Алдағы жылы егемен ел атанып, бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге жиырма жыл толады. Дәл осы жылы ажал аждаһасы атанған Семей атом полигонының көмейіне құм құйылғанына да жиырма жыл толмақ. Мұның соңғысының тәуелсіздік мерейтойымен тұспа-тұс келуі де бекерден бекер емес. Солай дей тұрғанмен, бейбіт заманда қырық жыл қырғынға ұласқан ядролық сынақтардың еліміздің тұңғыш Президентінің алғашқы Жарлықтарының бірімен ел тәуелсіздігін жарияламай жатып-ақ тоқтатылғаны да шындық.
Бірақ, өкінішке қарай сол шақта бұл жақтан ауа көшкен әскерилердің полигон астанасы атанған Курчатов қаласын мейлінше бүлдіріп кеткені де өтірік емес. Абырой болғанда іле Елбасының екінші бір Жарлығымен мұнда Ұлттық ядролық орталығы құрылды. Ал осыдан төрт-бес жыл бұрын Курчатовта тағы да мемлекет басшысының Жарлығымен “Ядролық технологиялар паркі” акционерлік қоғамын құру ісі қолға алынды. Содан бергі аралықта ел газеті “Егеменде” сол бір игілікті шараның қалайша жүзеге асырылып жатқаны туралы бірер мәрте жазылған да болатын.
Енді, міне аталған парк кезең-кезеңімен іске кірісіп жатыр. Сондықтан басылымымыздың қалың оқырмандарын осындағы атқарылып жатқан ауқымды істермен тағы бір таныстырып қоюды жөн көргенбіз. Әйтсе де, ол туралы сөз қозғамас бұрын бұл ауқымды шаруаның қандай мақсатпен қолға алынғанын қысқаша баяндай кеткеніміз дұрыс болар.
Курчатовта Ұлттық ядролық орталық ондағы бұрынғы атом полигонының ғылыми әлеуетін енді бейбіт мақсатта пайдалану үшін құрылған-ды. Ал бұл міндет жеделдетіліп жүзеге асырылып жатқан шақта енді сол ғылым жетістіктерін іс жүзінде пайдалану қажеттілігі туындады. Сөйтіп, мәселе алғаш рет Елбасының 2003 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілді. Содан кейінгі жерде де ол мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Айталық, Елбасының осыдан үш жыл бұрынғы кезекті Жолдауында алдағы он жылдың басты отыз бағыты белгіленіп, соның он екінші бағытында элекр энергетикалық ресурстарды дамыту және атом энергетикасының негіздерін жасау нақтыланды. Яғни, бұл жолғы Жолдауда атом энергетикасын дамыту, елімізде атом электр стансасы құрылысының негіздемесін жасау қажеттігі атап айтылды. Жоғарыда айтқандай, Курчатовта шоғырланған ғылыми әлеуеттің салмағы өте зор. Бүгінде мемлекетіміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруге талпынып отырса, осындай орасан мүмкіндікті пайдаланбау енжарлық болар еді.
Осы орайда елімізде үш негізгі және өңірлік үш технопарк құрылысы қатар қолға алынғанын айта кетсек дейміз. Бүгін біз сөз етіп отырған технопарк солардың ең бастысы болып табылады. Ал оның тізгінін алғашқы күннен бастап Санкт-Петербург политехника институтының түлегі, техника ғылымының кандидаты Абзал Құсайынов деген бауырымыз қолында берік ұстап келеді. Содан бергі жерде бұлар жаңалық-өзгерістерден кенде емес. Технопарк қызметкерлері мен қызметшілері үшін 50 пәтерлік үй пайдалануға берілді. Осыдан тура екі жыл бұрын әкімшілік-өндірістік және радиациялық технологиялар кешені қатарға қосылды. Жер-жерден мұнда келіп түсіп жатқан инновациялық ұсыныстар саны уақыт өткен сайын артып келеді.
Жуырда іргелі кәсіпорынның жас та болса іскер басшысы Абзал Тұсынбайұлымен қайыра тілдескенбіз. Ол өздеріне жүктелген міндеттерге тағы да тоқтала келіп, өздеріндегі соңғы жаңалықтарды айтқан. Бүгінде аумағы 7 мың шаршы метр жерді алып жатқан кәсіпорында бизнес-орталық пен бизнес-инкубатор ұйымдастырылған көрінеді. Соның нәтижесінде өндірілген өнімді сыртқа шығаруға мүмкіндік молая түсіпті.
Осыдан екі жыл бұрын қатарға қосылған ЭЛВ-4 деп аталатын электронды өндірістік жеделдеткіштің арқасында материалдар мен бұйымдарды өндіру сапасы дұрыс жолға қойылған. Ал радиациялық тазартқыш корпусы медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектерді өңдеуге арналған. Рентгендік диагностика жүйесін жасау біздің елімізде енді ғана қолға алынып отырған көрінеді. Осындай жаңа технология арқасында пленкадағы бұрынғы рентгендік сурет қажет болмайды. Яғни, адамның ішкі органы бірден компьютерден көрініс береді. Бұл бірлескен жобаға британдық ядролық орталық демеушілік жасауда.
Технопарк құрылып, іске кіріскеннен бергі жерде мұнда бірлескен бірнеше кәсіпорын пайда болыпты. Соның біріне Ресейдің “Ядролық технологиялық паркі” мен “Технопластполимер” акционерлік қоғамдары демеушілік танытыпты. Бірлескен бұл кәсіпорын полиэтилен материалдарын шығаруда. Ал мұның артықшылығы неде дегенге келетін болсақ, жылу сақтау, шулы дыбыстар мен су өткізбеу, оны пайдаланудағы қолайлылық пен қауіпсіздік болып жалғаса береді. Ең бастысы сол, мұндай материалдарды пайдалану мерзімі де ұзақ. Ал оларды азаматтық және өнеркәсіптік құрылыста, жылу жүйесінде, автомобиль және кеме жасау ісінде, халық тұтыну тауарлары өндірісінде және басқа толып жатқан шаруада кеңінен пайдалануға болады.
Өткен жылы, мұнда сондай-ақ Украинаның “Ядролық технологиялық паркі” және “Демпург” сауда үйімен” бірлесе отырып және бір кәсіпорын құрылыпты. Бұл кәсіпорын теміржол көлігіне және крандарға қажетті бөлшектер, түрлі тежегіш құрал- жабдықтарын шығаруда. Бүгінгі таңда оларға да сұраныс көп.
Айта берсек мұндай бірлескен кәсіпорындар жетіліп-артылады. Оңтүстіккореялықтармен бірлескен кәсіпорын “Казкор” деп аталатын полимер материалын шығарып отыр. Оның да беріктігі мен ұзаққа сақталатын қасиеті ерекше. Мұндай материал негізінен ғимараттардың төбесін жабуға пайдаланатын көрінеді.
Осындай тығыз байланыс Америка Құрама Штаттары және Қытай фирмаларымен де орнатылып үлгерілген. Олардың алғашқысы сандық радиографикалық, флюроскопиялық және компьютерлік томограф бағдарламасын жүзеге асыруға қолқабыстарын тигізуде. Ал Қытайдағы Теньян қаласындағы тоңазытқыш құрал-жабдықтары зауыты біздің елімізде жылу насосы қондырғыларын жасайтын зауыт құрылысына атсалысуда.
Курчатовта технопарк құру жобасы шамамен оншақты жылдан соң өзін өзі ақтауы тиіс. Сол шақта оның табысы үш есе артпақ. Басқаша айтсақ бір теңге инвестиция жалпы құны үш теңгенің түрлі өнімін шығаруға мүмкіндік туғызады. Бұл кезде технопарк кәсіпорындарында шамамен 1200 жұмыс орны ашылады. Ал қосымша салаға қызмет ететіндер саны екі мыңға жетіп жығылмақ. Алғашқы он жылда технопарктен мемлекет қазынасына он миллиардтан астам теңге түседі деп күтілуде. Бұл кезде Курчатов қаласының келбеті тұтасымен өзгеріп, түлеп, жайнап сала беретіндігіне еш күмән болмаса керек.
Биылғы күзде Курчатовта әдеттегідей үлкен бір халықаралық конференция өткізілген еді. Сонда да Курчатовтың түптің түбінде Дубно, Обнинск, Оксфорд секілді шағын қала болғанмен, әлемдік ғылыми орталықтарының біріне айналатындығы айтылмай қалмаған. Сол алқалы жиында сөз алған Мәскеудегі Ресей халықтар достығы университетінің шетел тілдері институты директорының орынбасары, түбі омбылық қаракөз қарындасымыз Ұлданай Бақтыгереева де бұл қаланың болашағын аспандата келіп, ұрпағы үшін осы қаладан қазірден бастап бір пәтер алып қоюға әзір екендігін мәлімдеп жатты. Ол солай дей келіп, Ресейде жүрген қандас небір маман физик ғалымдарды Курчатовқа шақыру туралы келелі ұсыныс айта кетуді де ұмытпаған.
Қандастар демекші, бүгінгі таңда оралман ағайындар үшін мұнда көп пәтерлі төрт үй жөндеуден өткізілуде. Соның алғашқысы дайын да болып қалды. Осы үйлерге орналасып, жайғасатын отандастар ядролық технопаркке, Ұлттық ядролық орталыққа қызметке орналасып жатса, шіркін дейсің іштей армандап. Сондай күнге жететінімізге де сенгің келеді.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы.