10 Желтоқсан, 2010

Коммуналдық салаға – 51 млрд. теңге

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстанда 2011-2013 жыл­­дары инженерлік жүйелер мен коммуналдық секторды жаң­ғырту, қайта жөндеу және салу жұмыстарына 51 млрд. теңге бөлінетін болып шешілді. Бұл жайында кеше Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық істері агент­тігінің департамент директоры Ва­силий Маслов өткізген баспа­сөз мәслихатында баян етілді. «Жақында алдағы үш жыл­дың, яғни 2011-2013 жылдар аралығының бюджеті жасалып болды. Осы бюджеттің шең­берінде республика қаржысы­ның негізгі бөлігі, яки 96 пайызы, нақтылап айтқанда, 51 млрд. теңгесі инженерлік жүйе­лер мен коммуналдық сек­торды жаңғыртуға, қайта жөн­деуге және салуға бағыттал­мақшы. Бұл жұмыстарға су, жылу, газ және электрмен қам­тамасыз ету жұмыстары енеді», – деді ол. Осы жерде еске сала кетуіміз керек, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері биылғы қараша айын­да Үкімет мақұлдаған «Ақ­бұлақ» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында шешіледі. Құ­рылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне бұл істе ірі және кішігірім қалаларды сумен қамтамасыз ету жұмыс­тары тапсырылды. Ал ауылдық елді мекендерді сумен қамту мәселесін Ауыл шаруашылығы министрлігі шешетін болады. Департамент директоры­ның айтуынша, жоғарыда аталған 51 млрд. теңгенің 25 млрд. теңгесі, инвестициялық жоба­ларды жүзеге асыруға жұмса­ла­ды. Бұл жобалардың кем дегенде 10 пайызын қаржылан­дыру жергілікті әкімдіктерге жүктеліп отыр. Осылайша 51 млрд. теңге қаржы тағы 11 млрд. теңгеге көбейеді. Бұдан бөлек, қызмет көрсетуші кәсіп­орындар қарастыратын 208 млрд. теңгенің жеке қаражаты тағы бар. Тағы бір айтатын жәйт, Құрылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері агенттігі 2020 жылға дейін коммуналдық жүйелердің 60 пайызын ретке келтіріп бітуі тиіс. Оның сыртында апатты қалпына келтіру жұмыстарын оның алдын алу әдістеріне көшіру жоспарланып отыр. Сәкен МАЙЛЫБАЙ.