Кәрі құрлық – Еуропада өз тарихымен, әлемдік мәдениет пен әдебиетке қосқан үлесімен ерекшеленетін бір ел болса, ол – Франция. Эйфель мұнарасы, Лувр, Версаль, Булон тоғайы, Елисей алаңы, Монмартр, Монпарнас, Пантеон, Помпиду орталығы, Нотр-Дам де Пари, Триумфальді қақпа, Тюильри бағы, Марс алаңы, Пэғ-Лашэз, Мадлен, Сент-Шапель шіркеулері, т.с.с білмейтін адам кемде-кем шығар. Еуропаның қиыр батысында Испания, Бельгия, Италия, Германия, Швейцария сынды елдермен көршілес жатқан осы бір француз жұртына биыл күзде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен барып қайтты.
Ал биылғы жылы біздің еліміз төрағалығын атқарып отырған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) келсек, мұнда да Париж үлесі айтарлықтай. ЕҚЫҰ тарихында Париж Хартиясы деген атаумен белгілі тарихи құжат осы қалада қабылданған еді. Біздің тілшіміз Қазақстан Республикасының Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан ДӘНЕНОВПЕН Ғаламтор арқылы хабарласып, Мемлекет басшысының сапары және алда өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне қатысты сауалдар қойған болатын.
– Құрметті Нұрлан Жұмағалиұлы, өзіңіз жауапты етіп бекітілген ел – Францияда жуырда ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Сапар табысты өтті. Оның қорытындысы жайынан жалпы жұртшылық хабардар. Дегенмен, қысқаша тоқтала кеткен артықтық етпейді ғой деп ойлаймыз.
– Қазақстандық БАҚ-тарда, соның ішінде, әсіресе “Егеменде” бұл айрықша маңызды сапар жайын егжей-тегжейлі қамтыған мақалалар жарық көрді. Сонда да болса оның нәтижелерін әлі ой елегінен өткізу қажет деп білемін. Өйткені, олардың алыс болашақты да көздейтін оң нәтижелері бар болатынына шүбә жоқ.
Франция БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі және Еуропаның жетекші елдерінің бірі ретінде Қазақстанмен стратегиялық әріптестікке де баса мән береді. Франция Президенті Николя Саркози Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен ғаламдық және өңірлік қауіпсіздік, әлемдік саясаттың көкейкесті проблемалары бойынша мүддеден шығатын үнқатысуды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Қазақ-француз қарым-қатынасын бағалауда соңғы кездері қолданылатын “стратегиялық әріптестік”, “қалаулы ынтымақтастық” ұғымдарының астарында терең мағына, барлық деңгейдегі күрделі тынымсыз жұмыстар мен мүдделердің үндесуі жатыр. Бұл сынды жоғары саяси мағыналы бағалау шын мәнінде екіжақты ынтымақтастықтың бүгінгі сапалық жағдайынан, Қазақстан мен Франция көшбасшыларының Астана мен Парижге соңғы сапарлары мен келіссөздерінің қорытындысынан ашық көрінеді. Қол жеткізілген уағдаластықтардың нақты көрінісін халықаралық аренадағы екі елдің өзара ықпалдастығы мысалынан да аңғаруға болады.
Яғни, мемлекет басшылары деңгейінде Астанада ЕҚЫҰ Саммитінен бір ай бұрын Парижде осы Ұйымның күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелер бойынша пікірлер алмасылды. Н.Саркози Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы қызметін, Елбасының теңгерімді сыртқы саясатын, оның өңірдегі тұрақтандырушы рөлін жоғары бағалады және келе жатқан саммитке қатысатынын тағы растады. Бұл дегеніңіз, Астанада жоғары деңгейде өтетін кездесудің ерекше мәнділігін аңғартып, Францияның ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің барлық көшбасшыларына өзі тұрғысынан беріп отырған белгісі. Париж ЕҚЫҰ күн тәртібіндегі кейбір өткір мәселелерді шешуде біздің Елбасының халықаралық танымал беделіне арқа сүйеп отыр.
Сонымен қатар, Президент Н.Саркозидің Т–20-дағы Францияның төрағалығы кезінде әлемдік экономика мен қаржы мәселелері бойынша Қазақстан Көшбасшысымен кеңес өткізуге дайын екендігі де айтарлықтай ескерілетін нәрсе. Оның әлемдік валюта және әлемдік экономиканың дағдарыстан кейінгі дамуы жөніндегі Президент Н.Назарбаевтың мақалалары мен сөйлеген сөздерінде келтірілген идеялармен жақсы таныс екенін атап өткен жөн.
Сондай-ақ сапар барысында француздың ең жаңа технологияларын пайдалануға байланысты индустриялық-экономикалық ынтымақтастықтың сапалы жаңа көкжиектері, яғни болшақтағы даму бағыттары нақты айқындалып, уағдаластықтар белгіленді.
Аталған сапар күндерінде мәдениет пен ғылым салаларында тағы бір жаңа маңызды бетбұрыс көрініс берді. Алғаш рет француз қауымын біздің елдің бай мәдени мұрасымен таныстыруға қол жетті.
Қазақстан басшысының Францияға ресми сапары барысында атқарылған шараларды француздар жемісті деп бағалауда. Парижде өткен келіссөздер екі ел қатынасының стратегиялық сипатын бекітіп, онсыз да екі көшбасшының арқасында бұрын-соңды болып көрмеген динамикаға ие болып, көп салалы, сан түрлі жоспарларға негізделген ынтымақтастықтың одан әрі дамуына қуатты серпін берді. Президент Н.Назарбаев өзінің сапарын қорытындылай келе, оны тарихи деп атауы кездейсоқ емес.
– Қазақ-француз стратегиялық әріптестігінің бір тірегі – сауда-экономикалық ынтымақтастық болып саналады. Сапар кезінде осы бағытта қандай жаңа қадамдар жасалды?
– Алдымен айтатыным – осы саладағы ынтымақтастықтың жаңа сапалы деңгейге көтеріліп отырғаны басы ашық мәселе. Екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықта қол жеткізілген уағдаластықтар және қол қойылған келісімдер елімізде іске асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының мақсаттарына толық сәйкес келеді. Сапалы, бүгінгі заманғы жаңа жобалар шынымен де шепбұзғыш сипатқа ие. Он компания (“Areva”, “Alstom”, “Aіr Lіquіde”, “Aubert et Duval”, “EADS-Astrіum”, “EADS-Eurocopter”, “CEІS”, “Thales”, “Vіcat” және “Vallourec”) Президент Н.Назарбаевқа Қазақстан-Франция индустриялық-инновациялық әріптестіктің өзекті элементтері болып табылатын өнім және зауыт макеттерін, жоба бойынша фото және бейне материалдарды көрсетті. Ең ірі деген француз компанияларының басшылары индустриялық-инновациялық бағдарламаның маңызды құрамдас бөлігі саналатын жобаларды іске асыру барысы туралы баяндады және біздің елдегі жұмыстарының болашақтағы даму жоспарлары туралы әңгімеледі.
Әңгіме соның ішінде баламалы энергия көздерін дамыту, біздің еліміздегі кремнийден алынған фотовольталық модульдің өндірісі, тікұшақ құрастыру және оған техникалық қызмет көрсету, атом энергетикасында жылу бөлетін құрастырманы өндіру саласында бірлескен қызмет, ғарыш аппараттарын, бірлескен өнімде жергілікті мазмұн үлес салмағы жоғары электровоз құрастыру, жоғары технологиялардың нақты трансферті жөнінде болып отыр. Жалпы алғанда, сапар барысында шикізаттық емес секторда бұрын-соңды болмаған көлемде – 2 миллиард еуродан аса 20-дан астам келісімдер мен шарттарға қол қойылды. Қарапайым тілмен айтқанда, энергетика, темір жол және әуе жол көлігі, ғарышты игеру, қоршаған ортаны қорғау, қаржы, ауыл шаруашылығы, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейтудің жаңа мүмкіндіктері мен нақты даму жолдарының тынысы ашылуда.
Үкіметаралық комиссияның қосарлас төрағасы саналатын, Францияның Сыртқы сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Анн-Мари Идрак екі елдің 300-ден астам іскер топ өкілдері жиналған бизнес-форумда Мемлекет басшысының сапары ең жоғары деңгейдегі үнқатысумен тұрақты түрде тереңдетілген екіжақты қарым-қатынастағы “жаңа ұлы күн” деп мәлімдеді. Ол Қазақстан Францияның Орталық Азиядағы басты әріптесі деп атап көрсете келіп, Қазақстан Президентінің өз елінің болашағын ап-айқын және жарқын көре алатынынан әсер алғанын атап өтті.
– Елші мырза, Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында біздің оқырмандарымыз үшін осы беделді Ұйым шеңберінде Қазақстан-Франция ынтымақтастығы қалай дамып жатқанын білу қызық болар еді.
– Екі елдің стратегиялық әріптестігі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын бастаған күннен және оған дайындық кезеңі кезінде ашық көрінгенін атап өту керек. Көпшілікке аян, бұл Ұйым соңғы жылдары өзінің қызметінің басты бағыттарына қатысты өте төмен тиімділік пен теңгерімсіздігі үшін әділетті түрде сынға ұшыраған болатын. Сондай-ақ бәрімізге мәлім, төрағалық қызметін атқарған бір жылдың ішінде 56 мемлекетті біріктіретін Ұйымның жұмысына Жер шарында үшінші мыңжылдық бастауында жаңа бағалаулар жүріп, сайма-сай іс-әрекеттерді талап ететін ірі оқиғалар болып жатқанында оның қызметіне түпкілікті өзгеріс енгізу де қиын екені анық.
Сондықтан да және тіптен 2010 жыл Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуының 65 жылдығы, Хельсинки Қорытынды актісінің 35 жылдығы және жаңа Еуропа үшін Париж Хартиясының 20 жылдығы екенін ескере отырып, Президент Н.Назарбаев ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуді бастамастың алдында Н.Саркозимен Ұйымның саммитін өткізудің мақсатқа сай екендігін талқылаған болатын. Бұл идея Франция Президентінің 2009 жылдың қазанындағы Астанаға мемлекеттік сапары барысында қолдауға ие болды. Әйтсе де, сол мезетте бірде-бір еуропалық көшбасшы ЕҚЫҰ сыртқы істері министрлерінің соңғы жылдар жиылысында, тіптен сыртқы істер министрлері деңгейіндегі қорытынды құжатты қабылдауға қол жеткізбегенін ескере отырып, бұл жағдай мүмкін болады-ақ деп ойлаған да жоқ. Оның мән-жайына терең бойлағым келмейді, себептері жеткілікті түрде жақсы белгілі және олар жөнінде аз айтылған жоқ.
Тағы бір назар аударатын жәйт – Франция жиналып қалған ғаламдық қауіпсіздік проблемалары турасында, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс фонында Біріккен Ұлттар Ұйымына, Халықаралық валюта қорына және басқа да ірі халықаралық институттар қызметтеріне соңғы уақытта терең өзгерістер қажет деген мәлімдемелерді барған сайын табандылықпен жасай бастады.
Біздің Президенттің ЕҚЫҰ бағдары жөніндегі бастамасын Парижде бәрі естіп білді және біздің төрағалығымыздың барлық кезеңінде Франция бізге қолдау көрсетіп келді және көрсетуді жалғастыруда. Бұл қолдау жылдың басында-ақ, Францияның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы кезінде Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы басымдықтарын жария етіп, сөйлеген кезінде көрінген. Бұған Қазақстан мен Франция сыртқы саясат ведомстволары басшыларының тұрақты кездесулері, консультациялары және хат алмасулары, Венадағы екі ел миссияларының өзара тығыз ықпалдастықтары дәлел бола алады.
Әрине, Францияның қолдауы ЕҚЫҰ қызметінің барлық бағыттары бойынша біздің жұмсар күш-жігерімізде сенімділік бермеуі мүмкін емес еді. Істелген қым-қуыт жұмыс нәтижесінде бүгін тіпті Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті туралы айта аламыз. Оны өткізудің маңыздылығын және табысты қазақстандық төрағалықты іс үстіндегі саясаткерлер ғана емес, сондай-ақ бұрынғы белгілі саясаткерлер де айтуда. Францияның бұрынғы сыртқы істер министрі Ролан Дюма ЕҚЫҰ-ның жуырда болатын ЕҚЫҰ Саммитінің мәнділігін атап көрсете келіп, қазақстандық төрағалық Ұйым қызметіне жаңару әкелді, деп атап өтті. Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойған Францияның бұрынғы президенті Валери Жискар Д'Эстен қазақстандық дипломатияның ашықтығын, оның халықаралық толеранттылықты нығайтуға және ұжымдық қауіпсіздік жүйесін күшейтуге деген ұмтылысын атап көрсетті.
– Өткен ғасырдың сұмдық екі соғысы Еуропада басталып, кейіннен бүкіл әлемге жайылды. Осыған байланысты қауіпсіздік мәселелерін бұл тек Еуропаның ғана бас ауруы және жеке Еуропаның ісі деп қарауға келмейді емес пе? 11 жылғы үзілістен соң ұйымдастырылып жатқан саммитке француз делегациясы қандай ұсыныстармен келмек?
– Ең алдымен, Франция жоғары халықаралық бедел мен ықпалға ие бола отырып, ЕҚЫҰ-да басты рөлдердің бірін ойнайды. Бұл оның бюджетке төлейтін жарғысының көлемінен, сондай-ақ осы Ұйымда тұрақты жұмыс атқаратын қызметкерлер құрамынан да білінеді. Осылардың арқасында Ұйымның шеңберінде өзінің бастамаларын алға жылжыта алады, бұл және 2008 жылы еуропалық қауіпсіздік бойынша Франция Президенті ұсынған ЕҚЫҰ-дағы басталған үнқатысудан да айқын көрінеді.
Бұл үнқатысу Корфудағы сыртқы істер министрлерінің бейресми отырысында нақты келбетін тапты. Және де 2009 жылы желтоқсанда Афинадағы Сыртқы істер министрлері кеңесінің шешімімен қолдауға ие болды. Оқырмандарға түсініктірек болу үшін айта кетейін, бұл жұмыс дағдарыстарды ескерту жолымен, Еуропадағы қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ терроризм және ұйымдасқан қылмыс сияқты қауіп-қатерлерге қарсы тұруда бірлескен күш-жігердің негізінде Еуропаның өзін күшейтуге бағытталған.
Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан мен Франция көшбасшыларының арасындағы екеуара ерекше қарым-қатынас көп жағынан биылғы жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада ЕҚЫҰ Саммитін шақыру идеясының алға басуына көмектесті. Франция саммиттен қауіпсіздік саласындағы ЕҚЫҰ мақсат-міндеттеріне жету жолында барлық 56 мүше мемлекеттің күш-жігерлері бірігетіндігінің расталатындығын күтеді. Париждің есебінше, Астана Саммиті Грузиядағы, Молдовадағы, сондай-ақ Армения мен Әзірбайжандағы созылып кеткен дағдарыстарды реттеуде прогреске жету үшін жағдай жасайды.
Одан басқа, жуырда болатын саммит Париждің пайымында Ұйымға мүше мемлекеттердің арасындағы, соның ішінде кәдімгі қару-жарақты қысқарту мен мөлдірлік сияқты мәселелердегі сенімді елеулі түрде нығайтуға көмектесетін болады. “Қырғи-қабақ” соғыстың біткендігін білдіретін құжатқа қол қойылған елдің сыртқы саясат ведомствосының қабырғасында 2010 жылы 28 қазанда Париж Хартиясының 20 жылдығына арналып, Мемлекет басшысының қатысуымен өткен конференцияны ашып тұрып, министр Б.Кушнер “Еуропаның аумағында соңғы 20 жыл бойы көп дағдарыс жиылып қалды. ЕҚЫҰ Саммиті осы проблемаларды ойластыруға мүмкіндік беруі ықтимал. Париж Хартиясының басты бағыттарын іске асыруда Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ЕҚЫҰ елдерінің прогреске жетуі қолдарынан келетініне күмәнданбаймын”, деп атап өтті.
Өкінішке қарай, Хельсинки Қорытынды актісі қабылданған күннен бастап жеткілікті уақыт өткеніне қарамастан, ЕҚЫҰ кеңістігінде проблемалар өзінен-өзі жоғалып кеткен жоқ, қайта жаңа формаларға ауысты, қауіп-қатерлер мен адамзат баласының алдында сынақтың жаңа түрлері пайда болды. Осыған байланысты аталған конференцияға қатысушылардың сенімдері бойынша, Астана Саммиті ажырамас еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін айрықша мүмкіндікке ие болмақ. Француз сыртқы саясат ведомствосының басшысы кездесу қорытындысын жасай отырып, Париж Хартиясы мен Хельсинки Қорытынды актісі туралы айтылатынындай, келешекте Астанадағы кездесу туралы да айтылатынына үмітін білдірді.
– Біздің сұхбатымыздың басында сіз Қазақстан-Франция ынтымақтастығы барлық бағыттар бойынша дамуда және Қазақстан Президентінің сапары екі елдің бұрынғыдан да жақындасуына сеп болғанын айттыңыз. Біздің елге барған сайын саяси және экономикалық топ өкілдерінің Қазақстанға деген назары арта беретіні түсінікті, ал енді француз халқының арасында Отанымыз қаншалықты танымал?
– Бұл өте маңызды әрі көкейкесті мәселе және осы жұмысты толыққанды атқаруда жасалатын істер әлі де болса аз емес. Бірақ, осы бастан мына жәйттерді айтып өтуге болады. Францияда Қазақстанның тарихы мен саясаты, бүгінгі таңдағы дамуы туралы жыл сайын шығатын кітаптар, фильмдер, мақалалар, материалдар барған сайын көбейіп келеді. Француздардың өзі де түрлі мақсаттармен біздің елге көптеп келіп кетуде. Осының бәріне, сөз жоқ, ең алдымен мемлекет көшбасшылары Н.Назарбаев пен Н.Саркози, сондай-ақ үкіметтік делегациялар, парламентарийлер және ірі бизнес өкілдері келіссөздерінің нәтижелері оң ықпал етуде.
Соңғы уақытта ғылым, мәдениет және білім саласында барыс-келіс, тәжірибе алмасулардың тұрақты үрдісі байқалады, Қазақстанмен түрлі достық құру негізіндегі қауымдастықтар мен біріккен ұйымдар пайда болуда. Және мұның өзі Қазақ елі мен француз жұрты қатынасының орбитасына енген адамдар тобының қатарын көбейтуде. Францияда қазақ киносын біледі, қазақстандық әртістердің концерттері мыңдаған көрермендер жинайды. Осы күндері көптеген француздар Францияда кеңінен танымал журналист, жазушы Пьер Люк Сегийонның жаңадан шыққан “Қазақстан Еуразияның өзегі” атты кітабын үлкен қызығушылықпен оқуда.
Францияда Қазақстанға деген қызығушылықтың артып келе жатқанына біздің Президенттің Францияға сапары уақытында көзіміз жетті. Яғни, 27 қазан күні Париж қаласындағы Гиме атындағы белгілі Азия өнер музейінде екі елдің мәдениет министрлері Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Фредерик Миттеранның қатысуымен қазақстандық көрменің ашылу салтанаты болды. Француздарға және Париж қонақтарына алғаш рет көшпелілердің ежелгі және ортағасырлық мәдениетін баяндайтын бай археологиялық және этнографиялық жәдігерлердің коллекциялары ұсынылды. Министр Ф.Миттеран өзінің сөйлеген сөзінде ежелгі көшпелілердің өркениеттері деңгейлерінің жоғары екендігі жөнінде экспонаттар куәлендіретінін мәлімдей келе, аталған көрменің ерекшелігін атап көрсетті.
Сол күні кинематография саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және Алматы қаласының Орталық мемлекеттік музейі мен Гиме атындағы Азия өнер музейінің арасында Мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы ниет хаттамасына қол қойылды.
Тағы бір тарихи оқиға, халқымыздың көрнекті саяси қайраткері Мұстафа Шоқайдың саналы өмірінің елеулі бөлігі өткен Ножан-сур-Марн қаласында оның мүсінін ашу салтанаты ұйымдастырылды.
Әлемде ең белгілі және танымал “Тур де Франс” веложарысына қазақстандық велосипедшілердің қатысуы туралы ерекше айтқан жөн. Астана мен Қазақстанды көптеген француздар тап осы жарыс арқылы біледі, өйткені, шын мәнінде бір ай бойы бүкіл Францияның электронды және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында “Астана” командасы туралы жарыса айтып, жазылып жатады. Сондай-ақ бұл тақырып жуырда өткен келіссөздер барысында Франция басшыларының назарынан тыс қалған жоқ. Президент Н.Саркози біздің Мемлекетіміздің басшысымен болған сұхбатында велоспортты жақсы көретінін және онымен айналысуды дағдыға айналдырғанын, сондай-ақ біздің команданың жетістігін мұқият назарда ұстайтынын айтты.
– Халқымызда “Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан” деген сөз бар. Осыған байланысты халық біздің елшіліктен көптеген нәрсе күтеді. Француздармен жолға қойылған біздің байланыстарымыз жайында ақпаратты өз аузыңыздан естігіміз келеді.
– Жоғарыда сөз болған Парижге жасаған біздің елдің басшысы сапарының мазмұны және оның қорытындысы екіжақты қатынастың, көп жоспарлы ынтымақтастық деңгейі мен жағдайының ең үздік иллюстрациясын береді. Соңғы жылдары байқалған біздің ынтымақтастық дамуының бұрын-соңды болмаған динамикасы ең алдымен Қазақстан Президентінің жеке күш-жігерінің, оның көреген де сарабдал саясатының арқасында дей аламыз. Франция біздің елге сенім несиесінің жоғары дәрежесіндегі сенімді және перспективалы әріптесі ретінде қарайды.
Саяси жоспар тұрғысынан, бұдан бұрын айтқанымдай, Қазақстан мен Франция өзара түсінісудің жоғары деңгейіне жетті және бүгінгі әлемнің ең бір өткір, шетін проблемалары бойынша ұқсас баға беріп, ұстанымдар ұстануда. Франция біздің елге сенімді де келешегі мол әріптес ретінде қарайды. Біздің Мемлекет басшысының елді модернизациялау, саяси және экономикалық реформаларды тереңдету, қазақстандық экономиканың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалайды.
Екіжақты қатынастың тарихына тереңдемей тұрып, соңғы кездері Астана мен Париждің арасында жоғары деңгейлі делегациялармен алмасулар қалыпты жағдайға айналғанын атап өту қажет. Осындай қолайлы әрі тиімді жағдайда елшілікке екі ел мемлекеттік, үкіметтік және бизнес құрылымдарымен тығыз жұмыс істей отырып, елдер көшбасшыларының арасындағы уағдаластықтарды іске асыруды қамтамасыз ету, екіжақты ынтымақтастық тетіктерін толыққанды күшіне ендіру керек.
Франция жағдайында ең алдымен өзінің қызметіне кіріскен “Назарбаев-Саркози” президенттік комиссиясын атап өту керек. Ынтымақтастықтың дамуына Сенат пен Ұлттық Ассамблеяның парламентаралық достық топтары үлкен үлес қосуда.
Үкіметаралық комиссия (ҮАК) экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызды тетігі болып табылады. Сондай-ақ бұл бағытта Қазақстан-Франция іскерлік кеңесі де өз рөлін ойнайды. Мұның бәрі екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық дамудың динамикалық сипатын сақтауға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, бүгін экономикалық ынтымақтастық мұнай-газ, тау-кен, аэроғарыш салаларында, атом өнеркәсібінде, көлік және банк секторында дамуда. Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 100-ден астам компания жұмыс істеуде. Сол себептен инвестиция көлемі де өсуде және де бір ерекшелігі, біз ғылымды көп қажет ететін өнеркәсіптік бірлескен мекемелер құруға кірістік. Сондай-ақ әскери-техникалық салада және төтенше жағдайлар салдарларын жою мен алдын алу саласында ынтымақтастық дамуда.
Франциямен екіжақты байланыстардың басқа да маңызды аспектілерінің қатарына мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жатады. Астанада, Алматыда, Шымкентте және Ақтөбеде біздің азаматтарға француз тілін оқып-үйрететін “Альянс францэз” мәдени-ағарту агенттігінің өкілдіктері жұмыс жасайды.
Францияның жоо-ларында біздің студенттер “Болашақ” бағдарламасы бойынша білім алуда. “Назарбаев университеті” бағытында ынтымақтастық орнату күн тәртібінде. Жоғары оқу орындары арасында тікелей келісімдер шеңберінде жүретін мұғалімдермен және студенттермен алмасулар артып келеді. Жоғары басқару кадрларымызды дайындау мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Француз ұлттық әкімшілік мектебінің арасында ынтымақтастық қалыпқа келтірілді. Ренн және Алматы қалалары университеттері арасында белсенді қатынас дамуда. Айта кету керек, 2011 жылы осы қалалардың арасындағы бауырластық қатынасқа 20 жыл толуы аталып өтілмек.
Үстіміздегі жылы маусымда Париж қаласында біздің елшілік көмегінің арқасында Бірінші Қазақстан-Франция білім беру форумы екі елдің 20 шақты жоо-лары ректорларының қатысуымен өткен еді. Оның шеңберінде ынтымақтастық туралы бірқатар университетаралық келісімдерге қол қойылды.
Бүгін біз ғылыми зерттеу саласындағы ынтымақтастық жандануының куәгеріміз. Соңғы мысалдардың бірі ретінде екі ел ғалымдарының арасында био-саналуандық саласында дәнекерліктердің жолға қойылуын атау керек. Жуырда Парижде Қазақстанның Ботаника және фитоинтродукция институтының делегациясы сапармен болды. Францияда танымал кинорежиссер және ботаник ғалым Катрин Пэкс “Алманың шығу тегі” атты фильм және кітап шығарды. Онда әлемнің бүкіл алмаларының қазақстандық түбірі бар екендігін дәлелдеу жолында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері берілген.
Франция Қазақстанның ежелгі және бүгінгі мәдениетіне, біздің халықтың дәстүріне және салтына барған сайын қызығушылық танытуда. Оның куәсі ретінде, мен жетістігін атап өткен, бүгінде жұмысын жасап жатқан Париждің Гиме музейіндегі бұрын-соңды болмаған мәдени-этнографиялық ерекше көрмені атауға болады. Осы көрмеге орай биылғы 29 қазанда француз астанасында көшпелілердің өркениеті дамуының мәдени-тарихи аспектілеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Осы шараға Шығыстану институтының президенті Жак Легран, Гиме музейінің директоры Жак Жиес, профессор Катрин Пужол, зерттеуші этнограф Ванда Дресслер және басқалар қатысты. Атап кеткен жөн, Ванда Дресслер жуырда Францияда жарық көрген “Қазақстан” атты фотоальбом авторларының бірі. Ғалым, этнограф Гзавье Аллез жасаған орасан зор еңбектің арқасында француз тілінде түсініктемелер берілген “Тәттімбеттің музыкалық мұралары” компакт дискісі шығарылды.
Қазақстан мен Франция арасында кино мен телевидение саласында ынтымақтастық өзін жақсы көрсетіп келеді. Парижде 28 қазанда біздің Мемлекеттің басшысы жеке кездесу өткізген бүкіл әлемге белгілі актер Жерар Депардьенің бірлескен жаңа жобалар арқылы ынтымақтастыққа деген ұмтылысының ерекше рөлін атап өту керек.
Туризм мен спорт саласындағы ынтымақтастық та біздің көз қырымызда. Осы күндері Парижде “Қазақстан үйін” ашу идеясын пысықтау үстіндеміз. Жоғарыда сөз болған мәртебесі ең жоғары веложарысқа “Астана” велокомандасының жыл сайын қатысуы спорттық байланыстарға қатысты ең айтулы фактіге жатады.
Бүгінде екі тарап Қазақстанда Францияның жылын, Францияда Қазақстанның жылын алдағы уақыттары атап өту кезеңіне кірісу үстінде.
Бір сұхбат аясында мен екі ел арасындағы жобалар мен бастамалардың барлығын атамасам да, Қазақстан-Франция ынтымақтастығы көпқырлы және айтарлықтай екендігіне көз жеткізуге болады ғой деп ойлаймын. Қазақстанның Франциядағы елшілігі Парижде тиісті мемлекеттік және үкіметтік органдармен, екі елдің іскер, мәдени және медиалық топтарымен, Қазақстан мен Франция президенттерінің, екі халықтың жақындасуын және стратегиялық әріптестіктің одан әрі дамуын іске асыруға бағытталған өзінің жұмыстарын жалғастыра береді.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.