27 Қараша, 2010

Ақжолтай алтын

492 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Каратэшіміз Дархан Ассаділов (60 кг.) ақжолтай жігіт екен. Спорттық өмірбаянында әлемнің күміс, Азияның қола медалі бар оғыланымыз 25 қараша күні алтынның тығынын ағытып берді. Дарханның ақжолтай жолы Ринат Сағындықовқа да (67 кг.) құт болды. 2009 жылы Қытайда өткен Азия чемпионатында алған күмісін Азиаданың алтынымен аптады. Жеңіл атлеттер сайысы өтіп жат­қан стадионға ойыстық. Мар­гарита Мацко 2009 жылы Гуанч­жоуда өткен Азия чемпионатында осы стадионда 800 метрге жү­гіруден күміс жүлдегер атанған еді. Бұл жолы финалға шыққан сегіз жүйріктің ішінде қазақстандық қыз 2:00. 29 уақытысымен бірінші келді. Жүйріктердің жарысы секөнттермен өлшенетіндігін есепке алатын болсақ, Маргарита екінші орын алған Вьетнам қызынан қозы көш бұрын келді десе де болады. Ханой бойжеткені Туонгтың уақыты – 2:00.51. Мацконың құрметіне қазақ байрағы көтеріліп, әнұранымыз ойналғанда сүйріктей сүйкімді қыз Ольга Рыпакова жарысын қойып, қолын жүрек тұсына ұстап тұра қалған. Жүзінде нұр тұнады. Бұл кезде өзі де шашасына шаң жұқтырмай келе жатыр еді. Ольга үш қарғып ұзындыққа секіруде біріншіде 14 м. 64 см. көрсетіп, екін­шісінде 14 м. 78 см-ге қарғы­ды. Азия рекордына 15 м. 25 см. нәтижемен өзгерту енгізген қызы­мызға, әрине, бәсекелестер көп бол­ды. Бірақ, ешқайсысы маңай­лай алмады. Екінші орында келе жатқан қытай Хи Лам соңғы кезе­гінде стадион толы жанкүйер­лері­нен қолдау сұраған. Көмектеспеді. Қазақ қызын ала алмайтынын білген Хи секірмеді. Нәтижесі 14 м. 18 см. Үшінші орындағы Таи­ланд өкілі Муангтың көрсеткіші 13 м. 85 см. Ольга бәйгені шаппай алды. Туымыз көтерілді. Әнұраны­мыз ойналды. Анна Алябьева бастаған көр­кем гимнасшы қыздарымыз да шу дегенде топ бастап еді. Көркем гим­настика – жан, тән сұлулы­ғының болмысын ашатын бекзат өнер. Төрт түрлі жаттығуда біздің қыздар Азия ойындарының алды болды. Алтын алған аруларымыз: Анна Алябьева, Марина Петра­кова, Мәдина Мұқанова және Мизана Измаилова. Төрттігіміз командалық есепте бірінші орын алды. Енді Азия чемпионы, әлем кубогы кезең­дерінде үштіктен көрініп жүрген Анна Алябьева жеке сынға түседі. Кереметті Карпов көрсетті. Онсайыстың алғашқы түрінен 24 қарашада қарсыластарынан 200 ұпайдан артық алға шығандап кеткен Дмитрий ядро лақтыру мен сырықпен секіруде бірінші орынға шығып, екінші орында келе жатқан өзбекстандық Руфат Ар­тықовтан 500 ұпайға дейін ұза­ған. Карповтың сегіз сайыс бойынша жинағаны 6 812 ұпай. Артықов­тың жинағаны 6 342 ұпай. Найза лақтыруда Карпов бесінші орынға шықты. Соңғысы 1 500 метр­ге жүгіру бола­тын. Қарсылас­тарына қарағанда бойы ұзын, денесі ауырлау Дмит­рий орта жол­да қа­лып қоймаса бол­ғаны деп қауіп­тендік іштей. Жарыс нәти­жесі бойынша төртінші келе жат­қан корей Кимнің құстай ұш­қаны-ай. Шу де­генде топ бас­таған Ким жеке-дара кет­ті. Уақыты – 4:13. 57. Карпов төртінші келді. Он­сайыс қоры­тынды­сы бойын­ша 8 026 ұпай жи­нап, ал­тын медаль ал­ды. Екін­ші орын­­дағы жан­кеш­ті Ким­нің жи­нағаны – 7 808 ұпай. Үшін­ші орын­­ға 7 755 ұпай­мен вьет­нам Ю Хуен шықты. Жү­гі­руде соңынан келген Артықов алтын­шы орында қалып қойды. Біз әлемнің қос дүркін чем­пионы, бай­рақ­ты бәсекеде туы­­­мыз­ды көтеріп жүр­ген Серік Сә­­пиевке сеніп үй­­рен­ген­біз ғой. Сен­ді­ретін өзі. Ше­гі­нуді біл­мейді. Қос қолы най­за­ғайдай жар­қыл­дап үне­мі ай­қас­ты қа­лай­тын ба­тыры­мыз өзбек Өт­кір­жан Рах­мо­новты соқ­­қы­ның астына ал­ды. Үшінші рау­н­дтың ба­сында нок­даун­ға жібер­ді. Есеп – 9:3. Серік Сә­пиев – жеңім­паз! Сегізінші ал­тынды су до­бы­нан жігіттеріміз алып берді. Алып берді деп айтуға оңай. Қытай құ­ра­масы алғашқы кезеңде 4:2 есебі­мен жеңіп тұрған. Мұз­жарғыш кеме­лердей бассейндегі судан таудай толқын туғызған жігіттері­міз қайраттарына мінді дейсіз. Өз елі, өз жерінде тұрып, халқының саны бір Гуанчжоудай ғана мем­лекетке алтын ұстатып жіберуге қытайлар да ықыласты емес. Же­ңіс добын бәрібір біздің баһа­дүр жігіттер салды. Есеп – 7:6. Бір күнде сегіз алтын медаль! Бұл 14 күнде жинағанымыздан асып түс­тік. Алдымыздағы 19 алтын медалі бар Иран жур­на­листері сас­қалақтай бастады. Бірінен соң бірі бізді оңашалайды. “Енді неше ал­тын алуға мүмкіндіктеріңіз бар?” деп. 26 қараша күні каноэ мен байдарка есуден алтын күтіп едік. Қытай мен жапондар оның ма­ңайынан жүргізетін емес. Бұйыр­ға­ны 2 күміс, 1 қола болды. Көркем гимнасшы қызымыз Анна Алябьевадан, балуан қыз­дарымыздың бірінен, боксшы Данияр Елеусіновтен және 400 метрге жүгіру эстафетасынан алтын күтіп отырмыз. Бет қатталып жатқанда Азиа­да­­дағы тілшіміз Бақтияр Тайжан телефон арқылы Анна Алябьева­ның алтын жүлде алғанын хабар­лады. Те­ле­фонның ар жағындағы жан­кү­йерлердің қуанышында шек жоқ. Со­ған қарағанда, гимнасшы қызы­мыз­дың жеңісіне біздің ғана жанк­үйер­лер емес, аренада отыр­ған бар­лық көрермендер риза сияқ­ты. “Соң­ғы жаттығуда” лен­та­сы оралып қалып, өлі тыныш­тық орна­ған еді, – деді Бақтияр Тайжан. – Сонда да Анна әде­мі өнер көрсетіп, қарсы­лас­тарынан оқ бойы озып кетті. Сөй­тіп, бар­лық жинағаны – 111, 450 ұпай. Бейжің Олимпиада­сының қола жүлдегері Елена Шалыги­на еркін күрес­тен Азиада жеңімпазы атанды. Ол моңғол қызы Насам­бураа Охир­бат­­тан 5:0 есебімен басым түсті. Бокс­тан 64 кг. салмақта сынға түс­кен Данияр Елеусінов те алтын жүл­деге ие болды. Каноэ есуден күміс пен қо­ла жүлде алдық. Ерлер арасын­да­ғы 200 метрлік каноэ қайықпен жа­ры­суда Александр Дятчук күміспен күптелсе, 50 метрлік жекелей каноэ бәсекесінде Наталья Сергеева қола жүлдеге ие болды. Үш қарғып секіру­де Ев­гений Эк­тов қытайлық Ли Янц­зы­ға есе жіберіп, күміс медальды қа­на­ғат тұтты. Бокс бәсекесінде Бір­жан Жақыпов ежелгі қарсы­ласы қы­тай­лық Жу Шимин­нен 9:5 есебімен ұты­­лып, ол да күміс жүлдені иеленді. Же­­ңіл ат­ле­ти­кадан биіктікке секі­руде Ан­на Устинова үшінші орын­ды же­ңіп алды. Бұл сында ал­тын мен кү­міс Өзбекстан спортшы­ларына кетті. Сондай-ақ Гүзел  Манюрова қола жүлдеге ие болды. Осылай Қа­зақ­­стан құрама­сы 18 алтын, 23 кү­міс, 37 қола ме­даль­мен кешегі бесінші орнын­да тұр. Біздің алды­мыздағы Иран­да 20 алтын, 12 кү­міс, 25 қола. Қа­зақстан құрамасы 1998 жылы Таи­ланд елін алға жіберіп, бесін­ші орынға тұрақтаған бола­тын. Енді міне араға 12 жыл са­лып, біз “мен­­шіктеп” ал­ған төртінші орны­мыз­­­дан айы­рыл­масақ деп тілейік. Бүгінгі бә­се­кеде басқа спортшы­лары­мыз екі жә­не одан артық алтын жүл­­дені ал­са, Ираннан басып озары­мыз сөзсіз. Бір қызы­ғы, осы елдің же­ңіп алған 20 ал­тын меда­льы­ның 19-ын ерлер мо­­йын­дарына тақса, 1 ал­тын жүл­де­ні у-шудан нәзік жанды өкілі иеле­ніп­ті. Ал Қазақстанда 8 ал­тын жүл­де­ні ер адамдар алса, 10 рет бірін­ші орынға шық­қандар әйел­дер екен. Осын­­дай жағдайды Қытай елі­не қа­тысты айтуға болады. Онда көр­ші елі­міз жеңіп алған ал­тын жүл­­­­­де­лер­дің 110-ы әйел­дерге тиесілі бол­­са, 71 алтын ме­дальды ер адамдар иеленген екен”. Бақтияр ТАЙЖАН, “Егемен Қазақстан” – Гуанчжоудан (Қытай). ____________________ Суретте: гимнасшылардың ортасында тұрған Анна Алябьева; күрес клемінде Елена Шалыгина.