“Көкте – Тәңірі, төменде – қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған”, деп басталатын Күлтегін ескерткішінде айтылғандай, сол көк пен жер арасында жаралған адам баласының бірі – қазақ! Қазақтың ниетіне қарай Алла жерді де, сол жердің асты-үстіне оңайда ортаймайтын байлықты да берген ғой. Тәу етер тәуелсіздігімізді алғаннан кейін керсе иығы, ашса құшағы, жадыраса жанары кең, береке-бірлігі жарасқан халқымызды төрткүл дүние таныды. Қатар жүріп, қатар тұрып ой айтуға, пікір жарыстыруға, түгендеп түйінін қоюға қол жетті. Соның айдай әлемге айқын айбынымызды асырған бір дәйегі ЕҚЫҰ-ға төраға болып, төрелік жасауымыз, дүние жүзінің назарын аударып, Астана Саммитін өткізіп жатқанымыз дер едік.
Азуын айға білеген мықты елдердің басшыларына қазақтың даласы мен қаласын, азаматын таныстыратын: “Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам, Секілді бәрі менен көз алмаған. Кең дүние, кенде етсең сыбағамнан, Шырылдаған сәбидей мазаңды алам”, – деп жыр жампозы Мұқағали Мақатаев айтқандай, бүкіл қазақ даласы түрлі-түсті суреттермен берілген, көлемі қомақты “Қазақстан аспаннан” деген фотоальбом жарыққа шығып отыр. Еуразия құрлығының қақ төріне орналасқан, 2,7 миллион шаршы шақырым аумақты алып жатқан Алатаудан Атырауға дейінгі аралықты көк жүзінен көркем суретке түсіріп, қазіргі заманның озық техникасымен әспеттеп шығарған альбом жеті бөлімнен тұрады. Отанымыздың төрт құбыласын түгендеген алғы сөзде географиялық орналасу жағынан оңтүстік-шығысында Қытаймен (1460 шақырым), солтүстігінде Ресеймен (6467 шақырым) шекаралас екеніміз, тұрғындардың 67 пайызын қазақ ұлты құрайтыны алға тартылып, 14 облыс туралы мәліметтер беріліп, Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы жерімізде кездесетіні, қазір оның 60-тан астамы игеріліп жатқаны, 170-тен аса зерттелген мұнай-газ кен орындарында 40 миллиард баррель шамасында мұнай, 3 триллион текше метр газ бары, 1225 түрлі минералды шикізаттан тұратын 493 кен орны белгілі болып отырғаны алға тартылыпты.
Мемлекетіміз туралы дерек, суреттерге берілген анықтау мәтіндері қазақ, ағылшын тілдерінде жазылған.
“Астана – жаңа дәуір нышаны” деген бірінші бөлім қала келбетін ашатын суреттермен көмкерілген. Қазақ елінің алып елордасының арғы-бергі тарихынан да хабардар етеді. Әлем картасындағы ең жас қала болып есептелетін Арқаның алтын жауһарына, қазақтың мақтанышына айналған, жұрт ұйытқысы болған, дәулетімізге қарай сәулеті келіскен елордадағы әсем ғимараттар, оқу орындары, рухани орталықтар ерекше қанаттандырады. Соңғы 10 жыл ішінде өткен алқалы жиындар да назардан тыс қалмаған. Ал “Оңтүстік Қазақстан – мәдениеттер тоғысқан ежелгі мекен” атты екінші бөлімде Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы киелі орындар айшықты суреттермен ұштастырылыпты. “Түркістан екі дүние есігі ғой. Түркістан ер түріктің бесігі ғой”, деп Мағжан Жұмабаев жырлаған Түркістан қаласынан жол тартқан суреттер Арал теңізінен Жоңғар қақпасына, одан Бетпақдала мен Балқашқа, Қызылқұмға, шыңдарын ақжаулық қар жапқан Тянь-Шань шыңдарына жалғасып кете береді. Әсіресе, басын мәңгілік мұздақтар құрсап жатқан 7010 метр биікте асқақтаған Хан Тәңірі, ұлттық қорықтар, салқын көлдер, мөлдір бұлақтар, мыңжылдықтардың ар жағындағы қорғандар, құладүздің көркін кіргізген құландар, бүгінгі жеткен бел-белестер – бәрі де өз орнымен берілген.
“Орталық Қазақстан – табиғи байлық қазынасы” бөлімінде: “Уа, дариға – алтын бесік туған жер, Қадіріңді келсем білмей кеше гөр, Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей, Ақын болмай тасың болсам мен егер”, деп ақиық ақын Қасым Аманжолов айтқан, Орталық Қазақстандағы бір замандары ұлтымыздың ұйытқысы болған Ұлытау, Сарыарқаның сары даласы, пайдалы қазбалар, өзге де суреттер көз жауын алады. Қытай, Моңғолия, Ресей мемлекеттерімен шектесетін Шығыс Қазақстан өлкесінің бай табиғаты мен өркендеп келе жатқан өрісін көрсететін бөлімдегі көріністер де әдемі шыққан. “Егер жер бетінде Адамата мен Хауана мекендеген қонысты көрсет десе, мен Ертісті нұсқар едім!” деп Г.Потанин меңзегендей, Ертіс өзені мен Алтайдан басталып, Жетісумен шектесетін алқаптағы 2 мыңға жуық көл, Мұзтау мұздақтары, бұлқынған Бұқтырма, Марқакөл мен Зайсан, түсті металдар шығатын өңірлер – альбомның ажарын ашып тұр.
“Солтүстік Қазақстан – еліміздің аса жомарт астықты өңірі” атты бөлімде Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының байтақ даласының алуан түсті суреттері кімнің де болса жанына жақын тиері анық. Көкшетаудың көрікті жерлері, атақты Бурабай аймағы, құсқа бай Қорғалжын қорығы, айнадай жарқыраған Зеренді, Баянауылдағы Жасыбай, ел ырысы Екібастұз – осының бәрі қазақ жұртының қабырғалы ел екенін айғақтап тұр. Сол секілді “Батыс Қазақстан – еліміздің мұнай қоймасы” аталатын бөлімдегі мұнай бұрқақтары, Каспийдің көк-жасыл айдыны мен ақбауыр балығы, өндіріс ошақтары, 360 әулиеге мекен болған Маңғыстау ойпатының алуан кейіптегі қыр-қыраты, дала кемесі атанған қаранар – несін айтасыз бір қарағанда құладүз көрінгенмен, қойнауы құт өңір екені сөз суретпен астасқанда әдемі әсерге бөлейді.
“Алматы – Қазақстанның мәдени және қаржы орталығы” деген соңғы бөлімде: “Жақсы атанды демейсің сүйем десем, Табынатын тәңірім, ием де – сен. Адам болып күн кешу қиын маған, Арқа тұтып, өзіңе сүйенбесем. Сен менің сүйегім мен қанымдасың, Жанымдасың, ұятым, арымдасың. Саған деген махаббат дамылдасын, Тек сенің топырағыңды жамылғасын”, деп Мұқағали ақын жырлағандай, тәуелсіздігіміздің туы көтеріліп, елдігіміздің еңсесі тіктелген Алатаудың баурайына орналасқан әсем қала Алматының алуан түрлі суреттері айқара беттерге беріліпті. Қала көріністері мен әсем табиғаты, басын ақ қар көмкеріп, бауырындағы сай-саланы шымылдық қарағайлар әспеттеген өркеш-өркеш шыңдар көз жауын алады. Көктен түсірілген суреттерге берілген анықтамаларда қаланың арғы-бергі тарихы айтылып, әрбір ғимаратқа анықтама беріледі.
Бір сөзбен айтқанда, елдігіміздің мәртебесін тағы бір белеске көтеріп отырған Астана Саммитіне тарту етіп ұсынған бұл суретті альбомды парақтағанда, Мағжанның: “Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе? Түрікке адамзатта ел жеткен бе? Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял, Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?” деген өлең жолдары ойға оралып, Елбасы бастаған азаматтардың ақылды ісіне тәнті, қазақ жерінің шуағы мен мейіріміне риза боласың. Сол тұста: “Мен өзіңдей байтақ едім, кең едім, Қызығыңды көріп еркін келемін. Сен де аямай бердің маған барыңды, Мен де аямай барым саған беремін”, – деп ұлты мен жерін көкке көтерген Қасым ақынның төрт жол өлеңіне ден қоясың. Осындайда бабаларымыздан қалған төрт құбылаңды түгендеу деген қағида еске түседі. Ол – жері мен елі, соған сай талантты ұлдары, бүгінгі қасиетті тәуелсіздік. Тәуелсіздік берген бақ пен бақыттың бір мәйегі мен дәйегі осы Астана Саммиті десек, келген қонақтарға сыйға тартар Отанымыздың бүкіл болмысын көрсететін альбом тон емес, жолға жүрер кәде дер едік.
Сүлеймен МӘМЕТ.