29 Қараша, 2010

Таза өнерге тағзым жасалды

486 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрына он жыл толды. Осыдан он жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Қостанайда тұңғыш ашылған қазақ драма театрының лентaсын қиып, сахнасында тұрып, қостанай­лықтар­ды өнердің киелі отауымен құттық­таған болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы­ның театрға қазақтың дара ұлдары­ның бірі, мәдениет пен өнер жана­шыры Ілияс Омаровтың атын беру туралы ұсынысын көрер­мен­дер ерек­ше ықыласпен қолдаған болатын. Он жыл ішінде қазақ дра­ма театры көрермендер көңіліне руханият шырағын жақты. Таза өнерге тағзым жасалған салтанатты жиында облыс әкімі Сергей Кула­гин өнер ұжымын торқалы тойы­мен құттықтады. – Мен Қостанай облысына қыз­метке келгенде облыстық қазақ драма театрының ашылғанына үш-ақ жыл болған екен. Онда маған Арқалық қаласынан жақсы таныс белгілі актерлер келіп қызмет істеді. Содан бері бұл өнер ұжымымен бірге келе­міз. Он жыл көп те уақыт емес, бірақ өнер ұжымы лайықты биік­ке көтеріл­ді, – деді өңір бас­шысы. Сергей Кулагин той ие­леріне тарту-тарал­ғ­ы жасады. Ол театр дирек­торына қы­рық бес орындық HUNDAU авто­бусының кілтін табыс етті. Сонымен қатар актерлер Зәмзәгүл Балтабаева, Берікқан Төкенов, Айбол Шәкір­жанов Мә­дениет министрлігінің “Мәдениет қайраткері” төс белгі­сі­мен, бірқатар актерлер Мәдениет ми­нистрінің дипломымен, облыс әкімі­нің Мақтау қағазымен марапатталды. Театр тойына Театр қайраткер­лері одағының төрағасы Тұңғыш­бай Жаманқұлов, атақты режис­сер­лер Есмұқан Обаев, Жанат Хад­жиев және І.Омаровтың немересі Ілияс Омаров келді. – Қостанай театры – менің де театрым. Өйткені, осы театр ашыл­ғанда оның табалдырығын алғаш ат­таған, киелі сахнасында ал­ғаш өнер көрсеткен менің шә­кірт­терім бола­тын, – деді Қостанай көрер­мен­дері­нің алдында сөз сөйлеген Тұң­ғышбай Жаманқұлов. Салтанат со­ңында он жылда осы театр сах­на­сында қойылған 53 спектакльдің таң­даулыларынан үзінділер көрсетілді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.