10 Наурыз, 2016

Орал өңіріндегі оңды істер

334 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
09-03-02JPGХалқымыз көктен жауған жаңбырды нұр деп атайды. Аспаннан жерге түсетін ылғалдың бірнеше түрі бар. Қар, бұршақ, қар аралас жаңбыр дегендей. Оның бәрі нұр деліне бермейді. Тек тап-таза, майда қоңыр сіркіреп жауған жаңбыр ғана – нұр. Айтайын дегеніміз, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақжайыққа сапарының алдындағы түнде мұнда көгілдір көктемнің алғашқы жаңбыры төгіп өткен еді. Осыны жақсы ырымға жорыған мыңдаған батысқазақстандықтар: «Сіз бізге нұр ала келдіңіз, Нұрсұлтан Әбішұлы!» деп өздерінің шынайы ризашылық сезімдерін жеткізіп жатты. Президент ұшағы Орал әуежайына келіп қонғаннан кейін Елбасын қарсы алған кортеж облыс орталығындағы «Болашақ-Т» құрылыс компаниясына қарай бағыт алды. Бұлай болатын жөні де жоқ емес-ті. Өйткені, тәжірибелі жетекші Қайдар Қосжанов басшылық жасайтын бұл ЖШС – үй құрылысы материалдарын шығаратын еліміздегі жетекші кәсіпорынның бірі. Атап айтқанда, олар елімізде алғаш рет үй құрылысы комбинаттарының перспективалық жүйесін қалыптастырды. Әрі осы жүйе бойынша сәнді де сәулетті тұрғын үй кешендерін салуды жүзеге асырды. Соған сай қосымша жұмыс орындары ашылған. Әрі орташа жалақы мөлшері әжептәуір көтерілген. Мұндай оң, жүйелі де тиімді үрдіс Елбасы тарапынан қолдау тапты. Мем­лекет басшысы компанияның құрыш қол­ды құрылысшыларымен кездесуі кезінде осындай тәжірибеден отандық өзге де ұйымдар үйреніп жатса, артықтық етпейтінін атап өтті. Сондай-ақ, Президент отандық бизнесті дамыту үшін елімізде бірқатар қолайлы жағдайлар жасалғанына тоқтала келіп, ендігі кезекте кәсіпкерлер оған нақты іспен жауап беруі қажеттілігі жөнінде ой сабақтады. Бүгінде Орал өңірінің құрылыс­шылары «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алып отыр. Соның нәтижесінде Қазақстанның көне қалаларының бірі Оралдың келбеті келісіп, инфрақұрылымы нығая түсуде. Осы тұрғыда олар жергілікті құрылыс индустриясының өнімдерін пайдалануға баса мән беруде. Оның бірі әрі бірегейі осы «Болашақта» шығатын әртүрлі құрылыс материалдары мен темір-бетон бұйымдары болып табылады. Еліміздің ертеңі – жас­тар. Рес­пуб­ли­ка­мыздың түкпір-түкпі­рін­де ке­ңі­нен қа­нат жайған алып құрылыс­тардың тізгіні де көп кешікпей солардың қолына көшетіні анық. Осы орайда «Болашақ» құрылыс компаниясы ұжы­мымен кездесу сәтінде Елбасының бі­рінші кезекте осында жұмыс істеп жүрген жас мамандармен ой-пікір ал­масуға көңіл аударуы нағыз мерейлі сәт болды. Атап айтқанда, цех бастығы, жас маман Тимур Қосжанов Елбасына жоғары оқу орын аяқтағаннан кейін өз мамандығы бойынша осы кәсіпорынның қабырғасында еңбек етіп жүргенін айтты. Оған 3-4 жыл уақыт өтіпті. Оның басты мақсаттарының бірі биыл отбасын құрып жаңа баспанаға қоныстану екен. Өрен жастың бұл ойын Елбасы да қолдап, алдағы қадамына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, компаниядағы өндірістік-техникалық бөлімнің инженері Людмила Ундакованың жастардың өндіріске көбірек тартылуы қажеттілігі жөніндегі ой-пікірлері Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Бұдан кейінгі кезекте Елбасы кортежі өткен жылы облыс орталығында ашылған Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығына қарай бет түзеді. Елбасы мұнда облыстық музей филиалдарына қойылған экспозициялармен танысқаннан кейін қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Қадыр Мырза Әлі жөніндегі өз ой-пікірін білдірді. Мен Оралда Қадекеңнің атындағы орталық ашылғанын білуші едім. Қазір оның ашылғанына екінші жылға кетіп барады ғой. Содан бері оған келудің сәті тек бүгін ғана түсіп отыр. Өз басым оқырман ретінде Қадыр Мырза Әлінің өшпес поэзиялық туындылары мен ішінара проза жанрында жазған дүниелеріне үлкен құрметпен қараймын, деді Елбасы. Қадыр – шын мәнінде халқымыздың арын арлап, жоғын жоқтай білген өресі биік суреткер. Қайталанбас ақындық талантына қоса, ол – өзінің адами бітім-болмысымен де өзгеге өнеге боларлықтай тұлға. Әдебиетіміздің осындай өміршең өкіліне ескерткіш тұрғызылып, оның атына орталық ашқандарың дұрыс болған екен, деді бұдан әрі Елбасы өз сөзін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа қарай бағыттап. Орталықта Президенттің Орал өңі­ріндегі ғылым, білім және өнер өкіл­дерімен кездесуі емін-еркін өзара пікір алмасу жағдайында өткізілді. Айталық, Островский атындағы орыс драма театрының бас режиссері Оксана Малуша қазақ диаспорасы көп тұратын Ресейде қазақ театры жоқ екенін, осындай жағ­дайда Қазақстанда орыс театр­лары жеткілікті екенін айтты. Оның бұл сөзіне толықтыру енгізген Елбасы Қазақстанда тек орыс театрлары ғана емес, сонымен бірге, корей, неміс, ұйғыр секілді этностардың театрлары бар екенін айтты. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы «Қазақстан-Орал» телеарнасының редакторы Нина Павличеваның сауалына орай Қазақстанда үш тілді меңгерудің қажеттілігі мен артықшылығына ай­рық­ша мән берді. Әрі әркім өз маман­дығын сүйе білуінің орны ерекше екенін айта келіп, әркім өзі қалаған іспен айналысуы бір бақыт екеніне тоқталды. Өңірге танымал тарихшы Жаңабек Жақсығалиев бұрынғы білім беру жү­йесі мен бүгінгі білім беру жүйесінің айырмашылығы жер мен көктей екені жөнінде ой-пікір сабақтады. Бұған Елбасы қолдау білдірді. Қоғамдық өмір­дің сан түрлі саласына енгізіліп жатқан жаңа ақпараттық технологиялар, «Назарбаев Университет» секілді элитарлық жоғары оқу орындары болашақта ғылым мен білімді одан әрі дамытуға ерекше серпін бермек. Сонымен бірге, жоғары оқу орындарына беріле бастаған автономдық мүм­кіндіктер де ілім-білімді тереңдете түсуге ықпал жасамақ. 09-03-04 09-03-05Түйіп айтқанда, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер ор­талығында өңірдегі шығармашылық өкілдерімен Елбасының емен-жарқын жүздесуі жүректерге жылылық шуағын төкті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Батыс Қазақстан облысына сапарының бас­ты қорытындылары Орал қаласындағы теннис кешені ғимаратында өткізілген Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біздің қуатымыз – бірлікте» атты республикалық форумда айтылды. Форумда Елбасы сөз сөйледі. Құрметті батысқазақстандықтар, Ассамблея мүшелері! Қазақстан қоға­мын­дағы ең асыл, ең қастерлі қасиет – ел бірлігі. Мемлекетіміз көп этносты ұлт өкілдерінен құралған тарихи тектіліктің осылай қалыптасуының өзі біздің артықшылығымыз болып табылады. Біз наурыздың бірінші жаңасын ризашылық, Алғыс айту күні деп жарияладық. Елдегі өзге этнос өкілдері республиканың байырғы тұрғындарына ризашылығын білдірсе, мемлекет құраушы ұлттың барлық этнос өкілдеріне құрметпен қа­рауы басты құндылық, деді өзінің сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы. Президент келесі кезекте біздің басты жетістігіміз ел бірлігі екеніне тағы да екпін түсірді. Еселі еңбек, еңбек қоғамы, ортақ іске жұмыла кірісу арқылы ел экономикасы мен елдің әлеуметтік деңгейін көтеру – басты шарт. Бұған Батыс Қазақстан облысының жұртшылығы сүбелі үлес қосуда. Бұған бүгінгі сапарымның барысында да көз жеткізіп отырмын. Өңірде құрылған 50 ұлттық мәдени бірлестік пен қоғамдық бірлестіктер құт-берекенің бастауы бола біліп, бір кісідей еңбектеніп жүр­ге­нін көрдік. Өңірде қолға алынған 32 жобаның да іске асу деңгейі көңіл көншітерліктей күйде. Орал өңірінде тұрғындар бірінші кезекте тұтынатын 24 түрлі тауар өндірілуі атап айтуға тұрарлық мәселе, деді Н.Назарбаев. Елбасы облыстағы индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыру деңгейіне де көңіл толатынын білдірді. Әлеуметтік және демографиялық даму индекстерінің басты көрсеткіштерінің бірі – мектепке дейінгі балалар меке­мелеріне бүлдіршіндердің қам­тылуы. Өңірде бұл көрсеткіш 98 пайызды құрайды екен. Бұл – еліміздегі ең жоғары нәтиже. Тұрғындарды көгілдір отынмен қамту және автожол құрылысында да тәп-тәуір нәтижелер бар, дей келе, Президент тұтастай еліміз бойынша ел тұрғындары мен азаматтарының және әртүрлі этностар мен 17 конфессия өкілдерінің бір-біріне деген өзара сенімі арқасында күрделі әлемдік дағдарыстарға қарамастан, мемлекетіміз дамудың жаңа сатысына бет бұрып отырғанын көлденең тартты. Бұл іске Қазақстан халқы Ассам­блеясының қосқан үлесі қомақты. Соның ішінде Ассамблеяның жастар арасында жүргізілетін жұмыстарға ұйытқы болуы бір мәртебе. Жастарға түсіністікпен қарауға болады. Жастық кезде қателік те, аяқты шалыс басу да кездеседі. Солай екен деп олардың бәрін жауапкершілікке тарта беруге бола ма? Бұл тұрғыда Ассамблеяның тәрбиелік сипат­тағы істері ризашылық сезімін ұялатады. Оның бәрі өзара көмек пен сенімге және бауырластыққа негізделген, деді Қазақстан басшысы. Осы арада Елбасы табиғат пен адамзат арасындағы үйлесімділік пен ұқсастыққа нақты мысалдар келтірді. «Айталық, жыл сайын күзде жылы жаққа, оңтүстікке қарай тізбектеліп ұшатын құстардың ұшу тәртібіне назар аудардыңыздар ма? – деді Елбасы форумға қатысушыларға қаратып. – Қанаты талғандар мен шар­шағандарды өзара демеп отыратын тәр­тіп бар құстардың ортасында да. Олардың бір-бірімен ауысып орналасып ұшуы – осының дәлелі. Бауырластық, өзара көмек деген осы». Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев алдымызда жақындап келе жатқан Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлаулары күні жұмыла дауыс беру елдіктің басты бір белгісі болатынын айтты. Электоратты науқанның табысты өтуі тұрақтылықты одан әрі тереңдетіп, дамудың жаңа өрісін ашуға ықпал етпек. Әрі біздің әлемдік қоғамдастық алдындағы абыройымызды одан әрі көтермек. Бірлік пен жасампаздықты өрістетуде «Нұр Отан» саяси партиясының еңсесі бәрінен биік тұр. Бұл тұрғыда форумда отандастарымыз өздерінің оң әрі дұрыс таңдауларын жасайды деген сенім айтылды. Алдағы келе жатқан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы барша қазақстандықтар үшін келелі де киелі мереке болмақ. Бүгінде Қазақстанды барша әлемдік қоғамдастық танып, мойындай бастады. Мұндай деңгейге де біз тек бірлік пен келісімнің нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Наурыз мерекесі де таяп ке­леді. Бұл – халқымыздың ұғымында жаңа жылдың басы. Жаңғыру мерекесі. Осындай мерейлі шақта еліміздің аман, жұртымыздың тыныш болуын тілеймін, деп қорытындылады өз сөзін Елбасы. Форумда Қазақстан халқы Ассамблея­сының мүшелері мен этномәдени бірлес­тіктердің жетекшілері, жастар мен студенттер, ғылым және шығармашылық зия­лы қауым өкілдері сөз алып, Ассамблея аясында жүргізілген жұмыстарға қолдау білдірді. Сондай-ақ, олар Елбасының елге жасаған қамқорлығы мен шапағатын ұдайы сезініп жүретіндерін жеткізді. Ассамблея Нұрсұлтан Әбішұлының төл перзенті, деді Алматы қаласындағы армян этномәдени бірлестігінің төрайымы. Оның тәжірибесінен үйренгісі келетін өзге елдер аз емес. Бұл бәріміз үшін мақтаныш. Қазақстанда тегін кәсіптік-техникалық білім алуға жол ашылуы жастардың өміріне берілген айқын жолдама, деді ақтөбелік украин қызы Ирина Дольцева. Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық форум бағ­дарламасы шеңберінде респуб­лика­дағы этномәдени бірлестіктер жанын­дағы шығармашылық ұжымдардың қатысуымен қойылған мерекелік концертті тамашалады. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.