24 Қараша, 2010

Шежірелі жылдар сыр шертеді

882 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Биыл қараша айын­да облыстағы қазақша-орысша шы­ғатын үлкенді-кішілі басылымдардың бәрінен бұрын дүниеге келген аудан­дық “Қарқаралы” газетінің шыға бастағанына 80 жыл толды. Иә, бұл Орталық Қазақ­стандағы ең көне басылым болып табылады. Мұның өзіндік сыры бар. Өйткені, Қарқаралы еліміздегі байырғы қалалардың бірі. Осы жерде Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі 10 жылдан соң, яғни 1930 жылы жарық көрген “Еңбек май­да­ны” газеті алғашқы кезде араб әрпімен ба­сылып, “Правданың” жартысындай кө­лем­мен шығып тұрған. Оның тұңғыш редак­торы Жұмабай Орманбаев әуелде округтік комсомол комитетіне хатшы болып келіп, көп ұзамай осы қызметке тағайындалған. Кейіннен республикалық “Лениншіл жас”, Алматы облыстық “Жеті­су” газет­терінде басшы қызмет­тер­де болған аға ұрпақ өкілі еді. Редак­тор­дың орынбасары Медеш Оралдиев те қаламы жүйрік журналист болған. Ол ұжымдастыру кезіндегі шолақ белсен­ділерді, жеке басының пайдасын көздейтін мансап­құмар­ларды, төреші­лерді шене­ген, содан сталиндік репрессия­ның құрбаны болып, кейіннен ақталды. “Еңбек майданының” қарлығаш нөмі­рі­нен ауылға бет бұру кезіндегі ұрандарға сай материалдарды, алғашқы бесжыл­дықтар, отырық­шылық өмір мәселелерін қозғаған мақалаларды оқуға болады. Округ­тік партия комитеті газетке күнде­лікті басшылық жасап отырған. Әсіресе оның екінші хатшысы Ғатаулин Мансұр­дың еңбегі ерен еді дейді білетіндер. Айтса айтқандай, ол кісі ержүрек азамат-тын. Қар­қаралы округі таратылып, аудандар құрылған кезде “Еңбек май­даны” екі бетпен аптасына екі рет шығарыла бастайды. Оған Әміре Жұманов, Тойбек Әбжалелов, Мәди Сәрсенбаев, Айташ Омаров, Қосан Сәдуақасов, Әбікен Бақтыбаев, Оспанбай Орынтаев сияқты ағаларымыз редактор болды. 1956 жылы газеттің аты “Коммунизм таңы” болып өзгеріп екі тілде шыға баста­ды. Сол кезде Оспанбай Орынтаев редак­тор, Рамазан Сағымбеков орынбасар болып қызмет еткен. Екі жылдан соң газет аптасына 3 рет шығатын болған. Редак­торы Шаймерден Сатыбалдин болып, аппарат жаңа қызметкерлермен толығады. Бұрыннан қаламы төселген Оспанбай Орынтаевтың, Ғабдиман Игенсартовтың, Шаймаран Мез­гіл­баевтың, Айташ Омаров­тың қатарына Дүйсенбай Төлепбергенов, Шәкіман Төлеу­таев, Сапарғали Ләмбеков, Ілияс Ысқақов, Қырықбай Есеев тағы басқалары келеді. 1987 жылы газетімізге тұңғыш рет әйел кадры Нәзипа Асқарова редактор болып тағайындалды. Ол он жылдан астам бас­шылық қызметінде іскерлік, ізденім­паздық, сауаттылықтың аса жоғары үлгісін көрсетті. Осындай еңбегінің арқасында ол қазақтың тұңғыш журналист қызы Нәзипа Құл­жанова атындағы Қазақстан Журна­лис­тер одағының лауреаты атағына ие болды. 1988 жылы Талды ауданы таратылып, қайтадан Қарқаралының құрамына қосылғаннан кейін басылым “Коммунизм таңы” – “Заря коммунизма” деген атпен 2 тіл­де шыға бастады. Сол кезден бастап газет өзін-өзі қаржыландыру тәртібіне көші­рілді. Сол жылдары орыс тілінде шы­ға­тын газетке Серік Торыбаев редактор бол­ғанын айта кетуіміз керек. Газетіміз Қараған­дыдағы полиграфиялық өндірістік бірлестік баспасында Қазақстанда ғана емес, одақта алғашқылардың бірі болып, офсеттік басы­лым­мен шығарыла бастады. Ал 1990 жылдан бері “Қарқаралы” деген атпен шығып келе жатқан басылымға бүгінде міне, 80 жыл толып отыр. Біз об­лыс­та алғашқылардың бірі болып газеті­мізді компьютерлік терім әдісімен шығару­ға көштік. Бюджет қаржысы тапшылан­ғанда алғашқылардың бірі болып оған түсер салмақты азайтуды ойластырдық, ақылы қызмет ұйымдастыру арқылы жар­тылай шаруашылық есептегі кәсіпорынға айналдық. Газеттің негізгі тақырыптары туралы айтатын болсақ, “Реформа және өмір: ау­дан, ауыл тынысы”, “Ізгілік бастау­лары”, “Шағын кәсіпкерлікке – жасыл көше”, “Қа­зақстан-2030”, “Салауатты, сау бола­йық”, “Қарқаралы табиғат достарының клубы”, “Ислам шапағаты”, “Маман мінбері”, “Өзек­ті тақырыпқа сұхбат”, “Бүгінгі күн та­қы­ры­бына”, “Әңгіменің анығы”, “Әкім­нің әңгімесі”, “Адам. Қоғам. Заң”, “Қыз­ғал­дақ”, “Мектеп кеме, білім теңіз”, “Әде­биет” беттері мен айдарларында оқырман­дарды толғандыратын ауызша-жазбаша сауалдарға жауап беріліп отырылады. Газетіміз сондай-ақ, Қарқаралыдан шыққан атақты адамдар, ғалымдар, өнер адамдары, ақын-жазушылар туралы үнемі жазып тұрады. Жыл мерейтойларының бірде-бірінен оқырманын қалыс қалдыр­майды. Қаламыздың даталы күндеріне арналған материалдарды қарқаралылық авторлар шығармашылығы арқылы көр­сеткен болсақ, Мәдидің 125, Тәттім­бет­тің 190 жылдығы, Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың, алаш қайраткері Нығмет Нұрмақовтардың атаулы күндері бойынша материалдар жарияланды. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне көзі тірі ортамызда жүргені, көшіп кеткені бар, барлық ардагерлер туралы мақалалар жарық көрді. Тұрақты авторлар арасында тарихшы­лар, инженерлер, педагогтар, дәрігерлер, көптеп саналады. Осы орайда газетімізде бұрын қызмет істеген майталман жур­налист-жазушылар Сапарғали Ләмбеков, ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы, Әбікен Бақтыбаев, Заманбай Игіліков, Самат Жүнісов, Мейрам Сағымбеков, Дәурен Сүлеев туралы айтпай кетуге болмайды. Бұл қаламгерлердің газетке сіңірген еңбектері ерекше. Біздің газет редакциясынан үш Қазақстан Журналистер одағының лауреат­тары шығып отыр. Олар –  Мақсым Омар­беков, Сапарғали Ләмбеков, Нәзипа Асқарова. 2000 жылғы тамыз айында аудан әкімінің өкімімен осы жолдардың авторы редактор­лыққа тағайындалды. Содан бергі мерзім ішінде көптеген өзгерістер болды. Ау­данымыздың бұрынғы әкімі Нихан Омар­хановтың қолдауымен 2001 жылы редакцияға “Ризограф” аппараты сатып алынып, 3 жыл бойы газет редакцияның өзінде басылды. Осы жерде айта кетуіміз керек Нихан Иман­ғалиұлы редакцияның материалдық-техникалық базасының ны­ғаюына көп көмегін тигізді. Газет тиражы 1 мыңнан бүгінгі күні 5000 данаға жетіп, аптасына үнемі 12 бет болып, кейде 16 бет болып, оқырмандарына тарау­да. Кейінгі төрт жылда газет редакторы мен журналистер Мақсым Омарбеков, Шаймұрат Оспанов, бұрынғы біздің қызметкеріміз бүгінде “Хабар” арнасының облыстағы тілшісі Ардақ Қабыханов облыс әкімінің “Алтын сұңқар” сыйлығының лауреаты атанды. Бұның бәрі редак­цияның жетістіктері деп білеміз. Қазіргі күндері газеттің материалдық-техникалық жағдайы жақсарды. Толық компьютерлік жүйеге көшірілген. Электронды пошта арқылы Қарағанды қаласындағы “Арко” баспаханасында басылуда. Кейінгі 3-4 жылдан бері өз тапқан қаржымызға редакция кабинеттерін жөндетіп, жаңадан кеңсе жиһаздарын алдық. Ауданға жаңадан әкім болып келген Сержан Жаңабекұлы Аймақовқа ризашылығымыз шексіз. Бастамамызға ұдайы қолдау көрсетіп, қолдан келген көмегін аямауда. Бүгінгі күні ортамыза жүрген газеттің байырғы қызметкерлері Сапарғали Ләмбеков зейнеткер болса, ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы “Орталық Қазақстан” газетінде, Мейрам Сағымбеков – кәсіпкер, Қарлығаш Құспанова “Қайран жастық” ансамблінің жетекшісі, Дәурен Сүлеев аудандық мәслихаттың бөлім меңгерушісі, Ардақ Қабыханов, Бекәділ Семқұлов, Саян Несіпов облыстың әр түкпі­рінде жемісті еңбек етуде. Ал қазір редакцияда Мақсым Омарбеков, Шаймұрат Оспанов, Аян Кизкин, Дулат Жүнісбеков, Сағыныш Әбіло­ва, Бану Мұқашева, Эльмира Хайрул­лина, Гүлмира Ералина, Ләйла Сыздық, Диана Түсіпбекова жемісті еңбек етуде. Газеттің тойы – елдің тойы. Алдағы уақытта да “Қарқаралы” газеті шежірелі өлкеміздің тарихы мен тағдырын үзбей қамтып, шын мәніндегі халықтық мінбер деген атағын ақтайтынына сенім мол. Рымбек СМАҒҰЛОВ, “Қарқаралы” газетінің бас ре­­­дак­­торы, аудандық мәсли­хат­тың депутаты. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы.