26 Қараша, 2010

Дала ұлының дана қадамы

443 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қазақстан қауіпсіздік жө­ніндегі аса ықпалды Ұйымға төра­ға­лық ете оты­­рып, биыл Астанада ЕҚЫҰ-ның Сам­митін өткізіп, онда қор­да­ла­нып қал­­ған, халықара­лық дең­­гейдегі  кө­кей­­кесті мәсе­лелерді кеңі­нен тал­қы­лау­ды ұсынды. Біздің ел­дің бұл бас­та­масы әлемдік қауым­дас­тық тара­­пы­нан кеңінен қолдау табуда. Енді, міне, сол алқалы жиын жел­тоқ­сан айының басында өткелі отыр. Оған бүкіл дүниежүзілік қа­уым­дастықтағы өздерінің орнықты ор­ны мен беделі бар мемлекет бас­шы­лары қатыспақ. Мұның бәрі ЕҚЫҰ тізгінін қолға алған Қазақ елі­нің белсенді іс-әрекеті, Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Тө­зімділік ұра­ны­мен жүргізген орасан зор жұ­мы­сы нәти­жесінде мүмкін болды. Бүгіндері Қа­зақ­станның дүние­ ­жү­зін­дегі қорда­лан­ған пробле­маларға ЕҚЫҰ төр­аға­сы ретінде баса назар ау­да­рып, ор­нықты шешім қабыл­дауға ықпал етіп отырғаны баршаға аян. Өйт­­ке­ні, Қазақстан әлемдегі тұрақ­ты­лық пен азаматтық келісімнің ор­да­сына ай­налды. Сенім болмаған жерде  түсіністік те шамалы. Ал кім-кім де болса, сөзі мен ісі бір жерден шығатын, демо­кра­тиялық прициптерді ту еткен, өзі­не де, өзгеге де жоғары талап қоя бі­летін ел­мен санасады. Әлем мазасыз. Түпкілікті шеші­мін күтіп тұрған халықаралық мә­се­лелер мен шешуі кейінге қалған ки­кіл­жіңдер аз емес. Талай жылдарға со­зылған, та­лай адамға қасірет-қай­ғы шектірген Тау­лы Қарабақ ки­кіл­жі­ңін  реттеуге о бастан-ақ біздің ел Пре­зиденті Нұр­сұлтан Назарбаев ара­ағайындық жасап, көп күш-жігер жұм­сап еді. Енді біздің елі­міз осы­нау өткір қойылған  мәселені ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде түпкілікті ше­шу жолдарын сол елдердің Пре­зи­дент­тері Ильхам Алиев және Серж Саргсянмен бірге іздестіруде. Әлем­дегі бас­қа да түйткілі мол, түйі­ні қатты жағ­дай­лар аз емес. Со­лар­дың бәрінің байыбына терең бой­лап, бірден-бір дұрыс шешімін табу оңай шаруа емес. Ең бастысы – бұл төр­ағалық тізгінін қол­ға алған біздің ел үшін ерекше жау­ап­кершілік. Бұл туралы Елба­сы да өзі­нің Қа­зақ­стан халқына  биылғы Жол­дау­ын­да да адам­зат­тың жаңа тари­хындағы аса күр­делі кезеңде төр­аға­лық ету­дің аса жоғары жауап­кершілік екенін қадап айтты. Қазақстан Ұйым төрағасы ретін­де лаңкестікпен, есірткі трафигімен, қару-жарақпен, адам саудасымен кү­рес­ке, сондай-ақ, Ауғанстанды қайта қал­пына келтіруге барынша маңыз береді. Қазақстанның төрағалығы Шы­ғыс пен Батыс қарым-қатына­сын­дағы жаңа көзқарасқа, өзара се­нім­ді нығайтуға жол ашады. Осы орай­да қазақ елінің төзімділік және ки­кілжіңсіз жағдайда дамуы өзге­лер­ге үлгі-өнеге болары да ақиқат жағ­дай. Биыл маусым айында Астанада жо­­ғары деңгейде өткен төзімділік және кем­сітушілікке жол бермеуге ар­налған конференция да көп мә­се­лелердің бетін ашты. Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымының бұдан бұ­рын­ғы саммиті 1999 жылы Ыстам­бұл­да өткені белгілі. Содан бері жа­һан­­дық тыныс-тіршілік пен тәртіп сан түр­лі өзгеріске ұшырады. Әлем ал­­дын­да жаңа міндеттер мен жаңа қа­уіп-қатерлер тұр: экологиялық дағ­да­рыс­тар; халықаралық лаңкестік; жо­ға­рыда атап өткен шешімі кейінге қал­ған күрмеуі көп кикілжіңдер; өр­шіп бара жатқан есірткі саудасы;  өзек­ті жара – ауған мәселесі және тағы басқалары. Оның үстіне соңғы он жыл ішінде ЕҚЫҰ-ға кіретін ел­дер Сыртқы істер министрлері бір­ың­ғай саяси декларация қабылдауға қол жет­кізе алмай жүр. Міне, осындай жағ­дайда Қазақстан Ұйымда қалып­тас­қан дағдарысты жеңіп, бұдан 35 жыл бұ­рын Хельсинкиде басталған про­цеске дем беретініне сенеді. Бұл Сам­митте ең алдымен қауіпсіздіктің бір­тұтас ар­хитектурасын құру мәсе­ле­сі шешімін табуы керек, дейді біздің ел. Сондай-ақ бұл салиқалы жиын­ның күн тәрті­біне этносаралық және конфессия­аралық мәселе де қойылуы қажет. Қазақстанның Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымына төр­ағалық етуі – бұл Қазақ елінің тұң­ғыш Президенті, бүкіл әлем таны­ған мемлекет қайраткері Нұрсұлтан Назар­баев­тың сол әлемдегі беделі мен іскерлігі, сындарлы сая­сат­керлігінің ар­қасы. Оны бүгінде бүкіл дүние жүзі мойындады. Жақында Елба­сы­ның қабылда­уын­да бол­ған ағылшын жазу­шысы және биографы Джонатан Айткен өзі­нің “Нұрсұлтан Назар­баев және Қа­зақ­стан жасам­паздығы” деген кіта­бын­да Қазақ елінің басшысына ерек­ше жо­ғары баға берді. Және сол ав­тор­дың журналис­тер­мен бір кез­де­суінде “Батыста да­ла­да туған еркектің Пре­зидент  болуы мүмкін емес”, де­ге­ні де бар. Бірақ ол Нұрсұлтан Әбіш­ұлы арқылы да­на­лықтың даладан даритынын да көріп, білді. Вашингтонда биыл­ғы сәуір айын­да өткен Ядролық қауіпсіздік жө­нін­дегі жаһандық сам­мит­те сөй­ле­ген сө­зін­де Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­­сы­ның Президенті Нұр­сұл­тан На­зарбаев ядро­лық сынақтардың со­ра­қы сұм­дығын ба­рын­ша кө­ріп-білген, Семей ядро­лық поли­го­нын жап­қан және әлем­дегі төр­тінші зымы­рандық-ядро­лық әлеуеттен өз еркі­мен бас тарт­қан Қазақстан МАГАТЭ-мен тығыз ын­ты­мақ­тас­тық­та ядролық қатерді та­ратпау және азайтудың жаһандық үде­рі­сі­нің жақтаушысы болып та­бы­латынын ерекше атап көрсетті. Бұл саммит әлемдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты сақтау ісіне ар­­нал­ған соңғы уақыттағы дүние­жү­зі­лік маңызы ең зор оқиға бол­ға­ны бү­гін­дері баршамызға аян. Оған әлем­дегі 47 мемлекеттің бас­шы­лары, әлем­дегі ең беделді де­ген ұйым­дар­дың жетекшілері қатысты. Солардың ішін­де Қазақстан лидері, әлем таны­ған саясатшы Нұрсұлтан На­зар­баев­тың орны тым ерекше болды. Әлем­дік маңызы бар жиын­ның төрінде оты­рып, көшелі сөз бас­таған да біздің Елбасы еді. Маң­дайы  жарқырап, ең бір мәртебелі мінберден бүкіл адам­зат­қа қатысты мәселелерді байыппен кө­те­ріп, басқалардың да басын шұл­ғыт­қан басшымызға тәнті болмаған адам. Қазақстан басшысы жаһандық сам­митте Бейбітшілік және алдын алу дип­ломатиясы сыйлығын алды. “Шығыс-Батыс” институтының бұл сый­лығы Америка Құрама Штат­та­ры­ның ең беделді деген наградаларының бірі, ол мемлекеттік басқару, қауіпсіз әлем құру саласындағы қомақты же­тіс­тіктері үшін әртүрлі елдердің сая­си және мемлекет қайраткерлеріне бе­ріледі деп белгіленген. Бұл сыйлық Қа­зақстан Президентінің еліміз тә­уел­сіздік алғаннан бергі көпқырлы, бейбітшілік сүйгіш сындарлы сыртқы саясатының және Қазақстан халқы­ның жұмылған жұдырықтай бірлігінің же­місі болса керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың ірі сая­сат­кер ретіндегі шын мәніндегі ли­дер­лік, адами қасиеттері мен оның кө­регендігі халықтар арасындағы келі­сімді ны­ғайтуда ерекше көрінді. Жә­не Нұрсұлтан Әбішұлы мұны өзі­міз­дің қазақ­стан­дық үйде де, сондай-ақ әлемдік ауқымда да ойда­ғы­дай жү­зе­ге асы­руда. Назарбаев – Қазақстан хал­қы Ассамблеясын құ­рудың және оны жүзеге асырудың авторы, әлемдік дін лидерлері съездерін, ТМД елдері мәдени және рухани дамыту фо­ру­мын өткізудің бастаушысы және ЕҚЫҰ дамытудың осы заманғы бас­ты қозғаушысы. Нұрсұлтан Назар­баев­тың әлем халқына Сенім, Дәстүр, Ашық­тық, Төзімділік қағидаларын сақ­тау жөніндегі үндеуі Қазақстан бас­шысының мемлеке­т­аралық қаты­нас­тар мәдениетін жоғарылатуға жаңа серпін әкелуге деген ұмтылу­шы­лы­ғын тағы бір дәлелдейді. Өткен жылдың қазан айында Фран­­ция президенті Николя Саркози Қа­зақ­станға мемлекеттік сапармен келді. Ол Қазақстанның экономи­ка­лық және әлеуметтік саладағы жетіс­тік­теріне оң баға бере келіп, біздің ел­ді өңірдегі тұрақтылықтың символы, сондай-ақ, ұлттық және діни ки­кіл­жің­дерден ада көп ұлтты және көп кон­фессиялы мемлекет ретінде жо­ғары бағалады. Қазақстанның жер аумағы Фран­­ция­дан бес есе үлкен, біздің ел – жер көлемі жағынан әлемдегі тоғы­зыншы мем­лекет. Қазақстанда 16 млн. адам бар, олар 140-тай ұлт пен ұлыстың өкі­лі, ұстанған діні де әртүрлі. Кеңес Ода­ғы тарағаннан кейін әлдебір сая­саткерлер қазақ же­ріндегі осынау ерек­шелік түбінде кикілжіңдерге әке­ліп соқтырады деп сәуегейлік жасады. Ең алдымен елдегі татулық пен бір­лікті қамтамасыз етуге биыл қа­был­данғанына 15 жыл толған ел Кон­сти­туциясы ерекше қолайлы жағдай ту­ғызды. Ол ұлтына, ұлысына, жы­ны­сына, тілі мен дініне қарамай барлық адам­ның теңдік қағидатын паш етті. Мұ­ның өзі бейбітшілік пен келісім сая­сатын дәйектілікпен жүргізуге жағ­дай жасады. Жақында Астанада өткен Қазақ­стан халқы Ассамблеясының сес­сия­сы ел өміріндегі ерекше оқиға болды. Ол келелі жиынға рухани мәдениет фору­мына қатысқан көптеген елдің қай­раткерлері де келді. Ассамблеяда сөз алған шешендер біздің Ел­ба­сы­ның дана саясатына жоғары баға берді. Оның басшылығымен қабыл­дан­ған стратегиялық жоспарлардың өмір­шеңдігін айтты, сол жасампаз жос­парларды жүзеге асыру үшін Ел­басы өкілеттігін ұзарту мәселесін де кө­терді. Мұның бәрі, әлбетте, шын жүректен шыққан, риясыз пікір еді. Өйткені, Қазақ елінің тізгінін ұстаған Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті – даладан шыққан дана қайраткер, қазақ халқының бағына біткен қайталанбас тұлға. Оған дәлел іздеп жатудың өзі артық, оны өмірдің өзі көрсетті. Тоқтарбай ҚАДАМБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.