Мемлекет басшысының салиқалы саясатымен Қазақстанның шет мемлекеттермен байланысы нығая түсуде. Соның бірі ағымдағы жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бак екі ел арасындағы ынтымақтастық жайлы келісімді жаңғыртып, тараптар 2010 жылды Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы жылы ретінде жариялаған еді. Мұның өзі қос мемлекеттің бұған дейінгі байланысын жақсартуға жол ашты. Бұған дейін Алматы облысына Кенги провинциясының губернаторы Ким Мун Су бастаған делегация арнайы келіп, ынтымақтастық байланыстың тағы бір бағытын белгілеген еді. Оңтүстік Кореядағы Қазақстан жылының шеңберінде Кенги провинциясының орталығы Сувон қаласында Алматы облысының мәдени күндері жалғасып, облыс әкімі Серік Үмбетов бастаған делегацияны губернатор Ким Мун Су қабылдады. Жақында осы сапардан оралғандар журналистерге өз ойларымен бөлісті.
Екі жақты кездесуде облыс басшысы Жетісу жерін 16 мыңнан астам корей диаспорасы мекендейтінін, үш этномәдени бірлестікте өздерінің салт-дәстүрін, тілі мен дінін сақтауға барлық жағдай жасалғанын жеткізген. Өңір халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға көңіл бөлінгендіктен, 116 елмен сауда-экономикалық байланыс жасалатынын көлденең тартқан.
Жетісулықтар сапары барысында халқымыздың мәдениеті мен өнерін, дәстүр-салтын өрнектеп, Сүйінбай атындағы филармония, “Алтынай”, “Құлансаз”, Талдықорғандағы “Ачимноуль” корей ансамбльдерінің өнерпаздарының әсем әні мен күйіне, мың бұралған биіне қол соғып, қошемет көрсетіпті. Корей халқының қолөнершілері темірден түйін түйген Дәркембай Шоқпарұлы мен Құрманғазы Қадыров, Ерлан Әбжановтың, қылқалам шеберлері Гүлфайруз Исмаилова, Құрманғазы Ақашевтың туындылары, ұлттық нақыштағы бұйымдары көрсетілсе, олар оны тамашалап, ерекше ықылас танытқанын да айтқан жөн.
Жетісулықтар Сеул қаласының көрікті жерлерімен, тарихи-мәдени орындарымен танысып, осындағы орманда орналасқан Қазақстан аллеясында да болыпты. Онда 2008 жылы Елбасының атынан белгітас орнатылған екен. Делегация мүшелеріне Кенги провинциясының губернаторы Ким Мун Су екі аймақтың мәдени-экономикалық байланысына қатысты мүдделілік танытқанын да ерекше ықыласпен жеткізген.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.