Қазақстанның төрағалығы барысындағы басымдықтар болып табылады
Гаагада (Нидерланды Корольдігі) осы елдегі Қазақстан елшілігінің бастамасы бойынша кеше болған конференцияда этнодіни пікір алуандығы мен көші-қон мәселелері талқыланды, деп хабарлады ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аясында ұйымдастырылған шараға Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов бастаған қазақстандық парламентшілер белсенді түрде қатысуда.
Конференцияда Қазақстан делегациясының басшысы А.Бижанов негізгі баяндама жасады. Талқыланып отырған тақырыптың өзекті екенін атап өте келіп, сенатор “толеранттылық пен мәдениетаралық үнқатысуды ілгерілету ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуіндегі негізгі басымдық және “қосымша құн” ретінде қарастырылатынын” айтты.
А.Бижанов ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кездегі Қазақстанның бастамалары туралы айта келіп, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту саласындағы мемлекеттік саясат мәселелеріне тоқталды.
“Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған сындарлы және салиқалы саясаттың арқасында этномәдени алуандық пен бірлікті қайта түлету, сақтау және дамыту жөніндегі мемлекеттік саясат табысты жүзеге асырылып келеді, төзімділік, өзара сыйластық қалыптасты, сондай-ақ оқшаулану, этностық және діни оғаштық іске аспады”, – деді сенатор.
Ұлтаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісін нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясын атай келіп, А.Бижанов бұл құрылымның қызметін заңнамалық тұрғыда реттеу туралы айтты.
Конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты А.Бижанов “дінаралық үнқатысудың қазақстандық үлгісінде діннің мемлекеттен бөлінуінің конституциялық қағидасы бар екенін, барлық діни бірлестіктердің заң алдында тең және діни қатынастардағы барлық мәселелердің тек қана құқықтық кеңістікте шешілетінін” атап өтті.
Президент Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша жүзеге асқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездеріне әлемдік қоғамдастықтың ықыласы арта түскенін айтқан сенатор, діни басшылардың басқосуы өркениетаралық және дінаралық үнқатысуды қалыптастыру жөніндегі жаһандық үдерістердің бөлінбес бөлшегіне айналып отырғанын жеткізді.
Конференция аясында қазақстандық парламентшілердің ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары К.Воллебекпен, Нидерланды Корольдігі Бас штаттары Бірінші палатасының төрағасы Р.Ван дер Линденмен және Нидерланды Парламентінің сенаторларымен кездесулері барысында екіжақты ынтымақтастық және өзара парламентаралық іс-қимылды кеңейту мәселелері талқыланды.