Кеше Астана қаласындағы “Еуроцентр” бизнес орталығында “Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы” АҚ “Технологиялар трансфертінің қазақстандық желісінің даму келешегі” тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Онда Қазақстанның технологиялар трансферті бойынша еуропалық желіге ену үдерісі аяқталуға жақындығы сөз болды.
“Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы” АҚ-тың басқарма төрағасы Саят Нүсіповтің айтуынша, орталық жүргізіп жатқан жұмыстардың қорытынды көрсеткішінің бірі болып табылатын арнайы консорциум құруда екен. Келесі жылы бұл тетік өз мақсатында пайдаланылмақ. Ал бүгінгі күні біз қазақстандық технологиялар трансферті желісін желілік ұйым ретінде құрып, өз сайтымызды жасап шығардық. Енді біз қазақстандық желіні еуропалық технология трансферті желісіне ендіру мақсатында құрылатын Қазақстан консорциумының алғашқы бөлігіне қандай компаниялар кіретіндігін анықтайтын шешім қабылдауымыз қажет, деді ол.
“Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы” АҚ-тың басқарма төрағасының айтуынша, қазақстандық технологиялар трансферті желісінің еуропалық желіге кіруі отандық өндірушілерге шетелдердегі соңғы технологияларды өндіріске елімізге артық шығын мен артық уақытсыз әкеліп ендіре беруге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ ол бұл атқарылып жатқан шаралардың жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың бір бөлігі ғана екендігін атап өтті. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңдерінде қазақстандық өнеркәсіпті жаңғыртудың негізгі құралы алдыңғы қатарлы елдер мен зерттеуші орталықтардың технологиялар трансферті болып табылады. “Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы” АҚ мамандарының пікірінше, аталмыш консорциумға негізгі қаржы операторы ретінде “Даму” кәсіпкерлерді дамыту қоры міндетті түрде кірмек. Аталмыш қор осы уақыттар ішінде шағын және орта бизнес өкілдерін, кәсіпкерлікті қолдап келе жатыр. Сондай-ақ алғашқы бөлімге “Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы” кіретін болады. Қазақстанның барлық аймақтарында өз желілік құрылымы бар аталмыш орталық ғылыми-техникалық құжаттардың мол базасына ие. “Kaznex-Іnvest” секілді экспортты қолдауды жүзеге асыратын құрылым да кіруге лайықты.
Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы Еуропалық комиссия Өкілдігінің басшысы, елші Норбер Жустен, Францияның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің экономикалық өкілдігінің бас көмекшісінің экономикалық және сауда жөніндегі кеңесшісі Лоран Шопитон және Словакия Республикасының Қазақстан мен Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Душан Подгорски қатысты.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.