Қазақстан археологиясының қалыптасуына, Ұлы Жібек жолының тарихын зерттеуге, тәуелсіз Қазақстанның археологиялық ғылыми орталығын құрып, дамытуға, кәсіби мамандарды дайындауға, археология бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік байланысты қалыптастыруға қазақтың айтулы азаматы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Карл Байпақов зор үлес қосып келеді. Ол ұлттық археологияның іргетасын қалаушылар Ә.Марғұлан мен К.Ақышевтің шәкірті әрі үзеңгілес әріптесі.
Қазақстан археологиясы қарқынды даму жолына түскен 1960–1970 жылдары Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық қалаларын зерттеу ісі кең қанат жайды. К.Ақышевтің басқаруымен Оңтүстік Қазақстанның Арыс, Бадам өзендерінің бойы мен Сырдарияның орта ағысындағы қалаларды зерттеу қолға алынды. Карл Молдахметұлы осы зерттеулердің қайнаған ортасында жүрді.
1969 жылы Қазақстан археологиясының зертханасына айналған Отырар қаласының орнындағы қазба жұмыстары басталды. Ғылыми зерттеулерді жүйелі жолға қою мақсатымен Отырар археологиялық экспедициясы құрылды. Карл Молдахметұлы Отырар археологиялық экспедициясы басшысының орынбасары міндетін атқарды. Отырартөбе мен оның айналасындағы Көкмардан, Құйрықтөбе, Марданкүйік, Ақтөбе секілді қала орындарында жүргізілген зерттеулер Қазақстан тарихына тың жаңалықтар әкелді. Отырар оазисі мен Қаратау бөктеріндегі ежелгі қалалар зерттелінді. Отырар мен Отырар оазисінде жүргізілген зерттеулердің негізінде алғашқы монографиялық еңбектер жарық көрді. Құйрықтөбе қаласында хандардың салтанатты сарай кешенінің ашылуы, ондағы ағаш тақтаға ойып салынған қағандар өмірінің көрінісі үлкен ғылыми жаңалық еді. Отырар, Қаратау, Арыс өңірлерінде жүргізілген зерттеулер Қаңлы тарихындағы бірсыпыра шешілмеген мәселелердің бетін ашуға көмектесті.
1971-1976 жылдары Отырардың жоғарғы қабатында кең көлемде қазба жұмыстары жүргізілді. Қала құрылыстары, көшелер жүйесі, тұрғын үйлердің түрлері зерттелінді. Жиналған материалдар кейінгі ортағасырлық Отырардың әлеуметтік-экономикалық өмірін анықтауға мүмкіндік берді. Ясы, Ташкент, Бұқара және Отырардың өзінде соғылған теңгелердің қазбадан көптеп табылуы Орта Азиядағы сауда-экономикалық қатынасында бұл қаланың маңызды орын алғанын көрсетті. Кейінгі ортағасырлық Отырарды зерттеу қазақ халқы мен оның алғашқы мемлекеттік құрылымы Қазақ хандығының қалыптасу тарихын неғұрлым тереңірек танып, білуге мүмкіндік берсе, 1977-1985 жылдары Отырардың ХІІІ – ХV ғғ. жататын құрылыс қабатында қазба жұмыстары жүргізілді. Сол дәуірдің тұрғын үйлер кешені мен қорғаныс жүйесі ашылып, қыш ыдыстар мен металдан, шыныдан жасалған бұйымдардан тұратын археологиялық жәдігерлер көптеп табылды. Отырар мен басқа да қалалардың осы дәуір қабатында жүргізілген қазба жұмыстары Қазақстан, тіпті Орта Азия тарихында қалыптасқан жаңсақ көзқарасты теріске шығару мүмкіндігін көрсетті. Ол Қазақстан мен Орта Азияның көптеген қалалары монғол шапқыншылығынан кейін тіршілігін тоқтатқан, отырықшы мәдениет үлкен күйреуге ұшырап, қазақтар көшпелі тіршілікке ауысқан деген теріс көзқарастар еді. Археологиялық қазба жұмыстары шапқыншылық салдарынан қираған көптеген қалалардың ұзамай қайта қалпына келтіріліп, олардың мәдени-экономикалық тұрғыдан қайта дамығанын көрсетті. Отан тарихына толықтыру әкелген осындай іргелі өзгерістерді топтастыра келіп, ол туралы Қазақстан тарихының академиялық туындысын жазған да К.Байпақов болатын. Көп ұзамай археологиялық зерттеулердің нәтижелерін жалпыға жеткізген тағы бір қомақты монографиясы жарық көрді.
Көк күмбезді мешіт пен монша құрылыстары, құмырашылардың кварталы да осы кездері қазылып, аршылды. Қазба кезінде табылған күміс бұйымдар мен теңгелердің көмбесі Отырардың сауда орталығы болғандығын айқын аңғартты. Табылған теңгелерге К.Байпақов пен В.Настичтің бірігіп жасаған сараптамасы қаланың Шығыс Түркістан, Мәуреннахр, Хорезм, Еділ жағалауы, Қырым және Таяу Шығыспен сауда-саттық жасап, тығыз қарым-қатыныста болғандығын көрсетті. Ішкі және далалық саудада негізгі қолданыста болған Отырарда соғылған теңгелер Орта Азияда да еркін айналымда жүргені дәлелденді.
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларын зерттеу жұмыстары К. Байпақовтың докторлық диссертациясына арқау болды. Ол 1986 жылы Мәскеуде “Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья (VІ-XVІІІ вв.) деген тақырыпта докторлық диссертациясын жемісті қорғап шықты.
Ғалымның Қазақстан археологиясына қосқан үлестерінің қатарында ортағасырлық қалаларды баламалау мәселесі өз алдына бір әңгіме десем, К.Байпақов анықтаған тарихи қалалардың орындары өте дәл екендігін осы күнгі зерттеулер растап отыр. Осы бағытта жазылған маңызды мақалалары осы күнгі зерттеулерде кеңінен қолданыста жүр.
1980 жылдары ол әлемдік тарихта айрықша орын алатын Ұлы Жібек жолы тақырыбымен де жемісті айналысты. 1987 жылы ЮНЕСКО-ның 24-сессиясында “Ұлы Жібек жолы” халықаралық жобасы кешенді түрде зерттелу қажеттігі мақұлданса, осы халықаралық сауда жолының Қазақстан арқылы өтетін бөлігін зерттеу міндетін К.Байпақов өз мойнына алған болатын. Он жылдан астам уақыт жүргізілген зерттеу жұмыстары Ұлы Жібек жолының Қазақстанда қала мәдениеті мен сауда қатынастарының дамуы үшін ғана емес, бүкіл әлемдік сауда-экономикалық және мәдени, саяси байланыстар үшін де аса зор маңызға ие болғандығын дәлелдеп шықты. Әсіресе, Қазақстан жерінде Түрік қағанаты үстемдік құрып тұрған кезде Ұлы Жібек жолы қатынасының дамуы өзінің шарықтау шегінде болғандығы күллі әлемге әйгілі болды. Жазба деректер мен бірқатар қалаларда жүргізілген қазба жұмыстарының мәліметтері осы кезде халықаралық сауда жолының басым бөлігі түріктердің толық бақылауында болғандығын көрсетті. Осы көрсеткіштер археологиялық қазба материалдарымен толықтырылды.
К.Байпақовтың ұстаздық еңбегі өз алдына бір төбе. Иә, 1966 жылдан бері қаншама маман археологтар университет қабырғасында одан дәріс алды десеңізші. Ол “Қазақстанның ортағасырлық қалалары”, “Ұлы Жібек жолы” курстары бойынша дәріс оқиды. Оның жетекшілігімен ғылыми дәреже қорғаған кешегі шәкірттері бұл күнде Қазақстан археологиясының белді мамандарына айналған. Осы күнге дейін К.М. Байпақовтың жетекшілігімен 16 адам ғылым кандидаты және 5 ғалым ғылым докторы атақтарын қорғап шықты.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ұйытқы болуымен 2004 жылы басталған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында қаншама жемісті жұмыстар атқарылғаны өзімізге белгілі. Міне, осы игі іске Археология институты да көп үлес қосты. Әсіресе, Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық қалаларын зерттеу мәселесінде келелі істер атқарды. Көптеген қалалардың орнында жүргізілген қазбалар барысында ашылған монша, мешіт, медресе, салтанатты сарай орны секілді маңызды нысандарды сақтау, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ашық аспан астындағы музейлерге айналдыру ісі қолға алынған болса, бас археологтың жетекшілігімен және тікелей қатысуымен Қаялық, Тальхир, Алматы, Құлан, Қасрибас, Усбаникет, Отырар, Кедер, Сауран, Янгикент, Жайық қалаларының орнында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары Қазақстан тарихына толықтырулар жасайтын тың мәліметтер беруде.
К.Байпақов осы күнге дейін 40-тан астам монография жазумен қатар жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 4 оқулық, мектеп оқушылары үшін 8 оқулық жазып, 15 түрлі-түсті альбомдарды баспадан шығарған автор. Оның 550-ден астам ғылыми мақалалары орыс, қазақ, ағылшын, француз, неміс т.б. көптеген тілдерде жарық көрген.
К.Байпақов білікті маман, ұлағатты ұстаз ғана емес, танымал қоғам қайраткері. Ұлы Жібек жолының Қазақстан Ұлттық комитетінің мүшесі. “История цивилизации Центральной Азии” атты 6 томдықты дайындауда ЮНЕСКО халықаралық комитетінің мүшесі. Сондай-ақ “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы бойынша қоғамдық кеңестің мүшесі. Ұлы Жібек жолы бойынша ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшысы. Тарих және этнология институты жанындағы докторлық диссертация қорғайтын кеңес төрағасының орынбасары.
Карл Молдахметұлының ғылым, білім, қоғамдық қызмет саласында атқарған еңбегін ғылыми қауымы да жоғары бағалай білді. Бұл сөзіміздің бір дәлелі, оған “Средневековая городская культура Южного Казахстана” атты монографиясы үшін Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1988), “Қазақстан ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер” атағының (1998) берілуі деуге болады. Сондай-ақ, ол “Қазақстан ғылымына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгімен (2002), “Парасат” орденімен (2003), ЮНЕСКО-ның әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін медалімен (2005) марапатталған. Ол Қазақстан Республикасы “Ғылым қайраткері” номинациясы бойынша “Жыл таңдауы” фестивалі мен “Алтын адам” конкурсының жеңімпазы (2005), “Платиналы Тарлан” сыйлығының иегері (2007). Сонымен қатар, оның 2008 жылы Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының ассоциациясы “үздік автор” ретінде А.Байтұрсынов атындағы күміс медальмен марапаттағанын да айта кетсек дейміз.
Әрине, бұл шағын мақалада ғалымның археология ғылымына қосқан зор үлесіне кеңінен тоқталу еш мүмкін емес. Әйтсе де, айтылған әрбір жәйт Қазақстан ғылымын дамытуға азаматтың тынымсыз ізденіспен зор үлес қосқанын айтып тұр деген ойдамыз.
Дөкей ТАЛЕЕВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.