24 Желтоқсан, 2010

Аспандағы аққуды әнге қосқан

623 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
күміс көмей, жезтаңдай әнші Үкілі Ыбырайдың  150 жылдығы Қызылжар өңірінде кеңінен аталып өтті. Биыл жергілікті билік орын­дары мен қоғамдық ұйымдардың белсене атсалысуымен Қызылжар өңіріне ғана емес, елімізге таны­мал тұлғалардың мерейтойлары кеңінен аталып өтті. Атап айтар болсақ, Пір Бекет атаның – 260, Шоқан Уәлихановтың –175, Сә­бит Мұқановтың – 110, Жұмабек Тәшенов пен Жәлел Қизатовтың 90 жылдық мерейтойлары рухани бірлікке үндеуімен, ойлылығымен жұртшылықтың есінде қалды. Бір­туар азаматтардың есімдері жер-жерлерде уағыздалып, ескерт­кіш­тер орнатылды. Көше аттары беріліп, ғылыми конференциялар мен кездесулер өткізілді. Қожаберген жырау­дың ескерткішінің ашылуына атақ­ты академик Салық Зиманов бас­та­ған зиялы қауым өкілдері келсе, жуырда ғана 150 жылдығы ата­лып өткен Үкілі Ыбырай Сан­ды­байұлының өмірі мен шығарма­шы­лығын насихаттауға қоғам жә­не мемлекет қайраткері Кәкім­бек Салықов жетекшілік еткен делегация Қызылжар өңіріне ат басын тіреді. Еліміздің әр қиырынан келген мәртебелі меймандар алдымен Жал­ғызтаудың баурайында орна­лас­қан ақын-әншінің туған ауы­лына келді. Ұлы сазгердің бала­лық шағы өткен, табиғаты әсем Өскен ауылына есімі беріліп, қоладан құйылған мүсін мектеп ауласына орнатылды. Салтанатты шарада облыс әкімі Серік Біләлов сөз сөйлеп, артына өшпес мұра, мол қазына қалдырған халық сазгері есімінің ұмытылмайтынын, игі шаралардың жалғасатынын жеткізді. «Жеті жарғы және Қо­жа­берген жырау» қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұр­ға­раев, дауылпаз жыршының немересі Елемес әжей өз ойларын ұр­пақтар арасындағы сабақтас­тық­пен байланыстырды. Айыртау ау­да­нының орталығы — Саумал­көл­­дегі мәдениет үйінде бейнефильм және концерт тамаша­ланды. Дүлдүл ақын-әншінің туған же­рінде мәре алған мерейтой одан әрі облыс орталығында жал­ғасты. Қаланың қақ ортасынан ескерткіш, гүлзар, ойын алаңы ашы­лып, шырша көшеттері отырғызылды. Келесі жылы бұл жерде субұрқақ орнатылатын болды. Погодин атын­дағы орыс-драма театрында Қ.Бай­босыновтың, Қ.Құлышеваның, С.Ос­­пановтың қатысуымен ән кеші өтіп, Үкілі Ыбырайдың халық арасына кең тараған әндері шырқалды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақ­­стан мемлекеттік университетінде «Сарыарқаның суырыпсалма ақы­ны» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Онда сөз алған К.Салықов көзі тірісінде ел еркесі, ән-жырдың серкесі атанған дауылпаз ақын, ал­дына жан салмаған үздік ән­шінің композиторлық, ақындық ерекшелігін жіктеп берді. Сөз орайында ақынның өмірі мен шығармашылығын жете зерттеумен айналысқандардың бірі жер­­гі­лікті журналист Сәркен Құлма­ған­бетов болғанын айта кеткен жөн. Марқұм университет қабырғасында оқып жүргенде профессор Есмағам­бет Ысмайыловтың жетекшілігімен диплом жұмысын жазған. Құнды деректер жинастырған. Кейін «Қай­­ран, Гәкку» кітабын шығарған. Шыны керек, Үкілі Ыбырай­дың өмірі мен шығармашы­лы­ғын­да «ақтаңдақ тұстар» әлі де көп. Мәселен, көптеген әндері әлі күнге дейін басқаларға телініп жүр. Халық әндері ретінде таныс­тырылады. Өйткені, «Колхоз құ­ры­лысына қарсы үгіт-насихат жүр­гізген. Ақ бандылармен бірге бол­ған, оларды жасыруға көмектес­кен» деген туысының жаласынан кейін ол ату жазасына бұйырылған. Кейін «үштіктің» үкімімен жаза ауыстырылып, он жылға бас еркінен айырылған. Одан кейінгі тағ­дыры белгісіз. Ол жайлы алып­қаш­па әңгімелер көп. Қашан, қай жерде қайтыс болғаны әлі күнге дейін анықталмаған. Мұның бәрі зерделі зерттеуді қажет ететінін ғы­лыми-тәжірибелік конф­ерен­ция­­ға қатысушылар атап көрсетті. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өткен әде­би-сазды кеш те жұртшылықтың көңілінен шықты. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.