Халықта айтатындай, тойдың болғанынан боладысы қызық. Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитін өткізуде Қазақстанның төрағалығының ойға қонымды нәтижесі бар екендігі күмәнсіз. Оның ең басты жетістігі – ел Президентінің, сондай-ақ біздің қоғамның осындай ерекше және жауапты миссияны мойынға алып, орындауы. Осыған байланысты Euronews телеарнасының журналисіне берген сұхбатында Нұрсұлтан Әбішұлы нық сеніммен “төрағалық және аралық қызметті орындау үшін ең алдымен үрдіске қатысушылардың салғырт қарамайтындығына көзі жеткенде ғана таңдайды”, дегенді айтты.
11 жыл кезеңнен кейін ЕҚЫҰ Саммитін өткізу ол әлемдік деңгейде де, сондай-ақ біздің еліміз үшін де тарихи оқиға болып табылады. Оны ұйымдастыру үшін өз қызметін өткір түрде ой-елегінен өткізудің және жаңа даму парадигмасын құрудың мүмкіндігі бар. Ал ел үшін мұны әлемдік биік талаптарды ескеретін қоғамды дамытудың мемлекеттік стратегиясын түзеу мүмкіндігі деп қарастырған жөн.
Кез келген ұйымдастырылған шараның жетістігі ұйымдық еңбектен туады, бірақ ол бәрібір соңындағы нәтижеге жауапкершілік артатын оның басты ұйымдастырушысы мен негізгі идеясын шығарушыға байланысты болады. Төрағалықтың жетістігі жүргізілген істің барлық жиынтығынан, көптеген ұйымдар мен адамдардың ынта-жігерінен қалыптасады, ал басты шара ол Астанада өтетін Саммит болып отыр.
Экономикалық ғылымда халық шаруашылығы аясындағы сол немесе басқа да салаларды бағалау нақты бір жетістіктің деңгейін анықтайтын факторлардан басталады. Саммит қарсаңында біздің еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығында оның жетістіктеріне үлесін қосқандығы туралы қорытынды жасауға көптеген негіздер бар.
Біріншіден, халықаралық қоғамдастық біздің еліміздегі барлық реформаларға өз бағаларын берді, яғни біз қол жеткізген тұрақтылық бағасы, ең бастысы, қоғамдық өмір көрсеткіштерінің бағасы. Мұндағы бағалау үрдісіндегі бастысы – Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына лайықты деген оң баға. Мұндай бағалаудың қазірде және болашақта да құндылығы өте жоғары болмақ.
Екіншіден, Ұйым дамуының көптеген күрделі мәселелері арасынан басымдарын таңдап алу қабілеттілігі, осы Ұйымның түрлі салалары арасынан саналы түрде серіктестік құрастыру және жан-жақты кері көзқарастарды орынды шешу. Бұлар біздің еліміздің Президентінің ғана қолынан келді деуіміз керек.
Үшіншіден, ЕҚЫҰ тарапынан толықтай қолдау тапқан Қазақстан ұлттық және дінаралық қатынастарды реттеудің өзіндік ерекше тәжірибесін иеленеді. Бұл түрлі елдердің 12 президенті құжатқа қол қойып, біздің өтінішімізді қабылдаған төрағалықтың айтарлықтай маңызды факторы және ол нығая түсуде.
Төртіншіден, төрағалықтың жетістігі Қазақстан Президентінің идеялары мен тапсырмаларын іске асыруда нақты жауапкершілік артқандардың белсенді қызметіне, қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз еткендерге, сондай-ақ ұлттық экономиканы нығайтуға жұмыс істегендерге байланысты анықталып отыр.
Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі жетістігі сыртқы, сондай-ақ ішкі әсерін иеленеді. Қазақстанның жетістігі – ол бүкіл Орталық Азияның, ТМД-ның жетістігі. Қазақстан – бұл ЕҚЫҰ төрағасы болған тұңғыш азиялық ел, бірінші посткеңестік ел, бірінші түркі әлеміндегі ел және едәуір бөлігі ислам мәдениетінің дәстүрлі аралығында жатқан ел.
Біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз кезіндегі аймақтарға әсеріміз жайлы айтқанда, мыналарды көрсете кету керек:
– Ұйым қызметінің институттық-ұйымдастырушылық механизміне Қазақстан тәжірибесін енгізу;
– демеушілік қаржылардың механизмін жетілдіру;
– елдераралық бірлесудің түрлі деңгейдегі мәселелерін шешуге жәрдемдесетін қуатты ақпараттық база құру;
– біздің төрағалық әрекетімізді жалғастыру, себебі “үштік” – ағымдағы, бұрынғы және болашақ басшылық деген қағидаға негізделеді. Сондықтан 2011 жылы да Қазақстан толық деңгейде ЕҚЫҰ басшылығының бірін атқаратын болады және өзінің 2010 жылғы төрағалық қызметінің жетістігін нығайта түседі.
ЕҚЫҰ төрағалығының ішкі әсерін айта отырып, біз сенімді түрде келесілерді айта аламыз:
– еліміз индустриялық-инновациялық даму жолына түсті, өндірістік әлеует артып келеді;
– Қазақстан жеке ел ретінде 20 жылға жуық уақыт бұрын пайда болды, алайда осындай жоғары деңгейде сенім арту болған емес. Бұл – еліміздің саяси-экономикалық және басқа да жағымды жетістігі;
– еліміздің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы саналы, еңбексүйгіш, толерантты және тәуелсіз Қазақстан халқының стратегиясы болды;
– еуразиялық ықпалдасу идеясы тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары ұсынылса, ол іс жүзіне асырылып, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық пен Кеден одағы құрылды;
– көлік инфрақұрылымы дамуда, маңызды темір жол бағыттары енгізілуде, Батыс Қазақстан -Батыс Қытай мұнай құбыры, “Солтүстік-Оңтүстік” жоғары вольтті электр желісі сияқты стратегиялық объектілер іске қосылды;
– мұнай-газ және тау-кен металлургиялық кешендерін жаңғырту жалғасуда, экономиканың инновациялық саласы кеңеюде;
– Батыс Қытай-Батыс Еуропа көлік жолы жылдам салынуда және ол Ұлы Жібек жолын жаңғыртады, Қазақстан экономикасы еселеп өседі.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы сыртқы және ішкі әсердің жиынтығы әлемдік қоғамдастық жетістігінің бір бөлігі, себебі Ұйым қызметінің жаңа сапалы түрі байқала түсті. Қазақстанның төрағалық кезеңінде жекелей мәселелер бойынша кеңес беруден баянды келіссөздерге өту үрдісі жүрді. Түпкілікті түрде Ұйымның сөз сайыстыру аумағы өзгертілді және Қазақстан ЕҚЫҰ-ның барлық үш себетін толтыру үшін барлық күш-жігерін жұмсауға тырысты, сондай-ақ көптеген түсініспеушіліктерді еңсерді.
Елімізді Еуропа тани түсті және ЕҚЫҰ қызметі, Қазақстанның төрағалық құзырындағы жұмысы туралы отандастарымыздың біліктілігі артты. ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан атқарған бүкіл жұмыс ұлттық игілік қоржыны мен халқымыздың гүлденуін толықтыра түседі және сол арқылы еліміздің әлемдік кеңістіктегі саяси және экономикалық қауіпсіздігін нығайтады.
Тоқетері, біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз, саммит өткізуіміз Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастықтан өз орнын ойып алды дегенді білдіреді. Дүние жүзі бізді білді, көрді, бізге сенді, ал біз сенімді ақтау үстіндеміз ғой деп ойлаймын. Ал мұның Қазақстанның стратегиялық дамуына үлкен серпіліс беретіні де күмәнсіз.
Оразалы СӘБДЕН, ҚР БҒМ Экономика институтының директоры, э.ғ.д., профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.