Соңғы кездері Маңғыстау аймағында Каспий теңізінің қазақстандық секторында теңіз табанындағы мұнайды игеруге аса қажетті жағалаулық инфрақұрылымдарды салып, іске қосу жұмысында серпінділік пен өзара іскерлік байланыс жиі байқалуда. Өйткені Солтүстік Каспий жобасына орай жүзеге асырылатын мұнай операцияларын сапалы инфрақұрылымдармен дер кезінде қамтамасыз етуде ондай жобалардың берері мол. Бұл ретте мұнайды өндіру және тасымалдаумен ғана шектелмей өңдеу өндірісін дамыту, сол бір мол қоры белгілі болған теңіз кен орнының байлығын халық игілігіне айналдыруда қазақстандық үлесті үстемелей түсуде назарда ұсталуы құптарлық жәйт. Осы мақсатта осы жыл ішінде ғана жағалаулық инфрақұрылымдар тығыз шоғырланып күн санап түлей түсудегі Түпқараған ауданында бірнеше жоба жүзеге аса бастады. Соның бірі Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей телекөпір арқылы қатысуымен құрылысы таныстырылымнан өткен Баутинодағы бұрғылау ерітінділерін дайындау зауыты. Аталмыш зауыт құрылысы 2009 жылдың үшінші тоқсанында басталып, жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталды. Мұнай өнеркәсібі үшін аса қажетті өнім шығаратын нысанды салуға тапсырыс беруші «Эм-Ай Дриллинг Флюз Интернэшнл Б.В.» Қазақстан-Америка бірлескен кәсіпорны. Әзірге республика бойынша бірден-бір осынау ерекше зауыт жобасының құны 2 млрд. 150 млн. доллар. Тапсырыс беруші америкалық компания Қазақстанда жұмыс жасағалы 18 жыл болыпты. Сондықтан осы жерден шығарылатын өнім сапасы да өндіріс қуаты халықаралық деңгейде болады дейді сала мамандары. Қазақстандық үлес демекші зауыт құрылысына қажетті материалды түгелге дерлік дайындап, құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізген белгілі құрылысшы В.Перминов басқаратын ақтаулық «АКМО-88» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Отызға тарта адам еңбек ететін зауыттың жылдық өнімі 84 мың тонна сапалы бұрғылау ерітінділері болмақшы. Зауыт басшысы Эдгард Фернандес мырзаның айтуынша сұранысқа орай зауыттың үшінші кезеңін қосып өнімді көбейте түсуге де мүмкіндік бар көрінеді. Сөйтіп осы жылы ғана түлей түскен Түпқараған ауданында ғана кеме жөндеу цехы, теңіз операцияларын қолдау базасы, металл құрылғыларын жасау алаңынан соң өмірге елімізде алғаш рет бұрғылау ерітінділерін шығаратын зауыт жобасы жүзеге асты.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы.