Мәртебесі жағынан бәрі де министрлік аталғанымен, Үкімет құрамында орны бөлек министрліктер бар екендігі де шындық. Сондай құрылымдардың бірі – Инвестициялар және даму министрлігі.
Ол индустрия мен индустриялық-инновациялық даму, елдің ғылыми техникалық дамуы, тау-кен кешені, машина жасау, химия, фармацевтика және медицина өнеркәсібі, құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдарын шығару, мемлекеттік инвестициялық саясат пен инвестицияларды қорғау саясаты, арнаулы экономикалық аймақтар, экспорттық бақылау, минералдық ресурстар, геологиялық зерттеу, қазба байлықтарды тиімді пайдалану, энергия үнемдеу, теміржол, автомобиль, ішкі су көлігі, автомобиль жолдары, байланыс, ақпараттандыру, ақпарат, ғарыш қызметі сияқты санап шығудың өзіне адам шаршайтындай аса ауқымды салаларға жауап береді. Қазіргідей күрделі кезеңде бұл үлкен министрлікке жүктелер жауапкершілік те үлкен.
Кеше Инвестициялар және даму министрлігінің 2015 жылдың қорытындыларына және 2016 жылғы міндеттерге арналған алқа мәжілісі болып өтті. Оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің баяндамасында қуат көздері мен негізгі металл түрлеріне бағаның күрт түсуі, әлемдік экономика дамуының баяулауы, санкциялық соғыстар, қаржы рыноктарының құбылмалылығы Қазақстан экономикасына да әсер еткендігі айтылды. Қой жылында атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, министр бүгінде айрықша назарға алынып, басымдық беріліп отырған шараларға тоқталды. Оның бірі – өңдеу өнеркәсібін қолдау мен дамыту мәселелері.
Мәселен, экономикалық жағдайдың қиын кезеңіне қарамастан, бұл сала бойынша өткен жылдың қорытынды көрсеткіші нәтижелі болды. Еңбек өнімділігі 102,2 пайызды құрады. Соған сай металлургия саласындағы өсім 14,4 пайызды, химия өнеркәсібінде – 2,6 пайызды, құрылыс саласында 4,8 пайызды құрап, жеңіл өнеркәсіпте 3,4 пайыз өсім байқалды. Алайда, өндіріс өнеркәсібі 1,6 пайызға төмендеген. Оның ішінде тау-кен өндірісіндегі құлдырау 2,5 пайызға жетіп отыр. Көмір өндіру мен темір рудасы өндірісінде де кері кету басым. Бірақ түсті металл өндірісінде, керісінше, 4,6 пайыз өсім байқалып отыр.
Иә, айта берсе, қазіргідей сыртқы бағаның құбылмалы кезеңінде, өнеркәсіптің барлық саласында да өзіне жетерлік ауыртпалықтары бар. Бір салада өсім байқалса, енді бірінде, керісінше, төмендеген. Дегенмен, солай екен деп, қол қусырып отырған ешкім жоқ. Министрлік бас болып, өндірісшілермен, кәсіпкерлермен кеңесе, келісе отырып, қиындықтан бел қайыстырмай шығудың жолдарын қарастырып жатыр. Мәселен, кәсіпкерлердің тауарын өткізуге ықпал ету, ұлттық және басқа да ірі компаниялардың жергілікті өнімді сатып алу үлесін ұлғайту, көлік шығындарын азайту, кедендік салықтарды төмендету арқылы тауар экспортын ынталандыру, электр энергиясына және басқа да қызметтерге жеңілдікті тарифтер қарастыру сияқты жұмыстардың қолға алынуының арқасында экономиканың қалыпты жүйесін ұстап, салалардың бір-біріне сүйеу болуына ықпал етілді.
Өзіне жүктелген межелі міндеттерді ретімен еңсеріп келе жатқанын аңғартқан министрлік жүйелі жұмыстың алдағы уақытта жалғасын табатынын байқатып отыр. Қазір қолға алынған басым бағыттар 2016 жылда да ілгерілетіле бермек. Себебі, өндірістің осынау салаларында атқарылған шаралардың арқасында ел экономикасында оң үдерістер байқалды. Министр биылғы жылда өнеркәсіпті қолдау саласындағы жұмыстар үш бағытта жүргізілетінін нақтылады. Оның біріншісі – маңызды ірі жобаларды дамыту. Оның ішінде қазіргі қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту. Екіншіден, қолданыстағы кәсіпорындарға жаһандық дағдарыс жағдайында тікелей қолдау көрсету. Үшіншіден, отандық индустрияның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жүйелі жағдай қалыптастыру.
Биыл Индустрияландыру картасы бойынша жұмыстар да өз жалғасын табады. Бұл ретте, өткен жылы іске қосылған жобалардың өндіріс қуаттылығының межелі мүмкіндігіне жетуін қадағалау басты назарда болмақ. Сондай-ақ, жаңа өндіріс орындарының құрылысының басталуы және іске қосылуы, оның ішінде екінші тоқсанда басталатын «Батыс-Калий» калий байыту зауыты мен «Еурохим-байыту» сияқты жобалар, сондай-ақ, үшінші тоқсанда Ақтоғай мыс рудасын өндіру және қайта өңдеу жобасы, ал жылдың екінші жартысында басталатын «Көктасжал» базасында тау-кен байыту кешенін пайдалану жобалары бар. Индустрияландыру картасы бойынша кәсіпорындарды жаңғырту жұмыстары да өз кезегінде жалғасын табады. Ел экономикасын еселеп, өнімділікті арттыруда бүгінде жүйелі жүргізіліп келе жатқан «Өнімділік-2020» бағдарламасы, жергілікті қамтуды қолдау шаралары, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, жер қойнауын игеру, ғарыш саласын дамыту сияқты министрлік бақылауындағы барлық салалардың, бағдарламалардың маңызы зор.
Әсет Исекешев баяндамасында өзі басқарып отырған министрлікке қарасты барлық саладағы ахуалдарға тоқталып өтті.
Алқалы жиын барысында сөз алған Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өздеріне қатысты салалардың өткен жылда еңсерген межелерін ортаға салып, алдағы міндеттерін баяндады. Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбектің баяндамасында көлік саласы экономиканың негізгі саласының бірі ретінде жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруда маңызды рөлге ие екендігі атап айтылды. Бүгінгі таңда көлік инфрақұрылымын кең ауқымды жаңғырту жұмыстары мен көлік дәліздерін дамытуға бағытталған «Нұрлы Жол» бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырылуда.
Ж.Қасымбеков көлік саласында 2015 жылы атқарылған жұмыстар туралы айта келе, алға қойылған перспективалар туралы үш негізгі бағытқа тоқталды. Олар – автомобиль жолдары, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және азаматтық авиация саласындағы бірқатар маңызды мәселелер. Бірінші вице-министрдің айтуынша, кейінгі жылдары көлік-коммуникация кешенінің негізгі көрсеткіштері жыл сайын орташа есеппен 8-10 пайызға өсім көрсетіп келген болатын. Бірақ жалпы әлемдік экономикалық ахуалдың төмендеуіне орай, тасымалдар көрсеткіштерінің бәсеңдегені де байқалады. 2015 жылы ішкі жалпы өнімдегі көлік қызметтерінің үлесі шамамен 6 пайызды құраса, негізгі көрсеткіштердің өсімі 2014 жылмен салыстырғанда 5,6 пайыз шамасында болды.
Алқа мәжілісін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қорытындылады. Үкімет басшысының бірінші орынбасары қазіргі әлемдік дағдарыс кезеңінде ел экономикасын дамытуда аталған министрліктің алдына қойылар жауапкершілік жүгі зор екендігін атап өтті. Сондай-ақ, Елбасының реформалары мен бағдарламаларын жүзеге асыруға мемлекетіміздің шамасы жететінін, ол үшін алдын ала жасалған бағдарламалар мен олардағы жоба-жоспарларды дұрыс жүйелеп, жүзеге асыру жолдарын айқындап алу керектігін алға тартты. Әсіресе, сырттан келер инвестицияларды ел игілігіне жаратудың айрықша маңызы зор екендігіне ерекше тоқталды. Мәселен, Президенттің шетелдерге сапарларының нәтижесінде қол жеткізілген маңызды келісімдер, осыған орай елге түсер қыруар қаржының шашау шықпай, келісімде көрсетілгендей соманың елімізге кедергісіз жетуіне айрықша назар аударуды тапсырды. Қазіргідей кім-кімге де оңай тимей отырған қиын кезеңде шетелден инвестиция тарту оңай шаруа емес, ал сол келісімдер қажырлы еңбектің арқасында, Елбасының шетелдерге сапарларындағы келелі кездесулерінен кейін қол жеткізілген соң, оны тиімді пайдалану, жобаларды әрі қарай сәтімен жүзеге асыру, қарызға алған қаржыны дұрыс ұқсата білуге басымдық беру қажеттігі қадап көрсетілді.
Айтқандай, сөз басында бұл министрліктің қамтитын мәселелерінің ауқымы өте кең екендігін айтқан болатынбыз. Сондықтан мұндай алқалы жиында ұжымдардың атын атап, түсін түстеп жату қиын-ақ. Дегенмен, біздің басылымға қатысты бір жай нақты қозғалғаны көңілге қуаныш ұялатты.
Баяндамасының аяқ шенінде Әсет Өрентайұлы біздің ұжымның – «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының екі еңбегін ерекше атап өтті. Оның біріншісі – газет таралымының биыл өте жоғары көрсеткішке, яғни 210 мыңнан астам данаға жеткендігі. Екіншісі – жақында редакция ғимаратының іргесінен екінші жатақхана құрылысының аяқталып, бүгінгі таңда акционерлік қоғамда жұмыс істейтін қызметкерлердің түгелдей баспаналы болғандығы. Министр бұл жағдайды адамдарға нақты қамқорлық жасаудың жақсы үлгісі ретінде зор қанағат сезімімен айтты. Жақсы жаңалыққа жай қуанып қоя салмай, жылдық алқа жиналысында дүйім жұртқа өнеге етіп ұсынған министрге біз де ел газетінің арқасында баспаналы болған бір қызметкер ретінде разылығымызды білдіреміз.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».