24 Желтоқсан, 2010

«Мәдени мұра» бағдарламасы бағамдалды

4837 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада еліміздің 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Президент Әкімшілігі Бас­шы­сы­ның орынбасары Мәулен Әшімбаев төрағалық еткен бас­қо­суға Парламент депутаттары, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұ­хаммед, ғылым-білім, мәдениет пен өнер орталықтарының басшылары, ғалымдар мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Отырыста «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы аясында Дамаск қаласындағы (Сирия Араб Республикасы) Әл-Фарабидің тарихи-мәдени орта­лы­ғы мен кесенесінің құрылысы және Сұлтан Бейбарыстың кесенесін қалпына келтіру жұмыс­та­рының барысы, ұлттық мұра­ла­ры­мыз туралы түсіріліп жатқан деректі фильмдер мен жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстарының 2010 жылғы нә­ти­желері туралы мәселелер қа­рал­ды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша «Қазқайта­жа­ңар­ту» РМК директоры Қанат Тұяқ­баевтың есебі тыңдалды. Ұлт­тық бағдарлама аясында 2010 жылы «Қазқайтажаңарту» мемлекеттік кәсіпорны еліміздің жеті облысындағы 20 тарихи-мә­дени және сәулет ескерткіштеріне қайта қалпына келтіру, жаңғырту жұмыстарын жүргі­зіп­ті. Ғылыми-зерттеу мен жобалау жұмыстарының негізінде қол­ға алынған Дамаск қала­сын­дағы Сұлтан Бейбарыс мектебі, кітапханасы мен кесенесі, Сай­рам­дағы Әзіз Баб кесенесі мен Қызыр мұнарасы, Батыс Қазақ­стан облысы, Бөкей Ордасы ауы­лындағы Жәңгірхан қазына үйі мен сол кездегі оқу орындары ғи­мараттары, Бәйдібек ауданын­дағы Шаян мешіт-медресесі, көне Түркістанның Мүсәлла бас қақпасы, Қызылорда облысын­да­ғы Қожа Назар мешіті толық жөндеуден өткеріліп, мемлекеттік комиссияға тапсырылыпты. Ал Қызылорда облысындағы Ба­лан­ды-2 мұнаралары, Қазалы­да­ғы Нұралы мешіт-медресесі, Жидебай-Бөрлідегі Абай-Шәкә­рім кесенелері, Семей қала­сын­да­ғы Абай Құнанбаев оқыған Ахмет Резы медресесі, Бесша­тыр сақ қорғаны мен Ботағай кесенесін қайта қалпына келтіріп, жаңғырту жұмыстары қолға алын­ған болса, Ақмола облы­сы­ның ескерткіштер кітабы жарық көріп, Павлодар мен Ақтөбе об­лысының ескерткіштер жинағы дайындалған екен. Көне Сыға­нақ пен Сайрам қалашық­та­ры­ның мемлекеттік қорғау аймағы мен олардың шекараларын анық­тау жұмыстары да аяқ­та­лып, Сауран қалашығы мен Көне Түр­кістан қаласының менеджмент жоспарлары толық жасалып бітіпті. Мекеме басшысы экран ар­қылы мемлекетаралық жоба негізінде шетелдердегі Сұлтан Бей­барыс, Әл-Фараби кесенелері мен Абай Құнанбаев ескерт­кіші­нің жәй-күйімен, атқарыл­ған, қолға алынар жұмыстармен таныстырып өтумен қатар, өзі бас­қаратын мекеменің тех­ни­ка­лық жарықтандырылуына көңіл бөлінсе, ұжым акционерлік қо­ғам болып қайта құрылса деген ұсынысын да айтты. Келесі болып сөз алған Ш.Ай­манов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ президенті Ермек Аман­шаев: «Елбасымыз «Мә­де­ни мұра» бағдарламасын: «Мем­лекеттің мәдениетке ерекше кө­ңіл бөлуін айқындайтын стра­те­гия­лық ұлттық жоба» деп атаған еді. Осыған орай аталмыш бағ­дарламаның 2007-2009 жыл­дар­дағы екінші кезеңі – нақтылы басым бағыттарда жүзеге асы­рылатын шараларға негізделгені құптарлық жәйт. Сол бағыт­тар­дың бірі – мәдени құнды­лық­та­рымызды жаңа контексте насихаттау, табылған тың деректерді бүгінгі ғылыми айналымға енгізіп, Мұрат Әуезов айтпақшы, «мұралану» болса керек. Осы тарапта Қазақстанның белді-белгілі тарихи орындары, тарихи, архео­ло­гиялық ескерткіштері жөнінде жоғары сапалы және мазмұны бай деректі фильмдер түсіріп, оны да тиісті дәрежеде мәдени айналымға енгізу маңызды бол­мақ» дей келіп, Ш.Айманов атын­дағы «Қазақфильм» кино­студиясы» АҚ «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында бір­қа­тар фильмдерді өндіріске жібергенін айтты. Яғни, ұлт қаһар­мандары Бауыржан Момышұлы туралы «Бауыржан Момышұлы», Алаш арыстары циклімен түсі­рілген «Алашорда», «Міржақып Дулатов», Мұхтар Әуезов туралы «Жеңімпаз трагедиясы», мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлов туралы «Кеңес Одағының өкі­летті елшісі», бүгінгі тарлан­да­рымыз: қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова туралы «Бибігүл Төлегенова», академик Төрегелді Шарманов, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы деректі фильмдер және ұлтымыз­дың алтын қоры іспеттес тарихи-мәдени ескерткіштер туралы «Там­ғалы тас петроглифтері», «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі», «Көне Түркістанның архитек­ту­ралық ескерткіштері», «Жүсіп ата ортағасырлық кесенесі», «Тұр­бат архитектуралық-культ­тық кешені», «Баба Ата сарай-қамал кешені», «Аққойлы мешіт-медресесі», «Верный қалалық училищесі», «Офицерлік жина­лыс үйі», «Жаркент мешіті» ар­хитектуралық-көркемдік мұра­жайы, т.б. фильмдер түсірілген екен. Ермек Аманшаев «Бауыржан Момышұлы» атты фильмге тү­сі­ніктеме бере келіп, «Қорқыт. Күй тарихы» атты деректі фильмнің де жәй-жапсарын баяндап, ғы­лы­ми негіздемелерге сүйенген қой­ы­лымның ерекшеліктеріне кеңі­рек тоқтала келіп, италия сазгері Нелло Кореаленің «Көшпенді­лер­дің музыкалық мұрасы» фильмін мазмұндық, көркемдік тұр­ғы­да биік талғамнан шығатын үл­кен жоба ретінде қарастырылып отырғанын тілге тиек етті. Сон­дай-ақ «Қазақфильм» АҚ база­сын­да 2010 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарихи ескерткіштерімізді дәріптеуге арналған Әнуар Мамраимовтың 10 деректі фильмі түсіріліпті. Алдағы уақытта бүл­діршіндерге арналған «Қазақ елі», «Мың бала» атты көп се­риалы танымдық фильм түсіру жобаланып отырған көрінеді. Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының «Мәдени мұра» бағдарламасын орындау ба­рысы туралы мекеме басшысы Бауыржан Байтанаев баяндап өтті. Жоспарлы қазбалар негізінде палеолит дәуірінен орта ға­сыр­ларға дейінгі кезеңдегі ескерткіштер мен заттай мәдениет құралдары зерттеліп, 23 жоба ая­сында қазба жұмыстары жүр­гізіліпті. Осы тұста ғалым Қойшығара Салғараұлы кей елді, елсіз мекендерде белгісіз біреулердің қазба жұмыстар жүргізіп жүргендерін айта келіп, осы жәйттің мән-жайын білсек деген ыңғай танытты. Орайы келгенде бұл мәселеге Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары мен Мә­дениет министрі арнайы тоқ­талып, заңсыз археологиялық қаз­ба жұмыстарына тыйым салы­ну керектігін, оған өлке әкімдігі­нің тікелей жауаптылығын, қажет болса археологиялық заңға өз­геріс енгізу керектігі айтылды. Кеңес барысында айтылған мәселелер бойынша сұрақ-жауап, пікір-ұсыныстар білдіріліп, нақ­ты­ланған тақырыптар тұжырым­далып, келесі жылдың ақпан айындағы кезекті отырыс мерзімі белгіленді, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына «Мәдени мұра» бағдарламасының бағалы да базарлы бағдарламасын тарту керектігі нақтыланды. Берік САДЫР.