Жыл сайын облыс шағын бизнес субъектілерінің қатарын көбейте түсіп, аймақтың іргелі компаниялары мен кәсіпкерлер арасындағы кооперативтік байланысты нығайтуға игі ықпал етіп келе жатқан «Табыс-2010» көрме-жәрмеңкесі биыл да сол үрдістен шыға білді.
Өнеркәсібі өркенді, көлік секторы да, құрылыс жұмыстары да кең құлаш жая түскен қазыналы түбек еліміздің экономикасын өрге бастыруда айырықша рөл атқарып келеді. Осы ретте бүгіндері орта және шағын бизнес саласындағы кәсіпкерлер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнім шығаруды 92,3 пайызға арттырса, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қатары 16,3 пайызға көбейіпті. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнес саласында еңбек ететіндер саны өткен жылғы 32,6 пайыздан, осы жыл аяғына таман 40,1 пайызға өскен. Салық төлемінің мөлшері де екі есе өсіп, 21,9 млрд. теңгеге жетіпті. Осындай жетістіктер мен қол жеткен қомақты табыстар облыс кәсіпкерлерінің «Табыс-2010» көрме-жәрмеңкесінде кеңінен баяндалды. Бұл жолғы бір ерекшелік өткен көрмедегілерден түрлі тағамдар, азық-түлік, жеміс-жидектер, қазы-қарта, жал-жаялармен қатар іскер халқымыздың қолынан шыққан ұлттық киім-кешек, зергерлік бұйымдардың сан-алуан сәнді түрлері ерекше назар аудартты. Көрме-жәрмеңкені тамашалап, зер салған облыс басшысы Қ.Көшербаев, облысымызда шағын және орта бизнесті дамыта түсуге жасалудағы қамқорлық пен қолдау жайлы айта келіп оларға әлемдік рынокта бәсекеге қабілетті тауарлар мен өнімдер шығару, осынау іскерлікті кен қойнауларын игерумен айналысатындарға сапа_лы сервистік қызмет түрлерінің де көбейтілуі қажеттігіне тоқталды. Одан соң ол облысымыздың үздік кәсіпкерлеріне арнаулы дипломдар мен естелік белгілер тапсырды.
Сөйтіп «Жылдың үздік кәсіпкері» номинациясы бойынша «Өзенқұрылыс» ЖШС директоры Ж.Сыдықов, «Каспий Агро Компани» серіктестігінің директоры Т.Наурызбаев «Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік кәсіпкер», жеке кәсіпкер В.Алиев «Арзан және дәмді» тағамдар, «Оңдасынстрой» серіктестігінің директоры Б.Боранбаев «Құрылыс саласының үздік кәсіпкері», «Нейрон» ЖШС директоры Б.Чагай «Халыққа қызмет көрсету», жеке кәсіпкер Ө.Өміров «Халықтық қолөнер саласындағы үздік кәсіпкер», «Түпқараған шағын несие беру ұйымы» ЖШС директоры А.Беймағанбетова «Үздік шағын несиелік ұйым», «Волна» Ақтау кондитер фабрикасының директоры Н.Карась «Үздік әйел кәсіпкер», «Гурман» ЖШС директоры В.Тетеря «Өнеркәсіп саласындағы үздік кәсіпкер», «ҚР кәсіпкерлерінің тәуелсіз қауымдастығы» Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы М.Хайрушев «Үздік қоғамдық кәсіпкерлер бірлестігі» үздік деп танылып, сый-құрмет пен марапатқа ие болды.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.