26 Қараша, 2010

Байыпты байланыстар байламы

415 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қыркүйектің басында Өске­менде Қазақстан мен Ресей прези­денттері Н.Назарбаев пен Д.Мед­ведевтің қатысуымен өңір­аралық ынтымақтастық жөніндегі 7-ші форум өткені белгілі. Осы басқосу­да екі ел арасында көптеген құжат­тарға қол қойылған. Жақында Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев бастаған топ Ресейдің Ом­бы, Томск, Новосібір және Бар­наул қалаларына барып қайтқан еді. Төмендегі әңгіме осы сапар төңіре­гінде өрбиді. Біздің жұмыс сапарымыз Өске­мен қаласында өткен 7-ші шек­ара­лық ынтымақтастық форумында Қазақстан мен Ресей басшылары жариялаған бастамалардың тікелей жалғасы болып табылады, дейді Ислам Әлмаханұлы. Көрші мемле­кеттің төрт қаласында біз нақты кәсіпорындар арасында өзара тиімді келісімдерге қол қойдық. Екі ел аумағында түрлі салаларда бірлескен кәсіпорындар ашу үшін қол қоюға құжаттар әзірленді. Сапар Томск қаласынан бастал­ды. Сібірдің бұл қаласы ондаған жыл­дар бойы студенттердің аста­насы болды, демек, ғылыми пікір мен жаңа тенологиялардың қаласы. Томск қонақтарды инновация­сымен қызықтырды. Шығысқазақ­стан­дықтар бірінші кезекте кеңейтілген инновациялық зерттеу бағдар­ламасы аясында Томск политехни­калық университетіне барды. Бәсекеге қабілетті мамандар болу үшін туған үйінен шалғайда білім алып жатқан қазақстандық студент­термен жылы кездесу өтті. И.Әбі­шев облыс орталығындағы оңды өз­­герістер туралы әңгімеледі. Ре­сей­­дің маңдайалды жоғары оқу орындарынан білім алған инженер кадрлар бізге ауадай қажет. Әрине, оның ұсынысы студенттерді де қызықтырды. Мысалы, Айдос Сар­таев пен Андрей Мицин олардың екі шартын орындаған жаққа баратындарын айтты, ол – баспана және лайықты еңбекақы. Бұл жерде қызықты бір жәйт бар. Айдос жо­ғары оқу орындары жеткілікті Ал­маты қаласынан келген. Еш­қандай да шекараны мойындамайтын, білім алу және жұмысқа деген жоғары стандартқа қызығушылық деген осы. Тараптар екіжақты сұрақтарға жауап бере отырып, мекен-жайлары туралы ақпаратпен алмасты. Сосын қонақтар мен сту­денттер осы жоғары оқу орнын бітірген академик Қаныш Сәт­баев­тің бюстіне гүл шоқтарын қойды. Жалпы, ресейліктерден көп нәр­сені үйренуге болады. Мысалы, делегация технологиялық процес­терді автоматтандырумен айналы­сатын “ЭлиСи” ЖАҚ жұмысымен танысты. Директорлар кеңесінің төрағасы Сергей Чириков мұнай-газ саласы кәсіпорындарымен ара­дағы жақсы байланыстары туралы айтып берді. Сонымен қатар, өнер­тапқыштар мұнда кере­мет медици­налық аппараттар да шығаруда. Денсаулық сақтау мәселелері әрқашан өзекті. Ресей медицина ғылымдары академиясы Сібір бөлімшесінің кардиология ғылыми зерттеу институтында балалар кар­диологиясының мәселелері тал­қылануы тегін емес. Оның дирек­торы Р.Карповпен кездесуде ден­сау­лық сақтау жүйесінің өкіл­дері­мен өзара серіктестік нұсқа­лары қаралды. Қазақстандық делегация­ны Томск радиоэлектроника және басқару жүйелері институтының жанындағы “Дружба” бизнес-инкубаторы қатты қызықтырды. Оның директоры А.Тиковтың сөзі бойынша студенттер әлемдік стандарттағы жобаларды әзірлей отырып, сабақ уақытында да ақша таба алады. Мысалы, балалардың жартысы америкалық компания­лармен табысты ынтымақтастықта. Электр қуаттарын үнемдеу мәселесі “Томский электролампо­вый завод” ААҚ-та кеңінен сөз болды. Оның атқарушы директоры, “Свет ХІІ века” ЖАҚ директорлар кеңесінің төрағасы Владислав Голу­бев энергия үнемдеуге мүмкіндік туғызатын қарапайым өнімді және жаңа шамды көрсетті. “Сибэлек­тор­мотор” ААҚ-тың сәтті шыққан бизнес-моделі қонақтардың наза­рын өзіне аударды. Бас директор К.Нотман Павлодарда бірлескен кәсіпорындары бар екендігін жет­кізді. Зауытта түрлі-түсті құю және шойын шығару үшін балқыту пештері құрастырылған және экология мәселесінің де оң шешім тапқаны байқалады. Делегация “Электропульс” АҚБ медициналық өндірістік компаниясы орналасқан ерекше экологиялық аумақта бол­ды. Ықпалдастыққа әзір екендігін оның директоры А.Кострикин де жеткізді. Мұнда жүрекке күрделі операциялар жасауға және тексеру­ге қажетті жабдықтардың барлық кешенін әзірлейді. Осындағы   “Элекард” компаниялар тобы қазақстандық әріптестерімен бірге сандық теледидар құру мәселесі бойынша қарым-қатынасты жан­дан­дыруда. Қазақстан мен Ресей арасын­дағы 7-ші өңіраралық ынтымақ­тастық форумында сөз болған мем­лекет басшыларының тапсырма­ларын Өскемен мен Новосібір қала­ларының өндірісшілері байып­ты қолға алуда. Ресей Федерация­сындағы көлемі бойынша үшінші орын алатын үлкен қалада ғылыми-техникалық прогрестің мол мүмкіндіктері бар. Мақсат – соны еліміз пайдасына жарата білу. Бұл туралы Өскемен қаласы әкімі Ислам Әбішев пен Новосібір мэрі Владимир Городецкидің кездесуін­де жан-жақты әңгіме болды. Мүм­кін деген қызметтестік қырлары мен бағыттары талқыланды. Новосібірде тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы саласында қызықты тәжірибе жинақталған. Мәселен, Өскемен қаласының делегациясын ерекше қызықтырған қауіпсіз қала жобасы болды. Теле­скопқа көбірек ұқсайтын бір құрылғы электр және гидростан­салардағы, шахта мен зауытттар­дағы кез келген сынықтарды үш өл­шемді режімде табуға көмек­те­седі. Тұрғындарды ауыз сумен қам­тамасыз ету мәселесінде де ерек­шеліктер бар. Мұнда шығындарды экологиялық тұрғыда едәуір үнем­дейтін ультра-күлгін түсті тазарту әдісі қолданылады. Бір электронды карта арқылы барлық коммуналдық төлемдерді төлеуге болатын терми­налдар енгізілуде. Мұндай тәжіри­бемен қазақстандықтарды техно­паркте таныстырды. Мұнда қонақ­тарға терминалдар жүйесі мен олардың қалай жұмыс істейтіні көрсетілді. Делегация мүшелері Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімше­сінің көрме орталығында да болды. Өскемен қаласынан келген қонақ­тарды көлемді ақпараттық-анықта­малық материалдармен, жоба­лар және әзірлемелердің болашағынан ақпарат беретін дискілермен қамта­масыз етті. Новосібір сапарының қорытындысында ықпалдастық туралы келісімдерге қол қойылды. Бірлескен жұмыс көптеген жаңа идеялардың бастамасы болмақ. Екі қала арасындағы сәтті тәжірибе­лердің Қазақстан мен Ресей ара­сындағы, әсіресе тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы саласындағы жаңа өзгерістерге түрткі боларына мамандар күмән келтірмейді. Өскемен қаласы делегация­сының ресми сапары Барнаул қаласында өтіп жатқан “Алтайская Нива” ірі агроөнеркәсіп көрмесіне тұспа-тұс келді. Әлемнің 11 елінің 300-ден астам компаниясы өздері­нің заманауи дүниелерін ұсынды, жаңа серіктестер тауып, іскерлік келісімдерге қол қойды. Қазақ­стандық бизнесмендер де белсенді түрде жаңа байланыстар орнатты. “Алтайская Нива” көрмесіне өндірісшілер өздерін көрсетіп, өнімдерін өткізу үшін келеді. Мұн­да өндіру мен қайта өңдеуден бастап, дайын өнімнің сатылуына дейін жұмыстар жүзеге асады. Ең өзекті мәселе – өсімдік өсірудегі жаңа технологиялар. Күнбағыстың аршыл­маған дәндерін салып, санаулы уақыт ішінде дәндері бөлек, қауызы бөлек өнім шыға­ратын мәшине де осында. Шығыс Қазақстан фермерлері мен өсімдік майын өндірушілер осындай агрегаттарды сатып алуға келісім-шарт жасасты. Ынтымақтастық жөніндегі бірінші келісімге сапар барысында-ақ негіз қаланған. Өскемендік “Шығыс-сүт” кәсіпорны Барнаул аймағында бірлескен кәсіпорын құру туралы “Сказка” сүт фирма­сымен, ал “Восток котлы” Бийск қазандық зауытымен келісімге отырды. Қазақстандық ауылшаруа­шылық тауарларын өндірушілер “Алейскзернопродукт” ЖАҚ-пен өзара тәжірибе алмасты. Ресейдің әр қаласында мемлекеттік басқару органдарының басшылары мен бизнесмендерден тұратын жұмыс тобы құрылады. Ол бекітілген келісімдер бойынша барлық жайды жете пысықтайды, сондай-ақ, ұзақ мерзімді қатынас­тарды одан әрі дамыту үшін жаңа бағыттар іздейтін болады. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен.