15 Желтоқсан, 2010

Немат КЕЛІМБЕТОВ

5824 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымы ауыр қазаға душар болды. 74 жасқа қараған шағында көрнекті әдебиеттанушы, прозашы, аудармашы Немат Келімбетов дүниеден өтті. Өмір жасының тең жартысындай бөлігінде ауыр дертпен арпалыса жүріп, рух ерлігінің ерен үлгісін көрсеткен үлкен жүрек соғуын тоқтатты. Немат Келімбетов 1937 жылы туған. 1953 жы­лы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес өңі­ріндегі Абай селосында орта мектеп бітірген соң алдымен Ташкент қаржы-экономика инсти­тутын (1959), одан кейін Қазақ ұлттық университетін (1966) аяқтаған. Еңбек жолын өзінің әуелгі ма­мандығы бойынша бастаған Н.Келімбетов кейіннен журналистика, әдебиет саласына ауы­сады. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қа­зақ­­стан») газетінде әдеби қызметкер, одан кейін республика Министрлер Кеңесінде референт, Әде­­биет, өнер және сәулетшілік салалары бо­йынша Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі ко-­мис­сияның жауапты хатшысы, «Қазақстан» бас­пасында редактор қызметтерін атқарған. Филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Келімбетов көптеген жылдар бойы Абай атындағы Алматы мемлекеттік универ­си­тетінің қазақ әде­биеті кафедрасында, Қ.Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлт­тық университетінің қазақ тілі ка­федрасында ұстаз­дық еткен. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі жайында жазылған бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Орда бұзар отызында омыртқадан ауыр дертке ұшырап, ұзақ жылдар бойы төсекке таңылған Немат Келімбетовтің өмірге құштарлықтың өнегесіндей, тағ­дырмен тартыстың тағылымындай «Үміт үзгім кел­мей­ді» атты монолог-хикаяты оның қаламгерлік қуа­тын да, күрескерлік күшін де келісті көрсетеді. Кітап­ты арқау етіп жазылған пьеса бойынша қойылған спектакль М.Әуезов атындағы академиялық театрсахнасында табыспен жүрді. Кейінгі жылдарда жарық көр­ген «Ұлы­ма хат», «Қариялар», «Күншілдік» сияқ­ты эссе­лері Немат Келімбетовті ойшыл суреткер ретінде де танытты. «Үміт үзгім келмейді» кіта­бы қазақ әдебиетінің абыройын асырып, жа­қында ғана оның авторына ЮНЕСКО аясын­дағы ең мерейлі марапаттардың бірі – Еуро­паның Франц Кафка қоғамының наградасын алып берген еді. Немат Келімбетовтің қазақ әде­биетінің байырғы бастау-бұлақ­тарын зерттеудегі еңбегі де ересен. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986), «Ежелгі дәуір әдебиеті» (1991), «Ежел­гі түркі поэзиясы жә­не қазақ әдебиетіндегі дәс­түр жал­ғастығы» (1998), «Қазақ әде­биеті бас­тау­лары» (1998), «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» (2005) сияқты көп­теген кітаптары ұлт­тық сөз өнері­нің түп-тамыры те­рең­де жатқанды­ғын даусыз дәлел­деді. Ғалымның бұл ба­ғыт­тағы ізденістері оны Күл­тегін атындағы сый­лықтың лауреа­ты атан­дырды, осы тақырыптағы кітап­тары бірнеше шетел тілдеріне аударылды. Л.Гурунцтың «Шіркін біздің Шушикент», В.Коза­ченконың «Най­­зағай», С.Ахмадтың «Көк­жиек», П.Қадыровтың «Жұлдызды түн­дер» ро­мандарын төгілте тәржіма­лаған Немат Келім­бетовтің көркем аударма саласына қосқан үлесі де үлкен. Көрнекті ғалым, тамаша прозашы, өнімді аудар­машы, ұлағатты ұстаз Немат Келімбетовтің жарқын бейнесі әрдайым халық жадында сақталатын болады.

Қазақстан Республикасының

Білім және ғылым министрлігі,

Қазақстан Жазушылар Одағы.

Бақұл бол, Асыл Дос!

Осыдан аз ғана бұрын телефонмен сөйлесіп, хал-жағдайды сұрасқан едік. Мен оған Кипрге барғанымды,  оның түрік тілінде жарық көрген кітабының тұсаукесеріне қатысқанымды, баяндама жасағанымды айтып, түрік ғалымдарының да кітапты жоғары бағалағанын әңгімелеп бердім. Немат ризашылығын айтып, қуанышын білдірді. Одан соң Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен жиынға да қатыстым. Онда Нематтың «Үміт үзгім келмейді» атты шығармасының қытай, түрік, неміс тілдеріндегі нұсқалары туралы сыр шерткен болатынбыз. Немат екеуміз 1970-ші жылдардан аралас-құралас едік. Бізді табыстырған әдеби шығар­машылық. Ол қызыл империяның қаны шығып тұрғанда Шәді төре Жәңгіров мұрасы туралы кандидаттық диссертация қорғап, бәрімізді таңғалдырып еді, өйткені ол заманда Абылайдың тікелей ұрпағының шығармашылығы  жабық тақырып болатын. Сол шақта-ақ Немат әдебиет тарихына, рухани мұраға мойнын бұрып, бірте-бірте бұл тақырыптарға дендеп ене бастаған-ды. Немат Келімбетов  сонау 1980 жылдардан бастап ежелгі әдебиетіміздің тарихын үңіле де, тереңдей де зерттеген айтулы ғалым болды. Ол әдебиетіміздің ерте дәуірін тәңірлік және ислам­дық деп үлкен екі кезеңге бөліп, қазақ сахара­сында исламға дейін де жоғары дамыған мәде­ниет болғанын көрсетті. Сол замандағы әдеби-мәдени дәстүр ислам келгеннен кейін өрлей дамығанын, сөйтіп рухани жалғастық болғанын иландыра дәлелдеді. Бұрын жай ғана аталып жүрген сақ-ғұн, үйсін дәуірлеріндегі, көне түрік пен Алтын Орда тұсындағы әдеби туындыларды талдап, ғылымға енгізді. Оның осы саладағы еңбектері 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихына» да игі әсерін тигізді. Үлкен ғалым Немат Келімбетов ежелгі және орта ғасыр әдебиетіне арналған 2-3 томдардың жалпы редакциясын басқарып, іргелі еңбекке сүбелі үлес қосты. Ал оның «Үміт үзгім келмейді» повесі мен «Қариялар», «Ұлыма хат» секілді эсселері Нематтың жазушылық қорының мол екенін паш етті. Бұл шығармалар қазіргі әдебиетіміздің деңгейін де  айғақтай алды. Енді, міне, осындай еңбекқор, әдебиеттану саласында ерен еңбек еткен, қайсар азамат арамызда жоқ. Ажалдан ешкім қашып құтыл­маған. Сүйікті жарың Қуаныштың соңынан сен де кеттің, Немат дос! Қош бол. Алдың жарық, иманың жолдас болсын! Сейіт ҚАСҚАБАСОВ.

Қайсар қалам қуаты

Нематпен сонау 70-ші жылдардан араласа бастағанбыз. Бізді табыстырған Әбіл деген ортақ досымыз еді. Нематтың үйі Әуезов театрының жанында болатын. Спектакльдерге жиі келуші еді, қойылымнан кейін үйіне бара салатынбыз. Ауылдасы, тамаша ғалым Лениншіл Рүстемовпен де сонда танысқанбыз. Кейін Немат ауыр дертке шалдықты. Сонда оның жары Қуаныштың дарқан жанына ерекше разы болғанбыз. Нематтың төсекте жатып алып, ауызша айтып аударған кітаптарын қайта-қайта қолдан жазып, қайта-қайта бастырып, баспаға апарып беріп жүретін Қуаныштың Мұхит, Қайрат есімді қос құлынын тәрбиелеуі де бөлекше еді. Осыдан үш жыл бұрын ғазиз жүректі Қуаныш та арамыздан аттанып кетті. Енді, міне, сыңарынан айырылса ұзақ тұра алмайтын аққудай болып Немат досымыз да ана дүниенің есігін ашыпты деген суық хабар жанымызды қарып өтті. Жақында ғана кітапханада Нематтың Қытайда, Түркияда, Австрияда жарық көрген еңбектерінің тұсаукесеріне қатысып едім. Сонда түсірген фотосуреттерді өзіне жеткізіп те берген болатынмын. Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» деген кітабын сұрастырып, іздеп жүрген адамдарды көрдім. Оның кейінгі кезде драматургия жанрына  қалам тартуы да табысты болды. Шығар­масындағы шынайылықтан шығар, сол кітап бойынша қойылып жүрген спектакль біздің театрда ылғи аншлагпен өтіп келеді. Адам өмірі оның қалдырған ізімен бағалы. Нематтың  соңында тамаша із қалды. Құнды кітаптары, асыл перзенттері қалды. Досымның алды пейіш, арты кеніш болсын. Сәбит ОРАЗБАЕВ.

Ағамен қоштасу

Немат аға! Мен Сізге ертең телефон соққалы отыр едім. Ұлты­мыз­дың ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтағалы отыр едім. Кенет... Кеше кеште суыт хабар келді. Сіз... бұ жалған дүниені артқа тастап жүріп кетіпсіз... Енді міне, қараңғы түн құшағында Сіздің рухыңызға арнап қоштасу сөзін жазып отырмын. Сізбен осыдан ай бұрын жүздесіп, Сіздің бір бақытты сәтіңіздің куәсі болған едік... Қос кітабыңыз «Үміт үзгім келмейді» хикаятыңыз бен «Ежелгі дәуір әдебиеті» зерттеуіңіздің Ыстамбұл­да түрік тілінде, Пекинде қытай тілінде және Венада неміс тілінде шық­қан жаңа басылым­дары­ның тұ­сау­­ке­серін жасадыңыз. Сіздің дос-жарандарыңыз, жалпы кітап сү­йер қауым бұл оқиғаны ұлттық сөз өнері­­міздің, әдебиеттану ғы­лымы­мыз­дың  халықаралық дәрежедегі танылуы, жеңісі деп білді. Сізбен бірге қуандық. Сіздің бір неміс оқушыңыз «Үміт үзгім келмейді» хикаятын оқып шыққаннан кейін төсекке таңылып, мүгедек болып жатып қалған ерін жүнжіп кетуден, құрып кетуден аман алып қалған қазақ әйелі Гауһардың ерлігін тек шығыс әйелдеріне ғана тән ерлік деп ба­ғалаған екен. Сонда біз   өмір­де сол Гауһардың прототипі болған, Сіз­дің басыңызға небары 35 жасы­ңызда тағдырдың  тауқыметі түсіп төсекке таңылғаныңызда  шиеттей екі бала, үшеуіңіз үшін  басқа түс­кен тағдыр­дың таудай  тауқы­меті­мен жалғыз май­дандасқан  жә­не сол айлапат  кү­рес­те қазақы имани тәрбиесінің ар­қасында жеңіске жеткен  ғазиз жан марқұм Қуаныш жеңгеміздің рухы алдында және осы Қуаныш жеңге­міздей  алаштың әулие аналары  ру­хы­ның алдында тағы  бір тағзым етіп бас иген едік. Иә, аға, Сізді тағдыр ауыр сынаққа салды. 35-тен кейінгі 40 жылдай өміріңіз төсекке таңылып, арбаға байланып өтті. Бірақ, Сіз қатыгез тағдырдың тәлкегіне қайтпас  қай­сар рухты қарсы қойдыңыз. Төсекте жатып өмір үшін, өнер үшін, ғылым үшін күрестіңіз. Төсекте жатып-ақ «Үміт үзгім келмейді» атты өмір­баяндық кітап жаздыңыз. Бұл кітап шыққан күннен бастап қолдан-қолға тимей оқылатын, оқыған са­йын оқырманның қайратын қай­рап, жігерін  жанитын рухани тәрбие құралына айналды. Сондықтан да Сіздің бір неміс оқырманыңыз бұл кітап кім-кім үшін де  өте құнды кітап, әсіресе, әлемдегі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін таптырмас рухани тірек деп жазды. Ал қы­тайлық оқырманыңыз болса кітап­ты оқи отырып, көз жасын тыя ал­мағанын айтып, бұл шығарма бір ұлт үшін ғана емес, барша ұлттар үшін де ортақ рухани құндылық депті. Түрік зиялылары болса Сіздің сонау сақ заманындағы Алып Ер Тоңғадан бері тартылған жалпы түрікке ортақ әдеби жәдігерліктерді түгендеп шыққан «Ежелгі дәуір әдебиеті» зерттеуіңізді түбі бір түріктің басын қосатын кітап деп бағалады. Сіз сөйтіп төсекке таңы­лып жатып-ақ докторлық диссертация қорғадыңыз. Академик атағына ие болдыңыз. Кітаптарыңыз ұрпақ санасын тарихи-патриоттық сезімге баулитын  баға жетпес оқу құралы­на айналды. Немат аға! Жоғарыға көтеріліп кеткен ру­хы­ңыз алдында айтарым: Сіз нағыз өр рухты қазаққа тән ғұмыр кештіңіз. Сіз, сөз жоқ, бұл Жер бетіндегі тірлікте адам сенгісіз азапты  бастан кештіңіз. Бірақ Сіз Алла шарапатынан үміт үзбедіңіз. Алла тілеуіңізді берді. Ұлдарыңыз азамат болып, немерелеріңіздің қызығын көрдіңіз. Сізді және Қуаныш жеңгейді жылатқан тағдыр, Алланың әмірі­мен, жұбата да білді. Соңыңызға қомақты әдеби, ғылыми мұра қал­дырдыңыз. Сол кітаптар Сіздің ендігі жердегі өзіңіздің өлмес тіліңіз, солмас санаңыз. Ендігі жер­де сол  халқыңызбен тоқ­тау­сыз сырласа бермек.  Өзіңіз бізден кетсеңіз де сөзіңіз  кетпек емес. Бізбен, халқы­ңызбен  бірге бол­мақ. Қош, аға! Иманыңыз жолдас болғай! Смағұл  ЕЛУБАЙ.

Парасат биігінен ой тербеген

Қазақтың қайсар ғалымы, ұлы ұстаз Бейсенбай Кенжебаевтың басшылығымен бір шоғыр оның шәкірттері қазақ әдебиетінің көне тари­хын, ежелгі мұраларды зерттеуге бел буғанда осынау көштің басында аса дарынды, табанды  ғалым Немат Келімбетов ағамыздың есімі жар­қырап көрінді. Міне, содан бері қырық жылға жуық мерзімде Немат ағамыз ежелгі әдеби жәдігерліктерді тынбай зерттеумен, соларды жинастырумен, жариялаумен ғұмыр кешті. Бұл, әрине, ерлікке пара-пар еңбек еді. Байтақ еліміздің күллі жоғары оқу орындарындағы филолог студенттер бүгінгі күнге дейін профессор Немат Келімбетовтің «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты оқулығын бір сәтке де қолынан тастаған жоқ. Бүгін де ежелгі әдебиет тарихының ең негізгі оқулығы осынау еңбек. Оның сыртындағы жазушылық, қаламгерлік еңбектері бір төбе. «Үміт үзгім келмейді», «Ұлы­ма хат», «Қария­лар» атты туындылары да руханиятымыздың үлкен олжасына айналған дүниелер. Кеше ғана осы еңбектердің әлем тілдеріне аударылған сәтіне куә болып, осынау кітаптардың тұсау­кесеріне қатысып, сөз сөйлеген едім. Араға көп уақыт салмай, қазақтың қайсар ғалымы, суреткер қаламгері дүниеден озды деген хабар қабырғамызға қатты батып отыр. Ұзақ жылдар бойында жанымда жүрген ұлағатты  ұстазым, әкемдей болған қамқоршы ағам еді. Қайтеміз, не шара бар. Алдыңыздан Алла жарыл­қасын, топырағыңыз торқа болсын, қазақтың парасат биігінен ой толғаған ғұлама ғалымы. Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің деканы, профессор.

Алла ісіне не шара!..

Осынау қазақ ғылымы мен білімі үшін қа­ралы күндерде профессор Немат Келімбет­ұлы­ның от­ба­сына, ағайын-туысқандарына, әріптес-қалам­дастарына, шәкірт-ізбасарларына қайғы­рып кө­ңіл айта отырып, ұстазымыздың әзіз ру­хын тербеп бірауыз ықыласымызды жеткізуді қаладық. Немат Келімбетов шәкірттері үшін кім еді? Қайыспас қара нардай әрі адам, әрі тұлға еді. Ол кісінің сабағында шыбынның ызыңы ғана естілетін. Бірінші күннен талапты өте қатаң қоятын. Содан «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» бастал­ды да кетті. Дәрісте Күлтегін күркіреп, Қорқыт кү­ңіреніп, Фараби дүрілдеп, Ясауи толғап, Ба­быр сыр шертіп жата­тын. Дұрысы, ауыр науқас ұстаздың жамалын жасқағанымен, ашық, анық, қоңыр, әуезді үні түрік даналарының сөзі мен ойын, даңқы мен дабы­сын білімге шөлдеген шәкірттердің сана­сына құя беретін, сіңірте беретін. Содан кейінгі оқу кезеңдерінде «Қазақ хан­дығы тұсындағы әдебиет» курсы баста­латын. Оқытушымыз – тағы да Немат ағай. Түрік та­мы­рының аруақты кезеңінен рух алған студенттер білік-білімі енді Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Ақ­тамберді, Үмбетей, Мар­ғас­қа, Тәтіқара, Бұқар толғауларымен толы­ға­тын. Ұс­та­зы­мыз­дың ар­тық­ша қасиеті – мем­ле­кет­шілдік­тің ұстыны болған жыраулардың тау тұлғасын көз алдымызға елестете алатын. Содан біз­дің құйқамыз шы­мыр­лайтын, арқамыз қоза­тын, намысымыз арта­тын, жігеріміз шыңда­ла­тын. Немат ағайдың әр дәрісі үстінде және сол дә­рістен шыққан сайын «Қиыннан айла таба­тын, Дұшпаннан кекті алатын» нөкер ерткен хан­дар мен шүлеңгір мырзалардың соңынан еріп, ХV-ХVІІ ғасырға еніп кеткіміз келіп тұратын. Әлбетте, Немат Келімбетұлының алдын көр­ген бар шәкірт ол кісінің «Үміт үзгім келмейді» повесін оқитын. Бұл – тосыннан мүгедек болған жанның сезім мен мұң, жігер мен күрес күнделігі болатын. Шығармада терең, нәзік, қайғылы сәттер көп-ақ. Соларды оқып, қалай жанарыңызды жас жауып кеткенін байқамай қалатынбыз. Мүгедек жан да тіршілік етеді. Кейіпкер бала-шағасын асырау үшін аударма жасау керек. Сонда сал боп қалған адам кітап бетін тілімен ашады... Алланың бұйрығымен ке­йіп­­кердің анасы қайтады. Сал адам жаназаға қа­лай бармақ? Ниет деген қандай күшті десеңізші, ақыры барады. Қоштасар сәтте ана табыт ағашында, бала таңылған арбада шал­қа­сынан жатады... Кейіпкер дегеніміз – Немат ағайдың өзі. Бұл суреттерді елестету түгіл, ойлаудың өзі қиын. Күні кешегідей жадымызда: аяқ-буыны әлсіз Немат ағайды әр дәрісіне Қуаныш апаймыз сүйе­мелдеп әкелетін. Ол кісі сабырлы, мейірімді, сүйкімді көрінетін. Тағдырдың қиын сәт­терінде жарына серік, сырлас болған әйелдің жасымаған өр бейнесін біз күнде көретінбіз... Құдайдың құдіретімен рухы бекем апай осыдан екі жыл бұрын дүниеден озды. Тағдырдың ауыр соқпағы жеңбеген Немат ағай осы қайғыдан есеңгіреп қалды... Сол қайғы ұстазымыздың жүрегіне салмақ түсіріп, жұлындағы кәрі ауруды меңдеп, алып жықты. Алла ісіне не шара!.. Алдыңыз – өзіңізге, соңыңыз – ұрпағыңызға жарық болсын, ұстаз! Алла иман байлығын берсін! Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, профессор-шәкірті.