Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1-2 желтоқсанда Астанада өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) саммитіне дайындыққа арналған жиында “ЕҚЫҰ министрлер кеңесінің ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейлі форумын, 1999 жылы Ыстамбұлда өткен саммиттен соң, он бір жыл үзілістен кейін біздің астанамызда өткізу туралы шешімі – Қазақстанның тарихи жетістігі” деді.
Осы бір маңызды оқиға аясындағы мемлекеттің жетістігін немен байланыстырамыз? Әрине, бұл ең алдымен – Елбасының еңбегі. Ол өзінің кемел тәжірибесі мен мызғымас абырой-беделінің арқасында Қазақстанды әлемдік саясаттың жоғары легіне алып шықты, Астананы жаһандық проблемаларды талқылау мен шешудің орталығына айналдыра білді. Және осы еңбектің, жетістіктің өзі заңды нәрсе. Өйткені, Тәуелсіздіктің бастауында қазақтың сан ғасырлық арманы мен ата-баба аманатын арқалаған және сол ұлы жауапкершілік жолында басын бәйгеге тіккен адам – Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Ол өткен ғасырдың 90-жылдары қатерлі “геосаяси сақинаның” ортасында қалған жас мемлекетті өтпелі, аумалы-төкпелі кезеңнен аман-есен алып шықты. Сол дүрбелең дәуірдің бар артықшылығын да, ауыртпалығын да халықтың, мемлекеттің пайдасына жарата білді.
Аз ғана тарихи уақыттың ішінде аяғынан тік тұрып, тәуелсіз, бақуатты мемлекет құрып қана қоймай, әлемдік қауымдастықтың ортасынан лайықты орын алған Қазақстан сияқты ел сирек. Кешегі кеңестік көршілеріміздің көбісіне мұндай бақ бұйырған жоқ. Ал осының бәрі бәзбір сыңарезу саясаткерсымақтардың айтқанындай табиғи ресурстардың ғана арқасы ма? Мүлде олай емес! Ұлықты халық тыңдамаған, халықты ұлық сыйламаған, алтыбақан, алауыз елді байлығы да, басқасы да ешқашан ұшпаққа шығармаған. Елбасы айтқандай: “Қазақстанның бүгіні мен болашағы – халқымыздың ынтымақ-бірлігінде, ырыс-құтты тірлігінде”. Соның арқасында Қазақстан әуел бастан мемлекеттің базалық негізі болып табылатын экономикалық даму мен әлеуметтік жаңару, жаңғырудың даңғыл жолына түсті.
Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым интеграциялық бастамалардың жақтасы, ұйымдастырушысы болып келеді. Соның арқасында Қазақстан дүниежүзілік аренада өзін мойындатып қана қойған жоқ, әлемдегі, Еуразиялық кеңістіктегі белсенді, беделді ойыншыға айналды. Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырмыз. Шанхай ынтымақтастық Ұйымын, Азиядағы Өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі ұйымды құруға мұрындық болдық. Келесі жылы Ислам конференциясы ұйымының төрағалық тізгінін ұстаймыз.
Елбасының бастамасымен дүниеге келген Еуразиялық экономикалық қауымдастық посткеңестік кеңістіктегі, ТМД елдері арасындағы ең тиімді де әлеуетті институтқа айналып отыр. Қазақстан мен Ресей, Беларусь арасындағы Кедендік одақ интеграциялық мәселелерді шешудің айқын да нақты мысалы. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының ішкі, сыртқы саясаттағы кемел бастамалары еліміздің қарыштап дамуы мен өркендеуінің кепілі болып отыр. Бұл күнде біздің Орта Азиядағы ең ықпалды ел екенімізді ешкім де жоққа шығара алмайды. Осының бәрі кезінде Қазақстаннан “африканат” жасағысы келгендердің аузына құм құйғаны анық.
Қазақстан Президентінің интеграциялық идеялары еуразияшылдық теориясынан тамыр тартып жатыр. Алайда осы теорияны жасаушылардан, соның ішінде Н.Трубецкой, П.Савицкий, Л.Гумилевтен ерекшелігі – Н.Назарбаевтың еуразияшылдығы – бұл империялық жоба емес. Біздің Президентіміздің айтуынша, Еуразиялық кеңістік империялық болмыста (тарихтағыдай: ғұндық, монғолдық, ресейлік, кеңестік) қалыптаспауы тиіс. Еуразиялық кеңістік өзіндік, ұлттық төл ерекшеліктері мен рәміздері сақталған, тең құқылы мемлекеттердің Одағы болуы тиіс. Оның классикалық мысалы – Еуропалық Одақ.
Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаттағы ұшан-теңіз қызметін саралар болсаңыз, осының бәрі өз қисынын тауып жатқанын байқайсыз. Қазіргі уақытта еуразиялық интеграцияның экономикалық тұғыры жасалып жатыр. Еуразия кіндігіндегі мемлекеттердің – Қазақстан мен Ресейдің, Беларусь пен Украинаның қаржы-экономикалық байланыстары нығаюда. Мұны Біртұтас экономикалық кеңістікке апарар жолдағы алғашқы қадамдар десе де болады.
Еуразиялық кеңістік ежелден осындай қағидалармен өмір сүріп келген ғой. Гумилев пен оның ізбасарлары еуразияшылдықты ойлап тапқан жоқ, оның бар екенін тарихтың есіне салды. Әлбетте, біздің арамызда Еуразияшылдықтың империялық кезеңін көксейтіндердің де бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ Еуразия кеңістігіндегі нағыз қасіретті, қанды жылдар да сол империялық кезеңдермен байланысты екенін естен шығармауға тиіспіз. Еуразияшылдықтың табиғи болмыс-бітімі тату-тәтті көршілік пен нарықтағы ашық, тең дәрежелі қарым-қатынастар болуы тиіс.
Еуразиялық одақ заң жүзінде болмағанымен, іс жүзінде өмір сүріп жатыр десе де болады. Ол – интеграциялық мүдде, қаржы-экономикалық байланыстар, ортақ шекара, ары-бері ағылған адамдар және т.т. Және бұл жерде жалаңаш саясаттан гөрі мүдде басым жатқанын ұмытпаған жөн. Сепаратизм мен халықаралық терроризм, түрлі соғыстар мен экологиялық апаттар т.б. дүниені дүр сілкінтіп тұр. Алдағы онжылдықтарда Орталық Азия да үлкен ойындардың алаңына айналуы мүмкін. Ондай алмағайып заман туа қалса, бізге де жонарқасын беретін емес, қолын ұсынатын одақтастар қажет. Сол уақытта біз үшін ортақ менталитеті, терең тарихи, мәдени байланысы қалыптасқан көршілердің қажет болатыны да айдан анық.
Қазақстан осы бастамаларының аясында Еуропамен де қатынасын әбден нығайтты. Қазақстанның сыртқы саясатта әрдайым тең құқылы, орнықты, ашық әрі бейбіт саясат ұстанып отырғанына Еуропаның да, АҚШ пен Қытайдың да, өзге мемлекеттердің де көздері жетті. Біздің өзара сенім мен ынтымақтастығымыз экономикалық қана емес, саяси тұрғыда да жаңа белеске көтерілді. Н.Назарбаевтың халықаралық сарабдал саясаты туралы айтқанда, біз осы жайттарды бірінші қатарға қоюымыз керек.
ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымның тізгінін Қазақстанға ұстату арқылы әлемдік қауымдастық Қазақстанның, Қазақстан Президентінің әлем алдындағы беделі мен белсенділігін танып, қуаттап отыр. Тиісінше, Қазақстан төрағалық еткен бір жылдың ішінде ЕҚЫҰ-ның беделі мен белсенділігі де мейлінше артты. Астана Саммиті Қазақстанның тарихи төрағалығының жарқын көрінісі, жемісті нәтижесі болмақ.
Жаңа тарихтың, шынайы, жалпы еуразиялық кеңістіктегі татулық тарихының іргетасы Астанада қаланатын болады. Бұл – Еуразия кеңістігіндегі жаңа геосаяси одақтың – Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық Одағының іргетасы боларына күмән жоқ.
Дархан КӘЛЕТАЕВ, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры, “Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесінің мүшесі.