Астанада өткен ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Саммиті халықаралық қауіпсіздік мәселелері, оның ішінде Ауғанстан мен Таулы Қарабақтағы жағдайлар және биыл Қазақстанның осы ұйымға төрағалық еткенде атқарған жұмыстарын қорытындылайтын басқосу болды. Сонымен қатар, 1999 жылдан бері өтпеген осы халықаралық ұйымға кіретін мемлекеттер және үкіметтер басшыларының бұл басқосуында ЕҚЫҰ-ның көптеген ұйымдастыру мәселелері де жан-жақты талқыланды.
ТМД елдерінің ішінде алғаш рет осы беделді халықаралық ұйымға төрағалық еткен Қазақстан үшін және Еуроатлантика мен Еуразияда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бұл Саммитті өткізудің қажеттілігі мен көкейкестілігі мыналар болды:
1.Осы ұйымға кіретін мемлекеттер және үкіметтер басшылары қабылдаған жаңа Еуропаға арналған 1990 жылғы Париж хартиясында: «Мемлекет және үкімет басшылары оған қатысқан мемлекеттерге өткен уақыттағы істерін қорытындылауға мүмкіндік беріп, олардың алған міндеттерінің қорытындыларын талдау және осы ұйым аясындағы болашақ қадамдарды талқылау үшін екі жылда бір рет жиналады» делінген. Бірақ, Париж хартиясының айналасындағы бүгінгі жағдай ұйым мүшелері осы ресми құжатта көрсетілген негізгі нормалардың бірін орындамай тұрғанын көрсетеді.
ЕҚЫҰ-ның соңғы Саммиті 1999 жылы Ыстамбұлда өтті. Одан кейін осы ұйым мемлекет басшылары жоғары деңгейде бас қосқан жоқ. Ыстамбұл саммитінде қол қойылған көптеген жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған құжат орындалмады. Сөйтіп, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің осы ұйымға халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тиімді аймақтық құрылым ретінде қызығушылығы әлсірей бастады. Өткен ғасырдың 90-жылдарының аяғынан бастап ЕҚЫҰ «формальді ұйымға» айнала бастады. Ал жаһандану кезінде әлемдік қоғамдастықтың барлық мүшелерінің алдында қауіпсіздік мәселесі кез келген уақытта алдыңғы қатарға шыққанда, ол ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерден келісілген іс-қимылды талап етеді.
Жоғарыда келтірілген жағдайлар Қазақстан төрағалық еткен кездегі ұйымға мүше елдер басшыларының Саммитін өткізуге негіз болды. Саммит ЕҚЫҰ кеңістігінде кез келген уақытта қауіп төнгенде немесе тосыннан пайда болған проблемаларға уақытында жауап беруге жол табатын және ұйымды бүгінгі күннің жағдайына бейімдейтін басқосу сипатында көрінді.
Астанадағы Саммит ЕҚЫҰ-ның жұмысын жандандырды, ұйымның ішіндегі дағдарыстан шығуға жаңа серпін берді және оған мүше елдердің ХХІ ғасырдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қауымдастығын қалыптастыру арқылы 1975 жылғы Хельсинки үдерісінің қағидаттарын жаңа заманға сай икемдеді.
Қазақстан биылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығында өзінің басым салаларын, оның ішінде созылмалы қақтығыстарды реттеуде, терроризммен күресте және шыдамдылыққа тәрбиелеуде, сонымен қатар, Ауғанстанды қалпына келтіруді іске асыруда көптеген істер атқарды. ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан Қырғызстандағы қақтығыстарды тоқтатуда маңызды рөл атқарғанын халықаралық сарапшылар жоғары бағалады. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер Қырғызстанда демократиялық даму жолында әлі де жұмыстардың көп істелуі керек екенін айта келіп, Қазақстанның 6-8 сәуірде сол елдегі оқиғалар кезіндегі бітімгерлік рөлін атай келіп, «ЕҚЫҰ елдерінің үнқатысуы оң қорытынды беретін жағдай жасалды», деп атап көрсетсе, ЕҚЫҰ зерттеу орталығының бастығы В.Зельнер «бұл жағдайда Қазақстанның жеке бір ел емес, ЕҚЫҰ-ның Төрағасы ретінде көрсеткені өте құнды болды», деді.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткені Еуропада ТМД елдері туралы қалыптасқан көптеген стереотиптерді бұзды. Еліміз енгізген жаңалықтарға ЕҚЫҰ-ны Ауғанстан мәселесін шешуге тарту, Еуропадағы қауіпсіздік бойынша «Корфу үдерісі» аясындағы консультациялар алмасу жөніндегі бастамалар жатады. 2010 жылғы Төрағалық кезіндегі басым бағыттардың бірі есірткінің заңсыз айналымымен күрес, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам сату, оның ішінде алдымен балаларды сатумен күресу, әйелдердің қоғамдық және саяси өмірге белсенді араласуы, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету болды. Өшпенділік негізінде болатын қылмыстарды ескеру және рома мен синти халықтарының жағдайы мен олардың қозғалыс еркіндігін қамтамасыз ету істерін де осы қатарға қосқан жөн.
Саммиттің еуропалық пішінде және жоғары деңгейде өтуі Қазақстанға үлкен жауапкершілік жүктеді. Сондай-ақ, бұл саммит ЕҚЫҰ-ның қазіргі кездегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бейімделуімен бірге, оған мүше мемлекеттер азаматтарының осы ұйымға деген сенімін арттырды. Халықаралық сарапшылардың көпшілігі ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті әлемдегі қарым-қатынастардың архитектурасын өзгерте алғанын мойындады. Бұл саммиттің күн тәртібін жасауға 400-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары қатысты. Солардың бірі, Германияның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі және сыртқы істер министрінің экс-орынбасары Вольфганг Ишингер «Әлем өзгерістің қажеттілігін, қазіргі шаралардың қауіпсіздікті, оның ішінде тек әскери ғана емес, сонымен қатар, энергетикалық және ақпараттық қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз ете алмайтынын түсінді», десе, Шелл компаниясының қаржы сарапшысы Ник Роуэн «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі жаһандық қауіпсіздіктегі Орталық Азияның стратегиялық рөлін мойындау» дей келіп, Астанадағы саммитті ұйымның әрмен қарай дамуындағы және жалпы толығырақ алғанда жаһандық деңгейдегі ұжымдық стратегия қалыптастыру мүмкіндігі деп бағалады.
Әрине, Қазақстан төрағалығының бір жылы да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Қаржы сарапшысы Ник Роуэннің айтуы бойынша, осы қысқа уақыт ішінде «...Қазақстанның атағы ғарыштық деңгейге дейін көтерілді. Ол әлемдік геосаясатта белгілі орны бар ойыншыға айналды. Бұл осы елдің әрмен қарай дамуына, оның ішінде экономика саласының да дамуына негіз болады». Көптеген сарапшылармен бірге, біз де Астана Саммиті жаһандық қарым-қатынасты жаңа сатыға, мемлекеттер арасындағы сенім мен өзара тұрақтылықты және ЕҚЫҰ-ның тиімділігін жаңа сатыға көтерген халықаралық деңгейі жоғары, беделді биік шара болды деп санаймыз.
Жанұзақ ӘКІМ, ғалым, Еуропа жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі.