29 Желтоқсан, 2010

Шоқайдың соңғы құжаттары

1525 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Қазақ зиялыларының еңбектерін басып шығару ісі біршама тиянақталып қалды. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Алаш ардақтыларының соңғы кезде жарық көрген том-том кітаптарының өзі не тұрады? Дей тұрғанмен әлі де болса ғалымдардың жете зерттей түсуін қажет ететін тұлғалар, тың тақырыптар жеткілікті. Соның бірі, биыл туғанына 120 жыл толып отырған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай дер едік. Алаш ардақтысының көпші­лікке мәлім және беймәлім қырларын баян­дайтын соңғы жылдары шетел мұрағат­тарынан түрлі құжаттар мен тарихи жәді­гер­лер жеткізілсе, тарихи тұлғаға толайым құрмет пен ізет өзі жүріп өткен жолдардың бәрінен аңғарылып қалатыны сүйсінтеді. Қайраткердің кіндік қаны тамған атамекенінде 120 жылдығына орай қандай жұмыстар тындырылды деген әңгіме әрине, олардан мүлде бөлек арнада баяндалары хақ. Біз бүгін Мұстафа Шоқайдың «СаГа» баспасынан жарық көрген 2 томдық эпистолярлық мұрасын құрастырушы, Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бас сарапшысы Ғазиза ИСАХАНДЫ осы ойларды егжей-тегжейлі тарқатып айтып беру үшін әңгімеге шақырғанбыз. – Ғазиза Тұрмағанбетқызы, сөзі­мізді әуелі біртұтас Түркістан мемлекетін құру идеясының тууына елдегі қандай саяси оқиғалар себеп бол­ғанынан сабақтастыра өрбітсек. – Өткен ғасырдың басында Ресей империясының құрамындағы Түркі­стан мен Далалық өлке – идеялар мен қозғалыстардың, саяси оқиғалар мен дәстүрлер қақтығысының және олар­дың өзара іс-қимылдарының орда­сына айналғаны белгілі. 1917 жылы Түркі­станның патшалық Ресейдің бұғауы­нан босауы, Ресейде Уақытша үкімет­тің билік басына келуі мұндағы ояну ахуа­лына әсерін тигізбей қой­ма­ды. Түркі­стан тайталас алаңына айналды. Бір жағынан, патшалық Ресей өкілдері мен Уақытша үкімет мүшелері, большевиктер Түркістанда билік құрудан үміткер болса, екінші жағынан Ауған­стан пат­ша­лық Ресей жаулап алған жерлерді қай­таруды, Ұлыбритания қол астын­дағы Үнді­стан мен Месопо­та­мия­ға Түр­кі­­стан тарапынан кедергілер болмауын көз­деді. Германия мен Түр­кия да бас­ты қарсыласы Ұлыбрита­ния­дан қалыс­пай Түркістан жеріне қызы­ғушылық­тарын байқатпай қалмады. Халықтың болашағына алаңдау­шы­лық білдірген, Алаш ардақ­ты­ларынан Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұр­сы­нов, Міржақып Дулатов, Мұс­тафа Шо­қай және тағы басқа ұлт тәуелсіздігін аңсаған тұлғалар ел-жұртының рухын оятып, саяси ой-сананы орнықтыруға барынша күш салып бақты. Мұстафа Шоқай міне, осындай күр­делі, қарама-қайшылығы мол ке­зең­де түркі халықтарын бір жерге шоғыр­лан­дырып, біртұтас Түркістан мемлекетін құруды мақсат етті. Сол мақсатына өмір бойы адал болып өтті. Бұл үшін тіпті, ол елінен жы­раққа кетіп, Түркістанның азаттығы мен тұ­тас­тығы үшін халыққа қызмет етудің жарқын үлгісін көрсете білді. Оның есімі ел тәуелсіздігімен бірге оралды. Азаттық аңсаған алыстағы арыстың арман-ойы осылайша араға қаншама жылдар салып шындыққа айналғаны сол ерлердің еңбектерінің еш кетпеуі­нің, кешегі Алаш рухының өлмеуінің тағы бір айғағы іспетті еді. Қайраткердің қалың мұрасы еліне оралды, шетелдерден жинастырылды. Оның өміріне, саяси тұлғасы мен ең­бектеріне қатысты ғылыми зерттеулер жазылып, шығармаларының жа­рық кө­руі тарих қатпарларынан көп сыр ақ­тарып жатты. – Бұл еңбектер нендей деректерге сүйеніп жазылды? – Мұстафа Шоқай тұлғасы туралы қалыптасқан түрлі жаңсақ пікірлер мен бұрмалаушылықтарға тосқауыл қойы­лып, нақты деректер негізінде құнды зерт­теу еңбектері жазылды. Бұл ең­бек­терде М.Шоқай өмірі, оның эми­гра­ция­дағы кезеңі, ол жүргізген ұлт­тық күрес­тің әдістері, стратегиясы мен тактикасы, Түркістан Ұлттық бірлігі ұйымы, оның баспа органдары «Иеңи Түркістан», «Яш Түркістан» жур­­нал­дарын ұйымдастыру­дағы нақ­ты қыз­меті жан-жақты ашылып көрсетілді. Мұстафа Шоқай мұралары тағдыр жазуымен өз Отанынан жырақта жи­нал­ды. Оның жеке мұрағатын «Жаңа Сорбонна – Париж III» университеті жа­нындағы университетаралық шы­ғыс тілдері және өркениеті инсти­тутының кітапханасына жары Мария 1953 жы­лы өткізген. Осынау мұрағат­тық қор жө­нінде алғаш «Түркістан» жур­на­лын­да Ә.Оқтайдың «М.Шо­қай­дың мұ­ра­ғаты мен кітаптары» деген мақала жарық көрді. Бұдан соң 1980 жылы араға біраз жыл салып Нью-Орлеан универси­теті­нің (АҚШ) про­фессоры Э.Лаззерини М.Шоқай қо­рын маз­мұ­ны­на қарай он қорапқа жү­йе­леп салғаны мәлім. – Елімізге шетелдегі Шоқай мұ­ра­лары қай уақыттан бастап әкелі­не бастады? – 2001 жылы Қазақстан Респуб­ли­касы Премьер-Министрінің орын­ба­са­ры, Халықаралық ЮНЕСКО ұйы­мы­ның Қазақстандағы істері жө­н­індегі ұлттық комиссияның сол кездегі төр­ағасы Иман­ғали Тас­маған­бетов осы ұйым­ның атқарушы кеңесі­нің кезекті отырысына қатысу үшін Парижге бар­ған сапарында Француз Респуб­лика­сының Шығыс тілдері және өрке­ниеті ұлттық инс­ти­туты­ның ректоры Жил Делушпен жолығып, сондағы «Жаңа Сорбонна – Париж III» университеті жанын­дағы университет­ара­лық шығыс тілдері және өрке­ниеті инс­титуты­ның кітапханасында сақтау­лы тұр­ған М.Шоқай мұра­ла­рын елге қай­тару жөнінде келіссөз­дер жүргізді. Соның нәтижесінде Мұс­тафа Шо­қай мұрағатының мұра­ғат­тық кө­шір­мелері сатып алынып, Қазақ­станның Ұлттық мұрағат қо­ры­­на келіп қосылды. – Парижден Шоқай мұрағатын Қа­зақстанға алып келу өзіңізге сеніп тапсырылған екен. Француз кітап­хана­сынан қандай тың деректер табылды? – Үкіметаралық келісім-шарттан кейін іле-шала Мұстафа Шоқай мұра­ға­тын­дағы құжаттарды реттестіріп, кө­шір­месіне тапсырыс жасау үшін сарап­шы маман ретінде маған жауапкершілік жүктелді. 2001 жы­лы шілдеде Парижге аттандым. Кезінде Мария Шоқай кітап­ханаға тапсырған он папкадағы құжат­тар­ды хроноло­гия­лық, тақырыптық жа­ғынан жүйе­леп шықтым. Мұнан кейін өз тара­пымыздан тапсырыс бе­рі­ліп, микрофильмге түсірілді. Тәуел­­сіз­діктің он жыл­дығында ел Президенті Н.Назарбаев өз қолымен осы жұмысты мұра­ғат бас­шысының қо­лы­на тапсырды. Бүгін қолымызға тиіп отырған екі том­дық эпи­столяр­лық мұра соның нақ­ты жемісі деп айтуға болады. Бірақ Шоқай хат­тары мен қолжаз­ба­ларына осы­ған дейін де түрлі ғалым­дар қалам тар­тып, қордағы мұра­ларын пайда­лан­ғанын білеміз. Олар мәсе­лен жо­ға­ры­­да аты атал­ған Ә.Оқтай, Б.Са­дықова, Ә.Қара, т.б. – Мұстафа Шоқай мен француз ғалымы Жозеф-Антуан Кас­танье­нің арасындағы достық бай­ланыс­тың өзі бір үлкен әңгіме емес пе? – 1912 жылы Ж.Кастанье Ташкентке қоныс аударып, бірден археология әуесқойларының Түркістан үйір­месінің, ал келер жылы орыс им­ператорлық гео­графиялық қоға­мы­­ның Түркістан бө­лім­шесінің мү­шесі болып қабылданған. Ж.Кас­таньенің М.Шоқаймен танысуы осы ғылыми қоғамдардың жұмысына бай­ланысты деген болжам көкейге қо­нады. Себебі, Ташкентке қазақ ға­лымы ақпан төңкерісінен кейін ат басын тіреген. Түркістандағы оз­быр­лық пен ой­ранды көрген француз ғалымы 1920 жылдың қыркүйе­гінде еліне қайтып кетеді. Онда ол бірден Франция Сырт­қы істер министрлігі баспасөз және ақ­па­рат қызметі директорының орынбасары болып жұмысқа алына­ды. Орыс және парсы тілдерін жете меңгерген Ж.Кастанье осы тілдердегі баспасөз құрал­дарына талдау жасаумен айна­лысқан. М.Шоқай мен Ж.Кастанье­нің бір-бірі­мен жазысқан хат­тары адам­дардың ара­сындағы жай қатынас­тардың этикалық нор­ма­сын сақтаудың ғана емес, сый­лас­тық пен сырлас­тық­тың кө­рі­нісі іспетті болды. Шынымен де қазақ халқы мен француз жұртының қос перзенті қарым-қаты­на­сындағы туыс­тық туы сол кездердің өзінде шынайы сезімдермен өріліп жатқанын байқаймыз. Соның бір белгісі Скуар де ла Фонтен көшесінен М.Шо­қай тұрған үйге ескерткіш тақта­ның орнаты­лып, жа­қында еңселі ес­керткіші­нің тұр­ғызылуы. – Шоқай мұрағатындағы құжат­тар туралы толығырақ айтып берсеңіз. – Мұстафа Шоқай мұрағатының құжаттар құрамы әртүрлі болып келеді: қолжазбалар, шимай жазбалар, еңбек­терінің нұсқалары, қыс­қа­ша мәлі­мет­тер, хаттар, Шоқайдың өзі­нің жазған хат­тарының көшірмелері, іс-қа­ғаз­д­ары, газет қиындылары, мақа­ла­­лары, т.с.с. Оның Париждегі университет­ара­лық кітапханада сақталған құ­жат­тарын мазмұнына қарай бірнеше топқа бөліп көрсетуге болады. Бірінші, М.Шоқайдың «Иеңи Түркі­стан», «Яш Түркістан» журналдарында жарияланған мақалаларының орыс тіліндегі нұсқалары (аударма болуы да мүмкін); «Горец», «Вольный горец» және Парижде шығып тұрған орыс эми­гранттарының «Дни», «Последние но­вости» газеттерінде жарияланған дү­ние­лері; М.Шоқай мұрағатын толық­тыру мақсатында Қазақстан Республи­касы Мәдениет және ақпарат министр­лігі Ақпарат және мұрағат коми­тетінің ұйымдастыруымен демеушілер қаржы­сы­на ұлыбританиялық коллекционер М.Басхановтан «Яш Түркістан» жур­­налы­ның 1931-1936 жылдар аралы­ғын­дағы 67 түпнұсқа нөмірі сатып алынса, түр­киялық отандасымыз, та­рих­шы ға­лым Әбдуақап Қара 1927-1931 жылдар ара­лығындағы «Иеңи Түр­кі­­стан» жур­налы­ның толық нұс­қасының кө­шірме­лерін сыйлап, азамат­тық жасады. «Түркістан Ұлттық бірлігі» ұйымы­ның органы «Иеңи Түркістан» жур­налы 1927 жылдың маусымынан бастап шығарылды. Бұл журнал Түркі­станның ұлттық тәуелсіздігі идеясы мен түрік­шіл­дік ой-пікірлерін таратуда маңызды рөл атқарды. 1929-1939 жыл­дар аралы­ғында Германияның аста­на­сы Берлин қаласында жарық көрген «Яш Түркі­стан» журналы Орта Азияны мекендеген күллі түркі тектес халық­тардың саяси-рухани өміріндегі ерекше құбылыс болды. Аталмыш журналды шығаруда М.Шоқай басқарған редакция ұжымы мен ол бастаған түркі­стандық мұғажыр қауымдастығының бізге беймәлім қыр­лары мен сырлары осы мұрағатта сақ­талған хаттардан көрініс табады. Қайраткердің мұрағаттағы мақала­ларын­да Ресей өкіметінің отарлау сая­саты, қоныстандыру барысы, 1916 жыл­­ғы ұлт-азаттық көтерілісі, 1917 жыл­­ғы ақпан және қазан төңкерісі, Алаш қоз­ғалысы, Түркістан мұхтария­ты, басма­шы­лар қозғалысы, Кеңес үкі­метінің саясаты, ұлт мәселесі, ашар­шы­лық және т.б. көкейкесті мәселелер қозғалған. Екіншісі, қайраткердің француз, поляк, түрік, т.б. тілдерде шетел басы­лым­дарында жарияланған мақалалары мен еңбектері (газет қиындылары, кей­бірінің қолжазбалары да бар), жасаған баянда­ма­лары М. Шоқайдың тек түркі халық­тарының ұлт-азаттық қозғалы­сын ғана емес, батыс елдердің шығыс ха­лық­тары жөніндегі саясатын жетік білетіндігін, халықаралық жағдаймен таныс екендігін көрсетеді. Үшіншісі, Қазақстан, Өзбекстан, Қыр­­­ғыз­стан, Түркіменстан, Тәжік­стан­­ның газет-журналдары мен «Известия», «Правда» газеттерінен жи­наған ақ­парат-конспект (1930-1939) дәптер­лері және Кеңес Одағы мен жоғарыда атал­ған рес­публикалардың орталық рес­ми басы­лым­дарынан алын­ған газет қиын­дылары қайрат­кердің Түр­кі­стан өңірінде болып жатқан оқи­ға­­лардан хабардар болып отырғанды­ғынан хабар береді. Осы жерде айта кетуіміз керек, М. Шоқай олардың кейбіріне белгі соғып, өзінің жеке пікірін жазып отырған. Төртіншісі, 3 фотосурет, үш өлең­нің қолжазбасы да назар аударарлық. Оның бірі, Қоқан қырғынынан кейін М. Шоқай шетелге кетуге мәжбүр болып, өзінің алдында тұрған тұ­ман­ды өмірін ойлап, туған жерін сағына 1919 жылы Тифлисте жазған өлеңі: «Секірген лақтар көрдім тау басында... Көруші ем лақ, қозыны мен  жасымда... Балалық еске түсіп, ел аңсадым Баруға заман шалғай ел қасына». Бесіншісі, әскери тұтқындардың хат­тары. Оларды жүрек тебіренбей оқу мүмкін емес. Мысалы: «Ағажан, есіңе ал! Сізден, яғни өзіңнің бауыр­лас қазақ бала­лары жалынышты сөздері­мізді айтып тап­сырамыз. Осы қазақ арасынан жұ­мыс­қа адам алсаңыздар біздерді еске аларсыз. 4 группадамыз. Сұлтанұлы, Нұрбайұлы және Аңшы­бай­ұлы. Қандай жұмыс болса да қолы­мыздан келеді. Шама­ңыз келсе жауап берерсіз. 14.09.­1941.» Осы тектес тілхаттарды Қы­зылордадан – Сейіт Есмұрзаев, Әбса­дықов, Семейден – Молда Әмірханов, Елесін Ахметов, Келестен – Сәрсен­бай Қараев жазған. Кей хаттар: «Туыс­қаным ағай Мұсе­ке», «Берлин қала­сынан келген ағай», – деп басталады. Хаттар 1941 жылдың тамыз-қараша ай­ларында Debica, Verw, Pogegen, Lem­berg, т.б. лагерь­лер­дің тұтқын­дарынан келген. Осы лагерьдегі тұтқындардың тізі­мі лагерь бойынша жасалған, қол­жазба, араб, латын әріптерімен, көпшілігі қарын­даш­пен жазылған. Жүз­де­ген тұтқындардың тізімін М. Шоқай өз қолымен тіркеген. Тізімде тұтқынның аты-жөні, әскерге алынған уақыты, туған жылы, білімі, мамандығы, қай жерден келгені көр­сетілген. Бұлар­дың ішінен өзбек, татар, т.б. ұлт азаматтары да кездеседі. М.Шоқай­дың Вали Каюм ханға тұт­қындардың халі, түркістандықтар­мен кездесуі жө­нінде жазған хаты, т.с.с. бар. Алтыншысы, Кеңес Одағынан кеткен эмигранттардың өмірі мен қыз­метіне қатысты эмиграциядағы түрлі партиялар мен ұйымдар туралы материалдар, Украина, Кавказ, Еділ-Орал және Түркістан халықтарының ұлт-азаттық күресіне қатысты материал­дары (1920-1940 жж.) әлемдік деңгей­дегі саясат­кердің қайраткерлігін дә­лел­­дей түседі. М. Шоқай 1939 жылы 22 тамызда Акакий Иванович Чхенкелиге жазған хатында: «Мен Кавказға, оның бірлігіне ерекше маңыз бердім және Еуропа үшін Кавказ және Кавказ мәселесі біздің Түркістан мәселесінен жақын деп есептедім. Түркістан мәселесі Еуропа үшін екінші кезектегі мәселе екені рас. Менің тұжырымым: еуро­палық держава (яғни, кавказдық, әри­не, ук­раиндық) мүдде­леріне неғұр­лым жа­қын империалистерге қарсы секторды барынша нығайта отырып, әрине өзім­нің түркістандық сектор­дағы жұмы­сымды күшейту» деп, үлкен парасат иесі екендігін таны­тады. Жетіншісі, аталмыш мұрағатта М. Шо­қайға М.Мұхити, Т.Заһир, Ә.Оқ­тай, А.Исхаки, В.Каюм, С.Бахтияр, А. Ибрахим, Искандер, Н. Шамсуллах, Ж. Ақшора-оғлы, Али Мардан бей, И. Акунин, В.А. Чайкин, Т.Ша­ғатай, Дж.Кастанье және тағы бас­қа­лардан келген хаттар, ішінара жауап хат­тар­­дың көшірмелері сақтал­ған. М.Шо­қай­дың мұраттас, серіктес дос­тары­мен жа­зыс­­қан хаттары Қазақ­стан мен Орталық Азия тарихын егжей-тегжейлі зерттеудегі айнымас дерек­көз болып табы­лады. Бұл құ­жаттар қазақ қайрат­кері­нің эмигра­ция­дағы саяси қызметі тура­лы мол мағ­лұ­мат береді. Өткен жылы осы хаттардың көлем­ді бөлігі екі томдық «Мұстафа Шо­қай. Эпистоляр­лық мұра­сы» атты жи­нақ­та жариялан­ды. Он­дағы 276 хаттың 268-і ал­ғаш рет жұртшы­лық назарына ұсынылды. Хат мазмұндарына қарағанда, аяу­лы азамат өз Отанынан тыс жерде жүрсе де халқының тағдыры үшін Ау­­ғанстан, Қытай, Үндістан, Мысыр, Түр­кия, Ресей, т.б. елдерде тұрып жат­­қан қоғам қайраткерлерімен ха­бар­ла­сып тұрған. Оның үстіне М.Шоқай­дың кіммен ара­ласып, хат жазысқаны, Ке­ңес Одағы­нан шыққан эмигранттар жөніндегі деректер де елеулі мұра саналады. Сегізіншісі, кеңестік билік, оның қызметі, ондағы болып жатқан реформалар жөнінде жер-жерден түскен мә­ліметтер, газет беттерінде араб, урду, поляк, ағылшын, түрік, т.б. тілдерде жарияланған материалдар. Тоғызыншысы, екінші дүниежүзі­лік соғыстың басталуы, сол кездегі жер-жердегі саяси ахуал, қа­лып­тасқан көз­қарастар жөніндегі материалдар да назар аударуға тұрарлық. Оныншысы, М.Шоқай және оның қызметі жөнінде жазылған мақалалар мен естеліктер. – Алаш азаматының шетелдегі еңбектері негізінен қай тілдерде сақтаулы? – Франция, Германия, Түркия, Ұлы­британия, Польша, Ресей Феде­рациясы, Өзбекстан мұрағаттары мен кітапхана­ларының қорларындағы Шо­­қай мұра­лары орыс, ағылшын, фран­цуз, неміс, поляк, түрік, әзірбайжан, қа­зақ, өзбек және т.б. тілдерде сақ­таулы. Мұның өзі­нен азамат үніне сол тұстары қанша­лық­ты мән берілгенін анық аңғаруға болады. Мәселен Санкт-Петербург қаласының тарихи мұрағатын­дағы Санкт-Перербург уни­вер­ситетінің қо­рын­да М.Шоқайдың жеке ісі сақталған. Оның алғашқы па­рағы Мұстафаның университет рек­торы атына оқуға қабылдауды сұра­ған өті­нішпен басталады. Құжат жиегіне 1910 жылдың 30 маусымында құ­жат қарал­ға­нын, осы жылдың 6 шіл­десінде студент қатарына қабыл­дан­ғаны тура­лы жазыл­ған. Іске М.Шо­қайдың сы­нақ кітапшасы, университетте оқы­ған кездегі төлеген жар­на­ларының түбір­тек­тері қоса жал­ған­­ған. 1914 жылғы 15 қыркүйектегі заң факультеті деканына Санкт-Петер­бург универси­теті­нің то­лық курсын аяқта­ғаны, соған байла­нысты оқу бітіргені туралы куәлікті сұраған өтіні­шінде өзі тұратын мекен-жайын көрсетеді – «Петроград.Провиантская 10, кв. 25». Өті­ніш арнайы бланкіде жазылған, онда оқу бітіргені жөнін­дегі куәлікті арыз берген соң екі апта ішінде алу керектігі және куәлік алған соң Санкт-Петербург қала­сында тұруға берілген рұқсат қағазды қайтару тиістігі ескертілген. Сондай-ақ бұл істе Ташкент ерлер гимна­зиясын бітіргені туралы кә­мелеттік аттестат, сол қалада түсіріл­ген М.Шо­қайдың екі фотосуреті сақталған. Жал­пы таусылмайтын мол қазына талай елдің тілін білген, телегей теңіз білім иесі, әрі қаламы қолы­нан түс­пей күн сайын өнімді еңбек еткен Мұстафа Шоқайдың жеке құ­жат­тары тарихы­мыздың талай ақтаңдақ­тарын қайта қарауға, таным-түсінігі­мізге тағы да тың­нан арналар салуға кө­мек­тесері анық. Оның мұра­сы тек қа­зақ хал­қы­ның ғана емес, бүкіл түркі халық­тарына ортақ құнды­лық екені мойын­далуда. – Әсем безендірілген мұқабасы көз тартарлық екі томдық жи­наққа негізінен Парижден табыл­ған құ­жаттар топтастырылса, осы­нау жи­нақ­тың құ­ралуына өзіңіздің сіңірген еңбегіңіз де мол болып тұр ғой. – Алдағы уақытта Париждегі мұрағат құжаттарынан 1920 жылы «Вольный горец» газетінде, 1923-1926 жылдары эми­грациялық «Дни», «Последние новости» газеттерінде жария­ланған М.Шо­қай­дың мақала­лары мен мәлімдеме­лерін, оның 1928 жылы жа­рық көрген «Советы в Средней Азии», 1936 жылы жарияланған «Туркестан под властью Советов» деген кітап­тарына замандас­тары­ның, эми­гра­ция­лық ортаның пікірлерін, сон­дай-ақ замандасы профессор А.Я. Шульгин­нің естелігін шығару ойы­мызда бар. М.Шоқайдың өзімен пікірлес, мұ­рат­тас замандастарымен, әзірбай­жан, баш­құрт, грузин, т.б. халықтардың эми­гра­ция­­дағы өкілдерімен жазысқан хат­тары­ның түпнұсқалары да жария­лауды қажет етеді. Әзірбайжан ұлт­тық қоз­ғалысы же­тек­ші­лері­нің бірі, Кавказ фе­дерация­сының ұйым­дас­тырушысы Али­­мар­дан Топчи­ба­шы, социалист-революционер Вадим Афа­­­­насье­вич Чайкин, уфа­лық қайрат­кер Омер Те­нерек­ұлы, археолог, этнограф Жозеф Кастанье, әзірбайжандық қай­раткер Мұс­тафа Векилли, грузин эмигра­ция­сы же­текші­лерінің бірі Акакий Чхенкели, эми­гра­циядағы грузин қайрат­кер­лері­нің бірі Николай Имнайшвили, грузин меньшевиктері жетекшілерінің бірі Евгений Петрович Гегечкори, Гувер инс­титуты­ның қызмет­кері Н.Н.Головин­мен жа­зыс­­қан хаттары талай тарихтың бетін аша түсері тағы хақ. – Мұстафа Шоқайдың мұрағаты мұнымен бітпейді, ол әрмен қарай да жалғаса беретін іс демексіз бе? – Мәскеудегі Ресейдің әскери тарихи мұрағатынан да Түркістан ұлттық бір­лігінің қызметіне қатысты біршама тың мағлұматтар табылды. Олардың да тізімі жасалып, жекелеген кейбір құжаттардың көшірмелері жеткізілді. Польша мұра­ғат­тарын­дағы Шоқай есімімен байла­ныс­ты деректер тізімі анықталып, ол да келешекте зерттеп, зер­деленер құнды­лық­тар. Түрлі басы­лымдарда жазылып жүр­гендей, Түрк­сойдың қолдау көр­сетуімен Мұстафа хаттарының Түр­киядан табылған түп­­нұсқалары, Тахир Шағатайдың жеке архивінен алын­ған 84 хаты мен бірнеше қол­жазбаларын Мұза­фар Ақшора деген кісі келіп тапсыр­ған. Орталық мемлекеттік мұрағат қорына қосылған мұндай дүниелер жетерлік. Қазақ­стан­да оның рухына бағыштап отан­дық киногерлер фильм түсірсе, Парижде ескерткіші орнатылды. Еуропалық қоғамның ой-санасына әсер ете білген саясаткер сол кездер­дің өзінде-ақ Қазақ елін алдың­ғы қатарлы да­мы­ған елдердің қатары­нан көруді аңсаға­ны байқа­лады. Алаш ардақты­сының басты мұраты қашан­да елі мен туған халқы болды. Сол себепті де шоқайтану ғылымы кейінгі өсіп келе жатқан жас буынның да кесілмес бір бұтағы бо­лып қала беруі керек деп ой­лаймын. Баш­құртстан респуб­ли­­ка­сының Орта­лық мемлекеттік тарихи мұраға­ты­нан, Түр­кия­дағы «Аяз Тайыр Түркі­стан Еділ-Орал қо­ры­ның» мұра­ғаты­нан, Ахат Анди­жа­ни­дің, Хасан Оралтай­дың жеке мұра­ғаттарынан, Ресей, Франция, Германиядан мұралар­ды жеткізіп, ғы­лыми ай­налысқа түсіру жос­пар­ланып отыр. Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.