WBA және IBA жүйелері бойынша кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Бейбіт Шүменов Шымкентте шаршы алаңда осы атақтан үміткер, 3 дүркін әлем чемпионы америкалық Уильям Жоппиді алтыншы раундта нокаутқа түсірді.
Әлем чемпионы атағын қайтарып алсам, атақ-даңқпен қоса көл-көсір ақша өзінен өзі келеді деген Жоппидің арманы есекдәме екен. Қазақ ұлының оң жақ қапталдан опырып ұрған жұдырығы есінен тандырды. Үш ұмсынып орнынан тұра алмады. Бірақ, Жоппиге тіреліп тұрған мәселе жоқ еді. Бейбіттің де, халықтың да күткені бұл емес болатын...
Ешкімге хабар салмастан Шымкенттен шұғыл жиналып, Алматы арқылы Гамбургке ұшып кеткен WBO жүйесі бойынша әлем чемпионы Юрген Бремер енді Германияда жатып Бейбіттен кешірім сұрайды.
“Мен өте өкінудемін. Келісілген жекпе-жек өтпегені үшін Бейбіттен шын көңіліммен кешірім өтінемін”, деп құдайдың зарын қылып жатқан Юргеннің бұлайша ақтарылуы қазақстандық жанкүйерлердің жүрегін жылыта қоймас.
Бейбіт – ердің сойы ғой. Әйтпесе, белінде бір емес, WBA және IBA-ның алтын белбеуі бар әлем чемпионы жағасы жайлауда жүрсе керек-ті. Өзіне сенген соң ғой WBO-ның алтын белдігіне көз тіккені.
“Сен көнге бір белдік саласың, Ал, мен екеуін қоямын. Үш белдік – жеңген адамдікі. Тәуекел десең қолым міне”, дейді ғой қазақтың әлем чемпионы немістің әлем чемпонына. Неміс келісіп тұрып, жалт беріп кетті.
Бабасы Қажымұқанға тартқан ардағым-ай. 1905 жылы Харбинде өткен халықаралық жарыста Иван Поддубный бастаған орыс балуандары жапондарды қиратып жығады. Намыстан өртенген жапон Саракики Жиндофу джию-джитсу әдісімен күресуді ұсынады. Адамның сұрауы жоқ жекпе-жектен, әрине, Поддубный бастап бас тартады. Қазақта өлімнен ұят күшті деген аталы сөз бар. Жапон жер тепсініп тұрған соң Қажымұқан намысқа қызып Поддубныйдың бөгегеніне қарамай “иттің күресі болса да күресемін” дейді. Ресейдің емес, өз намысының жер болмауы үшін шығады. Қызыл ала қан болады. Бір ыңғайлы сәтте Саракикиді ұстап алып, танауына қос саусағын тығып, бас терісін жалаңаштап тастайды.
Міне, қазақ қайраты, өлімнен арды жоғары қоятын ұлттық мінезі, намыс жолында жанын аямайтын тектілігі, рухының асқақтығы.
WBA және IBA жүйелері бойынша әлем чемпионы Бейбіт Шүменов WBO жүйесінен әлем чемпионы Юрген Бремерді шаршы алаңға шақырғанда осы оқиға еске түсті.
Қазақтың қайыңның құндыздығындай қайсар баласы атақ қуған желөкпелердің бірі емес еді. Елінің тілеуін тілеп жүрген бекзат-тын. Қазақтың бір баласы ретінде Отанына тамаша сый жасағысы келген.
Тәуекелге бел буғаны сол.
Бремер солақай. Төрт жарым ай жаттығу залынан шықпай солақай боксшының ыңғайына дайындалды. Атойлап кіріп, қорғанысын бұзатын айла-амалдарын жетілдірді. Маңдайдан шыққан тер балақтан тамшылады. Сүмектей болды. Арманы Қазақстанның жиырма жылдық тәуелсіздігіне сый тарту болатын.
Шымкентке келген неміс боксшысы ешкімге хабар салмай қашып кетеді деп кім ойлаған. Бір ой айтады, Бремердің іші өтсе өткен-ақ шығар деп. Тамақтан. Бірақ, тамақтан уланған адам ең бірінші кезекте аурухана іздемейтін бе еді?!
Шымкентте Керімбек Ниязбаев деген жігіт бар. “Жебе” компаниясының президенті. Қазақ мультфильмін өрге сүйреп жүрген жайсаңдардың бірі. Нұрғали Әшімов облыс әкімі болып тұрған кезде сол кісінің қолдауымен бір топ жігіт Америкаға барып келген. Есігі сырттан келгенге тарс жабық “Уолт Дисней” кинокомпаниясына да амал тауып кірген. Ташкент көрген жігіттер ғой.
Сол Керімбек Америкадан бір жаңалық ашып оралды. Христофор Колумб сияқты емес, әрине.
Онда екінің бірі бір-біріне ізет көрсетіп “кешіріңіз” деп жатады. Бір-біріне сүйкеніп кетсе де, байқамай қағып кетсе де. Не деген сыпайы ел, міне, нағыз демократия деп таңқалдым.
Кейін ойлап көрсем, бұл ізеттің демократия, асқан мәдениеттен бөлек тағы бір сыры бар сияқты. Байқамай қағып кеткен адамың сен кешірім сұрамасаң дереу сотқа береді. Жеңеді. Әжептәуір ақша өндіріп алады. Қит еткеннен кемшілік теріп, сотта ақша алып маманданғандар да көп екен. Бұл өзі Еуропа үшін пайдалы кәсіп көрінеді.
Керімбектің ашқан жаңалығы осы.
Юрген Бремер – неміс. Ал, тиыннан теңге құрайтын неміс деген жұртыңыз өз шаруасына тастай. Егер уланса, онда Шымкентте өздері-ақ сол тамақтанған ресторанды сотқа тартар еді. Жаһанға жар салып.
Сондықтан Бремердің Бейбіттен қорқып “қашып кеткені” ақиқатқа жуықтайды.
Бұл туралы чемпионның інісі, осы шаруаның басы-қасында жүрген Шыңғыстың уәжі де орынды.
– Әуежайдан қарсы алғанда-ақ жанарынан сескену көрдік, –дейді ол. – Біз оларды мәртебелі кісілер түсіп жүрген қонақ үйге орналастырып, бар жағдайын жасасақ та ол келесі күні жаттығуға келмей қалды. Анализін тапсырудан да бас тартты. Немістердің кеткелі жатқанын қонақ үй әкімшісінен біліп барғанымызда олар фойеде дайын тұр екен. Біз олармен бірге әуежайға барғанда америкалық промоутер Дэн Гуссен командасымен ұшақтан түсті. Гуссен Бремердің жаттықтырушысы Михаэл Тим арқылы сөйлесіп, келісім-шартқа қол қойылғанын, заңдылықты бұзса, жауапқа тартылатындығын айтқан. Бремер ауырып тұрғанын желеу етті. Бірақ, түрі сырқат адамға еш ұқсамайды. Сап-сау. Гуссен келісім-шарт бойынша егер боксшы сырқаттанып қалса, Кәсіпқой бокс федерациясының дәрігерлеріне қаралу жайын айтқанымен, тыңдайтын құлақ болмады.
Шартты бұзған Бремер Германияға кетіп тынды. Кетемін деген адамды арқанмен байлай алмайсың. Бар ақиқат осы.
Уильям Жоппи қайдан пайда болды деген сауал болуы мүмкін. Шаршы алаңда қарсыласын 39 рет жеңіп, 6 рет қана жеңіліс дәмін татқан бұл жігітіңіз 3 рет әлем чемпионы тәжін киіп көрген. Мәңгілік ештеңе жоқ. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Америкалық алпамсадай шой қара жігіт әлем чемпионы атағын қайта қайтарып алу үшін Гайрат Ахмедовпен кездесуге тиіс болатын. Жоппиға қалай болғанда да алтын белбеу, әлем чемпионы деген атақ керек. Ал атақты болу дегеніңіз көп ақша, қызықты өмір.
Бейбіттің әкесі Әмірхан – жүрегі нәзіктеу кісі. Баласының кезегі жақындаған сайын өңінен қобалжу байқадық.
– Мына қара дию оспадар екен, – деді. – Кездесу алдында екі боксшы таразыға түсіп, бір-біріне қарсы қарап тұратыны бар ғой. Жоппи Бейбітке қыр көрсетіп, шомбалдай жұдырығымен иегінен көтеріп жіберді. Бейбіттің оң қолы түйілгенін байқап, ұрып жібере ме деп қорқып едім, ұлым байсалдылық танытты.
Біз де іштей сескеніңкіреп қалдық. Тегін адам таз бола ма дегендей, үш рет әлем чемпионы болған жігіт кімнен айылын жисын. Не бел, не белбеу кететін сында тұр. Атағымды қайтарып аламын деген көкірегі ала қаптай. Оның үстіне солақай боксшыға дайындалған Бейбіт оңтайға келіп тұр.
Абыржып жүрген Әмірхан көкемізге қарағанда Сәуле әпкеміздің жүйкесі мықты екен. Ұлы әлем чемпиондарын күнде тымақпен ұрып алып жүргендей өз-өзіне сенімді. Алып анадан туады деген осы шығар. Жоқ. Біздің жігіт шыдатпады. Жемін көрген жолбарыстай жымып, шаршы алаңда өкшелеп отырды. Шоқпар жұдырықтар жасындай ойнайды. Маңдайдан, аш бүйірден қанжардай қадалады. Жоппи қорғаныста жүрді. Бесінші раундта оң жақ қапталдан тиген соққы бір бүктеп түсірді. Нокдаун. Алтыншы раундтағы жойқын шабуылдың бірінде Бейбіт оң қапталдан қақырата ұрды. Орған шөптей жапырыла құлаған Уильям қайтып көтеріле алмады. Нокаут!
– Менің армандағаным бұл жеңіс емес еді, – дейді Бейбіт. –Америкада жүрсем де сүйікті Отаныма деген сезім жүрегімді жылытады. Еуропаның төрі қазаққа бұйырғанда қатты қуандым. Дүние жүзінің мықты мемлекеттерінің басшылары Астанаға жиылып, Саммит өткенде көңілім тағы марқайды. Америкада Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа құрмет үлкен. Қазақстанды танып болды. Осыдан бір ғасыр бұрын ел боламыз ба, әлде өзгенің шылауында кетіп, бодандық қамытын киіп кетеміз бе деген қорқыныш халқымыздың басында болды. Ал қазір оның бәрі ұмытылып, тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына дайындалып жатырмыз. Мен де осы халықтың бір бөлшегімін. Елдің мәртебесін көтеріп, қуанышын еселейтіндей сыйлық жасағым келді. Ел, жер иесі қазақ халқы үшін. Көп ұлтты Қазақстан үшін, сындарлы саясатымен мемлекетімізді әлемге мәшһүр қылғаны үшін Елбасымызға сый тарту еткім келді. Ол үшін үш белдіктің басын біріктіріп, мұратым жеңу болатын. Бремердің табанының бүрі болып, шаршы алаңға шыққанда мен сөзсіз жеңіске жетер едім.
Бұдан кейін не дейсің ұлыңа...
Кеше ғана сияқты еді осы ержүрек жігіттің мұхит асып Америкаға барғаны. Бір жолдорбамен. Спорт киімі және бокс қолғабымен. Ағылшыншасы тақ-тұқ. Бір бокс клубына барып, шаршы алаңда қарсылас шыдатпайды. Америкада талантқа құрмет ерен. Жол тез ашылады. Кіл мықтылармен шаршы алаңға таңдап түсіп, аздаған уақытта екі жүйе бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Абырой биігіне көтерілді. Інісі Шыңғыс екеуі беделді промоутерлік орталық ашты. “Елден келген балалар мен сияқты қиналмасын”, деп атақты Лас-Вегастан 1 гектар жер сатып алып, спорт орталығын салып жатыр. Кімнің қолынан келеді мұндай ерлік.
Үш жүйе бойынша әлем чемпионы болып, халқыма сый жасасам деген ұлыңа тілектес бол, жамағат. Жасанған жауға жасқанбай жалғыз шабатын, жүрегінің түгі бар осындай батыр, бағлан ұлдарыңның қатары көп болғай!
Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.