26 Қараша, 2010

Жеңіс жылнамасы

453 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жылдар жылжып өткен сайын ел басына күн туған Ұлы Отан соғысының көзі тірі куәгерлері азайып барады. Екінші дүниежүзілік соғыс туралы кейінгі ұрпақты хабардар етіп, оларды патриоттық рухта тәрбиелеуде майдангерлердің естеліктері құнды да маңызды. Осындай ойдан бастау алған ізденістің нәтижесінде Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысы туралы естелік фильм түсіру басталған-ды. Жақында “Ақтөбе облысының естеліктер кітабы” фильмінің тұсаукесері болды. Оған жоба идеясының авторы, облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова, жоба жетекшісі, режиссер Гүлбану Үкітайқызы бастаған шығармашылық топ пен қоғамдық ұйымдар мүшелері мен соғыс ардагерлері қатысты. Ұлы Отан соғысының 65 жыл­дығына орай түсірілген фильм­де облыстағы көзі тірі 500-ге жуық ардагердің 384-імен сұхбат жүргізіліп, олардан майдан жолдарынан деректер жазылып алынған. Ақтөбелік соғыс ардагер­ле­рінің әңгімесі негізінде түсі­ріл­ген тарихи хронологиялық фильм соғыс жылдарындағы деректі көрсетілімдермен толықтырылған. Фильмді түсіруге республикалық “Қазақстан” телеарнасы қорының деректі материалдары, 312-ат­қыш­тар дивизиясының 30 жыл­ды­ғына арналған Ақтөбе қаласында өткен шаралардың бейнежазбасы, об­лыстық мұрағат материалдары, сонымен қатар мәскеулік, ле­нин­градтық және басқа да мұрағат­тардан алынған соғыс кезіндегі киноматериалдар мен фотома­те­риалдар пайдаланылған. Деректі фильм 7 сериялы. Фильм­нің бірінші сериясында 312-атқыштар дивизиясы мен 101-ұлттық бригада, екіншісінде Мәс­кеу, Ленинград, Бердичев жаяу әскері, Берчогур танк учили­ще­лері туралы, үшіншісінде Ста­лин­град шайқасы, “Курск до­­ға­сы”, Кавказ майдандары дерек­те­ріне негізделсе, кейінгі сериялары Ук­раи­на, Белоруссия, Румыния, Вен­грия майдандарын, Австрия­ны, Польшаны азат етуді, Бер­лин­ге шабуыл, Фин, Жапон со­ғыс­тарын қамтыған. — Біз жақсы бір іс тындырдық деп ойлаймын. Жас ұрпақ үшін мұ­ның маңызы өте зор. Тарихи құнды фильмнің болашаққа берері мол. Мысалы, Ржев түбіндегі шайқаса қатысқандардан қазіргі күні 10 адам қалған. Май­дан­герлер қатары тым сиреп қалды. Келешек ұрпақ қан майданның қасіретін, соғыстың салған ауырт­палықтарын осындай фильмдер арқылы білетін болады, — дейді Гүлбану Үкітайқызы. Жобаны жү­зеге асыру барысында майдан­да­ғы қазақстандықтардың ерлігі тың деректер де анықталыпты. Соның бірі – Польша жерінде қаза тап­қан қазақ қызы Алтыншаш Нұр­ғожинованың Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атағына ұсынылғаны ту­ралы болса, екіншісі – Ста­лин­град майданында жасақталған ба­тальонда зеңбіректерді сүйретуге түйелердің пайдаланылғаны. Шара барысында фильмнен үзінділер көрсетіліп, Гүлбану Үкіт­айқызының авторлық бейне­р­о­лигі жиналғандар назарына ұсынылды. Бұл тарихи-деректі “Ес­телік кітабы” фильмі – соғыс­тың көзі тірі куәгерлері жина­қ­­­талған бірегей жоба. Сондықтан да болар бұл фильмнің авторы Гүл­бану Үкі­тайқызы Мәскеу қала­сын­да өткен Ұлы Отан со­ғы­сы­ның 65 жыл­ды­­ғына арналған Х ха­­лықаралық Ар­­тем Боровик атындағы сыйлы­қтың лауреаты атанды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.