Қайран, Орынбор... Бүгінде бұл қала жөнінде әрқайсымызды әрдайым екіұдай сезім билейтіні хақ. Иә, бүгінде ол әр қазақ баласы үшін әрі жақын, әрі қашық қалаға айналған. Оны жанымызға айрықша жақын тұтатынымыз Орынбор XX ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақ елінің алғашқы астанасы атанды. Мұнда Алаш арыстары қазақтың дербес мемлекетін құру жөніндегі аяулы да асқақ мұраттарын паш етті.
Қашық дейтініміз, Орынбор бізге, Қазақстанға жағрафиялық тұрғыдан жақын болғанымен ол қазір Ресейдің құрамында. Сондықтан да бүгінде оған екі бірдей мемлекеттің шекаралық тексерулерінен өтіп барып жетесіз. Газетімізде бұған дейін хабарланғанындай, өткен аптада сәрсенбінің сәтті күні Орынборда Алаш тарихына арналған ескерткіш тақталар ашылды.
Орынбордағы Пушкин көшесінде болып па едіңіз? Осындағы Алаш қайраткерлерінің ізі қалған ғимараттарды көріп пе едіңіз? Қаланың қақ орталығында орналасқан бұл көше қазақ мемлекеттілігінің тарихына қатысты талай сырды бүгіп жатқандай көрінеді. Міне, №39 үй. Әлі сынын да, сырын да бұзбаған қалпында тұр. Осы үйдің күнгей бетіне Алаш арыстарына арналған ескерткіш тақта ілінген. Өйткені бұл еңселі үйде 1917 жылы бүкіл қазақтық бірінші және екінші съездер өткен. Әрі мұнда 1913-1918 жылдары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және Әлихан Бөкейханов халық санасын ояту үшін “Қазақ” газетін шығарып тұрған.
Бұл басылым қазақ даласындағы жағдайлар мен сол кездегі билік тынысын, оның оңды істері мен олқы істерін әрі тіл, әдебиеттану тақырыптарына қатысты материалдар жариялады. Мұның денін газет редакторы Ахмет Байтұрсыновтың өзі жазған. “Қазақта” жарияланған дүниелер ақиқатты барынша ашық айта білуімін ерекшеленгені баспасөз тарихынан белгілі. Сол кездің өзінде газет таралымының сегіз мың данаға жетуі де оның азулы әрі мазмұнды болғанынан хабар бере алады.
Бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарастырғанда қазақтың либералдық-демократиялық сипаттағы алғашқы партиясы “Алаш” қайраткерлеріне Ресейде орнатылған ескерткіш тақталар екі елдің достығын одан әрі тереңдете түсуге септігін тигізбек. Бұл екі ел басшыларының арасындағы өзара түсіністік пен Ресей мен Қазақстанның тату-тәтті қарым-қатынастардың айқын айғағы. Тарихты қастерлей білудің, көрші елдің өткеніне құрмет көрсетудің таптырмас үлгісі. Міне, осындай достық пейіл мен сабақтастықты Ресей мен Қазақстандағы бүгінгі жастардың саналарына да сіңіре білуіміз керек. Аталған шараға байланысты сөйлеген сөзінде Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков өз ойын осылай сабақтады. Бұдан әрі Мәдениет министрінің орынбасары Ғазиз Телебаев Алаш арыстарының рухына көрсеткен құрметтері үшін Ресейдің атқарушы органдар басшыларына ризашылығын жеткізді. Сонымен бірге болашақта бұл маңды Достық гүлзарына айналдыру жөнінде пікір білдірді. Осынау ойлы ұсынысты Орынбор қаласының мэрі Юрий Мещеряков бірден қолдады. Ескерткіш тақталардың ашылу рәсімі кезінде ол былай деді.
– Мұндай бірлескен шаралар екі бауырлас ел – Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достықты нығайта түседі. Мен Қарағанды облысында туып өстім. Сондықтан да Қазақстан маған айрықша ыстық. Соның ішінде Ахмет Байтұрсыновтай қазақ зиялыларының есімдерін мәңгі есте қалдыру шараларын бірлесіп атқару қастерлі парыз. Міне, бұдан жеті-сегіз ай бұрын қолға алынған шаралар ойдағыдай аяқталды. Оның іске асуы, жаңа Қазақстанның Ресейдегі елшісі Зауытбек Тұрысбеков айтып өткендей, екі елдің одан әрі жақындасуына қызмет етеді. Қос мемлекет президенттері Дмитрий Медведев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың бізге тапсырып отырғаны да осы. Орынбор облысының Қазақстанмен шекарасы екі мың шақырымға жуық. Біз Қазақстанның бірнеше облысымен шектесеміз. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысымен тығыз қарым-қатынастамыз. Әсіресе, Орал мен Орынбор қалалары арасында жасалған келісімге сәйкес көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Бір-бірімізге жиі барып көкейкесті мәселелерді бірге талқылап шешіп жүрміз. Бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Арада шай қайнатымдай уақыт өткенде Чичерин көшесіндегі №75 үйге ілінген тақтаның да жамылғысы сыпырылды. Бұл үйде 1913-1918 жылдары “Алаш” партиясының қабырғалы қайраткерлерінің бірі, қазақ тіл білімінің көшбасшысы, ұлттың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов тұрған. Осы арада айта кетерлік мәселе – қазақ қайраткерлеріне Орынборда орнатылған қос тақтаны да Алматыдағы “Қазреставрация” кәсіпорны жасаған.
Түс ауа Орынбордың төріндегі Кеңестер үйінде “Ресей-Қазақстан қарым қатынасы: тарихи және қазіргі кезең” атты тақырыпта алқалы жиын өткізілді. Бұл басқосуды Орынбор облысы губернаторының бірінші орынбасары Валерий Рогошкин ашып, сөз сөйледі.
– Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыс пен гуманитарлық мәдени қарым-қатынастың қайырын Орынбор өңірі де көріп отыр. Орынбор облысындағы тауар айналымының үштен бір бөлігі Қазақстанның үлесінде. Ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айында өзара сауда-саттық 2009 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 25 пайызға артып, бір миллиард АҚШ долларын құрады. Экономикалық интеграция қарқыны да айтарлықтай. Мысалы, 2010 жылы Орынбордың газ-химиялық кешенінде Қарашығанақтан жөнелтілген 6,4 миллиард текше метр табиғи газ бен 1,5 миллион тонна газ конденсаты өңделді. Қазақстандық инвесторлар соңғы бес жылда Орынбор облысының экономикасына 170 миллион доллар инвестиция салды, – деді вице-губернатор.
Бұдан әрі ол бүгінгі таңда Орынбор өлкесінде 126 мыңға жуық қазақ тұратынын айтты. Бұл облыс халқының 5,8 пайызы. Орынборда жергілікті қазақтардың 13 ұлттық мәдени бірлестігі тұрақты жұмыс істейді. Мектептерде факультативтік сабақтар өтеді, үйірмелер бар. Қазақ тілі 35 мектепте оқытылады. Оған мыңға жуық жеткіншек қамтылған. Қазақ тілінде “Жаңа “Айқап” атты газет шығып тұрады. Қазақтың 1200 қыз-жігіті Орынбордың іргелі білім ордаларында таңдаған мамандықтарына сай білім алып жүр.
Жиынды жүргізіп отырған Орынбор облысы мәдениет, қоғамдық және сыртқы байланыстар министрі Виктор Шориков төмендегідей жәйттерді баяндап берді.
– Орынборда Ыбырай Алтынсарин мен Әліби Жангелдиннің атында көшелер бар. Облыс бойынша қазақтардың 69 ұлттық-этнографиялық ансамблі құрылған. Сондай-ақ біз жыл сайын қазақ күресінен жарыс өткізіп тұрамыз. Оған Орынбор өңірін мекендеген барлық ұлт өкілдерінің балуандары білек сыбанып қатысады.
Бұдан соң “Ресей-Қазақстан қарым-қатынасы: тарихи және қазіргі кезең” атты алқалы жиынға қатысқан қазақстандық және ресейлік ғалымдар “Алаш” партиясының тарихы мен Алаш қайраткерлерінің мұраларын зерттеуді одан әрі тереңдету жөнінде өзара ой-пікір алмасты. Жүрек жылытарлық осындай шаралардан соң бізге Орынбор бұрынғысынан да жақындай түскендей көрінді.
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, журналист.
Темір ҚҰСАЙЫН,
Ресей Федерациясы,
Орынбор облысы.