11 Қаңтар, 2011

Рахмет Өтесінұлы ӨТЕСІНОВ

1339 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қазақ мұнайшылар қа­уымы орны толмас ауыр қазаға душар болды. 2011 жыл­дың 8 қаңтары күні 84 жасында ұзаққа созылған ауыр науқастан аты аңызға айналған мұнайшы, белгілі жазушы Рахмет Өтесінов өмірден озды. Р.Өтесінов 1927 жылы 15 қаңтарда Гурьев об­лы­сындағы Қызылқоға ауда­ны­ның Қарабау ауы­лында дүниеге келген. 1951 жы­лы И.М.Губ­кин атындағы Мәс­кеу мұнай институтын бітірді. 1951-1959 жылдары Ма­қат кәсіп­ші­лі­гінде мұнай және газ өндіру цехының бастығы, Комсомол, Қошқар мұнай кәсіпшілігі басқар­ма­ларында бас инженер болып істеді. 1959-1964 жыл­дары Жылой аудандық партия коми­те­тінің бірінші хатшысы, кейін Гурьев об­лыстық партия комитетінің бөлім мең­герушісі, Батыс Қазақстан өлкелік партия коми­тетінің өнеркәсіп бөлімінің меңгеру­шісі, Қандыағаш өнеркәсіптік аймақтық партия комитетінің хатшысы және «Маң­ғышлақ­мұ­най­газ­барлау» тресі партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқар­ды. 1964-1970 жылдары «Өзенмұнай» мұнай кәсіпшілігі басқармасын басқарды. Рахмет Өтесінұлы отандық мұнай-газ саласының дамуына өлшеусіз үлес қос­ты. Өзен кен орнын игеру басталған жылдары оның кәсіби шеберлігі, өнді­рісті ұйымдастыру қабілеті жан-жақты ашылды. Ел жоқ, жұрт жоқ жапан түзде оның тікелей басшылығымен Қазақстан мұнайшыларының даңқты мекені – Жаңаөзен қаласы салынды. Оның кәсіби шеберлігі, терең білімі, өмірлік тәжірибесі мұнай-газ саласын дамытуға септігін тигізді. Ол мұнай барлау жұмыстарына көп көңіл бөлді, кадр мәселесін шешті, қара­пайым мұнайшы­лардың тұрмыстық жағдайын жақсар­ту­ға күш салды. Өкінішке қарай, 1969 жылдың қазан айында ол өзінің қызметтік міндетін ор­ындау барысында автокөлік апатына ұшы­рап, бірінші топтағы мүгедек болып қалды. Алайда, ол ешбір қиындықтарға мойымады. Жұмыстан қол үзген жоқ. Мұнай және газ өндіру проблемаларына, мұнай алу коэф­фи­циентін арттыруға арналған ғылыми-тәжірибелік мақалалар жазды. Оның мұнай құ­быр­ларын жылы­ту туралы ұсы­нысын өндіріске енгізу эко­номикалық жағынан тиімді болды. Ол қарапайым мұнай­шы­лар мен жер қой­науын бар­лау­шы­лардың өмірі жайлы жа­зылған 11 кі­тап­тың, повестер мен ро­ман­дардың ав­то­ры. 1987 жы­лы Қазақстан жә­не КСРО Жазу­шы­­лар одағы­ның мү­шесі болды. Рахмет Өте­сі­новті қазақ­тың Ни­­колай Остров­скийі мен Алексей Марьесеві деп атайтын, ол тура­лы фильм­дер тү­сі­ріліп, кітаптар мен очерктер жазылды. Белгілі тележурналистер Ғаділбек Шалахметов пен Марина Голдовская түсірген «Сынақ» деректі фильмі 1977 жылы Бүкілодақтық Ленин комсо­мо­лы сыйлығына ие болды және әлі күнге дейін жастарды патриотизмге тәр­биелеу жөнін­дегі ең үздік шығарма болып табылады. Р.Өтесіновтің балалары да әке жолын қуып, барлығы да мұнайшы болды. «Жолдар және жолдастар» деп аталатын кіта­бын­да Рахмет Өтесінұлы: «Мен әрқашан мұ­наймен, оның проблемаларымен өмір сүр­дім және мұнай фанаты болып қала беремін», деп жазған еді. Ол әрқашан Қа­зақстан қойнауының байлығы елдің және халықтың игілігіне жұмыс істейді деп сенді. Р.Өтесіновтің ерен еңбегі КСРО-ның және Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік наградаларымен, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», «Құрмет» ордендерімен және медалдармен марапатталды. Оған Қазақ КСР еңбек сіңірген мұнайшысы, КСРО құрметті мұнайшысы атағы берілді. Рахмет Өтесінұлының өмірден озуына байланысты марқұм­ның отбасына, туған-туыстарына, әріптес-мұнайшыларға, қазақ жазушылары мен қалың оқырмандарға қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Рахмет Өтесіновтің жарқын бейнесі Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласы өкілдерінің барлық буынының жадында әрдай­ым сақталады. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, Маңғыстау облысының әкімдігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, Н.А.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры, Қазақстан Жазушылар одағы. *** Халқымыз тағы бір арысынан айы­рылды. Құрыштан құйылғандай қайсар қазақ еді-ау! Ол сонысымен күллі қазаққа үлгі болды. Қазақ мұнайының аға ұрпақ өкіл­де­рінің бірі бола білген Рахмет Өтесінов екеуміз бір жылдың төлі едік. Ол 1951 жылы Мәскеудің Губкин атындағы мұ­най институтын бітірген соң Атырау өң­ірінде мұнай өндірісін дамытуға білек сыбана кірісті. Біраз жыл аудандық, об­лыстық партия комитеттерінде бас­шы­лық қызмет ат­қар­ды. Бірақ, көп ұзамай өзі сүйіп қалаған атакәсібі мұнай саласын қайта тапты. Өзен мұнай өндіру басқар­масының алғашқы бас­қару­шысы болды. Алайда, оның алдынан тағ­дырдың ауыр сы­нағы күтіп тұр екен. «Рахмет апатқа ұшы­рады» дегенде қалың жұрты желді күнгі қоғадай жапырылды. Қай­ғырды. Құ­дайдан шыбын жанын қал­ды­руын сұра­ды. Жанынан қалың өртке қана­ты­мен су сепкен қарлығаштай боп жан жа­ры Сақыш шықпады. Көптің тілеуі қабыл болып, Рахмет басын көтерді. Сынбады. Қайыс­пады. Ұрпаққа мұра болардай кітаптар жазды. Тәңірдің салғанына шара жоқ, сол асыл жүрек, сол алып жүрек соғуын тоқта­тыпты. Топырағың торқа, жатқан жерің жайлы болсын. Сағидолла Құбашев. *** Қазақ мұнайын өркендеткен алып­тардың бірі Рахмет Өтесінов деп білемін. Осы алып азаматынан айырылған қазақтың бүгін иіні түсіп тұр. Қашан барсаң аға деп күліп қарсы алатын Рахмет інімнен айырылып мен де жа­быр­қап жатырмын. Жасы тоқсаннан асқан мендей қарияға өзінен жасы кіші інінің қазасын естуден ауыр қайғы жоқ. Сен, Рахмет, тумысың да, тағдырың да, мінезің де, талантың да ерекше жара­тыл­ған тұлғасың. Осы жасаған 84 жыл өміріңнің тең жартысын арбаға таңылып өткеріпсің. Табан тіреп жер басып жүрген 42 жылда қанша көп еңбек етсең, арба үстіндегі 42 жылыңда одан да зор жұмыс тындырдың. Ғылымда, жазушылықта со­ңы­ңа өлмес мол мұра қалдырдың. Қазақ­тың әр жігіті сен тындырған жұмыстың жартысын, үштен бірін атқара алса да жаман болмас еді. Қош інім, соңыңда қалған ұрпағың көк­теп-көгере берсін! Саламат Хайдаров. *** Рахмет ағамыздың есімін ерте естідік. Осы ағамыздай болсақ деп еліктеп өстік. Ұқсап бақтық. Қалай қайсар болуды, қа­лай табанды болуды, қиындықпен қалай күресе білуді үйрендік. Бізге үлгі болды. Енді, міне, осы асыл ағамыздан айы­рылып қалып отырмыз. Көтерерсің талайды, Тағдыр салса басыңа. Бір қуаныш, бір қайғы, Өмір деген сахна. Ойнайсың сен беріліп, Не бұйырса көнесің. Бірде жылап егіліп, Бірде сақ-сақ күлесің. Тыпырлаумен өтесің, Кеудеңде шыбын жан барда. Рөл таңдап нетесің, Режиссерің бір Алла, – деп бір кезде жазған өлеңінің мәніне енді жетіп отырған­даймыз. Жаның пейіш нұрына шалқысын, то­пырағың торқа болсын, ағекем! Орал Ақшолақов, Беркін Ізтілеуов. *** Рахмет ағамыз әне бір жылы немересі шетінегенде: Ұлықпандай мың жасар кім, Жан созармыз қашанғы. Періштем боп қарсы аларсың, Кейін барған атаңды, – деп зар төгіп еді. Қайран, Рахмет ағам, енді, міне, Тә­ңір­дің жазуымен біздің арамыздан шы­ны­мен кеткеніңіз бе, періштедей пәк Едіге неме­реңізге шынымен жеткеніңіз бе?! Арбаға таңылып отырсаңыз да біздің асқар тауымыз, дана ақылшымыз едіңіз-ау! Сол асқар тауымыз шөгіп, ақыл да­риямыз шынымен суалғаны ма?! Сенгіміз келмесе де, тағдырдың жазуын мойын­дамасқа шарамыз жоқ. Соңыңызда мәуе­леген дарақтай бұтақ жайып ұл-қыз­дарыңыз, немерелеріңіз қалып барады. Осы ұрпағыңызға қара болып Сақыш апа­мыз отыр. Қағазға түскен сөзіңіз кө­кі­регімізде сақтаулы. Қош ағекем! Алдыңыз пейіш, артыңыз кеніш болсын! Нұрлан, Нұрберген Балғымбаевтар. *** Қош, адалдықтың, тазалықтың белгісі Заман-ай! Біздің де қатарымыз сиреп, даланың ақ селеуіндей әр жерде қалып жатқанымыз мынау! Соғыстан кейін білім іздеп келіп Алматыда түйіскен, алыптардың тәрбиесін көрген арыстар еді менің замандастарым. Со­ның бірі Ғабдолла Қалиев те бүгін дүниеден озды. Оны мен алпыс жылдай білдім. Жолдас, дос, қызметтес болдық. Ол 1951 жылы Семей пед­институтын бітіріп келіп, бізбен бірге аспирантураға түсіп еді. Сәрсен Аманжоловтың жетекшілігімен кандидаттық, кейін докторлық диссертация қорғап, тіл білімінің іргелі ғалымдары мен ұстаздарының қатарын толықтырды. Бүкіл өмірін қазіргі Абай атындағы педагогикалық университетінің (бұрынғы ҚазПИ) қабырғасында өткіз­ді. Ұзақ жылдар тіл білімі кафедрасын басқарды. Сөзі де, ісі де орнықты, бойын әрқашан таза ұстайтын, прин­циптің адамы еді. Оның осы мінезін, іскерлік қабілетін таныған институт ұжымы оған үлкен сенім көрсетіп, талай рет партком хатшысы етіп сайлады. Ол кезде ҚазПИ-дің партия ұйымы коммунис­терінің көптігі жағынан аудандық комитет құқына ие болатын. Сондай үлкен ұжымға басшылық жасау оңай емес-тін. Осы салада Ғабдолла жақсы ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Қоғамдық белсенді еңбек ғалымдығына қоса  оның үлкен азамат, өз елінің патриоты ретіндегі беделін де көтерді. Ол жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосты. «Ақырын жүріп, анық басқан» қадамы да, шәкіртке «үйретуден жалықпаған»  еңбегі де оның өмірінің мұраты еді. Қош, бауырым, Ғабдолла. Сен бізге адалдықтың, тазалықтың белгісі сияқты едің. Топырағың торқа болсын. Серік ҚИРАБАЕВ, академик.