Бүгін Астанада Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Саммиті басталады.
Жиын алдындағы жүздесулер
Бүгін өтетін ЕҚЫҰ-ның Саммиті аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Нұрсұлтан Назарбаев пен Пан Ги Мун Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымының өзара іс-қимылы мәселелерінің кең ауқымын, сондай-ақ жаһандық және өңірлік саясаттың барынша өзекті проблемаларын талқылады. – Мен Президенттің ядролық қарусыздану және оны таратпау туралы жаһандық бастамасын, оның Жарлығымен Семей ядролық полигонының жабылғанын атап өттім. Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде атап өтетінімізді айта кеткім келеді, – деді Пан Ги Мун журналистерге арналған брифингте. БҰҰ-ның Бас хатшысы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығына жоғары баға берді. Пан Ги Мун Қазақстанның және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстандағы ахуалды тұрақтандыруға, Ауғанстандағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің сақталуына қосқан жеке үлесіне ерекше тоқталды. – Осы Саммиттің 11 жылдан кейін алғаш рет өтіп отырғаны – Қазақстанның көшбасшылығын мойындау ғана емес, сонымен бірге, бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың және оның бастамасының халықаралық мойындалуы, – деді БҰҰ-ның Бас хатшысы. Бүгін өтетін ЕҚЫҰ-ның Саммиті аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы Македония Югослав Республикасының Президенті Георге Ивановпен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды. Г.Иванов қазақстандықтардың қонақжайлық деңгейіне таңданысын жеткізіп, Саммиттің табысты өтетініне өз сенімін білдірді. Бүгін өтетін ЕҚЫҰ-ның Саммиті аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қасиетті тақтың (Ватикан) Мемлекеттік хатшысы Тарчизио Бертонемен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Әңгімелесу барысында халықтар арасында бейбітшілік пен келісімді орнықтырудың аса маңызды құралдарының бірі ретінде дінаралық үнқатысуды дамыту жөніндегі Қазақстан мен Ватиканның өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. – Мен Президентті құттықтадым және Саммитке дайындықтың жоғары деңгейіне таңданысымды білдірдім. Біз қазіргі әлемдегі әділетсіздікке қарсы тұра алатын келісім, бейбітшілік және бауырластық туралы ұлы мұраттарды еске алдық. Біз дінаралық үнқатысу, ең алдымен, ислам мен христиандық арасындағы үнқатысу тақырыбын қозғадық. Өзара таным мен білім беру жолымен біз тығыз ынтымақтастыққа және туыстық қарым-қатынастарға қол жеткіземіз деп сенеміз. Әулие әкей Бенедикт XVІ барша Қазақстан халқына өз батасы мен сәлемін жолдайды, – деді Т.Бертоне журналистерге арналған брифингте. Бүгін өтетін ЕҚЫҰ-ның Саммиті аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Испания Корольдігі Үкіметі Төрағасының орынбасары Мануэл Чавес Гонсалеспен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кездесу кезінде Қазақстан мен Испания арасындағы екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық саясаттың ауқымды мәселелері талқыланды. Мануэл Чавес Гонсалес Президентті Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығымен құттықтады. – Бұл төрағалық Қазақстанды аймақтағы өте маңызды ойыншы жасады және Қазақстан туралы еуразиялық ел деп айтатын болды, – деп атап өтті журналистерге арналған брифингте Испания Корольдігі Үкіметі Төрағасының орынбасары. Ол сондай-ақ жақын күндері Мадридте Астананың «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге үміткер қала ретінде тұсаукесері өткенін еске салды. – Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Испания Астананың кандидатурасын қолдайтынын айттым, – деді Мануэл Чавес Гонсалес. Бүгін өтетін ЕҚЫҰ-ның Саммиті аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының өтпелі кезеңдегі Президенті Роза Отунбаевамен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Мемлекет басшылары бауырлас екі елдің ынтымақтастығын дамыту перспективасын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің ең өзекті мәселелерін талқылады. Журналистерге арналған брифингте Р.Отунбаева ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті осы Ұйымның өмірінде тарихи рөл атқаратынын атап өтті. Қырғызстан Президенті Саммит – бұл тек Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның табысы екенін мәлім етті. – Мен Қазақстанға өз ризашылығымды білдіремін. Өйткені, Қазақстан барлық Орталық Азия республикаларын әлемдік саясаттың алдыңғы қатарына алып шықты, Азияны Еуропамен жақындастыра түсті. Біз Қазақстан өз елінің туын халықаралық аренаға абыроймен алып шыққанын мақтаныш етеміз. Биылғы жылы Қазақстан Қырғызстандағы ахуалды реттеуде маңызды рөл атқарды. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде көп істер атқарды, бұл үдерісте көш бастады, біз бүгінде Қырғызстандағы аухал тұрақтанғанына алғысымызды айтамыз. Бүгінде бізде парламентте көпшілік дауысқа ие коалиция құрылды, бұл көпшіліктің қолдауына ие болған коалиция үкіметті құрайтын болады. Мен біздің жаңа үкіметіміз екі жақты қарым-қатынастардың дамуының жаңа серпін алуы үшін келіссөздер жүргізетініне сенемін, – деп атап өтті Р.Отунбаева.Келіп жатыр түгел төрткүл дүние
Төрелігін Нұрсұлтандай ағамның, Мықтылары мойындады жаһанның. Ту қадаған төбем шыңмен таласып, Бейқұт, бейбіт бақ қонған жұрт атандым. Жұлдыз біткен жерге түсіп ақшамда, Елорданың атын жазды аспанға. Қисайғанды қиюына келтіріп, Кемеңгерлер ақыл табар сасқанда. Тәуелсіздік баршамызға жарық күн, Бауырмалдық мінезімді таныттым. Ұлылығын дәлелдеді Елбасы, Қазақ деген қаны таза халықтың. Ғаламзаттың қалт-құлт етіп шырағы, Иман қашты қалқандай боп құлағы. Әлем мұқтаж игіліктің жолында, Қайнап жатыр қазақы Рух бұлағы. Бала демес тар өткелде тапса амал, Қызыл тілмен талқандаған тас қамал. Қазыбектер қара қылды қақ жарып, Он үшінде-ақ билік айта бастаған. Біз кешпеген жерде қорлық қалды ма, Адам болсаң қуан енді, қалғыма! Келіп жатыр түгел төрткүл дүние, Төбе бидің төңкеріліп алдына. Түйе байлап, бие байлап бағына, Кірісті ме қонақ күту қамына. Ағалығын ағайынға көрсетіп, Даналығын асырады тағы да. Бір күнім бұл, мың күніме татыған, Іргем бүтін, бүтіндікке шақырам. Астананың құттықтаймын Саммитін, Оңтүстіктің, Отырардың атынан! Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, Қазақстанның халық ақыны. Оңтүстік Қазақстан облысы.Ұлы жиын сәтті өтсін елімде
«Саммит» деген қызды сөздің қарқыны, Жан баурады мейірім төккен тартымы. Елу алты ел бас қосарлық жиынның, Елеңдетті маңызы мен ауқымы. Толғандырды жылы хабар не түрлі, Қала, дала құлақ түрді, желпінді. Еуропа мен Азия алтын көпірі – Қазақстан бастаушы боп серпілді. Ынтымақтастық, қауіпсіздік қалауы, Үлкен ұйым – Еуропаның жалауы. Төрағалық құрсақ оған бір-ақ жыл, Талай жылдар сөнбес жаққан алауы. Паш етерлік тарихтың кең өткелін, Бірлік сақтар жаңалықтар көп керім. Ұмытпайды Еуропа мен Азия, Бұл Саммиттің Қазақстанда өткенін. Ұлы жиын – ерен-ғайып, мығым іс, Біле білсек, бұл – тарихи құбылыс. Елбасы мен байтақ елдің беделін, Әлем қолдап ашылып тұр нұрымыз! Талай қызық бұл күндері көрермін, Ақындардай жырлап оны берер кім?! Аялап тұр біздің елді құт пен сәт, Жақсылығын аямастай келер күн. Еуразия көрінгендей жолы егіз, Көтерілді тәуелсіз ел өреміз. Ұлы жиын Сәтті өтсін елімде! Аспан-көкке бір жеткендей төбеміз. Кәкімбек САЛЫҚОВ.