Кеше “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қоғамдық қабылдау бөлімдерінің жұмысы бойынша өңірлермен бейнеконференция өткізді. Азаматтардың өтініштері жылдам және сапалы шешілуі керектігі бейнеконференцияның өзекті тақырыбына айналды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партия алдына азаматтармен ашық және белсенді жұмыс жүргізуді қатаң тапсырса, ол ең алдымен қоғамдық қабылдау бөлімдерінде көрініс табуы тиіс. Нұрлан Зайроллаұлы өз сөзінде азаматтардың басында туындаған барлық мәселе жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста шешімін табуы қажеттігіне ерекше назар аударды. Өйткені, қоғамдық қабылдаулар азаматтар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы байланыстырушы қоғамдық институтқа айналып отыр. Қазіргі таңда партияның жер-жерде 258 қоғамдық қабылдауының жұмыс істеуі өңірлердегі жағдайды саралауға мол мүмкіндік туғызуда. Қоғамдық қабылдауларға өз басындағы жағдайды айтып келушілер қатары жылдан жылға арта түсуде. Мәселен, биылғы жылдың басынан бері 72 мың адам өз өтініш-шағымдарымен партия қабылдауларында болыпты. Егер тарқатып айтар болсақ, оның 4 мыңнан астамы тұрғын үй-коммуналдық қызмет мәселелері бойынша келген. Одан кейінгі мәселелер әлеуметтік-экономикалық санатқа жатады: жұмысшылар жалақысын төлемеу, екі қолға бір жұмыспен қамтамасыз ету және балаларын балабақшаларға орналастырып беруге ықпал ету және тағысын тағылар.
Партия Төрағасының бірінші орынбасарының мәліметінен белгілі болғандай, келіп түскен шағымдардың 81 пайызы мемлекеттік органдар тарапынан қаралып, соның 52 пайызы өз шешімін тапқан. Қоғамдық қабылдау бөлімдерінің жалпы жұмысы туралы айтар болсақ, онда азаматтардың шағым-өтініштерін шешу жөнінен Ақтөбе облысы 94 пайызбен алда келеді. Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш 72 пайызға, Қарағанды облысында – 57, Алматы облысында – 81, Оңтүстік Қазақстан облысында 76 пайызға жеткен. Міне, осы жоғарыда аталған өңірлер азаматтар мәселелерінің оң шешілуін барынша жолға қойғандар қатарынан саналады. Мұндай қоғамдық қабылдауларда Мәжіліс депутаттары 72 қабылдау өткізсе, мәслихат депутаттарының жүргізген қабылдаулары 589-ға жетіпті.
Осы ретте Н.Нығматулин қоғамдық қабылдауларға келушілермен жұмыс нақты және жедел шешім қабылданатындай етіп жүзеге асқаны жөн екенін ерекше айтып өтті. Әсіресе, қоғамдық қабылдауларды істі нақты шеше алатын немесе нақты шешім қабылдай алатын басшылардың жүргізуі ұтымды. Азаматтардың әрбір шағым, өтініштері назардан тыс қалмай, барлығына жауап берілуі қажет. Сондай-ақ мәселе шешімін таппайтын болса, онда оған не қаржының жоқтығы немесе біраз уақыттың қажеттігі ашып айтылғаны жөн.
“Нұр Отан” ХДП Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов партияның жауапкершілігін арттыру бағытында жаңа ізденістердің жалғасын тауып жатқанына назар аударта келіп, Ресейде билік партиясының шешімдері 40 пайызға орындалып жатқанын мысал ретінде келтірді. Бұл жөнінен “Нұр Отан” партиясы алда келеді. Тағы бір белгілі болғаны, партияның Орталық аппаратында тұрғын үй-коммуналдық қызмет мәселелері бойынша қабылдаулар жүргізіліп келе жатса, консультациялар тегін беріледі екен. Мұндай қызмет түрі партия мен Адвокаттар одағы арасындағы меморандум негізінде азаматтарға тегін кеңес беру мақсатында да ұйымдастырылыпты. Қоғамдық қабылдаулар темір жолдар мен автожолдар бойында да өз шешімін тапқан. Ендігі мәселе – барлық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, азаматтардың өтініштерін барынша сапалы әрі дер кезінде шешу.
Бейнеконференция жұмысы бір сағатқа созылды. “Нұр Отан” ХДП өңірлік филиалдары қоғамдық қабылдаулары тарапынан жұмыс барысы туралы телеарналарда ай сайын есеп беру, апта сайын мониторинг нәтижесін жариялау, азаматтар өтініштерін бір орталықта тіркеу сияқты көптеген ұсыныстар айтылды. Енді бұл ұсыныстар Орталық аппаратта жан-жақты пысықталып, тиісті шешім қабылданады деп күтілуде.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.