Су қайда, ойбай, су қайда?!.
(Халық әні “Ағаш аяқ” ізімен) Ауылға ауыз суды тартпақ болды, Жұмысты мердігерге артпақ болды. Құйған қаржы таланып, зая кетті, Соңы былық, белшеден батпақ болды. Әй, қалды-ау, қалды-ау, Әй, қалды-ау, қалды-ау, Су қалды, ойбай, Су қалды-ау! Бағдарлама дегенің Жай бір құрғақ сөз болды-ау, ойбай! Шындық іздеп шырқырап, Іздегенім су болды-ау, ойбай, Су қайда, ойбай, су қайда? Әкім-ай, есіңе ал, Алсаң ал, алмасаң қой Солардың сұрауы жоқ деймісің, Ой, пәлі-ай, Ей, пәлі-ай! Зая кеткен қаржы-ай!! Әлқисса, “Ағаш аяқ” деген халық әнін бұрып алып, осылай зарлап айтып ауыз сусыз отырған ауыл тұрғындары жүр. Зарлап жүр дейтініміз, “Ауыз су” бағдарламасының қабылданғанына 7 жылдан асыпты. Осы 7 жыл бойы атқарылған еңбек дерлік зая кетіп, бірталай қаржы құрдымға кетті. Шенеуніктердің немқұрайлығынан “Ауыз су” бағдарламасы 65 пайызға ғана орындалып, мемлекетке миллиондаған шығын келген. Енді бұл кемшілікті жою үшін мемлекет қазынасынан тағы да көп қаржы бөлінбек. Халық енді ойбайламағанда қайтсін! Үміт ЗҰЛХАРОВА. Алматы.Қилыбайдың құбыласы
Қилыбай құрдастың хикаяларын кезең-кезеңімен баяндайын деп отырмын. Қилекең ес біліп, етек жапқанында, яғни бала кезінде қарттардың, нақтылап айтсақ ата-әжелерінің қылықтарын жақтырмайтын. Оларға бұл отырса – опақ, тұрса – сопақ болатын. Қит етсе ақыл айтқыш, қыңыр кетсе қиып түсіп, үнемі “бала емес – пәле” деп дүрдиіп отырғандары. “Баланы бастан...” дей ме, әйтеуір оған кейіп, күйіп-пісіп жүргендері. ...Сол Қилекең мектеп қабырғасында жүргенде ұстаз атаулыдан мін тапқыш болып алды. Бірі былдыр-сылдыр, екіншісі еңкіш-тәңкіш, үшіншісі үрпі-түрпі... саяз-таяз, мылжың... кете барады. ...Ал қазір өзі ұстаз болып бала оқытқанында... кержалқау, керенау шәкірттеріне налып, бас қосылған жерде оларды жерден алып жерге салып күңіренетін де жүретін. ...Тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы қиын кезеңдерде аяқасты байып шыға келген байшыкештерді Қилекең іреп-сойды десек болады. “Жемқорлар” деді, “даярға маяр болған боз өкпелер” деді, “ашкөз алаяқтарға” жатқызды, әйтеуір демегені жоқ, десе – бас терілерін басына қаптайды. ...Ал өзінің жолы болып жоталанып, байып шыға келгенде – әйда кеп капитализмді дәріптесін... “Бай болып бақытқа кенелу де, бақ тайып тақыр кедей болу да пенденің өз қолында” деген мәндегі мағыналы сөзді осы Қилыбайдың аузынан естідік. “Байлық – бақыт, кедейлік – күпірлік”, “Байлық бағбанға бұйырады”, “Кедейлік – кержалқаудың несібесі” деп шіреніп шырт түкіргенін қайтесің. ...Осы Қилекең көппен бірге жаяулап жүргенінде көшедегі қиылыстан өтерде көлік атаулыға қарата “қарғыс атқырын” қарша борататын. Оның айтуынша, рөлдегілер өңкей жын-пері, оң-солын білмес бәдәуй. Олардың тоқсан пайызы жүргізу куәлігін сатып алған алаяқ. Абайламаса, адам қағу оларға түк те тұрмайды. ...Сол Қилыбай өзі көлікті болып қоқилана қалғаннан айтары: жаяу-жалқыбай опыр-топырдан абайламаса болмайды. Жол ережесі дегеннен мақұрым, қашан көрсең қиғаш өтіп өңмеңдеп жүргендері. ...Бұл Қилекең бүкжеңдеп жүріп биліктің де биігінде болды. Онда жүріп оппозицияны оңдырмады, сынап-мінеді. Оларды тәуір тірліктің “жылан құрты” деді, “бола алмаған боз өкпеге” теңеді, “кесапатымыз да, көрсоқырымыз да солар” деп көсемсудің алдыңғы шебінде болды. ...Бастан бақ тайып бақалшы бола қалуда бір сәт, Қилыбайдың биліктегі аяғы аспаннан келіп, ертесінде-ақ оппозиционер болып шыға келгенін де білеміз... Айда кеп билікті іреп-сойсын. “Онда өңкей өлермендер отыр” деп, “олармен көсегеміз көгермейді” деп, өзі біліп келген көр-жерді тізбелеп тебіренсін кеп... Жеті сайын биліктің былық-шылығын баспасөзде жазып көлдей көсіліп, оппозициялық басылымның бел баласы болып шыға келді. Қайсыбірін айтайын, Қилыбайдың басынан осы тектес біраз құбыжық құбылыстар өтіп, бәр-бәрінде де Қилекең өз “өнерін” көрсетіп барып, енді, міне, қартайып, бір аяғы көрде, бір аяғы жерде кезінде арамызда отырып: – Заманына қарай баласы. Белдері бесіктен шықпай жатып пәле. Ұрпағымнан қорқамын! Ұрдажық, үрпі-түрпі ұрпақ туыла бастады. Әй, ақырзаман тақаған шығар! – деп біраз көсіліп шерін тарқатты. Ерсұлтан ЖЕҢІС. Талдықорған.Күдік
Сергей ШИНКАРУК. Томаға-тұйық, өзімен өзі ғана болуды дұрыс көретін Джектің есігін ойда жоқта біреу қақсын келіп... Ешкімді күтпегендіктен Джек аса сақтықпен есікке мысықтабандап келіп: “Кім ол?!” деп еді, қарлығыңқы дауыс: – Сізге сәлемдеме әкеп тұрмын, – деді. Бұл “әдіс-тәсілден” хабары бар Джек: – Сәл күтіңіз, ашамын, – деді де, кідірмей өзі “әдіске” көшіп, тездетіп балкон арқылы астыңғы үйге түсті де, одан жоғарылап аса сақтықпен өз есігінің алдында тұрған нән “сәлемдемешінің” желке тұсына шағын қаруын тақап: – Артық қимыл жасасаң, миың аузыңа түседі. Есікті аш та ішке кір! – деп бұйырды. Жан тәтті, “сәлемдемеші” бұйрыққа бағынып ішке ене әкелген сәлемдемені қойып, қаққан қазықтай күйде тұр. Джек: – Сәлемдемені аш! – деді қатқыл үнмен. – Өйте алмаймын, – деп әлгі бүгежектеп еді: – Ашасың, әйтпесе итше қыңсылайсың! – деп үй иесі өктемдік танытты. Әлгі қайтсын, сәлемдеменің орамын ашып еді, ішінде қоймалжың жеміс салынған шыны ыдыс екен... Джек бірден: – Аш та, дәмін көр! – деді. Қайтсын, ыдысқа саусағын матырып қоймалжың затты аузына тоғытты. – Қалай? – деп Джек те қысқа қайырды. – Дәмді сияқты. – Жеп бітір! – деп Джек ақырын күтті. Бір 15 минөт мезгілде ыдыс босап, анау дін аман, саусағын жалап тұрып: – Астында бір жапырақ хат жатыр, – деді. Джек қағазды алып еді... шешесінің: “Балам, туған күніңмен, өзіңнің ең жақсы көретін жемісіңді жіберіп отырмын” деген таныс жазуы көзіне оттай басылды... Джек күрсіне: – Күдікшілдік-ай, күдіктенемін деп қара басқанын қара! – деп, әлгі пошташыны желкелеп сыртқа шығарды да өзі еденге отыра кетті... Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН.Ауылдың айтқыштары
«Шай ішіп отыра берейік...» Белгілі әртіс Құдайберген Сұлтанбаев бір жылдары Қармақшы жағына сапарлап барыпты. Бір ауылда шай үстінде қонақтарды армансыз сыйлапты. Сөйтіп, «дүрілдеген» шайы да бар, пайы да бар дастарқан жиылар кезде үй иесі бұл жақтың дәстүрін білмес деп: – Құрметті қонақтар, қазір ет келеді. Біздің жақта ет үстінде «анау-мынау» ештеңе берілмейді, – деп, коньякты соңғы бір рет құйғалы ыңғайланып жатқанда, Құдекең іліп алып: – Оу, ендеше, шай ішіп отыра берейік... – деп «ұсыныс» айтқан екен. «Шығатын тесік іздеген...» Әзілқойлардың атасы Оспанхан Әубәкіров бір жылдары Шижағаға табан тіреген екен. Дастархан басында бір сылқым келіншек оқыс кекіріп жіберіпті. Ауылдың қаймақтары, ақсақалдары бар бір сәт қолайсызданып қалыпты. Сонда миығынан күлген Осекең: – Бұл да бір тыныс қой, шығатын тесік іздеп жүрген, дәнеңе етпейді, – деп жуып-шайып жіберген екен. Балоны жарылған «Каток» Бүгінде ел ақсақалы Шөкең кезінде іскерлігі өз алдына, аз-кем аңқаулықтан құралақан болмаса керек. Ол заманда жол жөндеу мекемесінің бастығы еді. Үлкен трасса бойында асфальт төсеп жатқан жігіттер бір күні босаңсып, кәдімгі «каток» аталатын алып темір доңғалақты мәшинені доғарып, көлеңкесінде әңгіме сапырып жатса, үстерінен Шөкең келіп түсіпті. – Әй, бұл қай жатыс тал түсте? Жұмыс қайда?! – деп дауыс көтере бастағанда, қушыкештеу бір жігіт не де болса деп далбасалап: – Шөке, мынаның балоны жарылып, жұмыс тоқтап қалды. Асфальт таситын мәшинеге тапсырып жібергенбіз. Жаңа кәмірін қаладан ап келді... – деп соғып жіберіпті. Ештеңе аңғармаған Шөкең: – Жарық балонын ауыстырыңдар да, жұмысқа кірісіңдер, – деп көлігіне мініп жүре беріпті. Ерғали АБДУЛЛА, Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы.Әзіл-әжуа аң-құс аулында
Аю, арыстан және тауық үшеуі әңгімелесіп отыр дейді. – Менің ырылымды естісе бітті, бүкіл орман тым-тырыс бола қалады, – деп мақтаныпты аю. – Тіпті ағаштардың жапырағы да сыбдыр етуге қорқып, сілтідей тынады ғой. – Сені қойшы, мені айтсайшы, – депті арыстан. – Ақырып қалсам болды, бір орман емес, бүкіл Африканың аң-құсы ініне кіріп кетеді емес пе? Сонда тауық: – Соны да сөз деп отырсыңдар ма? – деп қабағын шытыпты. – Түшкірсек бітті, дүние жүзін дүр сілкіндіріп, дүрбелеңге саламыз, сонда да үндемей отырмыз ғой! * * * Құс тұмауы ақыры түйеқұстарға да жұғыпты. “Олар жерге басын тығып түшкіретін шығар” деп көртышқандарда зәре жоқ деседі. * * * Аңшы аю атып алып, оны оң иығына салып, орманнан шығып келе жатса, қас қылғанда қарсы алдынан табиғатты қорғау қоғамының басшысы шыға келіпті. – Иә, жол болсын! – дейді ол кекетіп. – Қайда барасың? Иығыңдағы не пәле? Аңшы әдейі сол иығына қарайды да: – Ештеңе, – дейді. – Оң иығыңдағыны айтам. Сонда аңшы оң иығына қарап қалып: – Ойбай, аю! – деп қаша жөнеліпті. * * * Қоян ызғытып келе жатып бір алаңқайда етбетінен жатқан қасқырға тап болады да сасқалақтап: – Қасеке қалайсыз, күнге қыздырынып демалып жатырмысыз? – дейді мәймөңкелеп. Қасқыр көзін алартып: – Жоқ-а, қақпанға түсіп қалдым! – дегенде, қоян: – Бәрекелді, жатқаныңнан тұрмай қалғыр доңыз неме! – деп қаһарлана шаттанған екен.Саудаңыз қалай?
– Ия, саудаңыз қалай? – Е, саудамыз – сауда, Бүгінде айналып тұр “жауға”. Бұ “жауды” алу үшін – Терлеп-тепшіп күнде, Шығып келгендей боламыз тауға. Жолға береміз, Оңға береміз, Солға береміз, Орынпұл және Салыққа береміз. Анда-санда жағасы – Қып-қызыл “халыққа” береміз. Қайтеміз енді, Өлеміз бе, көнеміз. Беріп-беріп, Жанды әбден қинаймыз. Содан шашқанымызды – Қайтадан тірнектеп жинаймыз. Саудамыз, міне, сауда! Сауда деген Балығы жоқ өзен боп тұр, Телміреміз “ауға”. Еліміз аяғына тұрғанша Бұған да тәубе... Алпысбай БОРАНБАЙҰЛЫ, Оңтүстік Қазақстан облысы.Мағынасы майысқан мақалдар
Параны берген емес, Алған жомарт. *** Ұлым, саған айтам, Күйеу бала, сен тыңда! *** Абитуриентті оқуға кім түсірсе, сол ыстық. *** Еркек жүрген жерде, Шөлмек қалады. *** Ананың көңілі – базарда. Баланың көңілі – басжазарда. *** Өз әйелің ұрыспаққа жақсы. *** Бастықтың айтқанын қызметкері де айтады. Тек, қолында билігі жоқ. Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ. Алматы.Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР.