24 Қараша, 2010

Үкілі Ыбырай

8158 рет
көрсетілді
38 мин
оқу үшін
Ақын, аса көрнекті компо­зи­тор, кезінде алдына жан сал­маған әнші Үкілі Ыбырай... Оның “Үкілі Ыбырай” атануы­ның себебін “Өзім жайлы” атты өлеңінде бабамыз өзі айтып кетіпті: “Аралап талай елдің дәмін таттым, Сұлудың асқақ әнмен бабын таптым. Қалаған Сәмекеден қара қалпақ, Қос буын шекесіне үкі тақтым”, – десе қара қалпақтағы қос буын үні дом­бырадағы қос буын үнімен дос­тасып, бірге үндесе желбірегендей көз тартып “Үкілі Ыбырай” атанды. Біржан сал, Ақан сері секілді өз заманының еркесі болып, әндетіп дабылдатып өтсе де ақынның өмі­рінің соңғы кезеңі ХХ ғасырдың оты­зыншы жыл­дары әкелген зұл­маттың құрсау­ын­да өтті. Го­ло­щекиншіл “ұр да жық” белсенді­лердің “асыра сіл­теген” әре­кеттері елді ашар­шы­лыққа ұшыратты. Ұжымдас­ты­рудың зардабынан байғұс қазақ­тың жайлауында жаны, қыстау­ында қаны шықты. 1929-1932 жыл­дар­ғы қырғын аштықты көзі көрген ақтангер ақын ел мұңын ашық айтып, сұқ көзге түсті. Ащы тілі шымбай­ла­рына тиген ауылдағы шенділер соңына шы­рақ алып түсті. 1933 жылы Қа­зақ­станды басқаруға Л.И.Мирзоян келіп, жағдайды түзей баста­ғанша, 1932 жылы Үкілі Ыбырай “халық жауы” атанып, атылып кетті. Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы осы күнгі Солтүстік Қазақстан облы­сының Айыртау ауданына қарасты № 5 ауылында 1860 жы­лы дүниеге келді. Кеңес үкіметі кезінде бұл ауыл “Өскен” деп атал­ды. Бұл күнде “Үкілі Ыбы­рай” ауылы атанарына сенімім мол. Жалғызтаудың бауы­рын жайлаған Жақсылық қарауы­лынан шыққан ақынның ата тегі Деріпсал Сәбденнен тарайды. Сәб­ден — Абылай ханның әрі досы, әрі даңқты батыры болған әйгілі кісі. Деріпсалдың Санды­бай, Маңдай, Әбіле атты үш ұлынан үлкен әулет тарады. Маңдайдан — Қосшығұл, Асайын, Үсейін; Сандыбайдан — Бөпіш (Мейіз), Шалғым­бай, Ыбырай; Әбіледен — Ілияс, Кенже­ғали, Молдағали туған. Асайыннан тараған Смағұл, Мырзағұл болса, әйгілі ақын, үздік әнші Мұса Асайынов (1929-1976) Мырзағұлұлы менің шешемнің апасы Бағи апамыздан туды, Смағұл қарт — ауылы­мыздың ақсақалы, ұста, соғыстан үш ұлы оралмай, тоқсаннан асып қайтыс болды. Шалғымбайдан тараған Сүлей­меннің балаларын, Дәуіттің өзін көріп өстім. Жалпы алғанда Деріпсалдың ұрпағы батыр тұлғалы, ірі денелі келеді. Бауырым Мұса да қапсағай бойшаң, қыран мұрын, қалың шашты, кең маңдайдың астынан өткір, үлкен көздері күлімдеп тұратын жігіт еді. Ол ән салғанда ерекше күш бітіп кеткен­дей, әу дегенде тыңдаған жанды селк еткі­зетін, маржандары сылдырап, аспалы шам қозғалатын, Ыбырайға тартып туған асыл тұяқ деп ел еркелетті, өзі де ерке­летуге лайық еді. Үкілі Ыбырайды сипаттағанда Сәкен Сейфуллин: “Әні бар “Гәкку” деген аңқылдаған, Аққудай айдын көлде саңқылдаған. “Кідігай”, “Қалдырған” мен “Маңмаң­керді”, Ырғалтса керней даусы қарқындаған”, – деп Шаляпинге теңесе, бұл Ыбыкеңнің жетпіске тақап қалған шағы, әлгі Мұсадай кезінде кездессе не дер еді?! Біржан сал жас Ыбырайды алғаш рет тыңдағанда Ақан серіге қарап: “Ақанжан-ай, ертіп келген шәкіртіңе қанықтым, шын бақытты жан екенсің: қазақта жылқының перісі Құлагер саған бұйырса, ақынның перісі осы інің болар. Қазақ әнінде өзім жеке дара тұрмын, өзгелерге Ыбырай жеткізбес”, – деген сөзін халық ақыны, әкемнің ағасы Молдақмет Тырбиұлынан естіп едім. Кейін осыған ұқсас сөзді әйгілі әдебиет зерттеуші Е.Смайыловтан да оқыдым. Бұл ағамыз: “Ыбырай — шын мәніндегі ұлы өнерпаз”, – деп жазып кетті. Сол дарабоз дүлдүл Кеңес үкіметі келіп, әсіресе, кәмпеске мен ұжымдастыру науқандары ел тұрмысын күйзелткенде өткір тілін шындық жолында аямады. Ақыры 1932 жылғы қарашаның 4-і күні қамауға алынды. Асылы жерлестерінің тілі де батқан шығар, сол кездегі ақынды көрсеткен, НКВД-ге қолшоқпар болған өзінің жақын туыстары Шаймұқанды да, Ақыпты да бала кезімде көрдім. Үкілі Ыбырай “халық жауы” атанып ұсталып кеткеннен соң ауылдағы Есеп атайды жұртқа құбыжықтай көрсетті. Оның үлкен қызы Тұрғын апайды соғыс жылдары “трудармияға” әкетті, шығармалары отқа түскен аласапыран заман туды. Бірақ алмас кездік қап түбінде жатпады, туған елі өз жүрегінде сақтады. Ол атылып кетсе де мінезі үлгі, қайсарлығы аңыз, ән-жыры ұмытылмады. Кейбір әндерін халық әні деп, кейбір әндерін әлдекімдікі деп сақтаса да тәуелсіз Қазақстан дүлдүл ұлына құшағын кеңдеу ашты. Бұл күндері Ыбекеңнің әндері өзіне қайтарылып келеді. “Гәккуге” тиіскендердің де бетін қайтар­дық, ал “Аңшының әніне” әлі күнге кей жігіттер Дәнеш Рақышевтің әні деген лақап таратып жүрсе, ол қателік. Асыл әнші Дәнеш тірі кезінде ондай озбырлыққа бармады ғой. Әйгілі классик жазушымыз, академик Сәбит Мұқанов “Қазақ әдебиеті” газетінде бұл мәселенің басын ашып, ашық айтқан. Ол әңгіме жайын бұрын да жазғанбыз. Ақынның өлеңдері мен толғау айтыстарын “Гәкку” атты бір кітап етіп (Астана, “Фолиант”, 2005) шығардым, бірақ, бұл әлі толық дүние емес, іздей түсу қажет. Ал, әндеріне дегенде ақиқатты орнату керек. Мысалға, “Сырғақтының” Ыбырайдыкі екенін бала күннен білуші едім, Б.Ерзакович те солай дәлелдепті. Үкілі Ыбырайдың композиторлық, әншілік мол мұрасы жайлы жазылған еңбектер баршылық, мен жыр жинағын шығарғаннан кейін ақындық ерекшелік­те­рін сөз етпекке бой ұрдым. Қазақ­станның халық ақыны, Үкілі Ыбырайдың төл шәкірті Молдахмет Тырбиұлының айтуынша, ол алдына жан салмаған әнші­лігімен қатар, қай сайысқа салсаң да дес бермейтін білімдар, тапқыр, ағынды айтыс ақыны. Оған қоса қаламгерлігі де мол, араб, парсы тілінде оқи білген, өте зерек болған көрінеді. Ыбекең хат танығаннан кейін қолына түскен кітапты жаттап аларлық өнер көрсетіпті. “Мұңлық-Зарлық”, “Қыз Жібек”, “Жүсіп пен Зылиха”, “Тотының та­рауы”, “Сейфул Мәлік”, “Мың бір түн” іспеттес лира-эпостық, батырлық һәм ғашықтық жыр­лары мен қисса-дастандарды жатқа өз әуенімен айта білген. Әсіресе, “Ер Тарғын” мен “Мың бір түнді” әнге қосып жатқа айтуға жалық­папты. Кейде қара сыр­наймен, кейде үкілі домбырасымен қоса шырқап, поэзияның желісіне қарай ән мақамының өрісін жатық үйлестіре білгені үлкен өнер. Ұзақ дастанды әндеткенде, кейде қолындағы домбырасын жерге қоя салып, тақпақтатып кетіп, отырған жерінен ілгері-кейін жылжып қызғылықты қимылдармен жалық­тырмас даланың дара әртісінше тыңдаған жанды жіпсіз байла­ғандай баурапты. Бойға қонған жан-жақты өнердің арқасында ауыз әдебиетінен әбден сусындап, жазба әдебиетіне иек артып, өз ақындық өрісін кеңейте білгені біз үшін сонау алыстан айдай анық көрініп тұр. Үкілі Ыбырайдың өзіне үлгі болған Арыстан, Орынбай, Шал ақын, Сегіз сері, Тезекбай, Шөже, Нұркей, Біржан сал, Ақан сері, Мұстафа сияқты саңлақтардың әндерін, айтыстарын ел арасына тарата білгендігі бір төбе. Қолына домбыра алғанда мынау Орынбай­дың, мынау Біржанның, мынау Ақанның домбыраны қолдарына алғандағы өз ырғағы, өз құлақ күйі деп, әрқайсысының өз әуезімен, әуенімен, өздері сүйген сарынымен орындауға жетік­тігін шебер көрсете біліпті. Молдекеңнің өзі де ұстазынан көргенін бұлжытпай қайталап елге таратып кеткені Есіл мен Көкше өңіріне аян. Ыбекең тек қана ауыз әдебиетінің өкілі емес, ол өзінің ең жақын һәм жанашыр пір тұтқан ұстазы Ақан сері секілді суырып салма төкпе де, ойланып жазар жазба да ақын. Негізінде, олар ауыз әдебиеті мен жазба ақындарының ортасындағы табиғи алтын көпір іспеттес жол салды. Ыбекеңнің ақындық ерекшелігіндегі басты көрініс сол жан-жақтылықта жатыр. Керегінде ағыл-тегіл құйғытып, қай сайысқа болсын іркіл­мей кірісе кетеді. Күрделі ән, не өлең туарда ішіндегі нәрестесін тоғыз ай, тоғыз күн кө­теретін анадай ұзақ уақыт толғатып аққу­дың қос қанатына байлардай етіп жетіл­діреді. Ақындық ерекшеліктің қайнар көзі нәзік сезімге оранған ақыл мен ойдан туса, оның нәтижесін Абай айтқандай: “Тіл ұс­тартып, өнер шашардай”, дәрежеге жеткі­зеді. Ақындық дерті — тілде. Ыбы­райдың тілі де жебедей жеткіш өткір тіл. Жас ке­зінде әрлі сөз, ұлғая келе мәнді сөз, аш­ын­­ғанда зәрлі сөз таба білген Үкілі Ыбы­­райдың тілінде ақындық ерекшелігінің бас­ты арқауы жатыр. Ақынның тіл байлығы шерлі сөзі мен зерлі сөзін қоса же­кеше тал­дауды талап ететін үлкен қазына. Ол ер­жүрек, тапқыр да айтқыр, тіксілтегіш қайсар ақын. Үкілі Ыбырайдың тіл өрнегіне аздап қана назар аударсақ, оның мейірімі мен қайырымы тартып, өзгеден айырымы ашық көрініске жолығамыз. “Гәкку” деген сөздің өзі де қазақтың поэзиясы мен бүкіл тіл әлеміне алтын айдардай болып кірген ғажайып. “Үлпікер сүт бетінде балдай қаймақ”, – десе, “үлпікері” үздік тілдің белгісі ғой. “Қарақат көзді, сым саусақ”, – теңеуге жүйріктігі. “Көк зеңгір, жасыл жартас Жалғызтауым”, – дегені қандай әсем. “Қайқақтамай көтерер, досы үшін тау-тасын”, – дегені де нағыз қазақы тіл. Ал: “Бір атым насыбайдан көңіл қалар, айта бер, айтсаң сағың сынбағанға”, – дегені тереңдіктің көрінісі. Майталман ақынның қай өлеңін алсақ та, ұлттық суреткерлікті білдіретін бояуы ашық, ояу сөзді, ішкі маңызы мен айтар ойға дәлме-дәл келтіріп, тап басқыштығына қайран қаламыз. Тіл мен жаққа құр сүйену емес, өткір тілі әсем әндеріне де дәйек болып ескек желдің табиғи сыбырындай поэзия әлемін кеңейте түсуге сенімді семсер міндетін атқарды. Ыбырайдың ақындық талантынан, әншілік дарынынын да бөле жаруға бол­майды. Ол алдындағы ұстаздары Біржан сал, Ақан серіге еліктеп алғашқы өлеңдерін де әнімен қоса шалқытты. Уыз туындылары ғашықтық сарында, әзіл-күлкі ауқымында дәстүрлі лириканы байытқаны анық. Қа­зақтың ежелгі салты бозбалалықтың қызығын күйттеу Ыбырайға да бастау берді. Шөбектің Мұқанының Мәлике атты сұлу қызын, бір жиында Ақан серінің ойынды басқару салты мен нұсқауы бойынша, алқа топта бірінші болып қасына өлеңмен шақырыпты. “Бозбалаға бұл бір сын жеке-жеке, Әркімнің қасындағы сәулесі ерке. Бұйрығы ханзаданың екеу емес, Жаныма келіп отыр, ей, Мәлике”, – деген өлеңі сонда туыпты. “Ханзада” деп отырғаны Ақан сері ғой, ол кісіні ағайын ел іші әуелі “ақ жігіт” деп атап, артынан “Ақан аға” деуге көшті. Ал, бұл Мәликеге байланысты шумақтың жарық көруіне ол кезде жігіт ағасы болып қалған Ақан серінің жастардың ойынын бастап беріп, бірінші кезекті сенімді шәкірті Ыбырайға сілтеуінде жатыр. Жас Ыбырай: “Көсем қиында, шешен жиында” дегендей, көш бастап, өзі міндетін атқарыпты. Ол нағыз ішкі сенім мен қанына туа біткен жүректіліктің белгісі. Міне, сол сәтте шыдай алмай буыны бо­сап, күміс шолпысын әсем үнмен сылдыр­лата, сызыла басып, сиқырлы сылқым Мәлике сұлу ашық ажарын жайната түсіп, жас ақын Ыбырайдың қасына отыра кетіпті. Сол ғажайып жастық шақ деген асыл дәурен озған сайын өлеңі де маңызданып, жанға жайлы, көңілге жылы тиер дәрежеге жете бастайды. “Ән салып сері болып талаптандым, Ақылын тыңдау қайда барлық жанның. Он үш жаста ән салып ел алдында, Жолына түспей кеттім дүние-малдың”, – деп өзінің ана сүтімен ере келген ақын­дық, әншілік өнеріне белді бекем буғанын ұғымға жеңіл, жинақы тілмен осылайша қиыстырыпты. Әкесі Сандыбайға тартып ұста болмады, немере ағасы Әбілге еліктеп саясатқа кіріспесе де, ақындықтың сұрша құсы жебеп өнер жолына сиқыр күшпен еліктетті. Өмір өрісіндегі жаңа белесіндей ақын­ның “Жиырма бес” атты өлеңі жарқ етті. Міне, ақындық жолында ауызға іліктірген бастамасы осы еді. “Қызды ауылдың сыртынан, Қылаң еткен жиырма бес. Қызды көрсем қиқайып, Құлай кеткен жиырма бес. Суға келген жеңгейге, Ұнай қалған жиырма бес. Жеңге халің қалай деп, Сұрай қалған жиырма бес. Бесіктегі баладан, Алғыс алған жиырма бес. Төрде жатқан кемпірден, Қарғыс алған жиырма бес...” – деп төгілте жөнелсе, ақындық қуаты да жасына қарай жаңарып, жауқазын гүлдей құлпыра түсіп, көз тарта бастағанын айқындайды. Бұл кезде суреттеу тәсілі, бейнелеу әдісі келесі бір биік белеске көтеріле бастады. Тап осындай ырғақпен келетін “жиырма бестер” Ыбырайдан бұрын да болды, “күлдір, күл­дір кісінетіп, күреңді” мінгізді. Ыбырайдың “Жиырма бесін­де” өз көзіңмен көріп тұрған­дай өмір көріністері айнадай айқын, тартымды беріледі. Әні де ә, дегенде алдына мал салмас жүйріктей ұшқыр, қызғын шабысқа бастап кетеді. А.С.Пушкиннің “Ескерткіш өзіме орнаттым келмес қолдан” деген өлеңіне шейін бірнеше “ескерткіштер” болған. Бірақ Пушкиннен кейін бола қойған жоқ. Ыбырайдың “Жиырма бесі” де заманын­дағы аттас өлеңдердің ең сүйкімдісі болып кең тарап кетті. Бұл күнде байтақ елдің қай түкпіріне барсақ та Ыбекеңнің “Жиырма бесі” алдымыздан шығады. Әсіресе, Қайрат Байбосыновтың және оның шәкірттерінің орындауында есту бір ғанибет. “Ауылың қонған Сырымбет саласына, болдым ғашық ақ сұңқар баласына”, – деп Ақан серінің “Сырымбет” әнінің сөзі Ыбы­райға екі жақты үлгі тастады. Өз ауылын анық айтып, жаны құштар ғашығына деген ішкі сезімін ашық жеткізді. Ұстазы секілді Ыбырайдың да ынтық сөздері әнінің асқақ қарқынынан кем соқпайды. Ол алдындағы даналардың ел сүйсінген үлгісінен алған дәрісін жасырған да жоқ. “Өлеңмен екі өкпеңді қалқытайын, Қорғасындай денеңді балқытайын. Біржаннан алып қалған әнім еді, Азырақ “Шалқымамды шалқытайын”, – деуі әлгі ойға ден қояды. “Шалқыма” Ыбырайды толқыта түсті, өлеңіне орнықты ырғақ, жүйелі тың сарын ұсынды. Оның ақындық болмысы өз арнасын тапқан өзендей, өз шалқар теңізіне қарай аспай-саспай аға бастады. Бара-бара бұл өзен тасқынды сайлары мен қарқынды құламасын тапты. Ол көңілі ауған, шабыты желген жерде еркін сілтеп, алты қырдың астына жетердей шырқауға дағдыланды, ерен ақындыққа ере туған қанатты әндері елді жалт қаратты. “Үкілі Ыбырай” атанды. Дарқан ақындығы қай думанға кірсе де ел құлағын елеңдетті, жан құшырын қандырды, әрдайым өрелі дәрежеге жетелеп, өрге шапса өршеленер жүйріктей заулатты. Тамаша ғалым Есма­ғамбет Смайылов 1966 жылғы “Жұлдыз” журналының №11 санында осы ойды шегелеп бекіткендей айтыпты. “Халық тарайтын емес, ағылып келіп жатыр. Ыбырай іркілген жоқ, бұл жолы термелері жәрмеңкеге келген халықты қошеметтеп, әр ұлдың руын, тарихын таратып бірталай жырларды үйілтіп, төгілтіп айтып тастады... Арасында күлдіретін әзіл-сықақ сөздер де, бұрыңғы-соңғы ақындардан нұсқалы, нақыл сөздер де аузынан шықты”, – дей келе: “Бұл менің он бес жасымда Ыбырай­ды тұңғыш көруім... Бәрінен де Ыбырай­дың дарқан ақындық, әншілік өнері, алғыр шешендігі есімнен кетпейді”, – деп те­біреніпті. Міне, әдебиет білгірі де “дарқан ақындық”, “алғыр шешендік” деп баса айтып отыр. Хан базарлы жәрмеңкеде еркін төгілу де әркімнің қолынан келе бермейтіні ағедендік. Ал “әр ұлдың ... тарихын” тә­мам­дауы Ыбекеңнің тайға таңба басқандай айта білер мәттақам қабілетін, толайым зеректігін танытады. “Гәкку” жайлы талай сырды шертер едім, бірақ әнін де, тамаша сөзін де байтақ ел түгел біледі ғой, сол асқар шыңына қол­тықтас тұрған тумаларын көрсетейін деп, “Гәккуге” көп тоқталмадым. “Құс салып айдын көлде дабыл қақтым”, – деген сөзі де қанатты сөз болып кетіп, кейінгі талай тарланға үлгілік көрсетті. Үкілі Ыбырайдай ақиық ақынның қазақ поэзиясындағы асыл орнын сөз етіп отырғандықтан “Гәккуден” кемшін түспестей, “Қарақат көзді сым саусақ” атты өлеңіне молырақ зер салғым келді. Шынайы сезім мен шалқар шабыт түйіскенде, шықтай мөлдір шындық сырын шашпай-төкпей ашық айтудың үлгісіндей тамаша туындысы осы. Бұл өлеңі Абайдың ғашықтық тақырыбына жазылған әйгілі толғаныстарын амалсыз ойға оралтады, дана жүректердің махаббатшыл нәзік лүпілдері де алыстан ұласып жатқандай сезім білдіреді. “Қарақат көзді, сым саусақ, Ләбізің сенің бал қаймақ. Жолыңа сенің сарп етпей, Неге де керек малды айдап. Қарақат көзді, ақ білек, Айтайын бір сөз үлгілеп, Қайғың алды денемді, Жүректің басын тілгілеп. Етің аппақ қояндай, Қызығыңа тоям ба-ай, Алыстан аңсап келгенде, Не қыл деп жатсың оянбай”, – деп наздана тебіренгені ақынның жан қияр ғашыққа деген үздігіп тұрған құмарлығы, ынтықтығы һәм өзінің де осал еместігі қатар көрініп тұр. Сәкен ағамыз “Тау ішінде” атты өлеңінде: “Білгейсің келгенімді жал­ғыз өзің”, – десе, өзім де “Аққу жеткен” атты өлеңімде: “Ей, қалқа таң мезгілде сырласайық, толқынға тербетіліп жатшы оянбай”, деп сызыла қалыппын. Ал, Ыбы­кең: “Алыстан аңсап келгенімде не қыл деп жатсың оянбай”, деп өзінің аңсаған жүрегінің ыстық лебі мен ғашықтық ерке назын қосақтай ашықтан-ашық тосады. Сырт қарағанда қатаңдау, қысаңдау, сәл бәлсінгендей көрінгенмен: “Не қыл деп жатсың оянбай”, деудің өзінде де бал ләззаттың үзім шырынын тезірек татуға құлшынғандық жатыр. Қимастық, сыйлас­тық, күрт сағынышқа оранған шыдамсыз­дық шырылдап тұр. Ақындық ақжарма мінездің бұл да бір айқын айғағы. Үкілі Ыбырайды жақсы білетін классик жазушы­мыз Сәбит Мұқанов: “Қарақат көзді” деген өлең 50-60 ауыздай бар. Бәрін де: “Қарақат көзді”, – деп бастайды. Бұл өлең осы күнгі махаббатшылардың өлеңдерін маңайына отырғызбайды”, – деп жазған екен. Одан артық не айтпақпыз. Не десек те, поэзияның бұл кесек үл­гі­сінде Үкілі Ыбырайдың ақындық ерекше­лігін тауда өскен әсем шынардай, алыстан айқын танытқандай тамашалық бар. Ақын сөзін өз әнімен шырқасақ қазақтың керемет әні, ал романс сазына салсақ өз көркем­дігін, сезімталдығын, толқымалығын аша түсетіні сөзсіз. Жалғыз өлең ұзақ поэмадан кем емес, шағын роман, даланың романсы секілді. Бұл өлеңді тамаша поэма дәрежесіне жеткізу білу де үлкен шеберлік. Мұхтар Әуезовтің “аз көлеммен көп мағына беретін шеберлігін” академик Зейнолла Қабдолов айтқандай, Ыбырайдың да ақын тілімен аз сөйлеп, көп ой қозғай білгіштігі көп өлеңдерінде соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Шеберлік деген ұғымның шырқау шебі де осы шығар. Композиторлығын баса айтып дағды­лан­ғандықтан Ыбекеңнің ақындық мұра­сына зерттеушілер көп мән бермей келді. Ол кемшілікті де болашақта түзету қажет. Әрі ақын, әрі композитор, әрі үздік орын­даушылық бір өзіне қонғандықтан логика жүйесіне салсақ: өлең сөзі бірінші, содан кейін ән, ең соңында орындау тұрады. “Бес ғасыр жырлайды” (Алматы, 1984, “Жа­зушы”) атты белгілі жинаққа Үкілі Ыбы­райдың кірмеуі мені қатты қынжылт­ты. “Ала қойды бөле қырыққан жүнге жа­ры­майды”, деген сөз көкейімнен кетпей қой­ды. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбы­рай­ды бөле жаруға болмайды. Бәрі де ең әуелі ана сүтімен ере келген ақындыққа бө­ленді, содан кейін әнге құндақталды, одан әрі орындап берудің құдіретті күші бітті. Үкілі Ыбырайды да қазақтың үлкен ақыны деп танып, қатардан қалдырмаған ләзім. Ыбекең қай тақырыпқа барса да көкі­регінің көзі жеткен, ақындық сөзі жеткен шырқау шыңға шықпай тынбайды. Құш­тарлық пен құлшыныстың мөлдір ләззатқа өле құмар қарқыны қазақ ақындарының ішінде: “Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да” немесе: “Бұл ләззаттың бір ми­нутын бермеймін, патша тағы, бүкіл дүние малына”, – деп тұрған Мағжанда айқын кездеседі. “Қарақат көзді, сым саусақтың” бір шумағында: “Мұхиттың сенсің құндызы, Аспанның сенсің жұлдызы, Өзіңнен сәулем аспайды, Пейіште жүрген хор қызы”, – дегенін естігенде, өзі барып пейіште жүрген қызды көріп келгендей сенесің. Сүйген қызын жер-көкте, фани-бақида бар сұлулар­дан асырып жіберуі бұл ғаламда бар шырғалаңға әуестіктің нағыз өзі, қазақ поэзиясының тәңір берген асыл төрінен орын алар кемел деңгейін айқын­да­ғаны. Ыбекеңнің өлеңдерінде тың сурет­кер­лік, тұлғалы да үлкен ойшылдық, ға­шық­қа деген ақжарма ашықтықтың нәрі бар, ғаламаттың бәрі бар. “Қарақат көзді, сым саусағы” сол ерекшелігін айқын танытады. Жорықта сес көрсеткен батырлардай асқақтап, ақындардың өздерін-өздері көтермелеулері дағдылы үрдіс. Ыбекең де бұл бәйгеден озық келген намыскер. Тілге тиек болар “Қайран Гәкку” деген өлеңінде: “Қыздан да қылықтымын жүрген жерде, Ханнан да қадірлімін туған елге. Ақ тамақ, шұбар бауыр қоңыр қаздай, Сала алмас “Гәккуіме” ешбір пенде”, – деп, мәреге жетерде алдына жан салмас Құлагерше еркін қарқындайды. “Ханнан да қадірлі” болса да, ел алдында қыздай тәлімді қылығын көрсетуі ұрпаққа тәлім деп білемін. Дарияның ішкі ағыстары мен сыртқы толқындары табиғи араласып жат­қандай ақынның ішіндегі қызу құйылымдар ерік бермей жұлқынып сыртқа шығады, асау толқындарға айналып бірде бұрқанып, бірде сылқым ғана сылдырлап “құлақтан кіріп, бойды алады”. Адамның жан дүниесі мен тән сезімін ашық көрсетуде Ыбы­райдың өзіндік ерекшелігі бар ерен ақын. Үкілі Ыбырай Абылай ханның батыры атанған Сәбден дауылпаздан тарап, немере ағасы Әбіле Шыңғыс Уәлиұлының хат­шысы болып, өзі атақты ақын, әнші ретін­де дүниенің қызығын көріп, көрешектің есесін қайтарғандай ән-жырын іркілмей төгілтіп өтсе де, оның тағдырының тәбдел бермес қиындығы да зор болды. Әсіресе, жасы ұлғайған кезде жазған өлеңдерінде сол баяғы ерке екпінмен өмір шындығын бояусыз, бүркемесіз шертеді. “Сұм дүние сумаңдаған сен бір қақпас, үйінде сені қуған үш күн жатпас”, – деп тегіннен-тегін айтпаған ғой. Біреулер үйінде үш күн жатпай, қара бастың қамын ойлап шылқып жүр, біреулер бұрынғыдан жүдей түсті, әне, сондайды байқағыштығы тебіреністің ашық түрі болып ет-жүрегін жарып шығады. Ақынның әлеуметтік сарындағы өлеңдері толағай толғаулар іспеттес аз сөзбен шексіз ұғым береді. Үкілі Ыбырайдың көңілге бір естігенде небір оқығанда жеп-жеңіл қона кетер қа­натты сөзге айналған иірімдері де жетерлік. Академик Аманжол Қошановтың әкесі, Шал ақ­ын­ның шөбересі Қошан Жан­тіл­еу­ұлы ақсақалдың Ыбы­райдан қалған сөз деп айтып жүретін шумаққа зер салайық: “Қосылған жолдан шүйкебас, Жан қияр жерде жар болмас. Айыр өркеш нар болмас, Әкенің сөзі балаға, Қанша айтсақ та ар болмас”, – депті. Бұл фәлсафалы тол­ғаныс қай заманда болсын өз құндылығын жоймайтын ойлы көкіректен туған жан сыры. Ыбекеңнің ақыл-ойға толы терең пси­хологиялық толғаныста туған өлеңдері да баршылық. “Шаш алмас өтпес пышақ қайрағанға, Томар су суат бермес жайлағанға. Талықсып қорғасындай денең балқыр, Таңертең қара торғай сайрағанда”, – деп теңізде жүзіп бара жатқан нән кемедей асықпай, саспай кемеліне келе тебіренер жерлері сүйсіндірмей қоймайды. Бұл шумақты “Қараторғай” атты өлеңінен алып отырмын. Сол өлеңде: “Қиянат қылмау керек тимегенге, жанасып неге керек сүй­мегенге”, – деуі де философиялық қарым­ды, психологиялық танымды меңзейді. Есіл, Көкше өңіріндегі үлкендер бала кезімізде бұл сөздерді тілдеріне тиек ететін. Тоталитарлық қыңыр, біртоға идеология ақын сөзін қанша қараласа да құлыптай алмады. Ақынның талай сөздері есті адамға күш беріп, ел аралап жүре берді. “Қалдырған” атты өлеңі туған елге де­ген аманат атанған соңғы сөзіндей ел ішінде түгелдей жатталды. Осы күнде Қазақ елінің қай түкпіріне барсаң да алдыңнан шығады. Бұл өлең алғы буын ағалар мен соңғы түлек інілерді жалғастырып тұрған, өмірдің мархабаты мен мехнатын жасырмай көр­сетіп, жасы ұлғайғанда тәубеге келгендей ғақыл сөзі іспеттес татымдылығымен ел жүрегінен қоныс тепті. Одан кейін: “Қызығың дүние өткен күн, Кейінгі қуып жеткен күн. Байланбаған асаудай, Сырт айналып тепкен күн”, – деп өмі­рінің шуағы өтіп, шөлейтті келеңсіз ке­зеңдері тебірендіре бастағанын үлкен күр­сініспен айта білуі нағыз шеберлік. Өйткені, “Сырт айналып тепкен” заманның зар­да­бына қазақ халқының көніп отырғанына жа­ны ашиды, қиындыққа арқа жонын то­сып, жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. Бұл үлкен астарлы өлеңде түгел ай­тып сілкілемей, ымдап қана сілтеу бар. Бұл да үлкен ойлы ақынның азаматтығын айғақтайды. “Жолдас болсаң жақсымен, Терең ойлы, ақылы кең. Кішіпейіл сыр шашпас, Мінез, білім келсе тең”, – деп, өмір­де­гі үзеңгілес, сырлас, сыйлас болар жолда­сың қандай болуын жырласа, мінезге білім сайлығы қажеттілігін әдемі келтірген. Бұл мың түрлі сарында ерте де, кеш те айтыла беретін тақырыптың ол кездегі поэзия­мыз­ға қосылған ойлы үлесі деп түсінерлік туынды. Ыбекеңнің ақындығын сөз еткенде: “Сүйгенім кете барды соңыма еріп”, “Қал­дырған”, “Көкейкесті”, “Көк­ше­­тау” секілді туған елге ын­­тық мархабатты, шапағатты өлең­де­рін ұмытпаймыз. Олардың бәрін және айтыстары мен термелерін толық қосып, толағай зерттеу шағын мақалаға ау­ыр болар деп қана, қадау-қадау жерлеріне тоқтадым. Әйтпесе, Дәнеш Рақышев сынды әйгілі әнші айтып өткен “Аңшының әні” деген өлеңнің де сөзі ғаламат қой. Ол өлең­ді Сәбит Мұ­қа­нов ағамыз рабфакта Ор­ынборда оқып жүр­генінде жазып алып­ты, шығармаларында толығымен бар. Менің өзімнің бала кездегі блокнотымда да Молдахмет Тырбиұлынан жазып алғаным сақталыпты. Белгілі айтыс­кер, ақын, тамаша жазушы Жұмабай Есе­кеев өзінің “Айыртау арыстары” атты деректі әңгімелер жинағында “Аңшының әніне” бір әңгіме­сін түгел арнапты. Көрші ауылдың баласы екенін білдіріп мұқият зерттеп, әсем әннің қашан қалай шыққа­нына дейін әдемілеп жазыпты. Бұл әнді туған жиені ақын Тайжан Ұлытауға, оның шәкірті әйгілі Нартай ақын Сыр бойына, Жарылғапберді мен Әсет, Естайлар семейлетіп Алтайға, Қара Ертістен асырып Қытайдағы бауыр­л­ар­­ға жеткізгендері айдан анық. Жаттап алып айтып жүр­ген Дәнеш Рақышевке де, ел­дегі Қайрат Байбосынов пен Жарман Рахи­мовке, Тұрсынбай Кәкімовке айтар алғы­сымыз шексіз. Ыбекеңнің әндерінің ішінде әлемге кең тарағаны “Гәкку”. Ол әнді де Қытайда есті­генін аққу ақынымыз Марфуға Айтқожадан біліп едім. Белгілі мәмілегер Сайлау Ба­тыр­­­шаұлы “Гәккуді” жуырда Парижде ес­ті­ге­нін біз­ге үлкен құлшыныспен жеткізсе, неміс ті­лінің мұғалімі Мағрифа Сейіт­бат­талова “Ган­новерде шырқалған “Гәкку” атты мақаласын “Астана ақшамында” жариялапты. Біздің елден барған Генрих деген жігіттің отбасымен қосылып “Гәк­куді” шырқағандарын кел­ті­ріпті. Кезінде “Гәккуді” Е.Бруси­лов­скийдің “Қыз Жібек” операсында шырқап, қазақтың ұлы әнші қызы Күләш апамыз да “Гәккуге” талмас қанат бітіріп, шарта­рапқа таратып кетті емес пе?! “Гәкку” дегенде Үкілі Ыбы­райдың өз аузынан естіп үйреніп алып, бұлжытпай айтып асқақ­татқан Иса Бай­за­қов ағамызға алғыс айту­ды ешқашан ұм­ытп­ақ емеспіз. “Гәкку”, “Сырғақты”, “Қа­раторғай”, “Қалдырған”, “Қарақат көзді сым саусақ”, “Көкше”, “Аңшының әні”, “Па, шіркін!”, “Алты­басар”, “Толқын”, “Апай көк” сияқты әндері Үкілі Ыбырай бабамыздың атын мәңгілікке жеткізуіне еш күмән жоқ. Ақынның поэзиялық ерекшеліктері туған жері, өмір сүрген қоғамдағы ортасы, соған бай­ланысты әлеуметтік һәм саяси құбылыс­тарды өз жүрегінен өткізіп, өзінше тебіреніп көңіл күйін, жүрек сезімін, ақыл-ой толға­ныстарын ақ қағазға түсіре білуінде жатыр. Ерекшелік деген әркімнің өз болмысы, өз мінез-құлқының айнадағы бейнесіндей көрініс қой. Өмірде қаншама адам бар, соншама мінез-құлық бар, стиль – деп аталатын айқындауыш түрі бар. Сол стильде ақынның да ерекшеліктері әр теңіздің өз тасқынындай толқын ұрып жағалауға жетіп жатады. Үкілі Ыбырай да тап солай өзге еш ақынға да ұқсамайтын өзіндік мінез-құлқымен, өзіндік ашықтығы, айқындығы, турашыл­дығы, шапшаңдығы мен салмақ­ты­лығы бар ақындық дара құбылыс. Ыбы­рай кейбір халық ақындарынша бір сарын­да, бір ғана ырғақта, бір ғана өлшемде қалған ақын емес. Оның шығармашылық, ақындық тәсіл, әдістері сан қилы құбыл­малы келеді. Оған қоса ол қа­зақтың жазба әдебиетіне де, суырыпсалма­лығы бар ауыз әдебиетіне де қатысы молынан бар қаламгер, сегіз қырлы, бір сырлы пара­сатты дарын. Бір сөзбен айтсақ, шындықты тура сілтеуден жалтармайтын, қай заманда өмір сүрсе де өзінің өжет қалпында өрше­лене қала беретін бірбеткей ақын. Оның қай өлеңін, термесін, толғауын алсаңыз да жаңа­лық пен ақиқаттан нәр алған өткір де шешен, терең де ерен жалтарусыз мінезіне қанығасың. Дүниеге мейлінше ғашық ақын, дүниені соншалық айқын, ашық жырлап өтті. Өз қара басының қамын күйттеген жоқ, қоғамдық талас-тартыстарға қатынасып, сол елім деп жүрген жолында қатыгез заманның аяусыз ажал оғынан қаза тапты. Үкілі Ыбырай сал-серіліктің сайранында қалып қоймай, бойына Махамбеттің мінезі сіңген қайсар ақын, алғыр айтыскер, үлкен сықақшы, ержүрек азамат ақын. Оған қоса айтарым: “Көкіректе қай­на­ған шер оңдыра ма, көңілді бір орынға қон­дыра ма?” – деп өткен нағыз мұңлы ақын. Ұлы композитор, алдына жан салмай өт­кен дүлдүл әншінің ақындығы да сол ғажайып талантына сайма-сай туған тұтас дүние. Ақын үшін ескерткіштің ең үлкені – артында қалған еңбектерін толық жинас­тырып, ел қолына беру деп білемін. Міне, осы мақсатқа жету жолында Үкілі Ыбырайды зерттеп, жинастырып жүрген ақындар, әншілер, сазгерлер, жазушылар, ғалымдар бірігіп еңбек етсек, ел қуанар іс бітпек. Сол қасиетті ұмтылысқа қозғау салып, түрткі болардай ел құлағын елең­де­тер деген үмітшіл сезіммен асыл баба­мыз­дың ақындық ерекшеліктерін қысқаша сөз еттім. Айтар пікірім бұл мақа­ла­мен шектелмейді, келер күндер дарқан да­рын­ның абзал есімін аялай түсер деп сенемін. Бар айтарым: Үкілі Ыбырайды тек қана ұлы композитор, бұлбұл әнші деп қоймай, көр­кемдігі мен кемелдігі мол дүлдүл ақын деп қарауға шақырамын. Үкілі Ыбырай жалаң ақын емес, ол ел қамын жеп ақын­дық сөзбен айтысқа түскен қайраткер ақын, жан-жақты біртуар ақын, оны алдыңғы қатардағы ақын­дық санаттан қалдырмайық, қатал заманда қасірет шеккен, елі үшін құрбан болған Алаш­тың арыстарының қатарында айқын күрескер, азаматтық биіктен де көрсете білу адал парыз. Ақынның туған жылын 1858 жыл деу­ші­лер де болды, оған мен де біршама қосылып қалып едім, ол райдан қайттым. Төрт көзіміз түгел, аталарымыз, әкелеріміз аман кезінде ака­демик Ахмет Жұбанов 1860 жылға тоқ­та­ған екен. Осыны жөн көрдім. Біржан сал жай­лы да Ахаңның айтқанына ден қойған дұрыс. Ағымдағы жылда 150 жасқа толып отырған ақтангер ақынның қайда жатқаны да белгісіз. Үкілі Ыбырайдың әйгілі атын мәңгілікке жет­кізер белгілер де әлі жоқ. Бұл күнде ақынның туған ауылы Сол­түстік Қазақстан облысында болғандықтан, ашық айтарым: Ыбырай да алысқа ұзамай “үш­­тік­­тің” шешімі шыққан күні Қызыл­жарда атылды. Өзге сөздің бәрі де “ГПУ”-дің көзбояушылық тәсілдері деп білемін. Солтүстік Қазақстан даналар мен дараларға бай өлке, ұлыларды ұлағаттауға жалықпас өлкеде Үкілі Ыбы­райға да лай­ық назар ауда­ры­лар деп сенеміз. Кәкімбек САЛЫҚОВ. Астана.