03 Желтоқсан, 2010

Еленбей жүрген бір есім

640 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Сайлау Боранбаев Ақмола аймағындағы Қор­ғалжын өңірінің перзенті. Еліміздің барлық об­лыс­тарында да ұлттық өнер-білім мен ғылым­ның айту­лы өкілдерін тууға келгенде бауыры барынша иіп тұ­ратын құнарлы атыраптар бар. Мәселен, оған Пав­лодардың Баянауылын, Алматы облысы­ның На­рынқолын, Солтүстіктің Жамбыл ауданы мен Тор­ғай даласының Жангелдин, Қара­ған­дының Қар­қа­ра­лы аудандарын, т.с.с. жатқызуға болады. Қор­ғал­жын да Ақмола өңірінің сондай өңірі десек, ар­тық айтқандық емес. Оның дәлеліне кешегі Мә­риям Жагорқызын, айтыскер Құлтуманы айтпаған­ның өзінде кеңестік кезеңнің тамаша өнер тарлан­дары: қобызшы Дәулет Мықтыбаев, күйші Қосым­жан Бабақов, сазгер Кенжебек Күмісбеков, әнші Ра­биға Есімжанова есімдерін еске алсақ та жетіп жа­тыр. Міне, сол ортадан Сайлау Боранбаев та шыққан. 1930 жылы туған Сәкең анасынан ерте айры­лып, әкесінің немере інісі Төлеу Нұрмағам­бетов­тің бауырында өседі. Жасынан өнерге бейім, қолы­нан домбыра мен сырнай түспеген Сайлау мектеп бітірген соң, 1950 жылы Алматы консерва­тория­сына оқуға түседі. Мұнда ол қазақтың өнер тар­лан­дары Еркеғали Рахмадиев, Жексенбек Еркін­бековпен бірге оқиды, ал жерлес ағасы Кенжебек Күмісбековпен жақын араласып тұрады. Өзі ақ­жар­қын, салдырлаған, адал мінезді, кішіпейіл Сә­кең кейін үлкен лауазымдар мен атақтарға қол жет­кізген осындай тұрғыластарына өзі өмірден өт­кенше керемет сыйлы болып өткен жан. Олардың тірілері тіпті, Сәкеңді күні бүгінге дейін ардақ тұ­тып, оның отбасын алақандарына салуға бар. Мә­се­лен, Еркеғали Рахмадиев Сәкеңнің жесірі Мақ­шура апайды Астанаға көшіп келген бойында өзі іздеп тауып алыпты. Ал апайымыз әлі күнге, туыс­тары бола тұра, Алматыға бір барғанда Күміс­бектің, келесі барғанда Жексенбектің үйіне түседі екен. Қолдары биік лауазымдар мен атақтарға жет­кен азаматтардың алдында соншалықты баға­лы болғандығының өзі ғана Сәкеңнің адамгершілік қасиетінің көп қырынан хабар берсе керек. Сайлау Боранбаев консерватория бітіріп, жолдастарының Алматыға қал дегеніне қарамай, елге қызмет етіп, өнер отын жағамын деп 1955 жылы Ақмолаға келгенде тың игерушілердің қаланы емін-еркін жайлап алған кезі болатын. Құрманғазы оркестрі сияқты ортаны көріп, оның сапында ойнап, өнердің қайнаған ортасынан келген жан Ақмолаға келгенде домбыраның сұра­нысқа ие болмағанына қайран қалады. Содан... Жергілікті басшылармен жағаласып, айтысып-тар­тыса жүріп, қаладағы Киров атындағы мектептің жертөлесінде му­зыка мектебін аштыруға қол жеткізеді. Онда алдымен сольфеджио, фортепианодан сабақ беріп, артынан домбыра кла­сын да ашқызады. Өзі құрған оқушылар оркестрі сыртқа танылып, үлкен жиын­дарға арналған концерттерде бір нөмір, кейде екі нөмір орындауға қол жеткізетін болғанда қазақ басшыларына таны­мал болып алады. Солардың алдына талмай кіре жүріп, ақыры пединституттың филфагынан музыка бөлімін ашқызады. Оларға студент жинау үшін Ақмола ауыл­дарын ға­на емес, ту сонау, Торғай да­ласы, Көк­шетау, Павлодар ауылдарына де­йін кезіп кетеді. 1965 жылы ашылған сол музыка бөлімі ақыры Сәкеңнің талмай талап­тануының арқа­сын­да жеке факультет болып, бө­лек шығады. Өмірден өткенінше осы факультеттің деканы болған Сайлау Боранбаев оған түсетін талантты оқушы­ларды ерте бастан дайындап, аудан орталық­тарында да музыка мектептерін ашуға ықпал етіп, тыным алмай жүреді. Тіпті ауыл мектептерінде де домбыра оркестрінің болуын мектеп басшы­лары­нан аттай қалайды. Оқу бітірген студенттерінің басқа кәсіпке кетпей, сондай мектептерге орналасуын да жіті қадағалап отырады. Сол Сәкеңнің өзінің студенттеріне жасаған қамқорлығын айтсақ, бір мақа­лаға сыйғызу қиын. Менің алдымда оның жары Мақшура апай жеткізген толып жатқан газет қиындылары жатыр. Онда басқа деректермен қатар Сәкең студент­терінің көптеген алғыстары да жазылған. Ақмолалық қазақтардың бәрі Сә­кеңнің зор еңбегі мен өнерін, ұлттық істегі риясыз жана­шыр­лығын қатты құр­меттегенімен, домбыра десе тыр­сия қа­ла­тын жергілікті басшылық оның еңбе­гін лайықты бағалап, үкімет награ­дасына ұсын­баған. Аңқыл­даған Сәкең ондайға қарамаған, оған керегі тек қазақ өнерінің Ақмола топырағында өшпеуі ғана болатын. Ол өңірдегі халық ком­по­зитор­лары­ның әндері мен күйлерін де жинақтап, «Дала әні», «Гүлденген дала» атты кітаптар шы­ғарады. Сөй­тіп, есімдері ұмытылып бара жатқан халық өнер­паздарының атын жаңғыртады. «Дала­ның бір әнін мәңгілікке тірілтсем – бір ар­ма­нымның орындал­ғаны» дегенді өзі жиі айтады екен, жарықтық. Ал Алматыдан келген атағы жер жарған барлық өнер адамдары тек Сайлау Боран­баевтың үйіне түсетін. Соның ішінде жоғарыда ат­тары аталған тұлға­лардан басқа Рабиға Есім­жанова, Шамғон Қажы­ға­лиев, Гүлжиһан Ғалиева Ақмолаға келсе Сай­лау­ды табады екен. Сәкең тіпті, «қазақ бұлбұлы» Күләш Байсейітовамен, Қана­бек, Құрманбек­тер­мен де жолдас болған. Ақмола­да ат байлайтын аға­шымыз өзіңсің, дейді екен олар да. Сөйткен Сәкең 1978 жылы, нағыз бабында жүрген 48 жасында өмірден беймезгіл озады. Қыстыгүні көлдің үстімен келе жатқан жүк мәшинесінің ішінде екі адамның ортасында отырған тау тұлғалы жігіт ағасы мұз ойылып, мәшине батып бара жатқанда екі жағындағы адамдарды бар күшімен, жанұшыра итеріп, шығарып жібергенімен өзі үлгіре алмай, суға кетеді. Өмірінің соңғы минөттерінде де ол басқа адамдардың өмірі үшін күрескен екен... Сөйткен, ұлт ісі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген жанның есімін ұлықтау ісі қалай болып жа­тыр десек, ұялғаннан жерге кіре жаздайсың. Ас­танадан бір көшенің атын беру керек деген Парла­мент депутаттарының сұрауларына бәрін қағазбен өлшейтін шенеуніктер: «Ешқандай атағы жоқ адамға көше атын бере алмаймыз», деп жауап береді. Шынында, олар Сәкеңнің ерен еңбегін қай­дан білсін? Музыка мектебін атайық деген ұсы­ныс та жерде қалады. Тек, 2000 жылы Ермек Серке­баев, Еркеғали Рахмадиев және басқа да өнер тарлан­дарының сұрауымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 70 жылдығына арналған халықаралық конференция өтеді. Ал әріптесі В.Шевченко 2007 жылы «посвящается светлой памяти замечательного человека и педагога – музыканта Сайлау Боранбаева» деген анық­тама беріп, фортепианоға арналған сюита жазып шығады. Туған жері Қорғалжында 2001 жылы көше атын беру туралы шешім шық­қанымен, Мақшура апайдың айтуына қарағанда ол да аяқсыз қалыпты... Бірақ елі бар жерде, ердің жақсылығын білетін адал ұрпақ бар жерде Ақмоланың ақиық азаматы Сайлау Боранбаевтай нарқасқаның есімі атаусыз қалмас деп ойлаймыз. Суреттерде: 1. Сайлау аға Күләш Бай­сейітова, Кенжебек Күмісбеков, Ер­кін­бек Жек­сенбековтермен бірге Қазақ өнерінің Мәскеуде­гі күндерінде. 2. Сайлау Боранбаев өзі құрған домбыра оркестрімен жұмыс істеуде. Жақсыбай САМРАТ.