Адам қиял қанатымен тіршілік кешіп, сан тарау армандарына сапар бастайды. Мұны өмірдің мәні десек те болғандай. Осынау қымбат қасиеттер жетегіндегі жанның шырағданы жарқырап, жүрегі ізгілік пен игілікке жақын тұрады. Сөйтіп, ертегіден өрілген ертеңгі өміріміз шырайлана түседі.
Ертегіге елікпеген халық жоқ. Біз ертегінің ішінде жүреміз. Бірақ, оны соншалықты сезіне де қоймаймыз. Қашанда қол жетпесті іздеп тұратын көңілдің сұранысы солай. Мына қызықты қараңыз, біздің Тәуелсіздігіміз бүкіл жер жүзіне таңсық, әфсана-аңыздардың бір бөлшегін тұтастай көшіріп алдымызға алып келіп отыр. Ол – «Санта Клаус әлемі».
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2012 жылдың 21 желтоқсанында, өзі де ертегі Бурабайдың әсем қойнауында аталмыш ғажайып кешенді ашты. Оның алғашқы қонақтары – балаларға құтты болсын айтып, «Аяз Ата әлемінің» естелік кітабына «Жаңа Жылда жаңа бақытқа, жаңа қуаныштар мен табыстарға жетіңдер!» деген ақжарқын тілегін жазды. Салтанат үстінде Президентіміз бұл нысанның Бурабайда орын тебуінің мағынасын да ашып көрсеткен еді.
...Санта Клаустың Финляндияда «тұратыны» жұрттың бәріне мәлім. Алайда, оның көптен бері өзінің сүйікті Лапландиясына ұқсас жерұйық мекен іздеп жүретіні де белгілі. Өзінің кішкентай қолғанаттары – эльфтермен бірге Санта жер жүзін сан мәрте айналып, ақыры, осы бір жұмақ мекенді біздің Бурабайдан тапқанына қалай қуанбассыз. Сезімтал Санта бұл жердегінің барлығы адамның өз жүрегінің тереңіне үңіліп, жаны жай табуы үшін жасалғандай екендігін білгендей. Шындығында, Бурабай – тылсым сырға толы тау аңғарында орналасқан Еуразия кеңістігінің інжу-маржаны. Жасыл желекті ормандар мен мөлдір көлдер ғажайып қиюласып, көздің жауын алады. Саф ауамен тыныстап, көңіліңіз көркейген тұста, толқынды бел-белестерден ел тарихы көлбеңдеп өтіп жататынын көрмеу мүмкін емес.
Өзіне тартып тұратын өлкеге келе бергің келеді. Сапарыңыз түскен сайын сан құбылып тұратынын қайтерсіз. Санта Клаустың резиденциясынан, «шамандар» шатырынан, мұз қалашығынан, эльфтер мектебінен, мәдени-спорттық алаңдардан тұратын нысан жыл бойы жұмыс істейді дегенмен, қысқы қуанышы ерекше. Ертегі әлемінің әкімшісі Павел Горбачев биыл 9 солтүстік бұғысы, шанаға жегілетін 12 полярлық ит арнайы алдырылғанын айтады. Жергілікті кәсіпкер Жасқайрат Абдрахманов тоғыз квадрацикл мен моторлы қар шанасын іске қосыпты. Мұнда ат-шанамен, салт атпен және жаяу саяхат жасауға да болады. Осыдан болса керек, Жаңа жыл мейрамы мен демалыс күндері келушілердің саны мыңнан асып түскенін білдік.
Қос қабатты «Аяз Ата» резиденциясын аралап шығу танымдық көкжиегіңізді кеңіте түседі. Қонақтарға арнайы даярлықтан өткен 5 маман үш тілде қызмет көрсетуде. Біздің бұл жолғы гидіміз Самал Мейірманова болды. Ол Омбыдағы Сібір мемлекеттік университетінің дене шынықтыру, спорт және туризм факультетін бітіріпті. Самал жарқырай жүріп, бізді №1 бағыт бойынша «Әлемнің жеті кереметіне» бастады. Бұл мейлінше түпнұсқаға келтірілген макет түріндегі Үндістан Тәж-Махалынан бастау алып, Египеттегі пирамидалармен жалғасады. Сириядағы Сұлтан Бейбарыс әз-Захиридің кесенесіне тамсанасыз. Атақты мавзолей Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ықпалымен қайта жаңғыртудан өткізілгені туралы дерек тақтайшасы ілініпті. Одан кейін Сфинкс арқылы Еуропаға өтесіз. Англияның Биг-Бені, Францияның Эйфель мұнарасы, Римнің Коллизейі қолсозым жерде тұр. АҚШ-тағы Бостандық статуясына жапсарлас шағын Ниагара сарқырамасынан кәдімгідей су атқылап жатыр. Сөйтіп, әлемді шарлап-шарлап, «Мәңгілік Ел» қақпасы арқылы жер жәннаты Қазақстанымызға ораламыз. Ондағы бейнематериалдар мен әсем паннолардан Тәуелсіздік Бәйтерегінің тәтті мәуесі төгіліп тұр.
Ертегі әлемінің қазақстандық Санта Клаусы балаларды да, ересектерді де өз үйінде әрқашан қуана мейман етеді. Біз аса таяқты Аяз Атаның (Дмитрий Линниктің) құлағына бір нәрселерді сыбырлап жатқан астаналық бүлдіршінді көріп сүйіндік. Жүзі бал-бұл жанған Дінмұхамет қандай тілегін айтты екен?.. Оның жанындағы Ақшақар (Бекзат Олжанова) мен жақсылық шақырушы Шаманның (Сергей Цукунов) біреуі кербез, біреуі ойнақы кейіппен баршамызды өзіне баурап барады.
Біз біраз кісілермен әңгімелестік. Ақтаудан бала-шағасымен келген теміржолшы құрдас Махмұт Қисамеденов, осы өңірдегі Сағыз ауылының мұнайшысы Сәкен Мұқанбаев, ақтөбелік кәсіпкерлер Анар Мәжитова мен Гүлназ Қалменова, қызылордалық Оразгелдиев пен Ердәулетов отбасы кәдімгідей балалық шаққа саяхат жасағандай күй кешкенін айтады. Ал Мәскеудегі мемлекеттік туризм және сервис университетінің студенті Юлия Лукинаның осында тағлымдамадан өтіп, дипломдық жұмысына деректер жинап жүргеніне бәрекелді дедік.
Әкімші Павел Горбачев құлаш жетпес «Тілек кітапшасын» алдымызға жайды. Ақ парағын тапқанша кәдімгідей әуреге түстік. Англиядан, Араб Әмірліктерінен, Франциядан, Египеттен, Германиядан, Канададан, Америкадан, Австриядан, Венгриядан, өзіміздің ТМД мемлекеттерінің барлығынан дерлік тілектер легі толқындай төгіліпті. Ертегі әлемінің поштасына осында бұрын болып кеткен азаматтардан сағыныш хаттары да үзбей түсіп тұрады екен.
Осының өзі ертегідей еліміздің мерейін асырады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы.
Суретте: ертегілер әлемінен көрініс.