Қазақтың дархан пейілі мен қонақжайлылығы, Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын алып жатқан жері, көздің құртына айналған байлығы алыс-жақын елдерге ертеден аян еді. Осыларды басқаша түсінгісі, түсіндіргісі келетіндер де бар болатын. Биылғы 2010 жыл қазақтың қандай халық екенін, қолынан не келетінін, көсілген жеріне сай шалқыған таланты барын айдай әлемге паш етті. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен 11 ай ішінде Қазақ елінің Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Елбасы бастаған саясаткерлер мен елшілер, ғалымдар мен өнер саңлақтары 1999 жылғы алтыншы саммиттен бері тоқыраңқырап, бір жүріп, бір доғарылып қалған күрмеуі күрделі істі дүр сілкіндірді.
Біріншіден, ЕҚЫҰ қызметінің бар саласын әу баста қабылданған құжаттар мен міндеттемелерге лайық жолға қоя алды. Ұйымға мүше 7 елдегі президенттік, 12 елдегі парламенттік сайлауларға, 2 референдумға бақылау жасағанын былай қойғанда, көрші Қырғызстандағы саяси дағдарысты еңсеруге, яғни жазықсыз жандардың жапа шекпеуіне қосқан қазақстандық үлесті бүгінде барша әлем ұлықтап отыр.
Екіншіден, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық тағдыры одан тыс құрлықтарда, мәселен, Азияда, Ауғанстанда жүріп жатқан үдерістермен анықталатынына адамзат баласының назарын аудара алды. Осынау жаңаша ойлау мен іс-әрекет қисыны Н.Ә.Назарбаевтың Астана Саммитіндегі сөзінде нақты көрініс тауып, ұйым тарихының үшінші дәуірі басталғанын жариялатқызды. Оның мәнісі мынада: 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісінен 1994 жылғы Будапешт саммитіне дейін Ұйым «Атлантикадан Оралға дейінгі аралықта» ұстанымымен қызмет істесе, 1995 жылдан беріде «Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықтағы» ұстанымды басшылыққа алып келді. Елбасымыздың пайымы бойынша, Астана саммитінен бастап «Мұхиттан Мұхитқа дейінгі аралықта» ұстанымы орнығуы керек. Демек, ЕҚЫҰ қызметінің географиялық ауқымы ұлғаюымен қатар мазмұны да күрделі өзгерістер дәуіріне енгелі тұр. Ал бұған бастамашыл болған ел Қазақстан екені әрбір қазақстандықты қалайша тебірентпейді!
Үшіншіден, Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы белсенді төрағалығы, жетінші саммитке ыждаһатты даярлығы, Астанаға әлемдік саясаттың серкелерін жинауы – бәрі ұйымға құрылымдық, мазмұндық, идеялық-интеллектуалдық ізденіс пен ілгерілеу қажет екеніне көз жеткізді. Кейбіреулер бұл ұйым дағдарысты бастан кешуде деген сөзді айтады. Біздің ойымызша, дағдарысқа ұшыраған ұйым емес, ұйымның пәрменді жұмыс істеуіне ықпал етуші фактордың, нақтырақ келсек, Еуропадағы социалистік жүйенің келмеске кетуімен екі жүйе арасындағы әскери-саяси текетірестің бәсеңдегені. Өзіне төніп тұрған тікелей қауіп-қатер жоғалысымен Еуропа Жер шарының басқа бөліктеріндегі қарулы қақтығыстарды, ұлтаралық, дінаралық арпалысты онша елей бермегендіктен ЕҚЫҰ бұрынғы қарымынан айырыла бастаған еді.
Иә, көптен күткен, баршамызды алаңдатқан саммит Астанада сәтімен өтті. Сол күндері елордада қыс та мінезін көрсетті. Басқосуға келгендер аязды күннің өзінде қазақтың ыстық ықыласына бөленгенін айтып жатты. Осындайда демократиясымен мақтанатын кейбір елдердегі айтулы жиындарға, мәселен, Давостағы экономикалық форумға қарсы жергілікті халық шеру ұйымдастырып, полициямен қақтығысып жататыны еске түседі. Қателессем құдай кешірсін. Әйтпесе Жер шарының түкпір-түкпірінен атағынан ат үріккендей сыйлы қонақтарды шақырып алып, солардың көзінше елін, заңын, басшыларын сыйламаған деген не сорақылық.
Біздің ел, оның негізін қалаушы қазақтар Саммитке дейін де, Саммит тұсында да тектілігін көрсете алды. «Бір үйдің баласындай» деген ұлағатты сөз осындай ынтымақты қауымға қаратып айтылған шығар, сірә.
Саммит жұмысын теледидардан көріп, қабылдаған құжаттарымен, әсіресе, Президент сөзімен, Астана Декларациясымен танысу барысында тәуелсіздіктің қандай құдірет екеніне көзіміз жете түсті. Қазақ қазақ болғалы әлемдік саясат пен практиканың алдыңғы шебіне шығып па еді? Жоқ. 28 елдің президенті, 10 елдің премьер-министрі, 75 делегация, 700 журналист бір мезгілде Қазақ еліне келіп пе еді? Жоқ. Әлемнің ықыласы ауған осындай алқалы жиында, тәуелсіздік сарайында, ана тілімізде қай Елбасымыз толғанысын сыртқа шығарып еді? Тағы да айтамыз, жоқ.
Тәуелсіздік интеллектуалдық жасампаздықтың көзін ашты. Қазақстан халқына тән биік интеллектуалдық өре тағдыр анықтағыш сәтте тарих тұғырына, хан тағына Нұрсұлтан Назарбаевтай тұлғаны қондырды. Халқы төбесіне көтерген Елбасы да аянып қалмады. Халық пен Билеушінің ақаусыз одағы Қазақстанды қиын-қыстау кезеңдерден алып шыққанына қанағаттанып қоймай, әлемдік өркениеттің, ақыл-ойдың қазынасына олжа салатын биікке шығарғанын өзіміз де байқамай қалған тәріздіміз. Қазіргі Қазақстан Кеңес Одағы ыдыраған 1991 жылғы, тіпті жаңа үшінші мыңжылдық табалдырығын аттаған 2001 жылғы Қазақстан еместігін Н.Ә.Назарбаевтың Астана Саммитіндегі сөзі толық айғақтауда. Мұндағы көшелі пайым мен тұжырымдар, өзекжарды ұсыныстар – әлемдік резервтік валюта, Экологиялық форум, «Су және құқық» бағдарламасы, жаңа онжылдықтағы толеранттылық құжаты, ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік институтын Астанада құру, т.б. іс-шаралар жоспары Қазақстанды әлемнің құрамдас бөлігі ғана емес, әлем алдындағы жауапкершілігін айқын анықтаған мемлекет ретінде танытты. Елбасымыздың: «Бүгін Еуразияның жүрегінде, байырғы қазақ жерінде мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың диалогы басталды.
Саммитке ұсынылып отырған Астана декларациясы мен іс жоспарының жобалары Ұйымның барлық мүшелері тарапынан қолдау табады деп сенемін.
Бұл біздің халықтарымыздың қауіпсіздігі мен гүлдену ісіне қосылған үлкен үлес болар еді.
Алып Еуразия құрлығын сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік сынды жалпы құндылықтарға негізделген ортақ кеңістікке айналдыру өз қолымызда.
Біздің саммиттің тарихи маңызы мен атқарар жүгі де осында деп білемін», деген сөзі ойымызды қуаттай түседі.
Арғы замандарға бармай-ақ қояйық. Әлі жадымыздан өшпеген кешегі кеңестік Қазақстан әлемдік үдерістерден шет қалып келгені мәлім. Қазақтың біртуар ұлдары Абайды, Шоқанды, Ахмет пен Әлиханды, Мұхтар мен Қанышты, тіпті Қазақстан деген елді білмейтіндер жойдасыз көп еді ғой. Енді ондай белгісіздіктің көбесі сөгілді. Астана Саммиті ЕҚЫҰ-ны жаңа келбетке енгізді, ЕҚЫҰ Қазақстанды әлемдік танымал мемлекеттер биігіне көтерді.
ЕҚЫҰ-ның жаңа дәуірі басталды. Оған себепкер болған да, серпін берген де Қазақстан екенін алыстағы Америка құрлығында орналасқан БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзадан іргелес көршіміз Қырғыз Республикасының президенті Роза Отунбаеваға дейін алға тартуы әсте кездейсоқтық емес. Қазақстан миссиясында қылаудай кемшілік орын алғанда самиттің мұншалықты биік деңгейде өту-өтпеуі неғайбыл еді. «Мен қолымнан келгенді жасадым, жетілдірем десеңдер – тәңірі жарылқасын», дейді ежелгі Еуропа нақылы. Тәуелсіз Қазақстан бүгінгі Еуропаға қауіпсіздік пен ынтымақ үшін не істеу керек екенін көрсетті, айтты, сара жолды нұсқады. Қазақстандық үлгіні, қазақстандық жолды жетілдірем деушілерді тәңірі жарылқасын.
Ұлт тарихының жаңа беттері көз алдымызда жазылуда. Оның тағылымы мен сабақтары оқулықтарға енгізіліп, жас ұрпақтың санасы мен жүрегіне отансүйгіштік сезімді ұялатуы керек. Өзін сыйлаған, тарихымен тәрбиеленген ұрпақ өзгені де жатсынбай, жаһандану үстіндегі ғаламның белсенді мүшесіне айналары сөзсіз.
Ханкелді ӘБЖАНОВ, Мемлекет тарихы институты директорының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
------------------------------------
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ