25 Қараша, 2010

Шерлі шежіре шындығы

631 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Қазақстан тарихы жайлы ғылыми әдебиет­терді қадағалаған адам олардағы ақиқат уақыт озған сайын жұтаңдана беретінін аңғарады. Бұл құбылыс әсіресе мемлекеттік тапсырыспен әзірленген ресми еңбектерге тән. 1943 жылы “Казогиз” арқылы шыққан “История Казахской ССР” оқулығындағы ащы шындықтарды кеңес кезіндегі еңбектер түгілі қазіргі шығармалардан да таба алмай­сың. Ақиқат керек болса, шаң басқан архив­тер­ді қопарудан басқа амал қалмайды. Тотали­тарлық заманда қолымыз кесілсе, бүгінде өткен тарихты қазып үлгермей жатқандаймыз. Жоғарыда атап көрсетілген ғылыми ең­бекте “Патша үкіметінің орыстандыру сая­са­ты” деген бөлім бар. Сонда келтірілген де­ректердің қорытындысы төмендегідей: Ресей патшалығы жергілікті халықты күш­теп орыстандыру саясатын ұстанды, он­ың ұлттық ерекшеліктерін, тіпті туған тілін жоймақ болды. Мұның төте әрі тиімді жолы орыстарды қазақ арасына көптеп орналастыру еді. Оны арнайы құрылған мықты аппарат арқылы жүзеге асырды. Түркістан генерал-губернаторы 1898 жыл­ғы 6 қарашадағы қаулысымен өңірлердегі губернаторларға нақты нұсқау берді. 1. Жергілікті қыр қазақтарымен жұмыс істейтін қоғамдық басқару орындарында мем­ле­кеттік тілді шұғыл түрде енгізу қолға алынсын. Осы мақсатпен болыс хатшылары қазақ тілін білетін орыстармен алмастырылсын. 2. Тез арада болыстар аудармашылары, ақсақалдық төрелік айтушылар мен мирабтар, тәртіпті қадағалайтын жігіттер, барлық полицейлік қызметтегілер, уездік және облыс­тық мекемелердің штатындағылар орыстармен ауыстырылсын. 3. Болыс басқарушылары, қалалар старшиналары мен ауыл ағалары, олардың кө­­мек­­шілері мен үміткерлер, халық сотта­­ры қызметіне сайланатындар мен тағайындалатындардың бәрі орыс-қазақ мектебін бітірмесе немесе ерекше бағдарлама бойынша емтихан тапсырмаса, бұл орындарға жіберілмейтіні туралы арнайы ценз енгізілсін. Ресейлендіру, анығырақ айтқанда, орыс­тандыру мұндай шаралармен шектелген жоқ, қара шекпен – крестьяндарды қазақ елін православие дініне жаппай енгізу үшін де кеңінен пайдалану көзделді. *  *  * Қазақ халқын православие — христиан ді­ніне көшіру мемлекеттің басты саясатына ай­­налса, оның түпкі мақсатын түсіну қиын емес. Діни сана ұлттық сананың құдіретті негіздері, оны күйрету арқылы ұлттың тарихи тұғырын қиратасың. Діни сенім арқылы қалыптасқан өмірлік салт-дәстүрді күл-тал­қан етесің. Миллиондардың өзіне, өзін қор­шаған ортаға, үлкен мен кішіге, бүгіні мен болашағына деген көзқарасын түп-тамырымен өзгертесің. Мыңдаған жылдар бойы жасалған, қастерленген, елдіктің нысанына айналған ұлт­тық мәдениет пен өнерден қол үздіресің. Бұл айналып келгенде халықтың өзін-өзі талақ етуіне әкеліп соғады. Осыдан соң қазақтың этностық тегінен жи­реніп, орыс болуға асығуы ғана қалады. Бұл алып айдаһардың маңайындағының бә­рін ысқырына жұтып жатқаны секілді үрей­лі көрініс болар еді. Қазақ халқы сондай қау­іп-қатердің алдында тұрған. Әлихан Бөкей­хановтың синод пен үкімет шешіміне ашына қарсы шығуы, арнайы хат жазуы содан еді. “Речь” газетіне 1914 жылы жарияланған осы ресми құжатта қазақтарды орыстандыру шараларын Ресейдің бұдан ерте бастағанын айғақтайтын деректер келтірілген. Бұл қа­дам арнайы дайындықтан соң жоспарлы түр­де ұдайы жүргізілді. Саяси-рухани негізі жыл өткен сайын жетілдірілді. Ең алдымен “Далалық болыстарды басқару туралы уақытша ережеде” қазақ жері толығымен Ресейдің мемлекеттік меншігі деп жарияланды. Сұлтандық билік пен округ приказы арқылы басқару жойылды. Сол арқылы генерал-губернатордың билігі бұрынғыдан да күшейтілді. Даланы ұсақ әкімшілік бөліктерге шашыратып жіберу ел ішінде өзара талас-тартыстың көбеюіне әкеліп соқты, болыс сайлауы әлеуметтік дертке айналды. Тізгін ұстағысы келген әлділер мен рудың намысын жыртқан әр атаның жұрты генерал-губернатор мен ояз не айтса, соған бас шұлғуға дайын еді. Мұны айқын аңғарған орыс үкіметі қазақтарды саяси жеңумен бірге рухани – діни тізе бүктіру қиын емес деп шешті. Өзара ынтымағы жоқ, көп ретте ортақ намысты бірер күндік ру мүддесінің қанжы­ғасына байлай салатын, онысына артынан өкі­ніп, қолын мезгілінен кеш сермеп жататын қазақты екінші жағынан әскери биліктің ықпалын күшейту арқылы үнемі үрейде ұстап отыруды көздеді. 1808 жылдан бері қарай Сібір линиялық казак әскері нығайтылумен болды. Қарулы күш қатарындағы казактар ерек­­ше мәртебе мен жеңілдіктерге ие еді. 1871 жылы әскери реформаға сәйкес қазақ даласындағы казак әскері үшке бөлінді. Соның саны жағынан басымы Ақмола жерінде тұрды, қалған екі құрамы Семей мен Том губерниясын қарауылда ұстады. Әскери казактар шынымен де құдайы сүй­ген ерекше пенделер секілді еді. Олар сырт қа­рағанда армиядағы қатал тәртіпті сезінген жоқ. Әскери бөлімдер шаруашылық және әкімшілік жағынан басқарылатын поселкелерден тұратын. Бұларға поселкелік басқарма мен атаман жетекшілік етті. Ақмола мен Семей облысында осындай 173 поселке мен 35 станица шалқып жүріп жатты. Оларға 5 миллион десятина егістік және жайылымдық жер бөлініп берілді. Бұл ұлан-ғайыр жер екі түрге жіктелді. 1. Поселкелер мен станицалар жері. Одан әр казак 25 десятина алқапты тегін алды. 2. Әулетінен әскери офицерлер мен ше­неу­ніктердің жері. Жалпы көлемі һ миллион десятина. Әскердің өзіне ғана тиесілі тұрақты қар­жысы болды. 1895 жылы ол 1 миллион 008536 рубльді құраған. Казактардың мемлекет алдындағы негізгі міндеті ат, шап десе тік көтеріліп тұра ұмтылу, бейбіт күндері 3150 жауынгерді сақадай сай ұстап отыру. Ал соғыс бола қалған жағдайда 9 мыңға дейін сарбаз беру, онда да ат-әбзелімен, қару-жарағымен. Қазақтарды осы дүлей күшпен әлсін-әл­сін ықтырып отыру үшін олардың “бейбіт” жо­рықтары өткізіліп тұрған. Жаз жайлауда отырған бейғам елдің ту сыртынан атты­лы әскер шауып шыға келетін де үсті-үстіне мылтық атып, қылышын жарқ-жұрқ жалаңдатып, қиқулап құй­ғытатын. Ен дала ұлардай шулап, азан-қазан дүрлігіп қала беретін. Осындай айбарлы, өзінен басқаны көз­ге ілмейтін кесірлі көптің жанына қазақ­тар­ды қоныстандыру шаралары ерте қарас­ты­рылғанымен ешқандай нәтиже берген жоқ. Сырт қарағанда дінге селқос болып көрінетін ел шындығына келгенде өзге таным-сенімге илікпейтінін көрсетті. Дәстүрі, мінез-құл­қы, тіпті ішіп-жеміне дейін бөлек ұлттың мәдениетін қабылдамақ түгілі оны төмен санады. Алайда жат дін мен әдет-ғұрыпқа там-тұмдап пейіл бергендер де кездесті. Дәлелдер тілімен сөйлейік. 1864 жылғы 20 тамызда Сібір қазақтары облысының әскери губернаторы Батыс Сібір генерал-губернаторына қазақтарды христиан дініне тарту шараларының қорытындысы туралы ақпарат жазады. Оны құпия түрде жөнелткен. “Жоғары мәртебелім, маған үстіміздегі жылдың 15 мамырында № 101 нұсқаумен қазақтарды православие дініне енгізу жөнінде қорытынды жасау тапсырылды. Осы тапсырманы орындай отырып, жоғары мәртебелі мырза, сізге мына жайларды мәлімдемекпін. Сібір қазақтары облысының жері шамамен 750 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Осы ұланбайтақ өңірдің негізгі халқы Сібір қырғыздары делінетін ордалықтар. 1863 жылғы санақ бойынша олардың 140013-і ерлер, 123202-сі әйелдер. Олардың арасында орыстардың аз болуы біздің тұрмыс салтымызбен танысуына мүмкіндік туғызбай отыр. Соған қарамастан даладағы православиелік бағыттағылардың қата­ры жыл өткен сайын көбейіп келеді, әсіресе сауда жолдарының бойында. Орыс тұрғындарының көбеюі арқылы қазақтардың өркениетке жақындауы арта түсетіндігіне күмән жоқ. Қазақтар, жалпы алғанда, мұсылманбыз де­генімен діндарлығы соншалықты айқын аң­ғарыла қоймайды, әсіресе солтүстік бөлігінде. Оңтүстік жағында, яғни Есіл өзенінің ар­ғы бетінде және Қарқаралы округінде фана­ти­калық исламның ықпалы күшті, сондықтан бұл жерлерде миссионерлердің христиан дінін ашық уағыздауы қауіпсіз емес. Солтүстік қапталдағы, оның ішінде Ақ­мола, Көкшетау және Баянауыл округтерінің казак әскери желісіне жақын көшіп-қонып жүрген қазақтар орыс тұрмысымен азды-көпті танысып үлгерді. Олардың орыстармен және казактармен арада қарым-қатынасы бар. Осындай кейбір қазақтар, әсіресе кедейлері казактарда жалшылықта жүріп, православие дәстүрлеріне көз үйретуде. Алайда бұл аздық етеді және қазақтардың ішіндегі татар молдаларынан мұсылман дінінде тәрбие алған білімді әрі дәулетті қазақ әулеттері бұл мәселеде үлкен кедергі болып отыр. Осының бәрін сараптай келгенде мынандай қорытынды шығаруға болады: орыс елді мекендері мен казактар станицаларының жанында көшіп-қонып жүрген қазақтардың ара­сында, атап айтқанда әскери желіден 10 шақырымдық шеңбердегілердің арасында хрис­тиан дінін байыппен ашық насихаттау ордалықтардың тарапынан фанатикалық қар­сылық туғызбайды. Осындай қадамға бару үшін алдымен әкімшілік дайындық шараларын жүргізген дұрыс деп есептейміз. Христиан дінін қабылдаған қазақтарға жер бөлу кезінде, басқа да мәселелерде жеңілдіктер жасалып, сонымен бірге қаржылай көмек көрсету қарастырылса. Мұндай қадамдар, менің ойымша, қазақтардың арасында христиан дінін таратуды жеделдетеді және халықтың жоғары әрі ықпалды тобының бұл бағыттағы қарсылығын тойтарады, қоғамдағы тәртіптің сақталуына ықпал етеді”. (Казахско-русские отношения в ХІІІ-ХІХ веках (1771-1867 годы) Издательства “Наука” 501-502 беттер.) Сібір қазақтары облысы әскери губер­наторының бұл ақпаратынан қазақтарды христиан дініне енгізуге зор мән бергенін, бірақ бұл орайда айтарлықтай нәтиже жоқ екенін көреміз. Елдің көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары ислам дінін қорғаған, айнала жұртты ықпалында ұстаған. Мұндай жағдайдың Ресей билігін де, пра­вославие дінінің басшыларын да қа­нағат­тандырмайтыны анық. Олар енді әскери губернатор ұсынған шараларды жоспарлы жүзеге асыра отырып, мұсылман дінінің ықпалын төмендетуді қарастырды. Оны сол діннің беделділері арқылы орындаудың жолдары іздестірілді. Генерал-губернаторлар мұсылман мешіттерінің указной молласы деген қызмет енгізіп, оған өздері ұсынған адамдардың сайлануын қадағалады. Мұндай дін жетекшілері исламды уағыздаған сияқтанып, іс жүзінде оның күшеймеуіне қызмет етті. Ақмола орталық мешітінің указной молласы Ысқақ Юсуповтың 1865 жылы губерния әкімшілігіне берген мәліметінен осының салқынын аңғара аласыз. Мәлімет “Ақмола округіндегі мектептер мен мешіттердің саны туралы ведомость” деп аталады. Ондағы деректер арнайы бекітілген үлгі бойынша толтырылған. Он медресе мен мешіттерге, олардың моллаларына сипаттама береді. Соңында ескерту түріндегі түсініктемесі бар. “Ескерту: 1) болыстарда осы аталып көр­се­тілген моллалардан басқа балаларға дәріс беріп жүрген арнайы рұқсаты жоқ татар және қазақ моллалары көп. 2) Жоғарыда келтірілгеннен басқа мешіт, мектептер жоқ. Оның есесіне қазақ байлары балаларын молла жалдап оқытады. Ақысын ақшалай төлейді немесе мал береді”. (Казазхско-русские отношения в ХVІІІ-ХІХ веках (1771-1867) годы. 526-527 беттер.) Осы мәліметтерді қарап отырып, Ақмола қаласындағы мешіттің указной молласы Ысқақ Юсупов ел ішінде ислам дінінің қанат жаюына ынталы болса, болыстарда әлділердің кісі жалдап балаларына рұқсатсыз мұсылманша білім беретінін хабарламас еді деп ойлайсың. Бәлкім дінімізге ие болғансып жүрген имамдардың христиан жансызына айналу кезеңі осы тұстан басталған шығар. Олар кеңес заманында да түгелдей осындай бітімде болды. Патша үкіметі генерал-губернаторлардың қолымен діни отарлау саясатын осылай бір демдеп алған соң миссионерлік насихатты еселеп күшейтуге бел шешіп кірісті. Бұған дәлел шашетектен. Ақмолада 1907 жылы императрица Мария Федоровнаның бүкілресейлік миссионерлік қоғамының бөлімшесі ашылды. Бұл қоғам содан 39 жыл бұрын Мәскеуде құрылған болатын. Оның түрлі қоғамдық әлеуметтік топтардың өкілдерінен іріктелген мүшелерінің саны 11 мыңнан асып түсіп, Ресей мен одан тысқары жерлерге ықпалы жүріп тұрған, дәуірлеген кезі еді. Қоғамға айрықша мән берілгені соншалық, ондағы қызметті Мәскеу және Владимир митрополитінің өзі реттеп отырды. Осындай беделге ие ұйымның қолын ешкім қаға алмайтын, қоғамнан тапсырма алған миссионерлер Сібір мен еуропалық Ресейдің орыс емес ұлттары арасында христиан дініне үгіттеуді уақыт өткен сайын күшейтті. Бара-бара Солтүстік Америка мен Жапонияға да шыға бастады. Қоғам олардан қаржы аяған жоқ. 1907 жылы Сібір миссиясына 123428, еуропалық Ресей миссиясына 73189, Жапония миссиясына 18120, Солтүстік Америка миссиясына 3600 рубль бөлді. Күш-қуатын мемлекет пен императорлық дін орталығынан алған қоғам Ақмола жеріне табан тіресімен қазақ миссиясын ашты. Оның жеті ұйымы Ақмола мен Семей облысын шарлап кетті. Бұлармен бір мезгілде әйелдер бөлімдері пайда бола бастады. Миссияның орталығында арнайы дайын­дықтан өткен 20 адам жұмыс істеді. Басқару аппараты мына қызметтерден құралды: 1. Архимандрит. 2. Үш иеромонах. 3. Жеті священник. 4. Төрт дьякон. 5. Бес псаломшы. Осылардың жанын сала ұйымдасты­руы­мен аз ғана уақыттың ішінде ел ішін аралайтын миссионерлердің саны 8528 адамға жетті, бұлардың 299-ы басқа ұлттардан еді. Қазақ миссиясы осылай “бұғанасын бе­кітіп” алған соң мұсылмандарды шоқын­дыру үшін қажетті шаралардың бәрін жүзеге асырды. Облыстың әр тарапынан мектептер ашты. Оларда сол жылдың өзінде 149 ер бала мен 58 қыз оқыған. Бұлардың 17 жаңадан шоқындырылғандар болды. Мұнымен қатар христиан дініне енгізіл­ген төрт бала мен сегіз қыз қалалық учили­щелерге жіберілді. Олардың білімі де, күтімі де тегін болды. Миссия көмек сұраған өз­ге діндегілерге қайтарымсыз 800 рубль, қай­тарыммен 200 рубль бере алатын. Мұндай көлемдегі қаржы үшін талайлардың хрис­тиандықтан қаша қоймайтынын олар білді. Осындай шаралардан соң өзге дінге жал­ғыз-жарымдар пейіл берген. 1907-1910 жылдардағы әлгі миссионерлік қоғамның есе­біне көз салсаңыз, олардың өздері белгілі мерзімдерден соң төл дініне қайтып оралған. Жылдар бойы төккен тер мен жұмсалған қыруар қаржы күткендегідей нәтиже бермесе де патша үкіметі мен синод алған бетінен қайтқан жоқ. Олардың кезекті мемлекеттік деңгейдегі ірі қадамына қарсы шыққан Әлихан Бөкейханов Мемлекеттік думаға хат жазып («Открытое письмо членом Госдумы»), оны “Речь” газетінің 1914 жылғы 22 қаңтардағы санында жариялаған. Сол тарихи құжатты түпнұсқа күйінде тәржімаламай ұсынуды жөн көрдік. «Переселенческое управление озабочено не одной раздачею казенной земли в Киргизской степи лицам всех сословий: малоземельным К.Н.Кочубеям, Касаткиным-Ростовским и другим, а также подготовкою Киргизского (казахского) народа к “Восприятию православно-христианского вероучения”. Вот документ которым руководствуется производитель работ, наделяя киргиз земледельческой нормою и исполняя точное указание центральной власти. Святейший синод по определению от 5 (26) апреля сего года за №3067, признал желательным, чтобы при землеустроительных работах на местах поселения киргиз, киргизы – магометане и киргизы православные были поселяемы вместе с русскими крестьянами с тем, чтобы при поселении их с русскими-крестьянами число киргиз – магометан не превосходило бы половины православного населения данной местности дабы православные люди при решении всех вопросов касающихся их хозяйственного быта и нужд, могли иметь преимущество перед инородцами. Указанными мероприятиями, по мнению св. синода киргизское население степных областей и Туркестанского края может быть подвинуто к восприятию православно-христианского вероучения. Главное управление землеустройства и земледелия сообщая об этом высказались за желательность совместного поселения киргиз с русским, как в целях распространения и укрепления православие среди иноверцев, так и в виду возможности этим путем достигнуть скорейшего приобщения туземного населения степных областей к русской государственности и русской культуре и слияния его с русскими. Об этом сообщаю Вашему высокородию для зависящих распоряжений, подлинное за надлежащим подписом. “Г.Г. заведывающим подрайонами и крестьянским начальникам. Настоящая копия уведомления военного губернатора Уральской области от 12 июня сего года № 11400 о совместном устройстве православ­ных и магометан, препровождается вашему высокоблагородию для руководства и исполнения. Июня 27 дня 1912 года № 9373. За заведывающего переселенческом делом Константинов. И. об. секретаря П.Арсеньев. Н.Арсеньев”. После высочайшего указа 17 апреля 1905 года св. синод находит возможным свое вмешательство в дело веры инославных в форме давления на хозяйственную жизнь 5-миллионного Киргизского народа, а главное управление землеустройства и земледелия, после Высочайшего указа 12 декабря 1904 года рекомендует местной администрации и чинам переселенческого управления исполнить не законное определение св. синода. “Закон 3-го июня”, благодаря стараниям охотников на киргизскую землю из князей и графов, лишил нас права защиты с трибуны Государственной Думы. Надеюсь что г.г. депутаты обратят свое вни­мание на то, что в приведенном документе налицо вопиющее нарушение законов и что депутаты воспользуются 35 и 58 ст. ст. учреждения Гос. Думы. Член 1-ой Гос.Думы Алихан Букей-Ханов. Газета “Речь” 22 января 1914 г.» Қазақтарды орыстармен араластыру, басқа мәдениетке жүгіндіріп, христиан дініне енгізу арқылы ұлт ретінде жоюға арналған патшалық Ресейдің кезекті әрекеті мен оған Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың азаматтық қарсылығы осындай. *  *  * Ресей империясының қазақ халқын христиан дініне енгізу жөніндегі саясатын одан әрі таратсақ, осы шаруаны алғаш Тобыл діни консисториі қолға алыпты. Ол 1864 жылы Петропавл қаласында қазақтарды шоқындырумен айналысатын мекеме құруды ұсынып, Сібір қазақтары облыстық басқармасына хат жазады. Ақмола, Көкшетау, Атбасар уездері қазақтарының шоқынуға ниеті қандай екенін білуді сұрайды. Бұл хатқа “әзірге шоқына қоятын қазақ жоқ” деген жауап беріледі. Бұдан былай қарай шоқындыру ісіне мемлекеттік мән беру үшін “Миссионерлік қоғам” құрылды. 1869 жылы Қазан қала­сында осы қоғамның 1-съезі өткен. Съезд жарғысында мынандай міндеттер қойылады: Ресей империясында тұратын христиан емес­терді православиеге көшіру, шоқынғандар санасында христиан дағдысын сіңіре беру, оны алдымен қазақтардың арасында жүргізу. Осының алғашқы қадамы ретінде Ішкі істер министрлігі мешіттердің жанындағы мектептерде орыс тілі сабағын енгізуге бұйрық берді. 1876 жылы Ақмола облыстық губернаторы шоқындырудың жайы туралы қатынас жазған. Одан мына жолдарды оқи аласыз: “Православие миссионерлік қоғамының дүниеге келуі Ресейдің басқа да христиандық ұйымдарының ісін құлшындыра түскені байқалады. Соның бірі Тобыл консисториясының преосвященигі Абрам 1889 жылдың жазында Көкшетау, Атбасар уездерінде болған екен. Көкшетау оязы осы сапар жөнінде облысқа түсірген ақпарында былай дейді: Көкшетауда шаруасымен жүрген болыстармен және станица жатағы тұрғындарымен кездесіп, христиан дінінің дұрыстығы жөнінде әңгіме айтты. Кейбіріне қасиетті жазбалардың қазақшаға аударған кітапшаларын ұсынды. Бұл кездесу қазақтар арасында әр саққа жүгіртілді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Меккеге барып қайтқан Қожахмет Саддин дереу болыстарды аралап кетіп, қазақтарды дініне берік болуға, жалпы дінге бекем болу үшін облыста мүфти қызметі болу керектігі жөнінде мәселе көтеріпті”. 1893 жылдың қаңтарында Том және Семей епископы Макарий Дала бас губернаторына қазақ арасында жүрген татар, бұхарлар мен түріктердің негізгі мақсаты ислам дінін күшейту екенін айтып, бұдан былай қарай мешіт салуға тыйым салынуын, татарлар мен бұхарларды қазақ жерінен әскери күшпен қуып шығуды өтінеді. Священик Иоан Никольский 1893 жылы Семей облысы губернаторына жазған хатында шоқынған қазақтарға арнайы жер бөліп, оларды елден жырақтатып тастауды ұсынады. Олар мұсылмандардың ықпалынан аулақ болуын, ислам дініне қайта кіріп кетпеуін ескертеді. “Қазақ миссионерлік қоғамы” осы губернаторға: “қазақтарды православие мен отырықшылыққа неғұрлым көбірек тарту үшін орыстар мен жаңа шоқынған қазақтарды селоға аралас отырғызған жөн бола ма, қалай? Осындай жағдайда ғана жаңа шоқынғандар орыстың әдет-ғұрпы, салт-сана, тілін, христиан дінінің міндеттерін, жер өңдеу тәсілдерін, жалпы ауыл шаруашылығын жүргізуді тез үйреніп алар еді. Ал шоқынған қазақтарды бірыңғай ауыл қылып қоныстандыру – оларды орыстандыру саясатына мүлде сай келмейді”  деп ой салады. Торғай облысы губернаторы 1897 жылы Орынбор бас губернаторына: “Қазақтар арасында мұсылман діні сіңді дегенше, дала өлкесіндегі орыс ісі кері кетті дей беріңіз. Бұл өз кезегінде нағыз дұшпан ықпалының күшейе түскенін дәлелдейтін болса керек. Мұның бәрін қазақ арасында жасап жүрген татарлар”, – деп жазады. Ал Ақмола облысының губернаторы оқыған татар, сарттарды рұқсат қағазы болса да елден қуып шығуды ұсынып үсті-үстіне байбалам салады. Осылардың негізінде Дала бас губернаторының 1905 жылы “Дала өлкесіндегі ислам жағдайы жөнінде” хаты әзірленді. Татарларды діни бөліп тастаудың жолдары ойластырылды. Оларды Орынбор діни жиынында қал­ды­рып, қазақтарды жергілікті әкім­ші­лік­ке тапсыру тәртібі дүниеге келді. Орыстандыру саясатына оқыған қа­­­­зақ зиялылары қарсы шыға бастағандықтары, мешіт салушылар мен қажыға барушылар көбейгені, әзірге қан араластыру арқылы хрис­тиандандыруға ерте екендігі үс­ті-үстіне тал­қы­ланып жатты. Бұл саясат ел ішінде қарсылық туғызды. 1905 жылы Ақмола уезі Ереймен, Қоржынкөл болыстарындағы Керей, одан кейін Семейдегі Мұқыр, Шыңғыстау, Бұғылы, Шаған, Қызы­л­адыр қазақтары қабылдап, он үш мыңдай адам қол қойған Хұзырхат Министрлер кеңесінің төрағасына жөнелтілді. Онда қазақ даласында орыстандыру шаралары ашықтан-ашық жүргізіліп жатқаны, малдың өрісі тарылғаны, жерді қарашекпендер опырып ала бастағаны, адам құқы аяққа басылғаны, діни бостандық жоқтығы баяндалып, мынандай талаптар қойылған: 1. Ождан бостандығы, діни наным бостандығы болсын. Қазақ, татар, араб тіліндегі діни кітаптарға цензура тоқтатылсын. Метрикалық тіркеу дін басқармасына берілсін. 2. Ауыл мектептерінде қазақ әліппесі оқытылсын. Сабақ қазақ тілінде де жүргізілсін. 3. Қазақ тілінде газет шығарылсын, ол цензурасыз болып, баспахана ашылсын. 4. Қазақтар мекен етіп отырған жерлер солардың меншігі деп танылсын. 5. Облыстық басқармаларда қазақ тілінің тілмаштары болып, іс қағазы қазақ тілінде жүргізілсін. Сот қызмет етіп отырған халықтың тілін білсін. Бұл талаптардың ішінара орындалғанын тарихтан білеміз. Қазақ газеттері, баспахана ашылды, бірақ цензура қатаң болды. Гу­бернатордың рұқсатынсыз мешіт салу заңсыз деп танылды. Қазақ тілмаштары пайда болды, алайда олар қатаң сұрыптаудан өткізіліп, Ресейге, соның саясатына берілгендер іріктелді. Қазақтарды христиан дініне тарту, ислам дініне қысым жалғаса берді. Мешіттер жанындағы мектептерге бақылау күшейіп, аралас мектептер көбейтілді. Елде мектеп ашу Ресейдің отарлық саяса­тынан тыс қалған жоқ-ты. Даланы сауат­тандырудың астары болды. Осы мектептерде оқыған қазақ жастары түбінде ресейшіл болып жетілуі тиіс еді. Бұған сол тұста бір бөгет кесел жасағандай болатын. Қазақ мұғалімдерінің тапшылығына байланысты мектептерде татар ұстаздары сабақ берді де олар қазақ балаларын татар жағына бейімдей бастады. Осыны сезген Ресей Білім беру министрлігі 1876 жылы патша ағзамға мынандай ұсыныстар түсірді. – Іс қағаздарын жүргізуде татар тілінің орнына қазақ тілін қолдану. – Осыған байланысты татар аудармашыларын қазақтармен алмастыру. Бұған патша ағзам “келісуге болады” деп қол қояды. Білім министрлігі іске көшеді. “Торғай уезінде мынандай тәжірибе бар, – делінген оның бір есебінде, – онда орыс-қазақ мектебін бітіріп келген қазақ жастарына алдымен іс қағаздарын жүргізу тәсілдерін үйретіп алып, содан кейін олармен орыс хат-шот жүргізушілерін алмастырады екен. Осы тәжірибеге көшетін шығармыз”. Мұның екінші мақсаты да болды. Орыс-қазақ мектептерін көбейту арқылы мұсылман мектеп-медреселерінің тынысын тарылту қа­­жет еді. Білім беру министрлігінің мына бір баянына зер салайық. “Бұл мақсатқа же­тудің жолы бар, – делінген онда. – Ауылдағы мұсылман мектептері Қазан татарлары мен Орта Азиядан шыққан мұғалімдер қо­лында. Қазақ балаларына мұсылман дінінің артықтығын айтып, бойларына фанатизм ру­хын сіңіріп жатқан солар. Алдымен Дала өл­ке­сінен осыларды аластау керек. Сонан соң біз ауылдардағы мұсылман мектеп, медреселерін сәтімен орналастырылған орыс-қазақ мектептері арқылы ғана өмірден ығыстыра алар едік”. Бұл күрестің ондаған жылдар бойы үздіксіз жүргізілгеніне Ақмола облысы губернаторының патша ағзамға 1910-1911 жылдары жолдаған есебі дәлел. Онда орыс-қазақ мектептерін ашу қымбатқа түссе де тоқтатылмайтыны айтылады. Ал осы губернатор 1898 жылдың өзінде Дала бас губернаторына былай деп жазған: “Мектеп ісі әр ұлттың өз ықтиярына берілген. Солардың басын қосуға аралас мектептер ашу арқылы ғана қол жетер еді. Мұндай мектептердің мақсаты тек білім беру ғана емес,сонымен бірге басқа дін адамдары арасында христиан діні мен орыс мәдениетін тарату болуға тиіс”. Міне, атышулы аралас мектептер осылай дүниеге келген. Осы орайда Ресейдің қазақ даласында қазақ қыздарының мектептерін ашуы да орыс саясатының “жемісі” екенін айтпақпыз. Ресей миссионерлері қазақ әйелінің отбасында беделге ие екенін, айтқанын өткізе алатынын жақсы білген. Соған сәйкес қыздары орысшыл болса, ертең шаңырақ көтеріп үйлі болғанда, балаларына ресейлік тәрбие береді. Мәселе, міне осында еді. Мұндай мектептер Ақмола облысы губернаторының атап көрсеткеніндей қазақ санасын діни ықпалдан тазартатын сенімді құрал еді. Ресейшіл болған қазақты одан әрі шоқындыруға жол ашылар еді. Көріп отырсыздар, ислам дініне қарсы күрес қазақ даласында империялық қарқынмен толассыз жүргізілді. Кеңес кезеңінде басқаша сипатта жалғастырылды. Осы шоқындыру және ұлттық дәстүрлерден айыру саясатының салқынынан күні бүгінге дейін сақталып келе жатқан айла-амалының бірі – аралас мектептер. Олар республиканың барлық өңірлерінде бар, әсіресе ірі қалаларда ондап, жүздеп саналады. Бұл ендігі жерде баршамызды ойландыруға тиіс. Сондай-ақ діни еркіндіктердің де шегі болатынын ескеретін кез келді. Патшалық Ресей мен Кеңес одағы қанша күш салса да нәтиже шығара алмаған мақсатқа толып кеткен діни ағымдар мен күмәнді секталар қол жеткізіп жүрмесін десек, олардың тізгінін тартып ұстауға міндеттіміз. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов жүргізген дін мен рух тазалығы жолындағы күрес толастауға тиіс емес. Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Астана.