27 Қараша, 2010

Жібектің жұлдызы

1053 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Театр – ғасырдың поэтика­лық парламенті.

А.ГЕРЦЕН.

Өткен ғасырда Қазақ театры шаңырақ көтеріп, уық қадасты. Қ.Қуа­нышбаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмір­зақов, Қ.Жандарбеков, С.Май­қанова, Ә.Өмірзақовалар осынау әрі көне, әрі балаң өнердің өркенін жайып, өрісін ұзартты. Қазақстанның басты-басты қала­ларында өз театрлары түтін түзеді, он сан талант­ты актерлер мен актрисалардың түлеп, қанаттануына жол ашты, он сан режиссерлер өз шеберліктерін шың­дау­ға мүмкіндік алды. Сондай өнер ордасы Қызыл­орда қаласында да көптің күткен көзайымына айналды. Оның негізі 1955 жылы Талдықорған қаласында қаланып, 1960 жылы нау­рызда Қызылордаға қоныс аударды. Театр қызылордалықтар алдында алғаш рет өз шымылдығын Ғ.Мүсіре­повтің “Ақан сері – Ақтоқты” траге­диясымен ашты. Қалың жұртшылық сан қырлы таланттарымен, алуан-алуан мі­нездерімен, сырлы да нұрлы сым­бат­тарымен ерекшеленген Шолпан Бәкірова, Шәріп Мәрденов, Қы­дырма және Кәшифа Көпбаевалар­мен, Айнатай Манасбаева, Раиса Тәшібаева, Тұрысжан Айнақұлов, Жібек Бағысовалармен жүздесті. Жібек Бағысова! Осы бір өнерлі жанмен қай жыл­дарда танысып едім. Әрине, сырттай. Е, ұлы Сәбит Мұқанов­тың даңқты романы “Ботагөзге” бай­ланысты екен-ау! Романға қа­тысты көркем лента Бурабай бауы­рында түсіріліп еді. Сәбеңнің өзі бас кеңесші болған. Ботагөз қыз­дың тағдыры таразыға тарты­лады. Алматылық сұлу қыз Гүлфайруз Ысмаилова Ботагөзге лайық іс-қи­мыл үстінде ширай түскенімен атқа міне алмайтын болып шықты. Сол тұста Бурабайдың бөз көйлек­тің ішін­де бүршік атып келе жатқан бал­ғын қызы Жібек дубльдікке жа­рап кетті. Қарсыдан соққан өк­пек желге өлермендене тура шап­қан ат үстіндегі Ботагөз – Жібектің жел желпіген бұрымды шашы, бүрме көйлегі көлбең береді. Көз ұшында құлдыраңдай жосылтып барады. Әне, көкжиекке де сіңіп кет­ті. Жай сіңіп кеткен жоқ, бола­шақтағы тұғырлы биігіне жол салып кетті. Ардақ тұтып, мақтан етер жер­ле­сі­міз Жібек Бағысованың жұл­дызы жарқыраған, мол ізденістер мен ғажап табыстарға толы жыл­дары қасиетті Қызылорда топыра­ғында, ондағы өнер шаңырағы – қазақ театрының түндігі астында өтті. Осы арада өнерлі ұжым Жібек тәрізді тамаша сахна суреткері, он сан кейіпкерлерінің жан дүниесін ашу үстінде қапысыз шеберлігімен танылды. Жұрт кейіпкер шырайын аша білетін жасты қолдады, қол­тықтады. Өнер иесіне бұдан басқа басы артық ештеңе де керек емес еді. Сахна өнерпазының өрісін ұзар­татын режиссердің тағылымды еңбегі ерен. Осы орайда Қызыл­орда театры­ның бас режиссері бол­ған Жақып Әбілтаевтың есімін, ерен еңбегін қадай айтуға қақы­лымыз. Өйткені, Жақып өз кезінде ұлттық классикалық драматур­гия­ның шоқты­ғы биік туындыларын сахнаға шығаруда зор талғампаз­дық, іргелі ізденістерге бара білді. М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек”, “Ай­ман-Шолпан”, Ғ.Мүсіреповтің “Қо­­зы-Көрпеш – Баян сұлу”, “Қыз Жібек” спек­такльдері сол тұста көпші­лік назарына ұсыныл­ды. Ол сонымен бірге, әлемдік клас­­сиктердің драмаларын сахна­лауда батылдық танытты. Ә.Тәжі­баев, Қ.Мұхамед­жанов, А.Тоқма­ған­бетов, З.Шүкіров, С.Баязитов, И.Оразбаев, Қ.Сүйе­нішов, С.Балға­баевтардың шығарма­ларын сахна­лау­ды да ескеріп отырды. Қызылорда театрының табыс­тарын көктей өтудегі мақсатымыз, осынау өнердегі жемісті жеңістерге Жібек Бағысованың да кірпіш бо­лып қаланған, үлесі барлығын және оның соқталы болғандығын еске алу еді. Өйткені, театр табысы тұтас ұжымға: есіктегі вахтерден сахнаға көтерілген әр актер, әр актрисаға тән тәуелді екендігі дау тудыр­майды. Бұл күнде театрды талас тар­тысы жоқ киелі өнер ордасы санар болсақ Жібек Бағысова да сол өнердің уызды мәйегін тым ерте емген әрі сол мәйектен тұла бойы­на сарқылмас қуат дарынын дарыта алған таланттар шоғырына қо­сыл­ды. Оған 1967 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, 1980 жылы Қазақ КСР-інің халық әртісі құрметті атақтардың берілуі Жібек Бағысованың сахна төріндегі сан қырлы, алуан арналы өнерін мойындау әрі әділ баға болатын. Жібек апамыздың он сан кейіп­керлерінің бәрін тізбелемей бір ға­на тамаша таланттылықпен сом­дай алған образын сөз етелікші. Ол ұлы Мұхтар Әуезовтің “Қарагөзі”. Жібек Бағысова өзіне жүктелген Қаракөзді қалай қабылдап, қандай амал-әдіс арқылы сомдай алды екен дегенде, белгілі театр сыншы­сы Қажықұмар Қуандықовтың бер­ген бағасына ден қоямыз. “Ре­жиссер (Мен-Ден-Ук) уыз махаб­бат пен ақындық шабытты шарықтата көрсетуді басты шарт деп түсінеді. Өзінің осы өзекті идеясын әсерлі жеткізу мақсатымен, ол Қарагөз рөлін театрдың ең жас актрисасы Жібек Бағысоваға тапсырған. Сәукелесін көтере алмай Ертістің бозша талынша майысып тұрған Қарагөз – Жібек соншалықты нә­зік. Көздері жәудіреп еліктің лағын­дай елеңдеп тұратын үрейлі сәттері қорғансыздар күнін елес­тетіп өтеді. Ол әлі де өз тағдырын шешпеген, сенімінен гөрі жүре­гін­дегі үрейі көп жан. Сыңғырлаған күміс дауысты, бала жүзді Жібек уыз махаб­батқа еркін алдырған. Сол махаббат үрейді жеңіп, ар­манына жетеледі. Оның махаббаты гүлге түскен шық тамшысындай мөл­дір. Режиссер осы тұлға харак­терін шығыс поэзиясының нәзік­тігінен іздеген. Трагедияның лири­ко-романти­калық сазын биікке көтерер тұлғаның бірі Қарагөз бо­йында ізеттілік, инабаттылық сені де оған ғашық етеді. Осыншама нәзік жанның тағдыр соққысын көтере алмай, жынданып кеткеніне сенесің. Қарагөз – Жібек күрес үшін емес, махаббат үшін жаралған. Бұл өз шешімінде нанымды”. Міне, белгілі театр сыншысы Қ.Қуандықовтың Қарагөз – Жібек ойынындағы образдың айшықты көрініс бергендегі пікір байламы осындай. Тағы бір ірі театр сыншысы Бағыбек Құндақбаев: “Жеке рөл­дерден Ж.Бағысова (Мирондалина) мен Т.Пірімжановтың (Рипафратт) дуэттері өзінің жаңалығымен орын­даушылардың еркін қимыл қозға­лыстарымен көзге түсті” деп К.Гол­донидің “Қонақ үйдің қожасы” қойылымындағы Жібектің образ ашудағы еңбегіне зор баға бергені де есте. Бұл Жібек Бағысованың актри­салық амплуасының аясы әрі кең, әрі айшықты сипатта молы­нан суарыл­ғандығын аңғартады. Жібек Бағысованың театрдағы екінші өрісті ғұмырының жалғасын туған өлке Көкшетаудағы Ш.Құ­сайынов атындағы қазақ музыка­лық-драма театрына келуімен орайлас қарастырған жөн. Көрнекті режиссер Жақып Омаров іргетасын қалап беріп кет­кен бұл театр өзінің жастығына қарамас­тан, облыстардағы бет бей­несін қалып­тастырып үлгерген, өнерпаз жастар шоғырын шыңда­ған қара шаңырақ болуға бет түзеп қалған орда. Бұл ұжымда Жібек Бағысова ұзақ жылдарда бойына жинаған асыл өнер қазынасын жастарға үлгі етіп ұсынуда жалыққан емес, ана болып ақыл бөлісуден тартынған жоқ. Сонау Сыр бойында қалған балғын, балауса шақтарының тап бүгінгі жарқыл жаңғырығындай болып елестер Жарас пен Төлеубек, Сафуан мен Құмарбек, Қайрат пен Ербай, Жанар мен Гүлмира, Зафура мен Айна, Маржан мен Айман әже Жібек, ана Жібек, актриса Жібек үшін аса қымбат жандар. Осындай талантты топпен он бес жыл бойы жұп жазбай еңбек етіп келе жат­қандығын қанағат тұтады. Көкше­тау театрына келгелі де Жібек Ба­ғы­сова он сан кейіпкердің қайта­ланбас ғажап образдарын сомдады. Баяғы Қарагөзді көктей өтіп, бұл күнде Әлима мен Толғанай, Құдағи­дың, Салиқа мен Хади­шаның, Най­ман-Ана мен Фармон бибінің, Болду­қан мен Таңқа бике­нің, Бәйбішенің образдарын жаса­ды. Заты ана демесе­ңіз бұлардың бірін бірі қайтала­майтын өзіне тән қырлары мен сырлары бар, дүниені қабылдау түйсіктері мен пиғыл мінезі бар. Жалғыз жан Жібек­тің осыншалықты мол мінез­ді, алуан ажарлы, тағдыр талайы әр басқа кейіпкердің сый­патына еніп, жан дүниесіне ой бой­лата жүріп соны кескін пішімді образ­дарды ойнай білгеніне тәнті боласың. Сөйтесің де бұлай бола білу тек текті де ірі таланттардың ғана пешенесіне жазылған бақыт шығар дейсің. Өмірі жолдың үстінде, сахна төрінде өтіп келе жатқан Жібектің есіліп түскен жібек мінез пиғылы мен өрісті өнеріне ортақтығымен шын қуанар серігі Бұрхан жан жарының өнердегі тілеуқоры ғана емес, шынайы сыйласы, демеуші тірегі екендігін ертеден аңдағанбыз. Ұрпақ тәрбие­сінде де Бұрханның еңбегі еселі. Иә, Жібек Бағысованың өнер­дегі жұлдызы барынша жарқырай түскен қалпы әлі де талай жылдар қалың жұртын сахна төрінен төгіл­ген ғажап өнерінің алмастай асыл нұрымен шуаққа бөлей беретіндігі ақиқат. Төлеген ҚАЖЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры.