24 Қараша, 2010

Саммит – Елбасы саясатының салтанаты

510 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев 1-2 желтоқ­санда Астанада өтетін Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының (ЕҚЫҰ) саммитіне дайындыққа арнал­ған жиында “ЕҚЫҰ министр­лер кеңесінің ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейлі форумын, 1999 жылы Ыстамбұлда өткен саммиттен соң, он бір жыл үзілістен кейін біздің астанамызда өткізу туралы шешімі – Қазақстанның тарихи жетістігі” деді. Осы бір маңызды оқиға аясындағы мемлекеттің же­тіс­тігін немен байланыс­ты­ра­мыз? Әрине, бұл ең алдымен – Елбасының еңбегі. Ол өзінің кемел тәжірибесі мен мызғымас абырой-беделінің арқасында Қазақстанды әлем­дік саясаттың жоғары ле­гіне алып шықты, Аста­на­ны жаһандық проблемаларды талқылау мен шешудің орта­лығына айналдыра білді. Және осы еңбектің, жетіс­тік­тің өзі заңды нәрсе. Өйткені, Тәуелсіздіктің бастауында қазақтың сан ғасырлық арманы мен ата-баба аманатын арқалаған және сол ұлы жауапкершілік жолында басын бәйгеге тіккен адам – Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Ол өткен ға­сыр­дың 90-жылдары қатерлі “геосаяси са­қи­наның” ортасында қалған жас мем­лекетті өтпелі, аумалы-төкпелі кезеңнен аман-есен алып шықты. Сол дүрбелең дәуірдің бар артықшылығын да, ауырт­палығын да халықтың, мемлекеттің пайдасына жарата білді. Аз ғана тарихи уақыттың ішінде ая­ғы­нан тік тұрып, тәуелсіз, бақуатты мем­ле­кет құрып қана қоймай, әлемдік қауым­дастықтың ортасынан лайықты орын алған Қазақстан сияқты ел сирек. Кешегі кеңестік көршілеріміздің көбісіне мұндай бақ бұйырған жоқ. Ал осының бәрі бәзбір сыңарезу саясаткерсымақтардың айтқа­нын­дай табиғи ресурстардың ғана арқасы ма? Мүлде олай емес! Ұлықты халық тың­дамаған, халықты ұлық сыйламаған, алты­бақан, алауыз елді байлығы да, басқасы да ешқашан ұшпаққа шығармаған. Елбасы айтқандай: “Қазақстанның бүгіні мен болашағы – халқымыздың ынтымақ-бірлігінде, ырыс-құтты тірлігінде”. Соның арқасында Қазақстан әуел бастан мем­лекеттің базалық негізі болып табылатын экономикалық даму мен әлеуметтік жа­ңару, жаңғырудың даңғыл жолына түсті. Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым интеграциялық бастамалардың жақтасы, ұйымдастырушысы болып келеді. Соның арқасында Қазақстан дүниежүзілік аре­нада өзін мойындатып қана қойған жоқ, әлемдегі, Еуразиялық кеңістіктегі бел­сен­ді, беделді ойыншыға айналды. Еуро­падағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырмыз. Шан­хай ынтымақтастық Ұйымын, Азиядағы Өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі ұйымды құруға мұрындық бол­дық. Келесі жылы Ислам конференциясы ұйымының төрағалық тізгінін ұстаймыз. Елбасының бастамасымен дүниеге келген Еуразиялық экономикалық қауымдастық посткеңестік кеңістіктегі, ТМД елдері арасындағы ең тиімді де әлеует­ті институтқа айналып отыр. Қазақ­стан мен Ресей, Беларусь арасындағы Кедендік одақ интеграциялық мәселелерді шешудің айқын да нақты мысалы. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының ішкі, сыртқы саясаттағы кемел бастама­лары еліміздің қарыштап дамуы мен өркендеуінің кепілі болып отыр. Бұл күнде біздің Орта Азиядағы ең ықпалды ел екенімізді ешкім де жоққа шығара алмайды. Осының бәрі кезінде Қазақ­станнан “африканат” жасағысы келген­дердің аузына құм құйғаны анық. Қазақстан Президентінің интеграция­лық идеялары еуразияшылдық теориясы­нан тамыр тартып жатыр. Алайда осы теорияны жасаушылардан, соның ішінде Н.Трубецкой, П.Савицкий, Л.Гумилевтен ерекшелігі – Н.Назарбаевтың еуразия­шыл­дығы – бұл империялық жоба емес. Біздің Президентіміздің айтуынша, Еур­азиялық кеңістік империялық болмыста (тарихтағыдай: ғұндық, монғолдық, ре­сейлік, кеңестік) қалыптаспауы тиіс. Еуразиялық кеңістік өзіндік, ұлттық төл ерекшеліктері мен рәміздері сақталған, тең құқылы мемле­кет­тердің Одағы бо­луы тиіс. Оның клас­сикалық мы­салы – Еуропалық Одақ. Нұрсұлтан На­зарбаевтың сыртқы саясаттағы ұшан-теңіз қызметін са­ра­лар болсаңыз, осы­ның бәрі өз қисы­нын тауып жатқа­нын байқайсыз. Қа­зіргі уақытта еур­азия­лық интегра­ция­ның экономи­калық тұғыры жаса­лып жатыр. Еуразия кіндігіндегі мемлекеттердің – Қазақстан мен Ресейдің, Беларусь пен Украинаның қаржы-экономикалық байланыстары нығаюда. Мұны Біртұтас экономикалық кеңістікке апарар жолдағы алғашқы қадамдар десе де болады. Еуразиялық кеңістік ежелден осындай қағидалармен өмір сүріп келген ғой. Гумилев пен оның ізбасарлары еуразия­шылдықты ойлап тапқан жоқ, оның бар екенін тарихтың есіне салды. Әлбетте, біздің арамызда Еуразияшылдықтың империялық кезеңін көксейтіндердің де бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ Еуразия кеңістігіндегі нағыз қа­сіретті, қанды жылдар да сол империялық кезеңдермен байланысты екенін естен шығармауға тиіспіз. Еуразияшылдықтың табиғи болмыс-бітімі тату-тәтті көршілік пен нарықтағы ашық, тең дәрежелі қарым-қатынастар болуы тиіс. Еуразиялық одақ заң жүзінде бол­мағанымен, іс жүзінде өмір сүріп жатыр десе де болады. Ол – интеграциялық мүд­де, қаржы-экономикалық байланыс­тар, ортақ шекара, ары-бері ағылған адамдар және т.т. Және бұл жерде жа­лаңаш саясаттан гөрі мүдде басым жат­қанын ұмытпаған жөн. Сепаратизм мен халықаралық терроризм, түрлі соғыстар мен экологиялық апаттар т.б. дүниені дүр сілкінтіп тұр. Алдағы онжылдықтарда Орталық Азия да үлкен ойындардың алаңына айналуы мүмкін. Ондай алма­ғайып заман туа қалса, бізге де жонар­қасын беретін емес, қолын ұсынатын одақтастар қажет. Сол уақытта біз үшін ортақ менталитеті, терең тарихи, мәдени байланысы қалыптасқан көршілердің қажет болатыны да айдан анық. Қазақстан осы бастамаларының аясында Еуропамен де қатынасын әбден нығайтты. Қазақстанның сыртқы саясатта әрдайым тең құқылы, орнықты, ашық әрі бейбіт саясат ұстанып отырғанына Еуро­паның да, АҚШ пен Қытайдың да, өзге мемлекеттердің де көздері жетті. Біздің өзара сенім мен ынтымақтастығымыз экономикалық қана емес, саяси тұрғыда да жаңа белеске көтерілді. Н.Назарбаев­тың халықаралық сарабдал саясаты туралы айтқанда, біз осы жайттарды бірінші қатарға қоюымыз керек. ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымның тізгінін Қазақстанға ұстату арқылы әлемдік қауымдастық Қазақстанның, Қазақстан Президентінің әлем алдындағы беделі мен белсенділігін танып, қуаттап отыр. Тиісінше, Қазақстан төрағалық еткен бір жылдың ішінде ЕҚЫҰ-ның беделі мен белсенділігі де мейлінше артты. Астана Саммиті Қазақстанның тарихи төрағалығының жарқын көрінісі, жемісті нәтижесі болмақ. Жаңа тарихтың, шынайы, жалпы еуразиялық кеңістіктегі татулық тарихының іргетасы Астанада қаланатын болады. Бұл – Еуразия кеңістігіндегі жаңа геосаяси одақтың – Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық Одағының іргетасы боларына күмән жоқ. Дархан КӘЛЕТАЕВ, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат  қорының басқарушы директоры,  “Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесінің мүшесі.