27 Қараша, 2010

ЕҚЫҰ-ның Шолу конференциясы: Адами құндылықтарды дәріптеу – ұйым қызметінің басым бағыты

642 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 7-ші Саммиті қарсаңында Шолу конференциясы басталды. Үш күнге созылатын аталған конференцияның аясында Үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтті. Онда “ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі қызметі бойынша барлық ұстанымдары мен міндеттерінің орындалуына шолу жасау”, “Келешекке  қажетті жобалар мен ұсыныстарды талқылау” тақырыптары бойынша бірнеше бағыттарда сессия жұмыстары ұйымдастырылды. ГУМАНИТАРЛЫҚ ӨЛШЕМ – ЕҚЫҰ-НЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАЛАРЫНЫҢ БІРІ Әлемдегі ең бір жетекші, қыз­мет ету аясы кең ұйымдардың бірі саналатын ЕҚЫҰ-ның негізгі ұс­танымдарының бірі – ол   гумани­тар­лық өлшемге, яғни адами құн­ды­лықтарды дәріптеу мен ұлық­тауға негізделетіні белгілі. Ал Қа­зақстан аталған Ұйымға төрағалық ету тізгінін берік ұстаған күннен бастап осы адами өлшем бағытына айрықша назар аударып келеді. Бұған еліміздің төраға мінберіндегі 1 жылға жуық уақыт ішінде жүр­гізген салиқалы саясаты, оң тәжі­рибесі әрі сол тәжірибеге негіз­дел­ген сан салалы жұмыстары, өткіз­ген басқосулары мен жиындары айқын дәлел бола алады. Ал, бұл орайда, Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың:  “Мәселенің мәнісі тым күрделі: таразыға адам өмірі тартылады”, – деген бір ауыз сөзінің өзі Қазақ­станда қолға алынған барлық ма­ңызды бастамаларға негіз болғаны анық. Бейбітшілік және келісім са­райында Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен фо­рум еліміз Сыртқы істер министр­лігінің Ерекше тапсырмалар жө­ніндегі елшісі  Мәдина Жар­бо­сынованың құттықтау сөзімен ашылды. Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші өз сөзінде бүгінде ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер мен азаматтық қоғам арасындағы байланысты нығайтудың айрықша рөл атқаратынына тоқтала келе, қазіргідей жаһандану заманында гуманитарлық өлшем бағытындағы шешілуі кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді тез арада оңтай­лан­дыру бағытында ауқымды жұмыс­тар атқарылуы қажеттігін атап өтті. Солай дей келе, ол жиынға қаты­сушыларды форум аясында талқы­ланатын мәселелер бойынша ой-пікірлерін еркін жеткізіп, өзара пікір, ақпарат алмасуға, сондай-ақ, күрмеулі мәселелердің түйінін бір­лесіп тарқатуға, бұл бағытта өзде­рінің ұсыныстарын жеткізуге шақырды. “Гуманитарлық, яғни адами өлшем – бұл ЕҚЫҰ кеңістігінде қа­ралатын ең бір бұқаралық бағыт­тардың бірі. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қор­ғау және қамтамасыз ету, қо­ғамды демократияландыру, адам саудасымен күрес, білім беру, сот жүйесінің тәуелсіздігі, сайлау жүйе­сін жетілдіру, гендерлік теңгерім­ділікті қамтамасыз ету секілді ауқым­ды мәселелерге ерекше мән бе­ріледі. Ал бұлардың барлығы, сөз­сіз, Ұйымның адами өлшем ұстанымына айрықша бұқаралық ма­ңызын айқындай түседі. Сол се­бепті де жалпыға ортақ қауіпсіздік тұжырымдамасына негізделген бұл ұстаным халықаралық назардан сырт қалмауымен де маңызды. Ол өз кезегінде осы саладағы  ЕҚЫҰ қызметінің тиімділігін көрсетсе ке­рек. Ал бұл ретте Ұйымның, сон­дай-ақ, Демократиялық институт­тар және адам құқықтары жөнін­дегі бюроның гуманитарлық өл­шем мәселелерін қарастырудағы рөлі де, құзыреті де жетерлік. Сон­дықтан, аталған мәселе үлкен ауқымдағы үкі­меттік емес ұйым­дар­дың наза­рын да қажет ететінін атап өтуіміз керек. ЕҚЫҰ Үкі­мет­тік емес ұй­ым­дардың қаты­суымен аталған ба­ғытта ауқымды жұмыс­тарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осылайша бүгінде Қазақстан Ұйымның Іс басындағы төрағасы ретінде бұл маңызды дәстүрлі үдерісті тек жалғастырушы ғана емес, сондай-ақ одан әрі нығайтуды өзіне міндет етіп алды”, – деді М.Жарбосынова. Оның айтуынша, азаматтық қоғамның ЕҚЫҰ қызметі мен оның өзіне алған міндеттемелерін да­мытуға қосар үлесі орасан. Бұл рет­те Қазақстан ЕҚЫҰ аясында қара­латын гуманитарлық өлшем басымдығын жүзеге асыру бағы­тында үлкен жұмыстар атқара оты­рып, тек елдің ішінде ғана емес, өңірлерде де аталған ұстанымның үдерісінің нығаюына айтарлықтай үлес қосқан. Бұған Қазақстанның бастамасымен өткізілген жиындар, мәселен, төзімділік пен кемсіт­пеу­шілік жөніндегі конференциялар және оларда көтерілген мәселелер дә­лел болса керек. Бір атап өтер­лігі, бұлардың барлығы Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қаты­суы­мен ұйымдастырылған болатын. “Бұл жерде біз Қазақстан төраға­лығының айрықша ерекшелігін атап өткеніміз жөн. Ол – мем­ле­кеттік органдардың азаматтық қо­ғам­мен және халықаралық сарап­шылармен өзара белсенді жұмы­сынан айқын көрініс табады. Бұған Қазақстанның азаматтық қоғамның Ұйым жұмысына қаты­суына көмек көрсетуге, ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер мен аза­маттық қоғам арасындағы қаты­настарды белсен­ділендіруге және гуманитарлық өлшем мәселелері бойынша Кон­сультативті кеңес органының құ­рылуына қатысты көтерген көшелі бастамалары да дәлел болса ке­рек”, – деді бұл ту­расында Сыртқы істер министр­лігінің Ерекше тапсыр­малар жөніндегі елшісі. Аталған органның негізгі мақ­саты – еліміздің Ұйымға төрағалық ету мерзімі аралығында ЕҚЫҰ аясындағы адами өлшем саласында атқарылған мәселелерді талқылау, жан-жақты сараптау, сүзгіден өт­кізу. Органның құрамына мем­ле­кеттік құрылым қызметкерлері, Қазақстанның Үкіметтік емес ұйым­дар өкілдері, сондай-ақ,  АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Гол­ландия, Эстония секілді елдер­ден халықаралық сарапшылар кі­реді. “Қазіргі таңда бұл Консуль­та­тивті кеңестің 2 отырысы өтті. Олардың бірі Астанада, екіншісі Венада. Бұдан бөлек Алматы қала­сында Үкіметтік емес ұйымдар ор­гандары мен билік арасындағы ын­тымақтастықты дамыту мәселелерін өзек еткен басқосу болып өтті. ЕҚЫҰ шеңберінде ұйымдасты­рыл­ған мұндай жиындардың барлығы  да бүгінгі таңда азаматтық қоғам­ның тек мемлекетті дамытудағы ғана емес, әлемдік қоғамдастықты ілгері жылжытудағы рөлі айрықша екендігін айғақтай түседі. Міне, сол себепті де біз Үкіметтік емес ұйым­дардың форумы ЕҚЫҰ-ның 7-ші Саммитінің қарсаңында ұйымдас­ты­рылуын дұрыс деп шештік.        Ал бұл форумның өткізілуі – Үкі­меттік емес ұйымдар мен ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер арасындағы әріптестік байланысты нығайту мен дамытуға қомақты үлес қосады деп ой­лаймын”, – деді М. Жарбо­сы­нова. Осылай дей келе, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тап­сырмалар жөніндегі елшісі Шолу кон­ференциясы аясындағы фо­рум­ға қатысушылардың жұмыстарына сәттілік тіледі. ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР БИЛІКПЕН ҚОЯН-ҚОЛТЫҚ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ҚАЖЕТ Бұдан кейінгі кезекте форум­ның “ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі қызметі бойынша барлық ұстаным­дары мен міндеттерінің орында­луына шолу жасау” тақыры­бын­дағы алғашқы сессиясына моде­раторлық ету тізгінін Литваның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ренатос Норкус алды. “ЕҚЫҰ-ның айтулы шарасы – Ұйым Саммиті қар­саңында азаматтық қоғам өкіл­дерімен бірлесіп жұмыс істеу, олармен әлемді толғандырған мә­селелер жөнінде пікір алмасу мен үшін үлкен құрмет. Араға 11 жыл салып ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің басқосуы – олардың саяси қарым-қабілетін, Ұйым қызметін одан әрі жандандырудағы сәтті қадамдарын, өздеріне жүктелген міндеттемелерін нығайтудағы белсенді іс-қимылын және болашаққа ауадай қажет стра­тегиялық бастамаларды қоя білудегі ерік-жігерін байқатады. Азаматтық қоғамның ЕҚЫҰ жұмысына қатысуы мен оның нығаюына үлес қосуы – үлкен маңызға ие. ЕҚЫҰ-ны басқа ұйымдардан ерекшелейтін де, міне, осы тұс.  Үкімет пен би­ліктің азаматтық қоғаммен үнемі өзара үнқатысу алаңында кездесуі айрықша қажет. Себебі, Үкімет осындай пікір алмасулар арқылы өзінің қолға алмай отырған мін­деттемелерін жүзеге асыруға, өзде­ріне тағылған сындарды жөнге са­лу­ға мүмкіндік алады. Бұл – “Үкі­мет пен азаматтық қоғам үнқа­ты­суының” маңызды бөлігі. Биылғы жылғы Шолу конференциясы өзі­мізге алған міндеттемелердің орын­далу барысын жан-жақты сараптан өткізуге, үкімет жұмыстарын, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің де­мо­кратиялық үдерістердің жағдайын саралауға мүмкіндік береді деп са­наймын”,–деді Р.Норкус. Осылай дей келе, ол ЕҚЫҰ қызметіндегі адами өлшем саласындағы ең түйт­кілді мәселелерді және олардың орындалу барысында кездесетін қиындықтарды ашық талқылауға шақырды. “Мен сіздердің барша­ңызды ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекет­тер­дің адами өлшемдер бойынша Ұйым қағидаттарын орындау жағ­дайын жалпылама жариялауға шақырамын”,– деді ол. Бұдан кейінгі кезекте сөз алған форумға қатысушылар ЕҚЫҰ-ның “Адами өлшем қағидаты”, оны жү­зеге асырудағы ҮЕҰ рөлі  төңі­регіндегі өз ойларын ортаға салды. Алғашқы сөз “Нұр Отан” ХДП жа­нындағы Парламентаризм инсти­ту­тының директоры Болат Байқа­да­мовқа берілді. Парламентаризм инс­титутының өкілі өз сөзінде мо­дератордың форум аясында, әсі­ресе, мойынға жүктелген міндет­теме­лерді орындау кезінде кезде­сетін қиындықтарды саралауға айрықша мән беру қажет деген пікірімен келіспейтіндігін жеткізді. “Міндеттемелерді орындау – ол, әрине, мемлекеттің және мем­лекеттік институттардың міндеті. Алайда, үкіметтік емес сектордың, яғни азаматтық қоғамның бұл үдеріске қатыспай қалуы мүмкін емес. Қазіргі таңда біздің елімізде, ТМД мемлекеттерінің кейбірінде екі түрлі ұстаным айқындалып шықты. Олар билікпен арадағы үнқатысуға негізделген. Бірінші ұс­таным мемлекеттің осы үнқатысуға қатысушы азаматтық секторға “ар­қа сүйеуіне” мүмкіндік береді. Мұндай ұстанымның келешегі мол және ол өте тиімді. Бүгінде барлық үкіметтік емес ұйымдардың кейбір мемлекет ішінде “бой көрсетіп қалатын” бәзбір кемшіліктерге бай­ланысты билікке айрықша сын көзбен қарайтынын барлығымыз да бі­леміз. Сол себепті де олар көп жағ­дайда ел ішіндегі әлеуметтік қыз­метті жүйелеу, заң шығару саласына қатысу бағытында мем­лекетке тіреу болатыны жасырын емес. Бұл нені көрсетеді? Бұл  кез келген  елдегі үкіметтік емес ұйым сек­торының адами өлшем сала­сын­дағы мәселелерді мемлекетпен деңгейлес қарастыруға үлкен мүмкіндігі бар екендігін көрсетеді. Ал екінші ұстаным үкіметтік емес ұйымдар үшін аса қауіпті. Мәселен, осыдан екі күн бұрын Алматыда адами өлшем мәселесіне арналған жиын өтті. Жиын өзегі – “Қазақстан азаматтық кемелдену мен толысу емтиханын тапсырды ма?” деген сұрақтың ортаға тас­та­луымен ерекше болды. Сол жиында бір белгілі құқықтанушы-журналист үкіметтік емес ұйымдардың мем­лекет тарапынан қаржыландырылу жүйесіне қатысты сын айтып, оқыс ойдың төбесін қылтитты. Оның ойынша, мұндай үдеріс елдегі 3-ші сектордың “қол­дан” саяси­ла­нуына жол ашатын көрінеді. Сол арқылы ол журналист Үкіметтік емес ұйымдардың мем­лекет тарапынан қаржыланды­ры­луына қарсылығын, себебі, ол “кір ақша” екенін жет­кіз­ді. Ал керісінше, оның түсі­нігінше, шетелден қаржылан­ды­ры­латын үкіметтік емес сектор “таза қаражатпен” жұмыс істеп, сол ар­қылы елдегі демократиялық үде­рістердің дамуына өз үлесін қо­са­тын көрінеді”, – деді Парла­мен­таризм институтының басшысы. Осылай дей келе, Б.Байқадамов ел­дегі үкіметтік емес ұйымдар азамат­тардың құқығын айтарлықтай дәре­жеде қорғау, әлеуметтік бастама­ларды бірлесе жүзеге асыру үшін олардың  мемлекеттік органдармен қоян-қолтық жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті. Ал форум барысында өз ой-байламдарымен бөліскен Қазақ­станның Іскер әйелдер ассоциа­ция­сы өкілдері өздерінің үкіметтік емес ұйымдарының негізгі қызметіне тоқталып, оның басым бағыттарын атап өтті. Бүгінде әйелдер арасын­дағы жұмыссыздық мәселесін шешу, олардың лидерлік қабілетін қалыптастыру, нәзік жандылардың елдің саяси үдерісіне араласуына жол ашу секілді бастамаларды қол­ға алған бұл қауымдастықтың құ­ры­лғанына 15 жыл толыпты. ЕҚЫҰ-ның адами өлшем ұста­нымында көзделген мәселелердің бірі – ол ЕҚЫҰ кеңістігіндегі  ген­дерлік саясатты тұрақтандыру екені белгілі. Бұл ретте Қазақстанның Іскер әйелдер ассоциациясы өкіл­дері өздері тараптарынан Қазақ­станның гендерлік теңгерімділікті ұстап тұру бағытындағы саясатына айрықша мән беріп өтті. Оған еліміздің жетекші Ұйымға төраға­лық ету қарсаңында гендерлік саясат бағытында екі заңның қа­былданғаны дәлел болса керек. “Олар: ер мен әйел азаматшалар құқықтары мен мүмкіндіктерінің бірдей  қарастырылуын, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды көздейді. Үкіметтік емес ұйым ретінде бұл заңдардың қабылданғанына қуаныштымыз. Бұл өз кезегінде біздің мемлекеттік құрылымдар, оның ішінде Қазақ­стан Президенті жанындағы Әйел­дер ісі және отбасылық-демо­гра­фиялық саясат жөніндегі ұлттық ко­миссиямен арадағы әріптес­ті­гімізді жандандыруға септігін тигізді. Сол арқылы  әйелдердің сая­сатқа, қоғамға белсенді ара­ласуы, оларға қатысты зорлық-зом­былықпен, адам саудасымен күресі төңірегіндегі маңызды бастама­лардың басы-қасында жүрміз әрі көптеген жетекші ұйымдардың белсенді әріптесіне айналдық”,– деді бұл турасында Ассоциация өкілдері. Осылай дей келе, олар аталған заң тетіктерін жетілдіру бағытында айтарлықтай шаралар атқарылып жатқанын жеткізді. Форум барысында сөз алған Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комис­сияның хатшысы Тастемір Әбішев Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі саясаттың ерек­шеліктері мен артықшылықтарына тоқталды.  Оның сөзіне қарағанда, 2010 жылдың қаңтар айындағы  деректерге сәйкес, адам құқық­тары­на қатысты ұсынымдардың 30 пайызына жуығы тәжірибе жүзінде жүзеге асырылған. “Мәселен, баланы халықаралық асырап алуға қатысты, сондай-ақ ТМД елдерін­дегі еңбек мигранттарын, олардың отбасы мүшелерін қорғау жөніндегі конвенциялар ратификацияланды. Гендерлік саясат бағытында да айтарлықтай нәтижелерге қол жет­кіздік”, – деді Т. Әбішев. Сондай-ақ,  ол форумға келген шетелдік үкі­меттік емес ұйымдар өкілдерін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жұмы­сымен және оның тәжіри­бесімен жете танысуға шақырды. Форум барысында сөз алған Италияның Діни төзімділік және бостандық жөніндегі ассоциация­сының өкілі Матия Франческо Ферреро гуманитарлық өлшем мәселелерін өзек еткен форумның маңыздылығын айта келе, бұл ретте Қазақстан жерінде өтетін саммиттің ЕҚЫҰ тарихындағы айрықша оқи­ға екеніне тоқталып өтті. “Себебі, бұл саммит Ұйымның 11 жылдық үзілістен кейінгі қызметіне жаңаша леп әкелуімен құнды. Сол арқылы Ұйым жаңа жаһандану заманы алға тартқан жаңа қиындықтарға қарсы тұру мүмкіндіктерін кеңейтуге мүм­кіндік алмақ. ЕҚЫҰ – Еуроат­лан­тика мен Еуразия арасына сенімді көпір бола алады. Сол арқылы осы Ванкуверден Владивостокқа дейінгі үлкен кеңістіктегі қауіпсіздік және тұрақтылық үдерістерін қамтамасыз етеді деп ойлаймын.  Бұл ретте Ұйым­ның азаматтардың құқығын қорғау мен құрметтеу бағытындағы қызметін ерекше бөліп қарас­т­ы­руымыз қажет.  Ал Ұйымға мүше елдер осы саладағы міндеттемелерді жүзеге асыру арқылы осы үдеріс­терге белгілі дәрежеде өз үлестерін қосты деп санаймын”, деді М.Ферреро. Жиынға қатысушылар  бірінші сессия қорытындысында кез келген елдегі ауқымды іс-шаралар мен бастамалардың үшінші сектордың қатысуымен өтетінін, сондықтан олардың жұмысын жандандыруға, модернизациялауға айрықша мән берілуі қажеттігін тілге тиек етті. Әрине, адами өлшем ұстанымы тарапында әлі де күрделі мәселелер жеткілікті екені даусыз. “Алайда, Қазақстанның жетекші Ұйымға төрағалық етуі кезінде көп жәйтті қайта қарастыруға, оның ішінде халықтың саяси, экономикалық, әлеуметтік өмір сүру сапасын көтеруге, ал ең бастысы, Ұйымның гуманитарлық өлшемін ізгілендіре түсуге мүмкіндік туғанын айтуымыз қажет”, – деді Үкіметтік емес ұйым­дар өкілдері. Ал мұндай бай­ламдар еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктің гуманитар­лық өлшем бағытындағы бұдан кейінгі саяси санасына өз әсерін тигізбей қоймасы анық. ҰЙЫМ ЖҰМЫСЫ ҮШІНШІ СЕКТОРМЕН ҰТЫМДЫ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жұмы­сына қайтсе Үкіметтік емес ұйым­дар өзіндік үлес қоса алады? Бұл та­қырып бойынша талқылау оты­рыстың “Әрі қарайғы іс-әрекеттер жөніндегі ұсынымдар және басымдықтарды талқылау” деп атал­ған бөлігінде қызу өтті. Отан­дық және шетелдік ҮЕҰ өкілдері өз ойларын ортаға салып, нақты ұсы­ныстарын жеткізуге мүмкіндік алды. Сессия жұмысына Ирлан­дия­ның ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілі Й.О Лири модераторлық жа­сады. Оның сөзінен белгілі бол­ғандай, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер және қазақстандық қоғам өкілдерінің қатысуымен Астанада қарашаның 28-29-ы күндері паралелльді кон­ференция өтеді. Осыған орай ұйым­дастыру алқасы Ұйым инсти­туттары мен мүше елдер тарапына бірқатар ұсынымдар әзірлеп үл­геріпті. Бұл ұсынымдар алда бола­тын саммитке ерекше үлес қосуы тиіс. Әсіресе, ол Ұйымның адами өлшемдер жөніндегі институтын дамыту мәселесіне қатысты. Осы ретте ЕҚЫҰ-ға мүше елдер оның алдында адами өлшемдер саласын­дағы өз мойындарына алған міндеттемелерін орындауға тиісті шараларды қабылдап, осы бағытқа күш салуы тиіс. Ұйымға мүше ел­дер адами өлшемдерге қатысты мін­деттемелеріне мониторинг  жүр­гізу, сонымен қатар, оны орындау барысында өрескел заң бұзушылық­тарға қарсы жедел әрекет ету  тетіктерін қарастырғаны жөн. Олай болса БҰҰ, Еуропа Кеңесі сияқты халықаралық және аймақтық ұйымдардың әзірлеген үлгілері мен ұсынымдарын пайдалану идеясын алға жылжыту қажеттігі де назардан тыс қалған жоқ. Ең бастысы – бо­лашақ Ұйым төрағалығына ұмтыл­ған елдерге қойылатын талаптар күшейтіліп, кез келген шешім қабыл­данар кезде үміткер елдің жағдайын бағалау тетігі барлық деңгейде іске қосылуы тиіс. Құқық бұзушылық аймақтағы тұрақтылықтың сақталуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Әсіресе, бұл діни саладағы кейбір атеистік көзқарастағы адамдардың өрескел әрекеттерінен көрініс табады. Олардың пайымынша, діни сим­волдар қоғамдық кеңістіктен аулақ болуы шарт. Сонымен бірге, бұқаралық ақпарат құралдарындағы пікір алуандығы мен ар-ождан қорғау заңнамасының орындалу жайы өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Өйткені, қазіргі таңда заңдарды қорқыту мен қысым жасау бағытында пайдалану әрекеттері байқалуда. Сондықтан айыптау тұрғысындағы астары бар үдерістер тоқтатылуға жатады. Олай болса, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер өз мойындарына алған міндеттеме­лерін тағы бір жаңартып, жаңа үдерістердің орнауына ықпал етуі шарт. Интернет желісінде ой еркін­дігінің болуы да азаматтар құ­қының сақталуына, олардың өз құқықтарын қорғайтын ұйымдарға кіруіне жағдай жасайды. Бұл бағытта Ұйым міндеттемелердің әзірленуін және оның орындалуын қамтамасыз ете алар еді. Азамат­тардың өмір сүру сапасын арт­тыруға ықпал ететін үкіметтік емес ұйымдардың біліктілігін арттыру бағытында да ЕҚЫҰ көмегі артық етпес еді деген ойлар да айтылып қалды. Егер соңғы 5 жылға көз салсақ, онда халықпен тығыз жұ­мыс істей бастаған үшінші сектор өкілдерінің артқандығын бай­қауға болады. Сондықтан аза­маттық қо­ғам орнатудағы үшінші сектордың маңызы мен жұмыс тиімділігі жоғарылап келеді деуіміз керек. Нәзік жандылар басындағы жағдай да талқылаудан сырт қал­мады. Білім беру, денсаулық сақтау, тіпті шағын және орта бизнесте де басшылық қызметтегі әйелдер қатары онша көп емес. Оның үстіне саясаттағы әйелдер саны да мардымсыз. Бұдан әйелдер жалпы елімізде ғана емес, әлем бойынша  экономикалық, экологиялық мәсе­лелерді қарастыруға, ресурстарды бөлісуге және өзге де жаһандық ше­шімдер қабылдауға араласа бер­мейді деген ой туады. Қазіргі уақыт белсенді және басқарушы әйелдер еңбек ететін  экономикаға ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесі мен мемлекетаралық деңгейге де қажеттігін көрсетіп отыр. Олай болса, лидер әйелдердің күшін ерлердің мүмкіндіктерімен қатар қарастырған жөн. Мемлекеттің өркенділігі оның азаматтарының әлеуетіне барынша мүмкіндік жасауымен өлшенері белгілі. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердегі гендерлік тепе-теңдікті сақтау үшін есеп беру, әйелдердің белсенділігін арттыру бағытындағы еуропалық желіні енгізу, сонымен қатар олардың қыз­мет лауазымын өсіру мен биз­нес ауанды жақсарту тұрғысындағы бірқатар шараларды қолға алған жөн. Әйелдер мәселесіне дұрыс көзқарастың барлығын аңғартқан “Атамекен одағы” Қазақстан эко­номикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев мемлекет тарапы­нан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл аударылып отырылғандығын жеткізді. Екі рет осы салаға тексеру жүргізуге мо­раторий жарияланса, жеке кәсіп­кер­лік туралы заңдық құжат олар­дың құқықтарын барынша қорғауға атсалысып келеді. Оны Парла­менттегі жұмыс тобында әзірлеу ба­рысына шағын және орта кәсіп­керлік өкілдері белсене қатысты да. ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы­ның рөлін пайдалану жайын сөз ете келіп, АҚШ өкілі төрағаның мүше елдерді Ұйымның адами өлшемдер саласындағы міндеттемелерді сақ­тауға ықпал етуші институттары­ның жұмысын қолдауды қам­тамасыз етуге тартуы қажеттігіне ден қойдырды. Америкалық ғалым­ның пайымынша, Іс басындағы төраға ол үшін халықаралық беделі бар және  сыйлы жоғары лауазым­ды өкілдерді осы салаға бағыт­тағаны жөн. Сондай-ақ ол ДИАҚБ құрылымы барлық аты аталған заң бұзушылықтарды анықтап, оны Тұрақты кеңес талқысына шығаруы керектігін айтты. Аталған институт жанынан  бейбіт жиын өткізу  еркіндігі жөніндегі іргелі мәселені қарау үшін сарапшылар тобын құру қажеттігі де назардан тыс қалған жоқ. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы жанынан Ұйым ісімен айналысатын ҮЕҰ өкілдері және саяси қайраткерлер кіретін кон­сультативтік кеңес құрылғаны орынды. Құқық қорғаушылар басындағы сергелдең де әңгіме өзегіне айна­лып, оларға әр түрлі жалалар жабылып, тіпті өлтіру жағдайына да барып жататыны мәселе етіп көтерілді. Сондықтан ЕҚЫҰ-ға мүше елдер өздерінің мойындарына алған міндеттемелерін орындауды тағы бір қуаттаулары қажет. Яғни, жеке тұлғаның құқы мен бостан­дығын жан-жақты қорғау бағы­тындағы нақты істер қолға алынғаны жөн. Әрине, бұл үшін құқық қорғаушылардың жұмысын реттейтін, олардың басына бір қауіп туа қалғанда жедел әрекет ететін үйлестіруші орган қажет.  ЕҚЫҰ-ның институт ретіндегі пішіні мен рухын арттыру мақ­сатында әдістеме әзірлесе де артық болмас еді. Отандық ҮЕҰ-лардың ұлттық баяндама әзірлеуге аралас­тырылмайтындығына шағымданған кейбір үшінші сектор өкілдері Қазақстан мен Қырғызстандағы діни жағдайды баяндайтын мәлі­меттердің біржақты әрі шынайы емес сипат алғанына өкініш біл­дірді. ЕҚЫҰ шеңберінде үкіметтік емес ұйымдардың коалициясын құру оның жұмысын жақсартуға және шынайылығын қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізеді. Соны­мен қатар, ҮЕҰ жұмысын бағалау үшін жалпыға ортақ бағалау тетігін ойластырған жөн. Копенгаген конференциясы барысында айтылған визалық ре­жім мәселесі Еуропа Одағына кіретін кейбір елдер тарапынан сақ­талып отырмағандығын тілге тиек еткен белгілі құқықтанушы Марат Бәшімов виза ашу үшін көптеген құжаттарды талап ететін Ұлыбританияны мысал ретінде келтірді. Аталған ел виза аштыру рәсімін өткізу кезінде тіпті есеп-шотында қанша қаржы сақтаулы тұрғандығын да сұрастыратын көрінеді. Бұл банк құпиясының сақ­талуына қол сұғушылық екенді­гін айтқан ол осы мәселеде адам құқы сақтала бермейтіндігіне назар аудартты. Сонымен бірге, кәрі құрлықта мешіт салу үшін жер те­лімдері бөлінбей, мұсылман қауы­мының құқы қорғалмайтындығына да екпін түсірді. Үшінші мәселе ретінде Қазақ­станда адам құқы мәселелері сақ­талмауда деген пікірмен келіспей­тіндігін білдірген заңгер ондай жағ­дай өркениетті деген Ұлыбри­танияда да орын алатындығын алға тартты. Еліміз адам саудасына, есірт­кі тасымалына тосқауыл қой­ып, қауіпсіздік саласында ерекше қадамдарға барып отыр. Осы орай­да кейбір халықаралық ұйымдар тарапынан мүдделі үкіметтік емес ұйымдар тартылатындықтан, бөлін­ген қаржылар мақсатты жұмсалмай жатады. Соның салдарынан аза­маттық қоғамды дамытуға айтар­лықтай нұқсан да келетін көрінеді. “Ареал” дін мәселелері жөнін­дегі ақпараттық қор” қоғамдық қорының президенті Айман Рүстембекова Еуропа елдері мен АҚШ-қа конфессияаралық келісім­нің  қазақстандық моделін алу туралы ұсыныс жасады. “Еуропа ел­дерінің көптеген конститу­цияларында жетекші рөл христиан дініне беріледі, бірақ, сонымен бірге, мемлекет көпконфессиялы болып табылады. Бұл қарама-қайшылықты шешу қажет. Осыған байланысты Қазақстан Респуб­ликасының конфессияаралық, ұлтаралық келісім тәжірибесін ілгері жылжытуды ұсынамын”, – деді А.Рүстембекова. Сондай-ақ, ол Астанаға келген қонақтардың католик храмымен қатар синагога тұрғанын, оның жа­нында орыс православие шіркеуі­нің орналасқанын, әріректе лютеран шіркеуінің, баптистердің, адвентистердің мінәжат ету үйлері орын тепкенін көзбе-көз көретінін көлденең тартты. Бізде, деді ол сөзін әрі жалғап, ұйғыр, өзбек, украин тілдерінде оқытатын мектептер бар. Басқа қандай елде табысты жұмыс істеп келе жатқан осындай конфессияаралық және ұлтаралық келісім моделін кез­дестіре алар едіңіздер. А.Рүстембекова, сондай-ақ, ЕО елдері мен АҚШ-қа жыл сайын көптеген мигранттар мен босқын­дар келетінін еске салып, мұның қоғамда қайшылықтарға алып келетінін атап көрсетті. Осының салдарынан Еуропаның бірқатар елдерінде, тіпті АҚШ-та демо­кратиялық міндеттемелер өз деңгейінде орындалмайды, ар-ождан талаптары аяққа басылады, деді шешен. Осылайша “Әрі қарайғы іс-әрекеттер жөніндегі ұсынымдар және басымдықтарды талқылау” тақырыбында өткен сессия барысында бірқатар мәселелердің басы шалынды. Отырыс барысында сондай-ақ елімізде маңызды саналатын, тұтастай алғанда, қазақстандықтарға жақсы таныс экология, ұлтаралық және дінаралық татулық мәселелері де сөз етілді.