23 Қараша, 2010

Елдіктің туын асқақтатқан жыл

418 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қазақтың қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын ұлан-ғайыр шексіз даласы бүгінде дүбірге толы. Өйткені, бабалар ақ білектің күші­мен, ақ найзаның ұшымен талай басқыншы жаудан қорғап қалған алып кеңістіктегі құрылған тәуелсіз елімізді дүние жүзі танып, сындарлы сара сая­сатына жан-жақты қолдау білдіруі ғанибет! Еліміздің қандайлық дәрежеде іл­ге­рі кеткенін арқа төсіндегі ғажайып қала Астана айғақтаса, желтоқсанның алғашқы күндері араға 11 жыл салып шақырылған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммиті­нің елордада өткізілетіндігі біз үшін айтулы оқиға. Әлем елі жаңа Астанаға көз тігіп, құлақ түруі тегін емес. Елдігімізді паш етіп, мәртебемізді тағы бір ала­­­­қай­лататын шара Еуропаның демо­кра­тиялық құндылықтарына қа­нықты­ра­тынын да айтқан жөн. Ежелден Шы­ғысқа, оның ішінде қазақ даласына қызыға, қызғана көз тігіп келген Батыс­ты бүгінгі Қазақстанның таңғажайып тарихы, мәйекті мәдениетімен тамсандырып, кеңінен таныстыруға мүмкіндік туғанына шүкіршілік. Осындай жоғары жетістікке же­туі­міз­дің бір сыры халқымыздың ын­тымақты ту етіп, өз тарихындағы қа­тал тағдырға қайсарлығын қарсы қойып келгендігі дер едім. Сондықтан да барша қазақстандықтар бүгінгі демо­кратиялық қоғамда қол жеткен құт-берекені, басымызға қонған баянды ба­қыт – егемендікті орнықтыруға ба­рын­ша күш салып келеді. Ал осы қастерлі жолда Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Еліміз тәуелсіздігінің өткен жылдарында Елбасы қазақ ұлтының беделін биікке көтерді, тіліміздің мәр­те­бесін жоғарылатты. Тұралаған ел экономикасы бүгінгі жаңаша сипатқа ие болып, еліміз әлем танитын, мойындайтын, құрметтейтін мемлекетке айналды. Қарап отырсақ, қоғамдық құрылым өзгерді. Жиырма жылға жуық уақыт ішінде тәуелсіздік жолына қатар түскен мемлекеттердің алдында келеміз. Халықтың әл-ауқаты жақсарды. Осының бәрі елін, жерін алға сүйреп, оны биік табыстарға же­те­леген Елбасының сындарлы сая­сатының арқасы. Жақын күндері алып мем­лекет басшылары табысымызды тағы бір рет көзбен көріп, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың саналы ойы мен биік парасатына куә болады. Ең бастысы – Исламның ұлы мұраты – тыныштық екенін насихаттаудан жалықпай келеміз. Қазірдің өзінде ЕҚЫҰ-ның Астана қаласында 1-2 желтоқсанда өтетін Саммитіне бүкіләлемдік қоғамдастық көз тігіп, жаңалық пен жақсылық күтіп, елеңдеп отыр. Олар Қазақстан елордасынан әлемдегі оң бетбұрыстарға бастау болатын жағымды ұсыныс пен соны пікір тосумен бірге, оған бүгінгі қым-қуыт кезеңнің батпандай ауыр салмағын жеңілдетеді деп те үміт артады. Әрине, оның еш артықтығы жоқ. Өйткені, саммиттің дүние жүзіндегі ең ірі саяси оқиғалардың бірі әрі бірегейі болатыны айқындалып, ол жайында өздерінің ойларын сындарлы саясаткерлер мен мемлекет басшылары айтып қалуға асығуда. Оның маңызы мен мәртебесін қазақстандықтар ғана емес, әлем жұртшылығы да түйсініп, самиттің тамыр соғысын бақылап, қалт жібермеуі заңдылық. Ал Астанада өтетін ЕҚЫҰ Сам­­­­­­­­­миті­нің еліміз үшін ерекше бо­ла­тындығын Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев би­ыл­ғы 1 қыркүйекте өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында «ЕҚЫҰ-ның жаһандық форумын Астанада өткізу Қазақстанның әлем алдындағы беделін көтеріп қана қоймайды, сонымен бірге, еліміздің дамуына да оң әсерін тигізеді. ЕҚЫҰ-ның барлық дерлік мемлекет басшы­лары қатысатын аса жоғары деңгейдегі саммиті бүкіл әлемнің назарын өзіне аударады», деп түйіндеген болатын. Мемлекет басшысының сөзінен байқағанымыздай, елордадағы мәрте­белі саммитке елдің артқан үміті өз алдына, әлем саясаткерлері мен жұрт­шылығы бейбітшілікті одан әрі нығайтатын жарқын жаңалық күтіп, елеңдегені басы ашық жәйт. Сондықтан ЕҚЫҰ-ның өз саммитін өткізу үшін кең байтақ Қазақ елін, оның елордасын таңдауы біз үшін зор мақтаныш. Және осы таңдаудың бізге түскенінен Мемлекет басшысының әлем саясаткерлері мен қайраткерлері, дүние жүзіндегі азулы мемлекет басшылары алдындағы аса зор беделін, асқан мәмілегерлігін дәлелдейтіні айтпасақ та түсінікті. Қысқасы, саммит дүниежүзілік саясатта үлкен маңызға ие болумен қатар, республикада да үлкен серпілістерге жол ашатыны анық. Біз өзгелерден үйренумен бірге, оларды да үйретуге жеттік дегім келеді. ЕҚЫҰ-ның бастапқы негізі Хельсинки Қорытынды актісінде жа­тыр. Ондағы Солтүстік Еуропаны қа­ру­ландыруды ұйымдастыру жөнін­дегі келісім-шарт жаңа дүниежүзілік соғыс­тың алдын алу мақсатын көздеген-ді. Және діттегеніне жеткенін де жақсы білеміз. Аталған келісім-шарт қабылдау үшін жеткілікті болып табылатын сандағы әскердің шоғырлануына нақты кедергі қоятын шектеулерді белгіледі. Бұл өз кезегінде әлі күнге жүректерді қобалжытып, айналаға алаңдай назар салуға мәжбүр етіп келе жатқан үшінші дүниежүзілік соғыс қаупінің көрініс беруін жоққа шығарды десек, артық айтқандық емес. Өйткені, бұған дейін болған екі бірдей дүниежүзілік соғыс та Еуропадағы елдердің өзара түсінбестігі мен қақтығыстарынан бастау алып, со­нан соң құрғақтағы миллиондаған шаршы шақырымдар мен теңіздердегі мыңдаған мильдерді қамтыған алапат қырғынға ұласқаны тарихтан бел­­гілі. Мұны айтып отырғанда біз барлығымыз үшін бірінші кезектегі басты мәселе болып саналатын бей­біт­қатар өмір сүруді қамтамасыз етудегі ЕҚЫҰ-ның беделі мен мәртебесін көрсетуді ойға аламыз. Осы орайда әлем тарихына көз жіберсек, ол соғыс тарихы мен қарулану шежіресін алға тартады. Алтын көпір тарих шежіресінде мыңдаған жылдар бойы адамдар бірін-бірі қырып-жоюдың жаңа жолдарын табу үшін жанталасқан. Осы мақсатта мемлекеттер жойқын қару-жарақты ойлап тауып, көбейтуге ұм­тылған кездер болды. Міне, осы бағыттан бас тартып, ядролық қа­русыз-ақ бейбітқатар өмір сүруге болатынын дәлелдеген Нұрсұлтан Назарбаев басшылық ететін Қазақстан мемлекеті екенін осы жиын алдында тағы бір еске түсірсек, артық болмас деп ойлаймын. Міне, осы мақсатта үстіміздегі жылы әлемде соңғы жылдары өзі­нің кәсіби шеберлігін басқаларға мой­ындатқан қазақстандық дипломатияға деген сұраныс пен қажеттілік барынша арта түсті. Дүниежүзілік деңгейде беделді деген саясаткерлер мен мемлекет және қоғам қайраткерлері Қа­зақ­стан дипломаттарының қарама-қай­шылықтарды, қақтығыстарды рет­­теу­де және аса маңызды саяси мін­деттерді шешуге қатысты салмақты да салиқалы әрі құнды ұсыныстарымен да­раланып, көзге түскенін мойындады. Әлемдік қоғамдастық Қазақстанның дүние жүзі бойынша беделді ұйым­дарының бірі болып саналатын Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағалығының тізгінін қолына алғанын, 2011 жылы Ислам Кон­ференциясы Ұйымына төр­ағалық ететінін де атап көрсеткен жөн. Сон­дай-ақ, алдағы жылы Қа­зақ­станда Түр­кітілдес мемлекеттер басшыларының саммиті өтетіні еліміздің халықаралық аренадағы мәртебелі орнын тағы да айғақтап беріп отыр. Осыдан-ақ тәуел­сіздік алған 20 жылға жуық уақытта әлі жас республикамыздың әлемдік саяси құрылымда өзіндік беделі мен орны бар сындарлы сәулетшілердің бірі болып қалыптасқан және өткенімізге шүкіршілік жасап, алдағы жылдардан жақсылықтар мен жаңа белестер күтуге бек болатынын көреміз. Мәртебелі форумды жоғары дең­гейде өткізу – бәрімізге сын. Бұл жайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз жан-жақты әрі дұ­рыстап дайындалып, Саммитті жоғары деңгейде өткізуге тиіспіз», – деп атап көрсетіп, жоғары талап қойды. Қа­зір­­дің өзінде аса жауапты әрі кең көлемдегі әзірлік жұмыстары қарқын алғанына көз жеткізілуде. Қазақстан Президенті Хаттамасының бастығы болып қызмет істеген, бүгінде Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбектің басшылығымен құрылған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік хаттамасы» оқулығы жарық көріп, алқалы ха­лықаралық жиынның мән-маңызы ай­қындала түскенін айтуға болар. Саммит өтеді, ал оны ұйымдастыру және өткізу мақсатында жинақталған іс-тәжірибе мен дағды, ұтымды ат­қа­рылған жұмыстар жиынтығы қалады. Ол Қазақстанның одан әрі дамуы үшін пайдаланылатынын ойласақ, ел өміріндегі оң өзгерістермен ерекше­ленетіні түсінікті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жо­­ға­ры дәрежелі кездесудің біздің Ұйымды қазіргі өмір шындығына бейім­деуге жағдай жасайтынына сенімім мол. Ол әлем жұртшылығына ЕҚЫҰ-ның «Хельсинкиден Астанаға дейінгі» табысты эволюциясын паш ететін болады. Астанада халықаралық өмірдегі ең басты саяси оқиғалардың бірін өткізу біздің еліміздің әлем алдындағы беделін көтеріп қана қоймайды. Астана Саммиті Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және демократиялық дамуына серпін беріп, қазақстандықтардың бірлігі мен патриотизмін бұрынғыдан бетер нығайта түседі», дегенін әр қазақ­стандық жүрек лүпілімен түсінуде. Келесі жылы тәуелсіз мемлекет тізгінін ұстағанына 20 жыл толуын атап өткелі отырған елімізде мақ­тануға тұрарлық оң істер баршылық. Ең әуелі, Қазақстан – ЕҚЫҰ-ға төр­аға болған, сосын оның Саммитін өз жерінде өткізуді қолға алған Ор­та­­лық Азиядағы, кешегі Кеңес Ода­­ғы кеңістігіндегі бірден-бір мем­ле­кет. Оның үстіне, еуропалық са­рап­­шылардың Қазақстанды мұ­сылман мемлекеттері қатарына жатқызатынын ескерсек, бұл төрағалықтың маңызы одан әрі арта түсетіні анық. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төраға­­­сы, Қазақстан Республикасының Мем­­­­­лекеттік хатшысы – Сыртқы іс­тер ми­нистрі Қанат Саудабаевтың мә­лімдеуінше, алдағы саммитке әлем­нің 55 мемлекеті мен 60-қа жуық халықаралық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ 500-дей үкіметтік емес ұйым өкілдері келеді. Оның үстіне, 1500-дей шетелдік журналист осы шарадан ақпарат тарату үшін Астанаға табан тірейді. Жалпы, үлкен жиынға қатысатын ресми қонақтардың саны 5000-нан асуы әбден ықтимал. Саммит барысында халықаралық қоғам­дастықтың назары біздің Отанымыз – Қазақстанға, оның жүрегі Астанаға ауады. Жоғарыда айтылғандардың барлы­ғын ой елегінен өткізсек, 11 жылдан бері шақырылмай, биыл өткізілетін ЕҚЫҰ Саммиті қазақ халқы үшін емес, оған мүше барлық мемлекеттер үшін де айтулы оқиға болып табылады. Сонымен бірге, желтоқсанда өтетін саммит барлық қазақстандықтардың отансүйгіштік, елжандылық қасиет­те­рінің нығаюына септесетін бола­ды. Қазақ елінің аспанында Көк бай­рағымыз желбіреп, Әнұраны шыр­қалатын кез жақындаған сайын қазақстандықтардың жауапкершілігі артып, елжандылық қасиеттері қанаттана түсуде. Еліңнің мерейін жүрек дүрсілімен сезінгеннен артық бақыт жоқ шығар, сірә. Cерікбай  НҰРҒИСАЕВ, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Алматы облысындағы аумақтық басқармасының бастығы,тәртіптік кеңес төрағасы. Алматы облысы.