Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу шеңберінде кеше Қазақстанның Коммунистік халық партиясының (ҚКХП) Алматы қалалық комитетінің белсенділері жастармен бірге «Бізбен бірге бол!» флеш-моб акциясын өткізді.
Онда ҚКХП белсенділері партияның жастар қанатымен бірлесе отырып, бөлімше кеңсесінде өз қолдарымен қағаздан тырналар мен қызғалдақ гүлдерін жасады. Кейін оларды қала тұрғындарына тарату арқылы коммунистік идеологияны насихаттап, халықты ҚКХП қатарына қосылуға шақырды. Осы шараның өзі айрықша ерекшелігімен қала тұрғындарының қызығушылығын тудырды.
Белсенділер қала тұрғындарына қағаз жасауларының мәнісін де түсіндірді. Ерте заманнан кейбір халықтарда тырналар адамның ең жақсы қасиеттерін бейнелейді екен. Ал қызғалдақтар жаңару мен махаббаттың символы екені айтылды. Сөйтіп, коммунистер өздерінің идеологиясы адамзаттың ежелгі аңсары екенін білдірді. Сонымен қатар, ол жаңа заманда да жарқырап шығып, жастықтың символына айналуға тиісті көрінеді. Мұны қызғалдақ формасында көрсеткен ұтымды деп табылыпты.
Бүгінгі таңда бұл образдар мен партияның ісінде үлкен үндестік бар делінді белсенділердің пікірінде. Өйткені, ҚКХП – жаңартылған сайлауалды бағдарламасы арқылы заман талабына сай коммунистік қоғам құру ілімін алға тартып жүрген партия. «Біздің идеологияға негіз болатын коммунизмнің ұстанымдары қоршаған орта сияқты үнемі жаңарып отырады. Мен мұны заңдылық деп санаймын, себебі, біз өзіміздің алдыңғы ұрпақтағы қайраткерлеріміздің саяси тәжірибесін қазіргі заманғы үдерістерді ескермей қабылдай алмаймыз», – деді ҚКХП Алматы қалалық комитетінің басшысы Магеррам Магеррамов.
Өз кезегінде Алматы қалалық комитетінің мүшесі Ирина Смирнова, коммунистер партияның саяси бағдарламасын нәтижелі түрде ілгерілету үшін үгіт науқанын барынша тиімді пайдаланатынын айтты. «Қазіргі заманда жаңа үдерістерден тыс қалу мүмкін емес, сондықтан біз өзіміздің әлеуетімізді сайлаушыларымызға ақпаратты жеткізудің әдістері мен пішіндеріне тәжірибе жасаудамыз. Менің ойымша, акция өз мақсатына жетті және ҚКХП алдағы уақытта жаңа жақтастарымен толығатынына сенімдімін», – деп қорытындылады өзінің сөзін Ирина Смирнова.
Іс-шара соңында партиялықтар ҚКХП қызметіне қызығушылық танытқандары үшін қала тұрғындарына алғыс айтып, естелікке суретке түсті.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.