27 Қараша, 2010

Жаңа әуе бағыттары ашылды

438 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
“Атың болса жер таны, желіп жүріп” демекші, дөңге­ленген дүние ғажайыптарын көзбен көріп, саяхатқа шығудың өзіндік артықшылықтары мол екендігі айтпаса да түсінікті. Қазақстан Республикасының ұлттық тасымалдаушысы “Эйр Астана” әуе компаниясы бұл орайда жолаушылар мүмкіндігін молайта түсуде. “Эйр Астана” АҚ президенті Питер Фостер Алматыда өткен баспасөз мәслихатында биылғы жылдың қараша-желтоқсан айла­рын­да Алматы, Астана және Аты­рау қалаларынан – Ресей, Тә­жік­стан, Өзбекстан, Түркия мем­лекеттерінің қалаларына жаңа әуе бағыттарының ашылатыны туралы хабарлады. Мәселен,  “Эйр Аста­на” компаниясының ұшағы Ду­шанбе қаласының халықаралық әуежайына 21 қарашада бірінші рет қонды. Аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күн­дері қатынайтын “Fokker-50”  әуе кемесімен жолаушылар Алматыдан Тә­жікстан астанасына саяхат жа­сай алады. Сондай-ақ, биылғы жылдың 28 қарашасынан бастап Ақтау-Ыс­тамбұл-Ақтау жаңа рейсі аптасына бір рет – жексенбі күндері қа­тынайды деп жоспарлануда. Бұл рейс “Aіrbus A320” авиалайнерімен орындалады және Түркияға қазіргі уа­қыттағы бағыттық желіні толық­тырады. Биылғы жылдың 2 желтоқ­санынан бастап Алматыдан Таш­кентке сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері “Aіrbus A320” ұша­ғы қатынамақ. Сөз реті кел­генде атап айтарлығы, “Эйр Ас­тана” бұл күні Санкт-Петербургті Алматы қаласымен жалғастырмақ, яғни, Алматыдан Пульково әуе­жайына “Aіrbus A320” ұшағы апта­сына екі рет, сейсенбі және бей­сенбі күндері қатынайды. Биылғы жылдың 8 желтоқсанында Ека­те­ринбург-Астана-Екатеринбург рейсін ашу жоспарлануда, ол  “Fokker-50” ұшағымен сәрсенбі және жексенбі күндері орын­да­ла­ды. Сонымен Ресейге ұшатын ұшақ­тар саны беске дейін кө­бейтілді. – Атап  айтарлығы, “Эйр Астана” компаниясы биылғы жылы  “The Skytrax 2010 World Aіr­lі­ne Awards” халықаралық сыйлық марапаттауында 18 мил­лион адам арасындағы дауыс беру нәтижесі бойынша Шығыс Еуропада ең үздік әуе компа­ния­ларының бірі және ТМД кеңіс­тігінде көшбасшы болып атанды. Келешекте қызметіміздің сапасын одан әрі жақсартып,  ең жоғары әлемдік стандарттарға сай көтеруге және бағыттар желісін кеңейтуге ұмтылудамыз. Жаңа бағыттар жо­лаушыларға саяхаттауға және олар­дың уақытын үнемдеуге мол мүмкіндік сыйлауда. Сондай-ақ, әуе компаниясы еліміздің  алыс және жақын шетелдермен өзара іскерлік және мәдени байланыс­тарды нығайтуында да маңызды рөл атқарады. Жаңа рейстердің ашылуы жолаушылардың Қа­зақстанның торапты әуежайлары арқылы азиялық және еуро­палық бағыттарға транзиттік сапарлар жа­сауына мүмкіндік­терін көбей­теді, – дейді “Эйр Астана” АҚ президенті Питер Фостер. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.