24 Желтоқсан, 2010

Барды жетілдіріп, кемді толықтыру оқулық пен оқу әдістемесін оңалтады

438 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Төл оқулығымызды шығарып, сонымен білім бере бастаға­ны­мызға да 15 жылдың жүзі болып қалды. Осы игілікті ісіміз ілгері басқалы жетістігіміз бен олқы­лы­ғымыз туралы әңгіме аз айтылып келе жатқан жоқ. Жақында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осы мәселеге ден қой­ып, оқулықтар мен оқу әдіс­те­мелік кешендер сараптамасының нәтижелерін қарастыру жөніндегі республикалық кеңестің отыры­сын өткізді. Бұл кеңес министр­ліктің арнайы бұйрығымен бекітілгенін де еске сала кетсек дейміз. Республикалық кеңестің құ­рамына ел Парламентінің білім, ғылым саласына қатысы бар депутаттар, мемлекеттік, қоғамдық, үкі­мет­тік емес ұйымдардың, педа­го­гикалық және ғылыми ортаның білікті мамандары, бұқаралық ақ­парат құралдарының өкілдері тартылған. Кеңесті ашқан министр Б.Жұ­мағұлов осыған дейін атқарылған жұмыстарға өзінің оң бағасын беретінін, істі бастағанда кері кеткенді бері тарту деген ниеттен аулақ екенін, барды жетілдіріп, кем­ді толтыру мақсатында жұмыс жүр­гізілетінін атап өтті. Басты мақсат – Елбасы ұйытқы болып келе жатқан өнеркәсіп саласын­дағы «Алтын сапаны» білім саласында да өрістету үшін жақсы оқулықтың жөні бөлек, деген ол: біздің негізгі көтеріп отырған мә­селеміз, қазір оқулық қандай болу керек деген әңгіме емес, бардың сапасын көтеру, балама оқулықтар арқылы бәсекелестікті арттыруды жолға қою деді. Сонымен қатар, соңғы кездері оқулық мәселесі бизнеске айналып кеткенін, тіпті өз еліміздің мықты педагогтары мен ғалымдары тұрғанда қырғыз, өзбек авторларына оқулық жазды­ру мәслесінің орын алғанын бүгіп қала алмады. Әрине, зейін қойып іздесек, гуманитарлық пәндер бой­ынша оқулық жазатын ғалым­дар мен әдіскерлердің өз Отаны­мызда да жетіп артылатынын, әлемдік білімнің ортақ көпірі саналатын математика, физика, химия, биология пәндері бойынша озық дүниені ортақ пайдалануға шек қойылмайтынын да еске салды. Оқулық пен оқу әдістемесі ендігі жерде қалай шешіледі деген мәселеге келгенде министр бұған дейін автор жазған оқулық «тағ­дыры» «Оқулық» орталығында шешіліп келсе, ендігі жерде ол үрдіс жаңа талап бойынша, атап айтқанда, шыққан дүние ми­нистр­ліктің орта білім департаментінде тіркеліп, одан кейін аталмыш ор­та­лықта қаралып, оның нәтижесі аталмыш департаментте тексеріліп, отандық білім беру стандартына сай ма, сай емес пе деген мәселе Ыбы­рай Алтынсарин атындағы Білім академиясында тексеріліп, арнайы құрылған республикалық кеңесте оқу­лықтың мазмұны мен мәні сара­ланатынын тілге тиек етті. Мил­лион­даған ұл мен қыздың саналы да сауатты болып өсуіне өлшеусіз септігін тигізетін оқулық жазу оңай емес, оған үлкен жауапкершілікпен қарау – талаптанған әрбір автордың мойнына зіл-батпан жүк артып қана қоймай қарыз бен парызға адалды­ғын көрсетеді деп түсінемін. Шыны керек, оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар бізге үлкен сенім артып, қо­лымызға қандай оқулық түсер екен деп отыр. Ендеше сол жазылған оқу­лықтарды сарапқа салып, ақ-қа­расын анықтайтын 34 білікті азаматтардан тұратын республикалық ко­мис­сия құрдық. Ендігі жерде оқу­лық шығарудағы монополия жойы­лып, алқалы кеңес арқылы шешу жолға қойылады. Бұл тұрғыдан келгенде, осы кеңсе мүшелеріне жүк­те­лер жүк осал емес. Сенімге селкеу түспес деп ойлаймын. Тағы бір ай­та­рым, кеңес мүшелеріне мол мүм­кіндік жасалып, ақы төленетіндігі. Қажетті жағдайда қосымша сараптама жасайтын азаматтар алу керек болса, оған да жағдай жасалынады. Бұл білімнің негізі саналатын оқу­лық пен оқу әдістемені жетілдіру үшін жасалып жатқан ерекше жұ­мыстар. Бұл жұмысты жеріне жеткізе атқару ісі комиссия мүшелерінің ар-ожданына жүктеледі, деді Ба­қытжан Жұмағұлов. Қолға алынған елдік іс, ұрпақ­тың тағдырына қатысты айтулы шара туралы кеңес мүшелері өз ой­ла­рын ортаға салды. Сенатор, ғалым Ғарифолла Есім өз сөзінде көптен бері толғандырып жүрген мәселе енді оң жолға бет алғанын, осыған дейінгі жазылған оқулықтардың бәрі бірдей іске алғысыз еместігін, же­тілдіру жөніндегі пікірге қосы­латынын жеткізсе, оқулық жазу мәселесімен көптен бері айналысып жүрген академик Әлия Бейсенова, тәуелсіздік жылдарында оқулық жазу оңай болмағанын, әйтсе де ұм­ты­лыстың нәтижесіз еместігіне мы­сал­дар келтіріп, ешкімнің бетіне жел болып тимей, барды бағалай отырып, білім саласы бойынша «Ал­тын сапаға» жету міндетін орын­дауға қол жеткізуіміз керек, алдағы жылдары біз де өнеркәсіп иелері секілді абыройға кенелуге тиіспіз. Оған педагогтар мен ғалымдардың мүмкіндігі бар, деп экологиялық білім беру жайын қозғады. Профессор Немеребай Нұрахметұлы болса оқу­лық туралы кейбір жаңсақ пікірлерге өкініш білдіріп, мектептерде оқу­лықтарды оқытудың бір жүйесінің болмай келе жатқанын, мысалы, жаңа оқу жылында әркім әр түрлі оқулықтармен жұмыс жасайтынына нақты мысалдар келтірді. Мұндай кезде осыны жолға қоятын министрліктегі «мырзалар» қайда қарап отыр деген ойға қалатын едік. Енді бұл мәселе оң шешімін табатынына көз жеткізіп отырмыз. Оның үстіне республикалық дәрежедегі комис­сия­ның құрылуы оқулық жазатын ав­торларды ойландырары сөзсіз. Бұ­ған қоса бізге үлкен сенім жүктеліп отырғанын, бұл сенімнен шықпау ұрпақ тағдырына немқұрайлылық деп білемін, деген ойын қадап айт­ты. Ал профессор Фаузия Оразбаева осы уақытқа дейін оқулықтардың үлкен сараптамадан өтпегенін, сөй­тіп, елге жетпегенін енді міне, үш сатыдан еленіп шығатын дүние­лер­дің сапасының артатыны ақиқат, дей келіп, балама оқулықтардың көп болғаны жақсы, талапқа жауап бе­ретінін таңдап, сұрыптап алуға жол ашатынын салыстыра отырып мықты оқулықты оқушы қолына тигізуге болатынын алға тартты. Заман өзгерісіне қарай әр оқулыққа төрт жылда бір өзгеріс-жаңалық енгізіліп отырылуы тиіс. Бұл баяғыдан бар тәжірибе. Сол кезде оқулық қайтадан сыннан өтіп, алдағы уа­қыттың өлшеміне жауап бере ме, бермей ме деген мәселе шешіледі. Оқулықты қолданатын мектеп мұ­ғалімі мен оқушы, ата-ана. Пәнді қалай беру керек, ұл мен қыздың ұғымына сай түсінетін құрал қайтсе жақсарады, оқулық әдістемесі мен теориясында не қамтылу қажет дегенді олар бес саусағындай біледі. Ендеше, біз оқулық жазғанда, оны сыннан өткіз­генде мұғалімдердің пікірімен сана­суы­мыз керек. Сонда ғана оқулық жақсарып, желдей гулеген әңгімелер­ге тосқауыл қойылатын болады деді. Отанымыз бойынша 1997-2007 жыл­дар аралығында қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде І-ІІ сынып оқу­шы­лары үшін 714 оқулық, 1717 оқу әдіс­темелік кешен жарық көріпті. Ендігі жерде осы құн­ды­лық­та­ры­мыз білім-білігі мықты, арлы азаматтардың елегінен өтіп, қайта басылымында әттеген-айлардан арылып, ел игілігіне, ұрпақ қажеттілігіне жарайтын болады. Сүлеймен МӘМЕТ.