25 Қараша, 2010

Жаңа тарихымыздың жаңа кезеңі

459 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы Саммитінің өтуі­не бір апта ғана уақыт қалды. Еуро­атлантика және Еуразия ау­ма­ғын­дағы жалпыға ортақ, ұжымдық қауіпсіздікке арналған маңызды мә­селелерді талқылау үшін Қа­зақ­стан Астанасына ЕҚЫҰ-ға мүше 55 мемлекет пен 12 серіктес елдің бас­шы­лары мен үкімет жетекшілері, 69 халық­аралық ұйымдардың төраға­ла­ры, 500-ге тарта үкіметтік емес ұйым өкілдері мен 1000-нан аса жур­налист келеді. Осы бір үлкен оқиғаның қар­са­ңында, бұл саммит біздің елімізге не үшін керек және не береді деген сұ­рақтардың шеңберінде ой жү­гір­тіп, олар туралы оқырман қауым­мен осы газет арқылы пікір бөліс­кім келді. Осыншама мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың бас­шы­лары­ның көпшілігі біздің елімізге бірін­ші рет атбасын бұрмақшы. Сон­дықтан, олар бұл күндері біздің елі­міз бен елордамыз туралы мәлі­мет жинап, саммитте жасайтын баян­дамаларын, айтатын ойлары мен ұсыныстарын пысықтау үстін­де екендігіне нық сенімдімін. Сон­да, олар қазақтардың адамзат тари­хын­да, мәдениетінде өзіндік орны бар ежелгі сақ тайпаларының ұрпақ­тары екенін, жерінің аумағы жа­ғынан әлемде 9-шы орын ала­тынын, жер қойнауы өте бай, ары үшін жанын садаға ететін қасиетті халық екенін түсініп, Қазақстанға де­ген оң көзқарасын одан әрі ны­ғай­татыны сөзсіз. Тәуелсіздік алғанына небәрі 19 жыл болған, соның ішінде аста­на­сын тың жерден көтеріп үлгерген, өз еркімен қолында тұрған ядролық қа­рудан бас тартқан, экономикасы мығым, сан түрлі ұлт­тың ба­ла­сы­­ның ба­сын қосып, татулық пен тұ­рақ­ты­лықты ішкі саясатының негіз­гі ұс­та­нымы ет­кен, Н.Ә.На­зар­баев­тай Ұлт Көш­бас­шысы бар Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына қол жет­кізіп, оның барысында ауқым­ды іс-шараларды іске асырып, енді өз елордасында осы Ұйымның Сам­митін өткізгелі отыр. 11 жылдық үзілістен кейін осы беделді халықаралық ұйым Сам­ми­тінің Астанада өтуі, оған мүше ел­дер­дің біздің елордамыз бен Елба­сы­мызға деген үлкен сенімі, оның жүр­гізіп жатқан сыртқы саясатына беріл­ген үлкен бағасы, еліміздің жаңа тарихындағы жаңа кезеңнің бас­талуы деп білемін. Сонымен қа­тар, саммитте қаралатын мәселелер мен оның күн тәртібі, Ұйым жұ­мы­сының қазіргі уақытта тек еуро­па­лық қана емес, еуразиялық сипат ал­ғаны біздің Елбасымыздың еу­ра­зия­лық идеясының іске асып жат­қанының нақты дәлелі деп білеміз. Ал Астанада қабылданатын ЕҚЫҰ-ның шешімі тек осы Ұйым­ға мүше елдердің ғана емес, бүкіл дүние жүзі мемлекеттерінің қауіп­сіз­дігі мен ынтымақтастығын одан әрі нығайтуды қамтамасыз етуге ықпалы тиетінін қазірдің өзінде болжауға болады. Астаналықтар үшін ендігі басты мәселе – саммитті жоғарғы дең­гейде өткізу. Ол үшін халықаралық талаптарға сай қауіпсіздік шара­лары мен жан-жақты дайындық ке­рек. Дайындық биылғы 3 тамызда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін Астанада өткізу туралы шешім қабылданған соң ғана басталды. Содан бері бұл теңдесі жоқ, аса ірі халықаралық шараны өткізу үшін барлық керекті іс-әрекеттер жүзеге асырылып жатыр. Бұл кезекте аса бір мақтан­ар­лық жағдай, ол қазақ жерінің кін­дігінде орналасқан біздің елорда­мыз­дың XXІ ғасырдың үлгілі архи­тектура­сымен тұрғызылған, 10-жылдығын биыл ғана атап өткен жаңа қала екендігінде. Дайындық шеңберінде, салынғанына бірнеше жыл өткеніне қарамастан, Астана халық­аралық әуежайы қайта жа­ңар­тудан өткізілді, ұшақтар ұшып-қонатын жолдар ұзартылып, барлық үлгідегі ұшақ­тар­ды қабыл­дауға және оларға халық­аралық стандарттарға сай қызмет көрсетуге мүмкіндіктер жасалды. Астанаға келген шетелдік қо­нақ­тар, халықаралық жоғары тал­ғамға сай, еуропалық үрдіс бойын­ша салынған, 30-ға жуық жаңа қонақ үйлерде орналасады. Ал сам­мит халықаралық дәрежедегі фо­рум­дарға лайықтап салынған Тәуел­сіздік сарайында өтеді. Оның мәжіліс залы қазіргі заманның талабына сай құрал-жабдықтармен жаб­дықталған, оған 6 мыңға жуық шетелдік қонақтар мен саммитке қатысатын отандастарымыз толы­ғы­мен сыяды. Қонақтар үшін біздің еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін, қонақ­жай­лығын, сый-құрметі мен шы­найы ықыласын көрсетуге, олар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге керекті барлық жағдайлар жа­сал­ған. Бұлардың бәрін тізбектеп оты­рып айтайын дегенім, мұндай жетіс­тіктер мен дәрежеге біздің ел­ор­дамыздың кейінгі он-ақ жылда жет­кенінде. Ал он жыл бұрын бұл қала тың игерушілерге арналып са­лынған бір ғана сарайы, кішігірім екі қонақ үйі, екі мейрамханасы мен бір көпірі бар, желдің өтінде орналасқан провинциалды облыс орталығы болатын. Оның әуе­жа­йына аптасына бірнеше ғана ұшақ қонатын. Егер, тыңнан қөтерілген жаңа қаланың куәсі өзім болмасам, мұн­дай ғажайып қаланы осындай қыс­қа мерзімде тұрғызуға болады де­ген­ге шетелдік қонақтар түгілі өз ба­сым да сенбес едім. Айтуға ғана оңай болғанымен, адамзаттың ше­жіресінде мұндай қарымды қимыл сирек кездесетін құбылыс екенін мойындауымыз керек. Осының бәрі әрбір қазақтың өзінің Ота­нына, Елбасына, елордасына деген мақтанышы мен құрметін арт­ты­ратыны сөзсіз. Бұрынғы-соңғы тарихымызда мұншама елдің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетек­ші­лері, атышулы сараптамашылар мен журналистер біздің елімізге келген емес және келешекте ке­луі де екіталай. Сондықтан, олар­дың бұл келісін барынша дұ­рыс пайдалану керек деп ойлаймын. Ол үшін оларға біздің еліміздің барлық мүмкін­дік­терін ашып көрсетіп, қажетті мәлі­меттерді таратып беріп, келешекте тығыз байланыс орна­туға, олардан ауқымды инвестиция мен жаңа технологияларды тартуға керекті жағдайлар мен қажетті қызық­тырушылық жұмыстарының ұйым­дастырылып жатқанына сенімдімін. Сонымен, аттөбеліндей аз халқы бар Қазақстанның осын­шама шетел басшыларының басын өз елінің төрінде қосып, қазіргі заманның ең өзекті мәселелері жөнінде шешім қабылдауға өзіндік үлесін қосуы біздің еліміздің, Ел­басымыздың мәртебесін, абыройы мен беделін жаңа сатыға көтереді деп білемін. Бұл – дүниедегі өркениетті елу ел­дің қатарына кіруге ұмтылған Қа­зақ­стан үшін ең керекті және маңызды мәселе. Меніңше, мұндай қарымды іспен болашағына сеніммен қараған ел ғана айналыса алады. Ержан ИСАҚҰЛОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы.