02 Желтоқсан, 2010

Еуропалық банк қолдауы

490 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Томас Мироумен кездесу өткізді. Онда Үкімет басшысы мен ЕҚДБ президенті бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасып, екіжақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан экономикасының даму келешегін, сонымен қатар Қазақ­стан мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасындағы әріптестік мәселелерін талқылады.  Сондай-ақ ЕҚДБ-ның Қазақстанның ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға қатысу мүмкіндігі де сөз болды. Томас Мироу елімізді ЕҚЫҰ-ның 7-ші Саммитінің табысты ашы­луы­мен құттықтап, Қазақ­стан Рес­публикасы мен ЕҚДБ ара­сындағы байланыстың одан әрі жемісті дами беретініне сенім білдірді. Кездесу аяқталған соң Пре­мьер-Министр Кәрім Мәсімов ЕҚДБ мен “Қазақстан темір жо­лы” ҰК” АҚ-тың еншілес ком­па­ниясы “Қазтеміртранс” АҚ ара­сында аталмыш банктен 200 млн.АҚШ доллары көлемінде заем алу туралы келісім-шартқа қол қою рәсіміне қатысты. Бұл қар­жыны “Қазтеміртранс” АҚ жаңа жүк вагондарын сатып алуға жұмсамақ. Сегізжылдық заем жүкке арналған  вагон паркінің жаңғыртылу бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Ал жүк вагондары паркін жа­ңар­ту Қазақстанның 2010-2014 жыл­дарға арналған көлік инфрақұ­ры­лымын дамыту бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі болып табылады.