25 Қараша, 2010

Жан жылуы

488 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Сырт қараған адамға Серік пен Ханымның өзге ерлі-зайыпты жұптардан еш айырмашылығы жоқ. Кеңес дәуірінде туып-өсіп, білім алған, отбасын құрып, сол кезеңнің “стандартына” сәйкес бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген ата-ана. Мұндай отбасылар елімізде жүздеп, мың­дап саналады. Таяуда бұл жұп­ты сол өздері сияқты отба­сылардан ерекшелендірген, біреуімізді сүйсіндіріп, біреуімізді таңырқатқан бір жай болды. “Болмасаң да ұқсап бақ” деген ұлағатты сөздерді естіп өскен замандастардың құлағына алтын сырға болсын деп осы жайды көпке баян еткіміз келді. Әу баста екеуімен танысып, араласа бастауымызға бұл отбасы­ның ұлттық құндылықтарымызға: тілімізге, дәстүр-салтымызға деген өзгеше көзқарастары себепші болды. Орыс мектебін бітіріп, Ленинградта жоғары білім алған Серік пен Ханымның ана тілімізге, ата салтымызға, төл әдебиетіміз бен өнерімізге деген құштарлығы шет жақтың ықпалымен қалыптасқан осы санаттағы отбасылардан ерекше екендігі бірден байқалды. Ресейден оралғаннан кейін екеуі әуелі тың игеру науқаны жүргі­зіл­ген, одан кейін ауыр индус­триясы басым дамыған өңірлерде, қазақ тілі қолданылмайтын салаларда қызмет етеді. Ол кездердегі ахуал бәрімізге белгілі. Ана тіліміздің иісі шықпайтын жүйелерде жұмыс істеген талай азаматтың өз тілін ұмытуына әкеп соққан саясаттың салдары олардан кейінгі ұрпақ­тарды да шарпығанын білеміз. Бір айырмашылығы, кейбіреулер туған тілін білмейтінін сол саясатқа ысыра салып, әлі күнге екі сөздің басын құрап сөйлей алмайды. Ұл-қыздары да қазақ тілінен мақұрым. Ал екінші топтағылар тілге қа­тысты тоталитарлық жүйе жүргізген саясаттың құлдығынан арылып, туған тілдің тұнығына құмар­лана бас қойды. Біздің кейіп­керлеріміз осы топқа жатады. Сон­дықтан да, өзі де талмай үйреніп, ортасына да ана тілімізді насихаттап жүретін Ханымның қазақ ақын-жазушы­ларының 10 мен 15 жас аралығын­дағы балаларға арналған кітап­тарын табуға көмектесуімді сұра­ғанына таңдана қойған жоқпын. Тек бұлардың қызы мен ұлының қызмет істеп жүргеніне де біршама уақыт болғанын білетіндіктен, “ауылдағы ағайынның балаларына жібересіңдер ме?” деп сұрағанмын. “Жоқ, үйдегі балаларға, – деді Ханым маған күлімсірей қарап. – Секең екеуміз аяқ астынан екі қызды, бір ұлды болып жатырмыз”. Сөйтсек, оқиға былай болған екен. Әскери құрылымдарда жұмыс істейтіндердің зейнетке ерте шы­ғатыны белгілі, бірақ іскер, бі­лімді, уақытпен есептеспей жұмыс істеп үйренген бұл сала адамдарының үйде бос отыратындары некен-саяқ. Уақыты келіп зейнетке шық­қан Серік Ахметов те көп ұзамай бір қызметке орналасады. Бұл ұйым­дар мен мекемелерге ком­муналдық қызметтер көрсететін, яғ­ни көше сыпыру, еден жуу сияқ­ты ауыр жұмыс істейтін адам­дар­дың жұмысын үйлестіріп отыра­тын фирма екен. Ешқандай дипломды, жұмыс стажын талап етпейтін мұн­дай қара жұмысты істейтін­дердің басым бөлігі есесі кетіп жатқан­дармен дауласудан да жүрексінетін, момын, ұяң және ең бастысы – орысша сөйлей алмай­тын сырттан оралған ағайындар болатын. “Бізге сенің қазақшаң керек” дейді Серік­ті жұмысқа шақырған фирманың басшысы. Жаңа міндетіне бел­сене кірісіп кеткен Се­кең жұмыс берушілер мен оны атқарушы­лардың арасындағы қатынастарды шебер үйлестіріп, екі жақ үшін де сыйлы маманға ай­налады. Әсіресе, түсінігі мол, жүрегі жұмсақ, арыз-шағымыңа құлақ түріп, ұдайы көмек қо­лын созуға дайын кісі­нің келгеніне қара­па­йым жұмысшылар қуа­нышты еді. Түрлі кең­се­лерге апаратын қағаз­дарын толтыруға кө­мектесіп, қажетті кеңес беріп, қандай да бір қиын мәселелерін ше­шуге көмектесе алғаны­на Секеңнің өзі де риза. Бірде кадр бөлімінде істейтін кісі оған ілби басып кетіп бара жат­қан бір әйелді көрсетіп: “Байғұстың жағдайы өте ауыр. Моңғолиядан келген, аты Айнагүл. Бері қарай көшкелі отырғанда күйеуі қайтыс болыпты. Үш баласымен “Қоян­дыда” біреудің сарайында тұрады, ішінде пеші де жоқ көрінеді” дейді. Өткен жылғы қаһарлы қыс көптің есінде болар. Секең күні бойы суық сарайда бүрсең қағып отырған балаларды көз алдына елестетіп, әбден мазасы кетеді. Жұмыс аяғында бағанағы әйелді тауып алып, жағдайын тәптіштеп сұрай бастайды. Алғашында түр­тінектеп, оралмандарды айналып шықпайтын көп тексерушінің бірі ме деп қорқып кеткен Айнагүл Секеңнің жанашырлықпен сұрап тұрғанын түсінген соң, жылап тұрып бар жағдайын айтып береді. Айнагүлге басу айтып, “бір амалын табармыз” деп кеткен Серік іштей бір ойға бекіп, табалдырықтан аттар-аттамастан бар жағдайды Ханымға  баяндап берді. Негізінен Серік пен Ханымның өздері де заманына сай білім алып, қызмет еткен, көзі ашық, көкірегі ояу ата-ананың тәрбиесін алған адамдар. Бақ-дәулеттері бір бас­тарына жететін ол кісілер ең үлкен бақыт – қорадағы мал емес, қалта­дағы ақша емес, адамдардың алғы­сы екенін балаларының санасына сіңіріп өсірсе керек. Тіпті бұларды бір-біріне жақындатып, ақыры отау құруға алып келген де бой­ларын­дағы ұқсастық: жігіт Серік пен қыз Ханымның біреуге көмек­тесуге, жақсылық жасауға асығып тұра­тыны болыпты. Міне, отыз жыл бойы сол әдеттерінен жаңылмаған ерлі-зайыпты Ахметовтер дос-жаранды таң қалдырып, тағы бір игі қадам жасап отыр. “Жерде бір жетім жыласа, көкте періштенің денесі түршігеді” деп айтып отырушы еді анам, – дейді Ханым. – Секең балалардың пешсіз үйде, шешелерінің еден жуғаны үшін алатын мардымсыз жалақысына бірде аш, бірде тоқ күн кешіп жатқанын қиналып айтқаны сонша, екеуміз таңды әзер атырдық. Ертеңіне Айнагүлді балаларымен ауладағы шағын үйге көшіріп алдық”. Содан бері Жантолқын, Қыр­ғауыл мен Бауыржан аналарымен бірге ерлі-зайыпты Ахметовтердің қанатының астында күн кешуде. Ең алдымен балалардың мек­тептерін ауыстырды. Жаңа мектеп­тің директорына кіріп, балалар асханадан тамақтанатын етіп келісті. Сосын “Қояндыдағы” бері қарай бір­ге көшкен жерлестеріне қинал­май барып-келіп жүруі үшін авто­буста тегін жүретін билет бер­гіздірді. Ата-аналар комитетіне барып, бір киер киімдерін жаңа­латты. “Бұл әшейін ұсақ-түйек қой, “мектептің қорында” жиналатын қаражат түрлі шай ішулерге емес, осындай мақ­сат­қа жұмсалуы керек, – дейді заңды жақсы білетін Секең. – Ал негізгі заттарын алу үшін Айна­гүл­дің өзіне ақша беріп, базарға жібер­дік. Төртеуі шаршап-шал­дығып, бірақ мәз боп, бунақ-түйнектерін көтеріп кешке бір-ақ келді”. Балалардың үлкені – Жантол­қын, Қырғауыл одан екі жас кіші екен. Екі қыз жасы 10-ға енді тола­тын Бауыржанды өбектеп, үстінен шыбын ұшырмауға бар. Ағайынды үшеудің бір-біріне деген қамқор­лығы көрген адамның ішін ел­жіретеді. Әлде, шекара асқалы тұрғанда қайтыс болған әкелерінің жоқтығын білмей, еркін өссін дей ме екен, небір жылы сөздермен еркелетіп сөйлейтінін айтсаңшы. Ал Серіктің Бауыржанның бо­лашағына қатысты өзіндік жоспары бар, оны келешекте республикалық Ұлан мектебіне бермекші. Таяуда арнайы барып, мектепке қабылдау ережесімен танысып қайтыпты, онда 5 сыныптан бастап алады екен. Әрине, оған дейін уақытты бос өткізбеуі керек. Бұлшық еттерін шынықтыра берсін деп велосипед алып берді, қыста шаңғы теп­тіремін деп отыр. “Әкесінен ерте айырылды, сондықтан оның түрлі топтарға қосылып кетпеуі үшін, дұрыс тәрбие алуы үшін осындай оқу орнында білім алғаны жөн, екінші жағынан мемлекет қамқор­лығында болса, материалдық жағынан шешесіне жеңілдеу ғой” деп ой бөліседі. Ханым қыздарды үй тірлігіне баулып, тамақ істеуді үйретуде. Уақыт өте өзі дәріс беретін аспаз­дық курстарға қатыстырмақ ойы да бар. “Айнагүл ою ойып, сырмақ сыра­ды екен. Қыздарды да кіш­кентайынан соған үйретіпті. Көңілі қалаған іспен айналыса берсін деп мата, жіп сияқты керек-жарақ­тарын алып бердік, ою жапсыры­латын жұқа киіз өзінде бар екен. Соларды пайдаланып біршама заттарды жасап шығарды. Өткенде біраз бұйымдарын қала күніне арналған көрмеге шығарып, үшеуі әжептәуір табыс тауып келді”, – дейді Ханым. Ханым да қыздардың болаша­ғын ойластырып қойыпты – тоғы­зыншы сыныптан кейін осы бағыт­та оқытатын колледжге бермекші. “Әрі өздеріне таныс кәсіпті игереді, әрі ертерек еңбекке араласып, Айнагүлге көмектесетін болады” деп түсіндірді бізге. Міне, аяқ астынан көп балалы болып шыға келген Ахметовтер отбасы болашаққа осындай жос­парлар құрып тіршілік етуде. Камал ӘЛПЕЙІСОВА. Астана қаласы.