалициясының күш-жігеріне көп жылдар бойы қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында Ауғанстандағы Қауіпсіздікке жәрдемдесу жөніндегі халықаралық күштерге (ҚЖХК) қосылған алғашқы мемлекет болып табылады.
Сірә, мәселені тек әскери жолмен шешу мүмкін емес, деді Президент. Оған қоса, “Талибан” қозғалысы күшейіп, көптеген мемлекеттер, солардың ішінде Орталық Азия елдерінен шыққандар есебінен өз мүшелері қатарын толықтыруда. Осылайша халықаралық терроризм мен діни экстремизм біздің аймақ елдеріне өз ықпалын таратуға ұмтылуда. Ал көршілес Қырғызстандағы тұрақсыздық экстремизм мен терроризмнің тағы бір тірек базасының қалыптасуына әкеп соғуы мүмкін.
Мәселенің түп-тамырына көз салып, бұл құбылыстардың басты себебі мен оларды қуаттандыратын қайнар көздер туралы ашық айту қажет. Олар – Таяу Шығыстағы жағдайдың реттелмегені, Ауғанстандағы зорлық-зомбылық пен қарсылыққа сыртқы күштердің демеуі. Осы мәселелерді кешенді шешпейінше Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа 2014 жылдан кейін де қол жеткізу қиын болар.
Біз халықаралық күштердің шығу мерзімдерін айқындауды байыпты түрде әрі жан-жақты ойластырып қарастыруды қолдаймыз, деді Н.Назарбаев.
Кеңестік әскери науқан кезінде өзінің мыңдаған ұлдарынан айырылған Қазақстан үшін көп азап көрген ауған халқының және коалицияға қатысушы мемлекеттердің проблемалары жақын әрі түсінікті. Тоғыз жылдан бері Қазақстан мен НАТО арасындағы әскери емес жүктердің транзиті жөніндегі келісімге, сондай-ақ АҚШ, Германия, Франция және Испаниямен екіжақты уағдаластықтарға сәйкес халықаралық күштерге үздіксіз жәрдем көрсетіліп келеді. Антитеррорлық операция жылдарында Қазақстан арқылы 13 мың әуе ұшулары жүзеге асырылып, темір жолмен 15 мың контейнер тасымалданды. Осыған қосымша, транзиттік әлеует Каспийдегі Ақтау порты арқылы ұлғайтылмақ.
Қазақстанның ҚЖХК-ның Ауғанстандағы қызметіне қолдау болатын ыңғайлы ресурстық базаға айналу мүмкіндігі бар, деді Елбасы. Атап айтқанда, азық-түлік, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге, әртүрлі мамандарды даярлауға болар еді.
Соңғы жылдары біз есірткі қаупі мен есірткі өндірісінің өсуінің куәгері болып келеміз. Олардың басым бөлігі Орталық Азия республикалары арқылы тасымалданады. Тек Қазақстанның өзінде ғана соңғы бес жылда алты мың қатты әсер ететін есірткі тәркіленіп жойылды. ҚЖХК-нің көптеген елдердегі миллиондаған азаматтарға қауіп төндіретін есірткі бизнесімен күресуге іс жүзінде қатыспайтынын өкінішпен айтуға мәжбүрміз. Осы саладағы халықаралық құрылымдардың өзара және Ауғанстан үкіметімен үйлесімді іс-әрекетін ретке келтіру қажет.
Президент өз сөзінде Ауғанстандағы қалыпты жағдайға жәрдемдесетін барлық форматтар белсенді түрде қолданылуы қажеттігіне баса назар аудартты. Халықаралық күштерді бірте-бірте шығарумен қатар Ауғанстанды қалпына келтіру ісіне кешенді әлеуметтік-экономикалық қолдауды күшейту қажет. Мұнымен бірге ауған халқының мәдени, діни және тарихи ерекшеліктерін ескеру керек.
Сондықтан да Қазақстан 2007 жылдан бері Ауғанстанға арнайы көмек жоспарын жүзеге асыруда. Жоспарға сәйкес ағымдағы жылдан бастап біздің елде бір мың ауған студенті азаматтық мамандықтар бойынша білім алуда. Бұл мақсатқа 50 миллион доллар бөлінген.
Бүгінде еуропалық қауіпсіздік ұғымы құрлық аясымен шектелмей, Еуразияның кең аумағын қамтуда, деді Н.Назарбаев. Сондықтан да ЕҚЫҰ-ның қазақстандық төрағалығы Ұйымның әріптесі және ЕҚЫҰ-ға мүше үш мемлекетпен шектесетін Ауғанстанға ерекше назар аударуда. Елбасы ҚЖХК-ға кіретін мемлекеттердің 43-і ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекет болып табылатынын айрықша атап өтті.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы тұрғысынан біз қазіргі заманғы қауіп-қатерлермен күресу парадигмасының өзін өзгерту қажет деп санаймыз. Негізгі екпін әскери-полициялық әдістемелерден қауіп-қатерлердің қайнар көздерін жою мүмкіндіктеріне қарай ауыстырылуы тиіс. Ауғандықтарға елдегі тұрақтылық үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, қоғамды қарулы тартыстан жасампаздық жолына көшіруіне жәрдемдесу – бұл ЕҚЫҰ мен халықаралық коалицияның негізігі мақсаты деп санаймыз.
Сөз соңыңда Н.Назарбаев 1-2 желтоқсанда, НАТО-ның Лиссабондағы басқосуынан он күннен кейін, Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жаңа мыңжылдықтағы алғашқы саммиті өтетінін еске салдырды. Бұл Ұйым Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзекті рөл атқарады. Дәл осы себептен Ауғанстан мәселесі Саммит күн тәртібінде негізгілердің бірі болады. НАТО-ға мүше және серіктес елдер мемлекет және үкімет басшыларының Астана Саммитіне тікелей қатысуы Ауғанстанды тұрақтандыру жолындағы күш-жігерлерге қуатты серпін береді, деген сенімін білдіре отырып түйіндеді сөзін Қазақстан басшысы.
Мәжіліс аяқталған соң НАТО Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен және Ауғанстан Президенті Хамид Карзай қауіпсіздік саласындағы ұзақ мерзімді серіктестік жөніндегі келісімге қол қойды.
Ауғанстанда НАТО-ның көшбасшылығымен қызмет ететін халықаралық күштер 2014 жылдың аяғына дейін біртіндеп шығарылуы көзделуде.
“Келесі жылдан бастап ауған күштері қауіпсіздік саласындағы операцияларға жауапкершілікті өз мойындарына ала бастайды Мақсат – 2014 жылдың аяғына таман елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуді толығымен ауғандықтарға тапсыру”, – деді Андерс Фог Расмуссен. Әскери миссия аяқталғаннан кейін альянс жәрдемдесу рөлін атқаратын болады. Қазіргі кезде Ауғанстанда НАТО және оның серіктес мемлекеттерінің 150 мың әскери қызметкерлері орналасқан. Келесі жылдың күзіне таяу 300 мың ауған солдаты мен полиция қызметкерлерін даярлау жоспарлануда.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Лиссабон саммиті аясында АҚШ Президенті Барак Обамамен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен, Түркия Президенті Абдулла Гүлмен, Еуропалық комиссия Президенті Жозе Мануэл Баррозумен және Италия Үкіметінің Төрағасы Сильвио Берлусконимен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында халықаралық күн тәртібіндегі және ЕҚЫҰ-ның алдағы Астана Саммитінде қаралатын өзекті мәселелер талқыланды.
Ал НАТО-ның өзі өзгеру үдерісіне бет бұрғанын айрықша атап өткеніміз жөн. Саммитің бірінші күні ұйымға 28 мүше мемлекеттер альянстың жаңа стратегиялық тұжырымдамасын мақұлдады. Ұйым Бас хатшысының айтуынша, қабылданған 11 беттік құжат НАТО-ның тиімділігін арттыра түсуі тиіс. Алдағы жылдары альянс негізі инвестицияларды зымыран қаруынан қорғануға, киберқорғаныс және алыс қашықтықтағы көліктік авиацияға жасамақ. Саяси деңгейде НАТО басқа халықаралық ұйымдар және мемлекеттермен бірлесіп ғаламдық серіктестік торабын құрғысы келеді. Сондай-ақ командалық құрамның үштен бірін қысқартпақшы.
Құжатта НАТО-ның Ресейге ешқандай қауіп төндіріп отырмағаны, керісінше, бұл елмен шынайы стратегиялық серіктестік орнатқысы келетіні айтылған. Екеуіне ортақ мүдделер аясында, атап айтқанда, зымыран қаруынан қорғануға, терроризм, есірткі және қарақшылықпен күресу сияқты салаларда ынтымақтастықты нығайтпақ.
НАТО мемлекет басшылары қабылдаған “Лиссабон саммиті Декларациясы” аталатын құжаттың жеке тармақшасы ЕҚЫҰ және осы ұйымның Астанадағы Саммитіне арналған. Лиссабон басқосуы туралы шолуымыздың соңында аталған құжаттың ЕҚЫҰ-ға қатысты үзіндісін толығымен келтіргенді жөн көрдік:
“Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) маңызды аймақтық ұйым және Корфу процесі көрсеткендей Еуроатлантикалық қауіпсіздікке байланысты мәселелер бойынша үнқатысу форумы болып табылады. Саяси-әскери, экономикалық-экологиялық және адами өлшемдерді қамти отырып, бұл ұйым қауіпсіздік пен ынтымақтастықты жақтауда маңызды рөл атқаруда. Біз альянстың ЕҚЫҰ-мен саяси және операциялық деңгейлерде, атап айтқанда, жанжалдарды болдырмау, оларды реттеу мен жанжалдардан кейінгі қалыпқа келтіру, қауіпсіздікке төнетін жаңа қауіп-қатерлерге жауап беру сияқты салаларда ынтымақтастығын одан әрі жетілдіруді мақсат етеміз. Париж хартиясының 20 жылдық мерейтойын атап өте отырып, біз 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Астанада (Қазақстан) болатын ЕҚЫҰ Саммитіне үміт артамыз”, – деп атап көрсетілген НАТО Декларациясында.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Лиссабонда өткен НАТО саммиті шеңберінде Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайтемен, Канада Премьер-министрі Стивен Харпермен, Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен, ГФР Федералдық Канцлері Ангела Меркельмен және Нидерланды Премьер-министрі Марк Рюттемен екіжақты кездесулер өткізді.
Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, “Егемен Қазақстан” – Лиссабон-Вена.
----------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.